Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Қазақ әке - қандай әке?...

14.06.2025 2625

Қазақ әке - қандай әке? 12+

Қазақ әке  - қандай әке? - adebiportal.kz

Бүгін – Әкелер күні. Әлемнің көптеген елдерінде дәл осы күні әкесі барлар асқар тауына барып сый-құрмет көрсетеді, әкесі жоқтар мәңгілік жоғалтқан асылын еске алады.

Әрбір мереке мен атаулы күннің туып қалыптасуына себеп болған үлкенді-кішілі оқиға болатыны белгілі. Маусым айының үшінші жексенбісі күні атап өтілетін Әкелер күнінің тарихы қалай басталған еді? Осы турасында қысқаша мәлімет беріп өтелік.

Әкенің балаға төккен мейірім шуағы мерекеге негіз болған

АҚШ-тың Вашингтон штаты, Спокейн қаласының тұрғыны, азамат соғысының ардагері Уильям Смарт әйелі қайтыс болған соң қаншама қиындықтарды бастан өткере жүріп алты баласын өсіріп жеткізеді. Әкесінің шексіз мейірімі мен қамқорлығына риза болған баласы Сонора Спокейн қаласының мэріне оның туған күні 5 маусымды Әкелер күні етіп жариялауды ұсынады. Бұған мэр келіскенімен, дайындыққа тым аз уақыт қалған себепті, 19 маусым күні атап өтеді. Осыдан кейін Әкелер күні (Father's Day) АҚШ-тың көптеген қалаларында атап өтіле бастайды. 

1972 жылы ғана АҚШ Президенті Ричард Никсон Әкелер күнін елдің ресми мерекелері қатарына қосқан құжатқа қол қояды.

Бұл күні америкалықтар әкелеріне барып сәлем беріп, мерекелік дастарқан басында арнайы әкелген сыйлығын ұсыну дәстүрі қалыптасқан екен. Америкалықтар үшін әке шаңырағына раушан гүлімен келуі парыз. Мұндағы ерекшелік – әкесі тірі болса үйге қызыл раушан гүлін әкеліп сыйлайтын, өмірден өткен болса ақ раушан гүлін әкеліп еске алатын салт орныққан.

Жергілікті билік те қарап қалмай, мереке қарсаңында жалғызбасты әкелерге материалдық көмектер көрсетеді. Әке шаңырағына бару, еске алу ғана емес, отбасындағы бірлік пен берекені арттыруға септігін тигізуді мақсат еткен бұл мереке кешікпей әлем халқына ортақ мереке ретінде атап өтілетін болды. 

Қазақстан да бұл үрдістен шет қалған жоқ. 2023 жылдың 1 маусымындағы ҚР Үкіметінің Қаулысымен Әкелер күні Қазақстанда да атап өтіле бастады. 

Әкелер күнін атап өте отырып, Қазақ әкенің отбасындағы кешегі-бүгінгі орны туралы ойларды да бөлісе кетуді жөн көрдік.

Қазақ әке – қандай әке?

Дәстүрлі қазақ мәдениетінде отбасылық құрылымда әкенің орны қашанда биік құрмет пен беделге ие болып келген. «Әке – асқар тау, ана – қайнар бұлақ, бала – жағасында өскен құрақ» деген мақалдан-ақ қазақ отбасындағы әкенің орны айқын көрініп тұрған жоқ па?

Тек қазақ отбасы ғана емес күллі адамзат қоғамы патриархалдық (әке еркілік) басымдыққа негізделген. Патриархаттық қоғамның басты көрінісі – қоғамдағы ер адамның рөлін әйелдерден жоғары қоюмен көрініс табады.

Адамзаттың эволюциялық дамуы теориясы бойынша ежелгі дәуірлерде ана еркі (матриархат) үстемдік құрған делінеді. Оған негіз болған – қауымдағы тұрмыс-тіршіліктің қоғаушы күші әйел заты болуында еді. Адамзат қоғамы ілгерілеп дамыған сайын физикалық күш-қуатты қажет етті. Бұл – қоғамдағы ер адамдардың орнын алға шығаруға себеп болды. Яғни әке еркі (патриархат) дәуірі үстемдікке ие болды. Бір ескерерлігі – әлемде табиғи ресурстарды, мал-мүлікті пайдалану, шаруашылықты тиімді жүргізу т.б. факторларға байланысты ана еркі қазіргі күнге дейін белгілі дәрежеде сақталған халықтар, тайпалар да бар.

Төрт мезгілдік қатал климатты белдеуде жатқан ұланғайыр Даланы, ондағы елге, ру-тайпаға, ауылға, отбасына тиесілі өріс-қоныс, мал-мүлікті алыс-жуық жау-жардан қорғау, күш-қайратты қажет ететін күнделікті немесе науқандық жұмыстарды атқару, түздегі қам-қарекетті түгелдей мойнына алу – ежелден қазақ еркегінің міндеті болып келген. 

Сондықтан да қазақ қоғамында ертеден «еркек түздің, әйел үйдің адамы» деген түсінік қалыптасқан және отбасы, әулеттің билігі әкеде, ерлерде болған. Әке – отбасының негізгі тірегі. Сол себептен де қазақ отбасы, әулеті әкеге тиянақтайды. Рулық шежіре дегеннің өзі – әкеден түп бабаға дейін жалғасқан тізбек емес пе? Әке - бай-бағылан ба, жарлы-жақыбай ма, ақыл-парасатты ма, қатардағы ел шетіндегі ерғара ма? Кім болса да, әкенің аты – әке. «Әкең жынды болса, байлап бақ» немесе «Құрым туырдықты әкеден күміс керегелі ұл дәметеді» деп қазақ осындайдан айтқан. Қазақ әкесі – қалай болғанда да отбасының орталықтандырушы киесі ретінде мойындалып келген және солай болып қалуы тиіс. «Отыз ұл бір әкені асырай алмайды, бір әке отыз ұлды асырайды» деп қазақ осыны меңзеп айтқан болса керек. “Әкенің қарғысы – оқ, шешенің қарғысы – боқ» деп, қазақ әкенің орнын биіктете отырып, баланы әке назасына қалмаудан сақтандырған. Әкенің шығарған шешімі отбасында көп жағдайда  талқыланбайды, яғни әкенің айтқаны болады. Қазақ отанасы баласы бұзақылық жасағанда: ”Әкеңе айтамын" деп айдындырып, әлдебір істің мәнісін өзінен сұрағанда:  «Әкең біледі, әкеңмен ақылдасшы», - деп тәрбиелеген. Қазақ әке де отбасының өзіне деген осы сенімі мен биліктің үдесінен шыға білуге, өзінің төрдегі орнын лайықты да биік ұстауға тырысқан. Түз жұмыстарын атқарып мал табу, отбасын асырау – қазақ әкенің міндеті болған. Қазақ ғұрпында “Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без”, - деп әкеге қоса, шешенің де отбасындағы орнын айқындап, балаларды соларға сөзсіз бағынуды міндеттеген.

Дегенмен қазақ әке қай заманда да қайсыбір халықтардағыдай, әйел затына мүлде ырық бермейтін бірыңғай деспот немесе үйдің ішкі шаруасына араласпайтын түзу ағаш болған емес. Себебі, отбасындағы шаруаны ер мен әйел жастай игерген ыңғай-икеміне, мүмкіндігіне байланысты атқара берген. Оған мысалды «Қобыланды батыр» жырынан табамыз. Жырдағы Қыз Құртқа – атбегі. Тайбурылды тонынан сыпыра сала, жаратып баптап жүреді. Әдетте ат баптау - ер адамдардың атқаратын ісі ғой. Және тағы да бір назар аударатын жағдай: жырда бірнеше жерде Қобылекең билік пен шешімді Қыз Құртқаға беріп отырады. Қызылбастың Қазан қаласын шабуға аттанбақ болғанда Қыз Құртқаның тілін аламын деп Қараман құрдасынан Қобылекең: 

Әр талапқа шығарда,

Қатынға ақыл салған соң,

Қатынның тілін алған соң,

Неше батыр болсаң да,

Арыстаным Қобыланды,

Қатын да емей, немене?! - 

деген намысқа тиер ауыр сөз де естімеуші ме еді? Шындығында ақылы асып туған Қыз Құртқаның Тайбурыл тұлпарды міну дайындығына қатысты қамқорлықпен айтқан сөзі рас болатын. Байқасаңыз, «Қобыланды батырдағы» Қыз Құртқа мен Қарлыға да, «Ер Тарғындағы» Ақжүністер – ақылына көркі сай әрі қарулы да қайраттылығына қоса, парасатымен арыстандай айбатты батырларды бас игізіп, сөзге тоқтатқан данагөй арулар. 

Арырақ дәуірдегі ақылды-айлалы арулар мен арың-гүрің аңқау азаматтардың жалғасты эпостық кейіпкерлері берірек дәуірдегі «Айман-Шолпан» жырында да жүр. Бастағы мол дәулет пен бойдағы аса қайратқа мастанып, бір аяқ қымыздың екі аяқ желігімен болмашыға бола ерегескен Маман бай мен Көтібар батырдың  той үстіндегі текетіресі салдарынан ағайынды екі ру арасында өрбіген өзара қақтығыс, шабындыны ақыл-айласымен тоқтатып, қос тараптың да атақ-абыройын сақтап, намысын қорғап қалған – асып туған Айман ару еді ғой? Айта берсе, мысал көп-ақ. «Айман-Шолпан» демекші, бірде осы жырдағы Көтібар батыр, бірде Толыбай батыр, тағы бір жерде өзге бір батыр айтты дейтін:

Сыртқа шықсам – батырмын,

Үйге келсем – қатынмын.

Әйел ауру, бала жас – 

Қамыр илеп (немесе «тары түйіп») жатырмын, - 

дейтін сөз – қазақ әкенің үй тірлігіндегі шынайы іс-әрекетін танытып тұр емес пе? Қазақ әке – кей-кейде отбасындағы биліктің тізгінін босатыңқырап та қоятыны бар. «Бұл үйдің билігі кімде?» - деп бір ақсақалдан сұрағанда: «Бұл үйді мен билеймін, мені Шәйбай билейді, Шәйбайды Шәйгүл билейді», - деп жауап беріпті", - демекші, қазақ әке ретіне қарай «қисық қабырғасымен» ақылдасып, ығына жығылып та отырған. Қазақтың Қадыр ақынының: «Еркек – бас, әйел – мойын», - дейді. Кейде мойын қисайып қалса бас қайтеді?» - дейтін астарлы сөзі және бар емес пе? Бұдан «қазақ ерлері әйелдерінен аса алмаған» деп емес, ежелден бергі дәстүрлі қазақ отбасында ерлер мен әйелдердің пікірі қатар ескеріліп отырған, осы арқылы тек бір әулеттің емесе, тұтастай бір рулы елдің бірлік-берекесі бүтінделген жағдай аз болмаған деген қорытынды жасауға толық негіз бар.

Қазақ әкенің бүгіні қалай? Ертеңі не болмақ?

Ата-бабалардың, әкелер мен балалардың арасындағы ғасырлар бойғы тектік, қандық жалғастығы ғана емес, өзге де дәстүрлі сабақтастықтар тізбегі қалыпты жүзеге асқанда жалпы ұлттың тұтастығы мүмкін болмақ. Бұл – аксиома. Қазақ әкенің кешегісі туралы жоғарыда шолу жасалды. Қазақ әке отбасының тірегі, қорғаны, асыраушысы ретінде өз міндетін лайықты атқарып келді.

Заман қалай, адам қалай өзгерді,

Өзгергенді, шүкір, қазір көз көрді, - 

демекші, жаһандану атты қазіргі дәуірде ғылым мен техниканың қарыштап дамуы адамзат өркениетіндегі гендерлік көзқарасқа да үлкен өзгерістер әкелуде. Бұл тек қазақ отбасына ғана емес, жалпы адамзат қоғамына ортақ үдеріс болып отыр. Әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлігі ретінде қазақ қоғамының бұл өзгерістерден тыс қалуы тіпті де мүмкін емес болып отыр.

Сонау ХІХ ғасырда Ыбырай Алтынсарин бабамыз ғылым мен техниканың дамуы туралы:

Өнер-білім бар жұрттар

...Мал істейтін жұмысты

От пен суға түсірді, - 

десе, қазіргі өнер-білім бар жұрттардың баласы адам қолымен істейтін жұмыстың көбін-ақ автоматқа түсіргені соншама, біріне таңғалып үлгергенше екінші бір таңғажайып игілік шығып келеді. Оны игеріп болғанша үшіншісі шығып, адамзат баласы үшін бұрын әжептәуір күш пен уақыт жұмсау қажет болған іс-әрекеттер тіпті барынша оңтайлана түсуде. Яғни бұрын ер адамның орасан күш-қайратын, қажыры мен жігерін қажет ететін ауыр дене еңбегін құлтемір қашықтықтан басқару арқылы-ақ тап-тұйнақтай етіп атқара салады. Немесе бұрындары күні-түні  көз майын тамызып жазып-сызатын есептер мен сызбаларды компьютер көзді ашып-жұмғанша  тиянақтап береді. 
Тіпті өзгесін айтпағанда, бағзыдан бері толықтай дерлік ерлер айналысатын әрекет болған соғыстың да сипаты қазір мүлде өзгергенін көз көріп отыр. Болат сауытты ауыр танктердің сүйемелімен шабуылға шыққан мұздай қарулы ондаған-жүздеген ерлерді басқару пультіндегі нәп-нәзік әйел заты ғарыштық байланыс көмегімен зымырандар мен снарядтарды, дрондарды төгу арқылы тас-талқан етіп жойып тастауы – ертегі емес, қазіргі заманның шындығы. 

Осындай заманда қазіргі қазақ әке не істемек? Ауылды қайдам, қазіргі қалалық пәтердегі қазақ әке үшін тек еркек қолын қажет ететін қандай жұмыс қалды өзі? Кешегі қазақ әке электр құрылғылары күйсе, сантехника бітелсе, жиһаз сынып бүлінсе, тұрмыстық техника бұзылса бірдеңе қылып өзі жөндейтін. Өзінің қолынан келмесе, дос-жаранды көмекке шақырып түзетіп, әйтеуір іске қосып алатын еді ғой. Қазіргі күннің ұстанымы -  «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген қағидат. Телефон шалып шақырсаңыз болды, әрбір қажеттіліктің сайман-жабдығы сақадай-сай өз маманы айтқан уақытыңызда жетіп келіп, әп-сәтте түзетіп, ауыстырып жөндеп береді. Тіпті “ит басына іркіт төгілген” дейтін мына заманда бүлінген, сынған, күйген заттарды аса ілдебайлап, жамап-жасқаудың да қажеті шамалы. Пәтердегі қазақ әкенің кешегі бір «ауыр жұмысы» – үйдегі ауыр кілемді қыста аулаға көтеріп шығып, әр үйде болатын қаққыш пластмасса таяқпен шыңылтыр аязды жаңғырықтыра, шартылдата соғып тазалау еді. Қуатты шаңсорғыштар мен әлекедей жаланған кілем тазалаушылар қалалық әкені ол міндеттен де ажыратып тастағандай. Қазақ әке тіпті күздік пен қысқы соғымның етін балталап, жіліктеп бұзуды да қоятын түрі бар. Өзі сойып, бұзып, бөлшектеп беретін қасапшылар тұрғанда, ет мыжғылаудың мәні қандай өзі? Қазақ әкеге тиесілі мұндағы шаруа – пакет ұстау, етті көтеріп үйге кіргізу, аз-мұз бөлшектеп тоңазытқышқа салу ғана. Кешегі қазақ әкенің қолы қалт етсе гаражда машина жөндеуге ұмтылатын заманы да «Москвич», «Жигулимен» бірге көзден бұл-бұл ұшқан.

Әйтеуір сырт жұмыста таңнан кешке дейін сүрліккеннен өзге, пәтер үйдегі ер адам үшін қатты қайырым шаруа қалған жоқ па деп те қаласыз.

Әрине отбасын асырау үшін жер астындағы терең шахтадағы, жер бетіндегі қызу құрылыс алаңындағы, алыс-жақын тасымалдағы жұмыс істейтін ауыр көлік-механизмдерін басқаратын, қысы-жазы құрылыста, вахтада, ауылшаруашылығында, білім беруде және өзге де салаларда тер төгетін қазақ әкелердің сырттағы еселі еңбегі зор, әрине. 

Жоғарыда айтқанымыздай, жұмыс-қызметте де, үйде де жаппай автоматтандыру - жалпы қоғамдағы, отбасындағы патриархалды дәстүр мен түсініктерді қатты өзгеріске ұшыратуда. «Еркек – үйдің асыраушысы» деген патриархалдық қағидат қазіргі қазақ отбасының бәрін сипаттай бермейтініне келісетін боларсыз. Себебі: отбасындағы оқыған, маманды, тұрақты жұмысы бар әйелдің еріне қарағанда көп жалақы алатын немесе табыс табатын мысалдары көп-ақ. Сонау тоқсаныншы жылдардан бергі қиыншылық замандарда көптеген отбасының ауыр жүгін қазақ әкеден гөрі қазақ аналар көбірек арқалады десек , артық айтқандық емес. Жарық пен жылу жоқ, киім мен тамақ тапшы, әйел ерге, ер жерге қараған  заманда, ала қапшық арқалаған аналар белсене жүріп, жыртыққа жамау болған еді ғой.

Сонымен отбасының иесі, жарына сүйеу, балаға идеал боларлықтай, бүгінгі қазақ әке кешегі, одан арғы әкелердің, аталардың заманындағы сый-құрметтің биігінде болуы үшін қандай болмақ керек?

«Отбасы – шағын мемлекет» дегендей, шағын мемлекеттің басшысы қазақ әке – нормалы жұмысқа жұмсалған уақыттың ғана құлы болмай, отбасының иесі екенін сезініп, сезіндіруді әрдайым есте ұстағаны жөн болмақ. 

Қазақ әке жұмыстан кейінгі бос уақытын, демалыс күндерін мейілінше отбасы мүшелерімен мәнді-мазмұнды өткізуге ұмтылып тұрса, өзара түсіністік пен сыйластық арта түсер еді. Ақша арқылы қамтамасыздықты қамтамасыз етуге болғанымен, мейірім мен махаббатты қамтамасыз ете алмайтыны белгілі. 

Қазіргі қазақ әке өзі салауатты өмір салтын ұстана отырып, отбасын, өскелең жас ұрпағына осы бағытта үлгі болса құба-құп болмақ.

Қазіргі қазақ әке қызмет, жұмыстан тыс та өзін үнемі жетілдіріп, алға тоқтаусыз зымыраған технологиялық үдерістен шет қалмай, онымен үндесе білсе, отбасындағы беделі де арта түскен болар еді.

Қалалық қазақ әке отбасын, жас ұрпағын әкелер, аталар өсіп-өнген өлкеге көбірек апарып, бабалар рухы сіңген киелі топырақтың қадір-қасиетін бойларына сіңіруді әрқашан есте тұтса игі.

Қазіргі қазақ әке ана тілін, қазақы ділді қадірлей ұлықтап, ұрпағына аманаттай білсе – ұлтының ұлы арманын орындауға, яғни тәуелсіздікті сақтап, нығайтуға өзіндік үлкен үлес қосқаны болар еді.

Қазақ әке сонда ғана отбасындағы шынайы қазақы мейірім мен махаббат шуағына бөленіп, «төрінде жатып салмақтанып» өзінің лайықты биігінде болар еді. Қазақ әкенің ертеңіне сенеміз. Отбасының беріктігі – Отанның беріктігі. Қазақ әке отбасының берік тіреуі болып тұрғанда, Отанымыздың да босағасы берік, келешегі кемел болмақ. 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар