Қасым Аманжолов туралы 10 дерек

Биыл алаштың көрнекті ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына 115 жыл! Осы орайда, ақын өмірдерегіне қысқаша тоқтала кетсек. 1911 жылдың қоңыр күзінде өмірге келген Қасым, қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қызыларай ауылында 10 қазан күні шыр етіп дүние есігін ашады. Қаламгер қаршадайынан сан қилы бұралаң жолы басым тағдырмен бетпе-бет келеді. Қиындық пен жоқшылықты бір адамдай көрген оның өмірі әкесі – өмірден өткен күннен күрт өзгереді. Дүлдүл ақынның мерейтойлы датасына орай, өзі жайлы көпшілік біле бермейтін қызықты деректер ұсынып отырмыз.     

Қасым Аманжолов туралы 10 дерек - adebiportal.kz

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп жырлаған қазақтың маңдайына біткен талантты ақыны Қасым Рақымжанұлы Аманжоловтың шығармашылығынан қазаққа тән дархандық пен өр мінезді, қайсар болмыс пен дала үнін анық сезінуге болады. Қазақ поэзиясына тың иірімдерімен екпіндей енген Қасым Аманжолов – әр өлеңін өмірімен өріп, жырларын жүрекпен жазған «асау» ақын еді. Оның поэзиясында туған жерге деген шексіз махаббат, елге деген мөлдір сағыныш, еркіндікке деген ұмтылыс пен адам жанының ішкі тебіренісі көркем суреттеледі. 

Биыл алаштың көрнекті ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына 115 жыл! Осы орайда, ақын өмірдерегіне қысқаша тоқтала кетсек. 1911 жылдың қоңыр күзінде өмірге келген Қасым, қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қызыларай ауылында 10 қазан күні шыр етіп дүние есігін ашады. Қаламгер қаршадайынан сан қилы бұралаң жолы басым тағдырмен бетпе-бет келеді. Қиындық пен жоқшылықты бір адамдай көрген оның өмірі әкесі өмірден өткен күннен күрт өзгереді. Дүлдүл ақынның мерейтойлы датасына орай, өзі жайлы көпшілік біле бермейтін қызықты деректер ұсынып отырмыз.    

Қасым баласы және жары Сақыпжамалмен

 

«Ей, тәкаппар дүние!

Маған да бір қарашы.

Танисың ба сен мені?

Мен қазақтың баласы!»,

- деп жырлаған ақынның жалынды жырларын оқып отырғанда, еріксіз жігерің жанылып, намысың мен рухың таситыны анық. Ақын шығармашылығын зерттей отырып, оның өлеңдерінен әр сәттегі өмірі мен жай-күйін терең түсінгендей боласың. Мысалы, «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды...» деген өлең жолдарын ақын отбасын құрып, алғаш әке атанған соң, баспана ала алмай қиналған сәтте шығарған-ды. Сондай-ақ, «Нұрлы дүние» атты жыр-шумақтарында:

«Нұрлы дүние, шіркін дәурен

Ойлаймын ғой сені ылғи

Көкейімнен кетпей сәулең

Көкірегімде толқиды күй

Қатты сырқат үстінде де,

Бір сен ойлап қиналам

Өңім тұрсын, түсімдеде 

Сені қайтып қия алам...»,- деген жолдарынан ақынның ауыр дертпен күресіп жүргенде жазғанын анық аңғаруға болады.

Жырларының ішкі қуаты мен екпіні ерекше, сезім лирикасының теңдессіз шебері – Қасым Аманжоловтың балалық шағы жетімдік пен жоқшылықта өткенін бірі білсе, бірі білмес. Небәрі 6 жасында әкесі Рақымжан өкпе дертіне шалдығып, қайтыс болады. Артынша әке топырағы суымай жатып, шешесі Айғаншаны Оспан деген шалдың ескіліктің заңына салып, зорлықпен әйелдікке алуы қатал тағдырдың Қасымға жіберген ең алғашқы сынағы еді. Сол замандағы көне салт-дәстүрдің құрбаны болған анасы Айғаншаның панасыз қалған баласы Қасымға ара түсуге шамасы келмейді. Анасы мен әкесінен қатар айрылған бала Қасым өз күнін өзі көріп, жетім қозы сияқты өскен жандардың бірі.  

 Қасымның алғашқы өлеңдері сақталмай қалған.

Жетімдіктің тауқыметін жастай сезінген бала Қасымды кейіннен ағасы өз қолына алып кетеді. Әуелі ауыл молдасынан хат таныған оны 1924 жылы ағасы Семейдегі интернатқа орналастырады. Дәл осы кезеңнен бастап, Қасым алғашқы өлеңдерін жаза бастаса керек-ті.Өкінішке орай, ақынның алғашқы жыр-шумақтары жазылған дәптері жоғалып, сол кезеңдегі шығармалары бүгінгі ұрпаққа жетпеді.

Қасым Орал қаласының көркемөнерпаздары арасында 

Ол тек ақын емес, сазгер де болған

Қасым жайлы естеліктерге сүйенсек, оны тек отты поэзияның шебері емес, домбыра, сырнай, скрипка, пианино сынды көптеген музыкалық аспаптарда еркін ойнаған өнерпаз әрі сазгер болғандығын байқауға болады. Ақын ән айтып, өзі жазған өлеңдеріне әуен де шығарған. Бұған артында қалған «Дариға», «Туған ел», «Өзім туралы» және өзге де әнге айналған керемет туындылары дәлел болмақ.  Ақын жайында қызы Дариғаның естеліктерін оқып отырып:  «Әкем мен дүниеге келген соң, мені композитор болады деп күтті», - деген жолдарын көзіміз шалады. Бұдан ақынның ән әлеміне де жаны жақын болғанын байқаймыз.

Ақын бір кездері театр ұйымдастыруға да атсалысқан 

Ақын Қасым 1933 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін Оралдағы әскер қатарына алынады. Араға екі жыл салып, 1935 жылы әскери міндетін орындаған соң, Орал қаласында қалып, театр труппасын ұйымдастырады. Өзі көркемдік жетекшісі болған аталмыш труппа аз уақыт ішінде жақсы танымалдылыққа ие болып, үлкен театрға айналады. Бойында жеті өнері тұнған қаламгер Қасымның шығармашылық болмысында, әу бастан ақындықпен қатар әртістік те, сазгерлік те қырлары жақсы дамыған. 

Қасым журналистік қызмет еткен жылдары

 Ақынның алғашқы білімі әдебиет саласына қатысты емес

Алты алашқа төкпе жырдың иесі, талантты ақын болып танылған Қасымның алғашқы білімі әдебиетке еш қатысы жоқ еді. Өз заманында Семейде мал дәрігерлік техникумда оқып, кейін Ленинградтағы Орман шаруашылығы институтында білім алады. Бір жағынан денсаулығы сыр беріп, бір жағынан жүрегі «әдебиет» деп соққан ақын бұл оқу орнында ұзақ шыдай алмай, оны аяқтамастан, елге оралады. Елге келіп, «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады. Бұл оның әдебиетке қызмет жолындағы  алғашқы жұмысы еді.

Қасым – аудармашы

Қасым Аманжолов дегенде «Сүй, жан сәулем!», «Дүниеге жар», «Өз елім», «Ах, Самара, городок!», «Өзім туралы» сынды көптеген өлеңдері ойға бірден оралатыны анық. Көпшілік оны қазақтың маңдайына біткен талантты ақын деп таниды. Бірақ Қасым ақын ғана емес. Ол – тамаша аудармашы. Орыстың Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Шевченко сияқты авторлардың шығармаларын қазақ тілінде сауатты сөйлете білген жан. Мысалы, Лермонтовтың «Маскарадын», Твардовскийдің «Василий Тёркинін», Пушкиннің «Полтавасын» қазақшаға әдемі тәржімалайды.

 «Ақын өлімі туралы аңыз» нақты адам тағдырынан туған поэма

Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» атты еңбегі – өмірде орын алған оқиға желісіне құрылған шығарма. Поэма негізінде майданда қаза болған жас ақын, Қасымның жақын досы Абдолла Жұмағалиевтің тағдыры жатыр. Бұл шығарма – 1943-1944 жылдары сұрапыл соғыс кезеңінде дүниеге келген туынды. 

 «Дариға, сол қыз» – құр махаббатқа құрылған өлең емес

Ақын Қасымның Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жазылған бұл өлеңінде соғыс кезіндегі адамның ішкі күйі, өлім мен өмірдің, өң мен түстің арасында жүргендей түрлі сезімдер, туған жерге деген сағыныш, өмірге деген құштарлық сынды тақырыптар көтеріледі. Дәл осы өлеңі турасында айтулы сыншы Бекен Ыбырайым: «Дариға, сол қыз» өлеңі өз ырғағымен, заман шындығын, лирикалық кейіпкердің тебіренісін бейнелеу ерекшелігімен сол кезеңде айрықша жаңалық ретінде сүйсіндірді. Әр тармағы он буыннан тұратын өлең ол тұста өте сирек ұшырасатын. Бұл ырғақтың тамыры сонау ерте дәуірдегі эпоста, жыраулар поэзиясында жатыр. Қасымға дейінгі және бертінгі қазақ поэзиясында бәлендей кеңінен қолданыла қойылған жоқ», - деп дөп басып айтқан. Ақынның бұл туындысы қазақтың қара өлеңіне құбылыс болып келді. Бас-аяғы алты шумақтан тұратын өлең жайында ақын Ертай Ашықбаев «Қасым іздеген Дариға, ­сол қыз» атты мақаласында: «Бізге дейінгілер де талай мақалаларға өзек еткен «Дариға, сол қыздың» біртіндеп тарқата берерлік осындай жүйелі иірімдері жетерлік. Фор­масы әскери киімдей жинақы, мінсіз, соған орай эмоциялық қуаты да мартен пешінің жалынындай өткір, оған қоса психологиялық дәні де әбден толысқан бұл өлеңнің махаббаттың тозбайтын шежіресінің бір алтын парағы болып қала беретіндігі де сондықтан шығар», - деп «Қазақ әдебиеті» газетінде талдау жариялаған.

Қасым Аманжолов баласы және жары Сақыпжамалмен

 10 жыл күткен Қасымның махаббаты

Қасым Аманжоловтың махаббаты туралы ғалым Әлімжан Құтжанұлы «Егемен Қазақстан» басылымына мақала жариялайды. Сол мақалада ақынның өмір қосқан жан-жары Сақыпжамал жайлы көп дүние айтылады. Соның қысқаша үзіндісін келтірсек. «Жалпы Қасым Сақып­жамалға бірнеше өлең арнаған. Себебі 1936-1946 жылдар аралығындағы он жылдай уақыт ғашық болып жүріпті. Он жылдан кейін қосылып, сегіз жыл бірге отасқан. Бас-аяғы осы он сегіз жылдың ішінде та­лай өлең-жыр дүниеге келген болар. Со­лар­дың арасында 1946 жылы жазылған «Са­қып­жамал» деп аталатын өлеңі ерекше»,- деген екен зерттеуші.

Дарынды ақын Қасымның  10 жыл күткен сүйген жары Сақыпжамалға арнаған өлеңі. 

Сақыпжамал! Бір өзіңде

Екі әйелдің аты бар.

Күн боп көзің күлгеніңде,

Қабағыңнан ай туар.

Сол кез саған қарай берем

Көрмегендей мен бұрын.

Жанның сырын жатқан терең

Оқи берем жасырын

Сақыпжамал! Атың қандай!

"Сәпен" дейміз қысқартып.

Жар бола гөр айтылғандай,

Сенен қайсы қыз артық?!

Махаббаттан талай жастың

Жүректері күюлі.

Мүмкін жөндеп сүйе алмаспын,

Өзің үйрет сүюді.

"Сенен артық жан табам" деп

Қате бассам, кетсем желдеп,

Өзің сотта, өзің кеш.

 

Қасым ақын ғана емес, журналист те болған.

Қаламгер «Лениншіл жас», «Екпінді құрылыс» сияқты басылымдарда қызмет етіп, өлең шығарумен қатар мақала, очерк, фельетон да жазған. Кейін «Әдебиет және өнер» журналының поэзия бөлімін басқарады. 

Ақын дерті асқынған кезде де қаламын тастамаған

Соғыстан соң, 1947 жылы қаламгердің денсаулығы сыр бере бастайды. Ақырындап бойын меңдеген ауруына қарамастан, ақын өлең жазуын тоқтатпайды. Өмірінің соңғы кезеңінде дүниеге келген «Өзім туралы» еңбегі Қасым Аманжоловтың өз тағдыры мен шығармашылық жолына жасаған әдемі қорытындысы іспеттес.

Қасымның шығармашылық ғұмыры қысқа болды

Небәрі 43 жыл ғана өмір сүрген біртуар ақын – қазақ руханиятына өлшеусіз еңбегін сіңірген жан. Оның екпінді жырлары мен шығармаларындағы көркемдік тіл, буын ерекшелігі, ырғақтық қуат ұлттық поэзияны жаңа бір деңгейге жетелеп шығарғандай. 

Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan