Қарағанды қаласында 3-4 сәуір күндері дәстүрлі «Қарағанды көктемі» республикалық поэзия фестивалі өтті.
Қарағандының рухани имиджіне айналған бұл жоба Қазақстанның барлық облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан келген ақын-жазушылардың басын қосты.

Бұған дейін әдебиеттің поэзия, проза жанрларында өткен фестиваль биылғы жылды «Жаңа заман әдебиеті және сын» тақырыбына арнады. Оған сын сардарлары Әлия Бөпежанова, Әмірхан Меңдеке, Амангелді Кеңшілікұлы және Бағашар Тұрсынбайұлы арнайы шақырылды. Сондай-ақ республикамыздың түкпір-түкпірінен 30 жас ақын келді.

Фестивальдің басты мақсаты – Арқа төрінде еліміздің қаламгерлерін жинап, заманауи қазақ әдебиетінің даму бағыттарын талқылау. Шара барысында жас қаламгерлердің әлеуметтік мәселелері көтеріліп, олардың шығармашылығына қолдау көрсету және жаңа серпін беру мәселелеріне басымдық берілді.

Шара аясында «Алқа» әдеби клубының (ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған) көшпелі отырысы өтті. Сондай-ақ елге танымал сыншылар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 30 ақынға арнайы дәріс оқыды.
Әдебиетшілер секцияларға бөлініп, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде және Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде оқырмандармен кездесті.

Сонымен қатар, Қарағанды өнерпаздарының қатысуымен «Қарағанды көктемі» атты салтанатты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Биыл төртінші рет өткізілген «Қарағанды көктемі» фестивалі Сын жанрына арналды. Шамамыз жеткенше әдебиеттің әр саласын қамтуға тырысып келеміз. Әлия Бөпежанова апамыз, Әмірхан Меңдеке, Амангелді Кеңшілікұлы ағамыз, Бағашар Тұрсынбайұлы замандасымызға шақыртуымызды қабыл алғаны үшін мың алғыс! Республикамыздың әр түкпірінен келген жас ақындар мен қарағандылық студенттер ғажайып дәріс тыңдады. Тіпті, сыншылардың таңғы ас үстіндегі әдебиет туралы әңгімесінің өзі бір керім дүние. Бізді қолдап, жөн айтып, жол көрсету үшін Алаштың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай ағамыз арнайы келді. Ағалық көрсетті.

Жалпы, біз көп нәрсеге мән бермейді екенбіз. Кейінгі кезде сын қабылдауды, сынға мән беруді қойғанымыз соншалық, Мемлекеттік сыйлықтан бастап, «Меценат» секілді жекелеген атақты сыйлықтардың бірде-біреуіне сыншылар сарапшы болмапты. Яғни, біз сыны жоқ әдеби бәйге өткізіп жатыр екенбіз. Бұл қаншалықты дұрыс? Кез келген әдеби байқауда сыншылар болу керек. Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаеваға ханымға осы ұсынысымызды айтқымыз келеді. Әдебиетіміз даму үшін сын жанры даму керек. Мысалға Еуропа елдерінде жазылған кітаппен қатар сол кітапқа жазылған рецензия қатты оқылады. Біздің бүгінгі рецензияның көбі шыли мақтау болып кеткенін кімнен жасырайық. Ең қорқыныштысы біз осыны сын деп қабылдайтынды шығардық, - дейді шараны ұйымдастырушы ақын Жанат Жанқашұлы.
«Қарағанды көктемі» поэзия фестиваліне келген жас ақындардың арасында Батырхан Сәрсенханның «Жасыл құс» атты кітабының таныстырылымы болды. Павлодардан келген Еламан Қабділәшімге Қарағанды облыс әкімдігінің атынан Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 10 томдық жинағын сыйға тартылды.

Жиырма ақын сахнаға шығып, жыр оқыды. Бір сәтте жиырма түрлі хәл кештік. Ол жерде де сыншыларымызға бір миссия жүктелген болатын. Өлең оқыған ақындардың ішінен озық шыққан бір ақынды табу. Құлагерді тұяғынан таныған Күреңбайдай екен сыншыларымыз. Бір ауыздан Әсел Кәрібай деп шешім шығарды. Сонымен қарындасымыз Мұхтар Мағауиннің 26 томдық кітабын иеленді. Әсел Семейдің Шұбартауынан, Мағауинмен бір ауыл, бір топырақта туған екен. Бұл да бір тылсым дүние дестік. Қазақша айтсақ әруақ қолдап тұр. Екінші күні жас ақындарымызды ертіп, Қарағандының Өлке тану мұражайын, Шахта мұражайын, КарЛаг мұражайын аралаттық. Ондағымыз жас ақындар Қарағандыдан өлең арқалап қайтсын, Қарағандының тарихына қанықсын дегендік еді. «Қарағанды көктемін» аяқтап, қонақтарымызбен қимай қоштастық. Бізді қолдаған барша жақсы адамдарға алғысымыз шексіз. Ең біріншіден Қарағанды қаласы әкімдігіне осындай үлкен шараны ұйымдастырғаны үшін рахмет айтамыз. Бұл шара Ермаганбет Булекпаев ағамыз қала әкімі болып тұрғанда бастау алған. Әлі күнге қолдап келеді. Осындағы бір постымыздың астына Өзбекстандағы бір ақын «біз де барғымыз келеді, халықаралық қылсаңыздаршы» деген ұсыныс айтыпты. Оны енді алдағы уақыт көрсетеді. Екі күніміз – көктемнің ғажабын сездірген, рухтас, пікірлес адамдармен бір уақытта тоғыстырған, санамызға сілкініс жасаған ғажап күн болды, - дейді Жанат Жанқашұлы.
