Менің бір түсінбейтінім: біздің қоғам кейбір ақын-жазушылар, әдебиетшілер кітапты әріптестерінен көп оқыса, аузын ашып, көзін жұмып, таңданып жатады. Әдебиетшінің негізгі міндеті де сол: көп оқып, ой қорытып, шығармаларға баға беру емес пе?! Қазақ әдебиетінде қордаланған мәселе көп, бірақ таразылап, саралап жазып жатқан әдебиетші аз. Біз «Әмірхан Балқыбек жалғыз өзі бір әдебиет институтының шаруасын бітірді» деп бекерге сүйсінбейміз.
Көкейімізде жүрген сұрақтардың бір парасын әдебиеттанушы мамандарға қойып, жауап іздеп едік...
1. Қазақ әдебиетіндегі стильдік, формалық ізденісі ерекше, жаңалығы бар қандай жаңа шығармаларды атай аласыз?
2. Қазіргі қазақ прозасында қандай тақырыптар жазылмай жатыр деп ойлайсыз?
3. Біздің кейбір жазушылар шығарма біткенше кейіпкерінің бетпердесін шешпек түгілі, бетіне қалың етіп бояу жағып қояды. Сосын кейіпкердің бетіндегі красканы өзің сүртіп, жүйкең шаршайды. Сол баяғы ескі тәсіл, баяндау... Достоевский, Золя секілді біздің жазушыларға ақиқатты жалаңаштап көресетуге не кедергі деп ойлайсыз?
Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕН, әдебиеттанушы:
Көріне бастаған қаламгерді «космостық талант» деп әспеттейміз
1.Қазіргі қазақ әдебиеті үлкен эксперимент алаңына айналды. Жақсы ма, жаман ба, бұл біз үшін қажет. Бүгінгі әдебиетімізден ежелгі түркілік сарындарды да, мінәжат үлгісіндегі діни шығармаларды да, батыстық бояуы қалың модернистік, постмодернистік туындыларды да, мистикалық, мифологиялық бағытты темірқазық еткен көркем шығармаларды да көп кезіктіреміз. Жазылып жатыр. Бірі сәтті, бірі сәтсіз шығады. Ол – заңдылық.
Кеңес одағының тұсында жабық тақырыптардың санатында болған кейбір тақырыптар да жаңаша форматпен жазылуда. Мысалы, діни сарындағы поэзиямызды ХІХ ғасырдағы діни поэзиямен салыстыруға келмейді. Көп ерекшелігі бар. Егер формалық, стильдік жаңалық іздейтін болсақ, біз осы бағыттағы шығармалардың да өз жаңалығы бар екенін айтуға тиіспіз. Сонымен бірге қазақ әдебиетінің тәжірибесінде бұрын-соңды бола қоймаған тың дүние жазыла қалса, біз оны жаңалық деп қабылдауға құштармыз. Аспанға көтереміз. Рас, жаңалық шығар. Бірақ кейде оның көркемдік деңгейі, эстетикалық қуаты қандай деген мәселе ескерілмей қалады.
Жалпы, жаңаша жазудың үлгісін аға буынның өзі көрсетіп келеді. Тәуелсіздік тұсындағы көркем прозамыздың өзінен көптеген көркем шығармаларды жаңалық ретінде айтуға негіз бар. Мысалы, Ә.Нұрпейісовтың «Соңғы парызы», М.Мағауинның «Жармағы» кезінде үлкен дүмпу туғызды. Қоғамдық санаға қозғау салды. Т.Нұрмағамбетовтың «Мешкейінің» идеялық салмағы аса ауыр, ерекше туынды. Т.Әбдіктің «Ақиқаты», «Парасат майданы» ұлттық сөз өнерін биіктеткен, ұпайын түгендеп, еңсесін көтерген повестер. Әсіресе осы Т.Әбдіктің шығармаларын стильдік, формалық, идеялық серпін әкелген шығармалар қатарына қосуға болады. Өйткені, онда дәстүрлі әдебиеттегідей таптаурын дүниелер көп емес. Оқиғаны ғана емес, ойды да шебер ойната біледі.
Д.Амантай, Т.Кеңесбай, М.Омарова, С.Сағынтай, Е.Әбікенұлы, Ә.Байбол т.б. сынды прозашылардың шығармашылығында жаңалық бар. А.Елгезек, Е.Жүніс, Т.Таңжарық, Б.Қарағызұлы, Ы.Дәбейлердің буыны әдебиетке өз жаңалығымен келді Осы буынның өлеңдерінен формалық-стильдік ізденістердің ізі анық көрініп тұрады. Оны біріміз қабылдармыз, біріміз қабылдамаспыз. Бұл енді рецептивті факторларға тәуелді. Сосын формалық-стильдік жаңалығы бар туындылардың бәрін мінсіз туынды дей алмаймыз. Пішіні мінсіз болғанмен, мазмұны жұтаң өлеңдер мен әңгімелер көп. Жалпы, көркем шығарма дегеніміздің өзі қат-қабат иірімі бар және осының бәрі шебер үйлесім тапқан бүтін әлем емес пе? Баланс сақталмаса, бір жері артық, екінші жері «солқылдақ» болса, шығарманың сапасы түсіп, оқырманы азаяды...
2.Қазақ әдебиеті қашанда ұлттың сөзін сөйлеуден қалыс қалған емес. Өзекті тақырыптар қашанда қаузалған. Әлі де ол үдеріс тоқтаған жоқ. Дегенмен, кәсібилік жетіспейтін секілді. Қазіргі шығармаларда интеллектуалдық деңгей мен кейіпкер жан дүниесін аямай ашатын психологиялық штрихтар, ой драматизмі кемшін түсіп жатады. Жазылып жатқан тақырыптарды фантастикалық жанр аясында ашып беру де соңғы кездері елеусіз қалып барады. Ғылыми-фантастикалық әдебиет, ең алдымен, балалар әдебиетінде көрінсе игі еді. Алайда, біз қазір оның да тоқырау кезеңінде екенін көріп отырмыз.
Не үшін қазақ жазушылары айналып келіп тарихи тақырыптарға қалам сілтейді деген сұрақ туындайды. Алпысыншы жылдардан бастап айрықша әспеттелген осы тақырып тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті де үдей түсті. Отаршылықтың зардабын тартып, азабын көрудей-ақ көрген қазақ секілді ұлттың әдебиетінде біз сөз етіп отырған фантастикалық, ғылыми-интеллектуалды не басқалай әдебиет үлгілері кездеспей жатса, оны біз мына құбылыстың себебі болар деп ойлаймыз. Егемендікке қол жеткізген кез келген халық әдебиетінің алғашқы ширек, тіпті жарты ғасыры өшкенін жандырып, жоғалтқанын түгендеуге арналады екен. Бізде осы процесс әлі тоқтаған жоқ. Меніңше, өз атасы не өз руынан шыққан батырлар жайлы, я болмаса, ұлттың ұлы қайраткер тұлғалары жайлы жазылар шығармалар легі алдағы уақытта азаяды. Оның орнын қазіргі заманның ең өзекті тақырыптарын арқау еткен шығармалар мен болашаққа бағдар сілтер фантастикалық туындылар басады. Жазушы қаламының құдіреті сол: ол болашақты көре алады, болжай біледі.
Мәселеге басқа қырынан қарап көрейік. Біз күткендей көркемдік-эстетикалық қуаты мол шығармалар жазылмай жатса, оған кінәлі – біз, оқырман немесе әдеби сын. Жақында «Жаһан» журналынан америкалық психолог Кэрол Дуэктің зерттеулері жайында оқыдым. Ғалымның пікірінше, біз талабына емес, талантына табыну арқылы адамның қарымын шектеп, дарынын өшіреді екенбіз. Енді көріне бастаған қаламгердің дарынын біз «космостық талант» деп әспеттейміз. Тырнақалды туындысы жарық көрген жазушыны «әдебиет әлемінде бір шоқжұлдыз пайда болды» деп асыра сілтейміз. Оның орнына шығарманың кемшілігі қайсы, артықшылығы неде деген сұрақтарға сауатты түрде жауап іздеп, қаламгердің арқасынан қаққандай талабына сүйсінсек, онда біздің қаншама таланттарымыз жанбай жатып өшпес пе еді деген ой келді сонда. Тоқмейілсіген, бәлсінген адам ешқашан бұрынғы биігіне шыға алмақ емес.
3 .Бетіне қалың бояу жағып қойса, ол – жазушының ғана кінәсі емес. Ол – қазақтың дәстүрлі ойлау жүйесінен туған ерекшелік. Жалпы, қазақтың көбі қазір қалада тұрғанымен, оның ой өлшемі, таным жүйесінде әлі де ауыл адамына тән принциптер көп қой. Жалпы тек қазақ қана емес, табиғатпен етене ғұмыр кешкен кез келген халықтың ой кеңістігі кең. Бір нәрсе айтса, алыстан орағытады, айналдырып әкеледі. Бұл – қанға сіңген қасиет. Ол өз кезегінде жазушыларымыздың да шығармашылығынан көрініс тауып жатса, мұны таным жүйесінің ерекшелігінен деп түсінген жөн шығар. Ал енді оны кедергі-кемшілік ретінде танимыз ба, әлде өзімізге тән артықшылығымыз ретінде көреміз бе, ол өз қолымыздағы дүние деп ойлаймын. Ойлау жүйесіне қатысты көптеген кітаптар жазған Эдуард де Боно деген ғалым бар. Оның пікірі қандайда бір жетістікке жету үшін бәсекеге емес, өз даралығыңды табуға күш сал дегенге саяды. Бұл ойын өзінің «Serpetition» деп аталатын кітабында егжей-тегжейлі баяндайды. Жалпы, қазіргі нарықтық заман біздің санамызға бәсекелестік көзқарасты әбден сіңіріп жатыр да, біз өз даралығымызды танып алмай тұрып, өзгеден озуға күш салып жатқандаймыз. Бұл құбылысты әдебиеттен де аңғаруға болады. Қазақ әдебиеті орыс не француз әдебиетіне еліктеп, ешқашан олардан оза алмайды. Тек ұлттық даралығымыздың, этникалық кодымыздың табиғатына сай өз жолын тапқанда ғана әлемнің назарын аударып, өз биігіне жете ме деймін... Бұл, әрине, соцреализм әдісінің адал мұрагері боп қалсын деген сөз емес...
Ақбота АБИЫР, әдебиеттанушы:
«Қалыптан шықпау» үрдісі саналарында сіңіп қалған
1. Қазақ әдебиетінде стильдік- формалық ізденісі ерекше шығармалар: М.Жұмабаев «Шолпанның күнәсі», О.Бөкей «Атаукере», «Қар қызы», «Жылымық», Т.Нұрмағамбетов «Кене», «Айқай», «Ұлттың дерті», Т.Әбдік «Оң қол», «Тозақ оттары жымыңдайды», М.Мағауин «Жармақ», Т.Шапай «Күлкі және көз жасы», «Үйдің иесі», Д.Амантай «Гүлдер мен кітаптар» М.Омарова әңгімелері, Қ.Әбілқайыр «Қағаз қала», Ы.Дәбей «Мөлтіл», Б.Сарыбай «Жалғыздық жыры», Е.Әбікенұлы «Министр».
2. Қазіргі қазақ прозасында әлеуметтік тақырыпта жазып жүрген жазушылар баршылық, дегенмен, осы тақырыпты әлеуметтік сатира, гротеск, сарказм әдісі арқылы жазатын жазушылардың көптігі артық етпейді. Қазіргі қоғамда өзіндік менін жоғалтқан, яғни өзін іздеп таба алмай жүрген, Құдайды іздеп, басын тауға да тасқа да ұрған кейіпкерлердің «жан айқайын» сомдайтын шығармалар жетіспейді. Өмірдің мәнін жоғалтқан, тек құр сүлдесін сүйреткен, өлімнен ғана жұбаныш тапқысы келетін кейіпкерлер, тас қоғамнан мейірім таба алмаған адамдардың бір-біріне селқостығын, “человек в мире отчуждения”, яғни өскен ортасынан жеру, қоғамынан түңілу, жатсыну, жалғызсырау мен негилистік көзқарасты жеткізетін тақырыптар жазылу керек деп ойлаймын.
3. Ақиқатты жалаңаштап көрсетуге біздің жазушылардың дарыны да, қарқыны да жетеді, бірақ, шын мәнінде кейіпкерлерді боямасыз беретін мына жазушы деп дөп басып айта алмаймын. Достоевский, Золялардың еш бүкпесіз ақиқатты беруі батыстық менталитет пен басқа елдің отарын көрмеген азат, дербес ой-сананың жемісі жатқан болар... Біздің жазушыларда кеңестік дәуірден қалған «қалыптан шықпау» үрдісі саналарында сіңіп, орнығып қалған, бірақ қазіргі прозада қоғамның аллегориялық образын сомдауда тың серпін байқалады.
Мұхит ТӨЛЕГЕН, әдебиеттанушы:
Бізде экзистенциялық тақырып жазылмай жатыр
1. Жаңа ғасыр басында қазақ әдебиетінің есігін ашып кірген постмодернистік ағым негізінде қалам тербеушілер легі қалыптасып еді. Әсіресе Айгүл Кемелбайдың «Мұнара» атты романынан, «Тобылғысай», «Ағаш үй» әңгімелерінен, Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романынан постмодернистік леп, сарын айқын сезіледі. Діни, мистикалық, психологиялық элементтердің көптеп кездесуі, адамның өткені мен бүгінін және келешегін біртұтас бірлікте сипаттау, санадағы архетиптерді жаңғырту осы авторлар шығармаларының көзге түсетін ерекше белгілері деп санаймын.
Ал дәл қазір стильдік жағынан ерекше бір шығармалар жазылып жатыр деп кесіп-пішіп пікір айту қиын. Дегенмен, замандастарым Қанат Әбілқайырдың, Алмас Нүсіптің дүниелерінде тәуелсіздіктен кейінгі толқынның өзіне тән жүрек лүпілі, батыл ойлары бар. Басқа да жас жазушылардың әңгімелерін, хикаяттарын шамам келгенше оқуға тырысып жүрмін. Жақында ғана Ырысбек Дәбейдің «Әкелеріміз айтатын әңгіме» мен «Мөлтіл» атты кітаптарын оқып шықтым. Оның мөлтек әңгімелерінің маған қатты ұнаған себебі: көңіл түкпірінде жатқан сезім ұшқынын оята біледі. Оның кейіпкерлерінің бәрі көзтаныс адамдар. Қазақтың табиғатын қаз-қалпында бейнелеуге талпынады. Айтқысы келген көркем ойдың түйінінде бір мән бар. Ең бастысы, осы талпынысы тежеліп, тоқтап қалмаса екен.
2. Жақында ғана бір әдебиет зерттеушілерінің «жалпы қазір сөз өнерінде қозғалмаған тақырып қалған жоқ. Бәрі жазылып қойды» деген сыңайдағы пікірлерін оқып қалдым. Адамның өмір-тіршілігі алға жылжыған сайын әдебиетте де жаңа мотивтер, жаңа тақырыптар туындайды. Яғни, шығарма арқауы адам болғандықтан, оның болмысын зерттеу-зерделеу тоқтап қалмайды.
Өзім Түркияда білім алып жүргендіктен, түрік әдебиеті мен қазақ әдебиетін салыстырып, саралап отырам. Шамам келгенше, жаңа туындыларды, оқырман жоғары бағалап жатқан шығармаларды оқуға тырысам. Өмер Зүлфү Ливанелидің «Мазасыздық» (Huzursuzluk) , Орхан Памуктың «Қызыл шашты әйел», Хасан Али Топбаштың «Құстар асына кетер» деген туындыларын оқыдым. Көзім жеткен нәрсе, олар уақыт дөңгелегінен қалып кетпей, заман талабына дер кезінде жауап беріп отыруға тырысады. Бүгінгі күннің өзекті мәселесін сөз қылғандықтан, олардың роман, хикаяттарына деген сұраныс жоғары.
Қазіргі қазақ прозасы үшін жазылмаған тақырыптар жетерлік. Солардың маңыздысы, экзистенциялық тақырып деп есептеймін. Яғни адамның рухани қасиеттері: ар-ұят, еркіндік, жауапкершілік, тәубе, махаббат мәселесі жаңа қырынан талқыланып, талдануы тиіс деп ойлаймын.
3. Иә, қазақ әдебиетінде осындай тенденция бар. Жалпы батылдық, өжеттік жазушыға ең керекті қасиеттердің бірі. Әрине, көне соқпақпен ой қуғанша, жаңа жол салғанның маңызы зор. Ескі тәсіл, баяндаудан құтылу үшін әлемдегі әдеби үдеріспен дер кезінде таныс болып отыратын қырағылық қажет шығар. Және талмай ізденудің де түбі бір нәтиже беретіні белгілі. Ал ақиқатты жазу үшін, ең алдымен, жазушылар бүгінгі күннің қоғамдық түйткілдерімен жақсы таныс болуы керек. Және соны жүйелі жеткізу үшін, айтпақ ойын барынша зерделеп, ой қорытқаны жөн деп ойлаймын.
Сауалнаманы жүргізген Аягүл МАНТАЙ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.