Қазақ сонетінің сардары

Ол ұлттық өлеңнің қалыптасқан арнасын бұзбай, әлем әдебиетінің тәжірибесін игеру арқылы көркемдік көкжиегін кеңейтті. Олай дейтін себебіміз: Хамит Ерғалиев – қазақ поэзиясына сонет жанрын әкеліп орнықтырушылардың бірі. 

Қазақ сонетінің сардары - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, ақын, аудармашы, Қазақстанның Халық жазушысы  Хамит Ерғалиевтің туғанына 110 жыл толды.

 «Он жасында өлең сөзімен әуестеніп, жиырма жасында жазғандары баспа жүзін көрген әдебиетші едім», - деп өзі жазғанындай, 1916 жылы 14 қазанда қазіргі Атырау облысы, Исатай ауданы, Хамит Ерғалиев ауылында дүниеге келген ақын соңына мол рухани қазына қалдырды. 

Мен үшін киелі едің дала неткен,

Оба да түзде соқпай жанап өткен.

Құрсақтан құм үстіне түскен екем

Қазанда қызыл шақа жалаң етпен.

 

Қаңсырап қар үстінe құласам да,

Қалдырдың жау оғынан жаралы еткен.

Ел барсам, даладағы жаңалықпен

Қайтушы ем қайраттылау жаралып мен.

 

Қаладан жырақ кетіп жылаушы едім

Бейкүнә жармасса да жала біткен.

Осынша мені желеп-жебегендей

Мен ceнің жыртығыңа жамалып па ем?!

 

Түз Ана! Жалбарынбай аруаққа

Қондырған ерді қашан ару атқа?!

Сонет құрылымымен жазылған осы жырда ақынның туған жерге перзенттік сүйіспеншілігіне қоса, өмірдерегінің де сұлбасы жатыр. 1997 жылы 13 желтоқсанда өмірден өткен майдангер-ақын өзінің шығармашылық ғұмырында қазақ өлеңінің мазмұндық байлығын ғана емес, оның пішіндік мүмкіндіктерін де кеңейтуге ұмтылған қаламгерлердің бірі болды. Яғни ол ұлттық өлеңнің қалыптасқан арнасын бұзбай, әлем әдебиетінің тәжірибесін игеру арқылы көркемдік көкжиегін кеңейтті. Олай дейтін себебіміз: Хамит Ерғалиев – қазақ поэзиясына сонет жанрын әкеліп орнықтырушылардың бірі. 

Қазақ әдебиетіндегі сонет жанры 

Сонет – Еуропа әдебиетіндегі дәстүрлі поэтикалық форма. Сонет сөзінің өзі итальян тілінде sonetto – шағын ән деген мағынаға ие. Сонет ХІІІ ғасырда Италияда қалыптасты. Еуропалық поэзияда сонет жанрын дамытушылар ретінде Франческо Петрарка мен Уильям Шекспирдің есімдері ерекше аталады. Сонетттегі әр шумағы тұрақты өлшемнен тұратын, жалпы құрылымы 14 тармақтан тұратын өлең түрі. Сонеттің формасына қатысты екі түрлі мектеп бар. Біріншісі – сицилия мектебі. Мұнда 14 жолдық құрылым 4 жолдан екі катрен және 4 жолды бір терцет, 3 жолды бір терцет болады. Екіншісі – ағылшын мектебі. Мұндағы сонеттің құрылымы 4 жолды үш катреннен және 2 жолды терцеттен тұрады. Хамит Ерғалиев сонеттері негізінен осы мектеп үлгісімен жазылған, әрі төменде үлгі ретінде берілген сонеттен ақынның Шекспир шығармашылығына деген терең құрметі де аңғарылады:

Түгесіп ем, көз майын алты жылдай,

Қазақшалап Шекспир сонеттерін.

Тәтті-дәмді тәңірдің бал-тұзындай,

Еңбек еді татымды сол еткенім.

 

Содан бері күй кештім әлденеше, 

Ұлы аруақ назары құлағандай, - 

Аян беріп: «Ақ жамбы ал», - демесе,

Желден жебеу құптамас құлақ ондай.

 

«Бұдан дәмді дүние азық қандай

Азабына жаршыны көніктірді?» - 

Деп те бірде үлкен көз, жазық маңдай,

Сонеттердің үстінен төніп тұрды.

 

...Хош иісті алмадай адам пісер,

Құрт жемесе олжаны одан түсер.

Алғашқы катрен шумақтардағы ой соңғы егіз ұйқасты терцетте түйінделеді. «Ойлап отырсам, менің елім сонеттің сөлін өз бойына жинаудай-ақ жинаған ел екен. Замандар бойы өзінің бұқтырғаны да, өзгеден жұқтырғаны да жетерлік. Көзін тап та, шүйліге біл», - деп «Қиын өткен қызығым-ай» кітабында Хамит Ерғалиев өзі жазғанындай, қазақ поэзиясы сонет жанрын жатырқамапты. Бұл жанрда Хамит Ерғалиевтен өзге, қазақтың көрнекті ақындары Қасым Аманжолов, Есет Әукебаев, Кәкімбек Салықов, Иранбек Оразбаев т.б. ақындар ХХ ғасырдың екінші жартысында қалам тартқан екен. Хамит Ерғалиев сонеттері – нағыз қазақы қалыпта құйылып түскен туындылар. Қазақ әдебиетіндегі сонет жанры – батыстық үлгідегі 14 тармақты классикалық лирикалық өлең түрі, ол қазақ поэзиясына аудармалар мен әлемдік әдебиетті игеру арқылы келіп, екі негізгі мектеп дәстүрімен дамыды.

Сонет жанрының шебері

Сонетті қазақ поэзиясына «жерсіндіруде» Хамит Ерғалиевтің көркемдік ізденістері, осы жолдағы қажыр-қайратының ерекше екенін айтқан ләзім. Жалпы Хамит Ерғалиевтің поэзиясы туралы ой толғағанда, ақынның сөз өнеріне деген жауапкершілігі мен көркемдік ізденісіне назар аудару маңызды. Сонет секілді ықшам әрі талапшыл жанр ақынның ойлау мәдениетін, тілдік мүмкіндігін, композициялық сезімін танытатын ерекше алаң болып саналады. Жалпы ой жүгіртіп қарасаңыз, әдебиет тарихында қалыптасқан жанрлардың бір тілден екінші тілге ауысуы механикалық көшірумен жүзеге аспайды. Яғни әр тілдің ырғақтық жүйесі, дыбыстық мүмкіндігі, сөздердің буындық құрамы мен интонациялық ерекшелігі бар. Еуропалық сонетті қазақ өлеңінің табиғатына бейімдеу де ақыннан осындай терең түсінікті талап етеді. Бұл тұрғыда ақынның ізденісі сәтті шыққан. Мына бір жырды оқиық:

Қалаң бүтін – 

Қараңғы түн,

Жүгірген от алды-артым.

Аяқтары, 

Таяқтары,

Тақылдаған шалдар тың.

 

Менде үн жоқ,

Көзде түп жоқ,

Жанарымда жазғы таң.

Соңғы ізделген,

Сол қыз берген,

Бал қымыздан аз жұтам.

 

Еске түсті-ау, әлгі үйде,

Баяғы сол бал күй де?!

Бұл сонеттің формалық құрылымынан Абайдың «Сегіз аяғының» сұлбасы айқын көрініп тұрған жоқ па? Мұндай өзіндік ізденістерді ақын шығармашылығынан көптеп табуға болады.

Шекспирді қазақша сөйлеткен 

Хамит Ерғалиев – қазақ поэзиясында тек сонеттерден тұратын кітабын шығарған тұңғыш ақын ретінде тарихта қалды. Ол өзінің төлтума сонеттерімен қатар, жоғарыда атап өткеніміздей, Уильям Шекспирдің сонеттерін аударуға көп уақытын сарп етті. Шекспирді аударудағы жалпы мақсаты мен тәржіманы аяқтағаннан кейінгі тылсым сезім халі жайлы ақын былай деп жазбады: «...Төртінші жарық көрген дүнием деп «Сонеттер» кітабын атай отырып, оны бүкіл алпыс жылдық шығармашылық өмірімнің маңдайалдына апарып қояр едім. Олай дейтін себебім, қазақ поэзиясында бұрын-соңды «Сонеттер кітабы» болмағандығынан ғана емес (әрине, оны да ескерту ерсілік етпес), әңгіме басқада: Вильям Шекспир сонеттерінің кітабын жұртшылыққа қазақ тілінде оқыту үшін аттай алты жылымның ең қымбат уақыттарын сарп еткенімді жырсүйер ақуым біледі. Алайда сол кітапты шығарып алып, одан кейінгі он төрт жыл бойында қандай ой азаптарына оратылып қалғанымды ешкім білген емес. Бұл кісінің «Ричард-ІІІ» «Гамлет» сияқты ұлы трагедияларын да, «Дуалы түнгі думан» атты комедиясын да қазақ тіліне аударған едім ғой. Бәлкім Шекспир лабораториясына солай қайта-қайта кеуделеп кіре бергенім себеп болды ма, - қалай десеңіз де сол кісі жиі-жиі түсіме кіріп, қазақша айтқанда, аян бергенінен танбай қойды. Жан-тәнімен атеист адамның бұл сөзіне күлсеңіз күле беріңіз, шыны сол: Түсімде неше мәрте көрсем де мен қазақшалаған сонеттер үстінен үлкен көздерін бір аудармай, соған төнді де отырды. Ол маған: «Басқадан бұрын Баян, жібек, Еңлік неге еңсеңді көтермейді?... Мені қозғаған шығыс шындығынан туғаның қайсы?... Әлде талай ұлағатты ұрпаққа ұмыттырған нигилизм, ездік пе сенің еңсеңді езіп-жаншып жатып алған? ... онда сол сұлу қасірет пен сұрқиялық екеуі екі жақтап-ақ түн ұйқыңды түгел бұзса керек еді ғой? ... Тым болмаса осы жағын ойлатуға да жарамадым ба?!» - деп отырғандай көрінді де тұрды. Шынында да ана мен ашынадан басталатын махаббаттың барша құдіретіне құлай сүйетін қағидасы қайда қалды?... Абайды жылатқан жеккөргіш  пен жексұрын көрінгіштер лайсаңы төңірегімізде ығып тұрса ше?... шарапатын шам түбінен оздыра алмай ішқұса болған ірілер төңірегімізде тұнып тұрса ше? Осы жалпы жан тазалығының, адалдықтың өзі арманға айналып бара жатқан жоқ па?...

Міне осынша, тіпті бұдан да көп суық сұрақтардың жауабы кеудеңді кернеп тұрса, сол ең алдымен сонет жанрының ащы да, тұщы да азығы емес пе?... Соңғы төрт жылымды түгелге жуық сонет жанрына жұмсап, содан дардай бір кітап беруіме ақиқаттың осындай қилы-қилы серпіні себін тигізді. Несін жасырайын, қартайғанда тап мұншалық тағы бір қырымнан таныламын деп ойлаған емес едім...»

Ақын әр түрлі тақырыпты қамтыған жүздеген сонеттер жазған. Сонет – ақыннан ойды бірден жайып салуды емес, оны біртіндеп өрбітуді талап ететін жанр. Яғни алғашқы шумақта көтерілген мәселе кейінгі тармақтарда тереңдеп, кейде қарама-қарсы пайымдар арқылы жаңа қырынан ашылады. Сөйтіп өріліп, ширықырта, ширата отырып, соңында оқырманды ойға қалдыратын түйін жасалады. Демек, сонеттің көркемдік қуаты – оның көлемінде емес, ой қозғалысының дәлдігінде.

Осы тұста Хамит Ерғалиевтің поэзиясын бағалауда маңызды бір мәселе туындайды: ақынның азаматтық дауысы шағын лирикалық формада қандай көркемдік сипат алады? Кең тынысты поэма мен көлемді өлеңде еркін өрістейтін ойды он төрт тармақтың шеңберіне сыйғызу – шығармашылық тұрғыдан бөлек міндет. Мұнда ақынның сөздік қоры ғана емес, ойды іріктеу, сезімді шектеу, артық детальден арылу қабілеті де сынға түседі. Ұлтымыздың басынан өткен ауыр азапты тағдырға деген ақынның азаматтық үні төменде берілген он төрт жолға молынан сыйып тұр:

«Ақтабан шұбырынды,

Алқакөл сұламады»

Кессе де шылбырыңды,

Кешірім сұрамады.

 

Көкмойын зеңбірек пен

Ақ қызыл бодандықты,

Танытты жең-білектер,

Күш жоқ деп одан мықты.

 

Бәрібір барсың қазақ,

Бет-аузың бұрынғыдай.

Босатса басыңды азап,

Біріңе бірің Құдай.

 

Күні жоқ күндеспеген,

Жолыңды кім кеспеген?!

Мұндағы қамырықты ащы шындықты тәпсірлеп жатудың өзі артық-ау. Қазақтың дәстүрлі өлең жүйесінде буын саны мен ұйқастың орны ерекше. Ал сонеттің классикалық үлгілері белгілі бір композициялық тәртіпке, ұйқас үйлесіміне және ойдың сатылы дамуына сүйенеді. Осы екі поэтикалық жүйені үйлестіру кезінде ақын дайын үлгіге бағынумен шектелмеуі керек. Керісінше, жанрдың ішкі заңдылығын сақтай отырып, қазақ тілінің табиғи әуезін, ұлттық ойлау машығын, бейнелі сөз мүмкіндіктерін танытуы қажет. Хамит Ерғалиевтің Шекспирден аудармалары – осы айтылған үдеден шыға алған туындылар.

Шаршағанға қалай төзер бұл дене,

Жай тауып бір жан тыныштық көрмесе,

Күн азабын сейілтпеген түнде де

Күндізгі шер көкіректі кернесе?

 

Күндіз бен түн – өзара өш екі жау – 

Достасқандай бір-біріне қол созып.

Күндіз – күйбең, түнде – жаным жабырқау

Асылымнан айырылғанды қор сезіп.

 

Ашық күнмен салыстырдым мен сені,

Ақ сәулесін алам ба деп мекендеп.

Түнді де мен мадақтадым белсене,

Жұлдыздарың қалқашымдай екен деп.

 

Бірақ, күнім барған сайын қараң-ды;

Келер түнім — кешегіден қараңғы.

Бұл – аударма мен төл шығармашылықтың арасындағы маңызды айырмашылықты да алға шығаратын мәселе. Өзге әдебиеттің қалыптасқан үлгісін қазақша сөйлету бір бөлек те, сол жанрда ұлттық дүниетанымға негізделген дербес көркемдік әлем қалыптастыру бір бөлек. Біріншісі тілдік шеберлікті қажет етсе, екіншісі ақындық даралықты талап етеді. Хамит Ерғалиев аударған Шекспир сонеттерінің қаншалықты етене екеніне оны оқыған кез келген қазақ оқырманының көзі жетері сөзсіз.

Кейінгі де деп қарар суретіңе:

Хамит Ерғалиев сонеттерінің тағы бір ерекшелігі – өз ұстанған ағылшындық дәстүр формасын сақтай отырып, өз сонеттерін араб, парсы, түркі поэзиясындағы бәйіт ұйқасына да бейімдегенін көреміз:

- Азамат деп осыны айт! - десе қазақ,

Ол маңайдан безеді өсек өзі-ақ.

Қазақ білген тануды кімді қалай,

Адамзатқа үнем бе күндік арай?...

 

Халық үшін жаралған тосын кісі – 

Қасірет пен қайраттың қосындысы.

Маған десең, қасына күнде түне,

Сені мақтау кірмейді міндетіне.

 

Өз сорыңнан ол сені қызғанып та,

Беріледі кей сәтте қызбалыққа.

Ол да пенде, құлағын құрметтегін,

Жөнсіз бірақ сынаспай құр кетпегің.

 

Деңгейіне сұмдарды сүйреп бүгін,

Тәрк етпелік болмыста сиректігін.

Хамит Ерғалиев шығармашылығын ұлттық әдебиеттің даму үдерісінен бөліп қарауға болмайды. Қазақ поэзиясы әр кезеңде жаңа жанрлар мен көркемдік тәсілдерді игере отырып, өзінің ішкі мүмкіндіктерін байытып отырды. Бұл үдеріс ұлттық дәстүрден бас тарту емес, оның өрісін кеңейту еді.

Сонет жанрының қазақ әдебиетіндегі орны туралы сөз қозғағанда, оның әлемдік әдебиеттегі беделін ғана емес, қазақ тілінде қандай жаңа көркемдік міндеттер атқарғанын да бағалау қажет. Жанрдың сыртқы пішінін сақтау жеткіліксіз; оның ішкі драматизмін, ойдың бұрылысын, лирикалық кейіпкердің толғанысын ұлттық поэтикалық дәстүрмен ұштастыру маңызды. 

ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде қазақ әдебиетінің даму бағытын айқындаушы үлкен шоғырдың өкілі Хамит Ерғалиевтің дәуірі – аяқты аңдап басып, қаламды сақтана сілтер социалистік реализмнің шығармашылық ауқымы еді. 

Бір іс бітсе, бір іске асығасың,

Бойда қайрат бұрқанып, тасығасын.

Бәрібір сол татымай талабыңа,

Кең өлшемнен өзіңше тар шығасың.

 

Не қиямет араға жыл саласың,

Жұрт қамына сарқыла жұмсаласың.

Өрт шарпи ма – 

жігердің  содан өшін,

Жанған жүрек тоқтамай жүре аласың.

 

Ақыры сол бейнеттен босағанда,

Тағзым етпек өзге өз босағаң да.

Кейінгі де деп қарар суретіңе:

«Отқа түскен мен үшін осы ағам ба?...»

 

Адам шіркін бейнеттен азбағанда,

Күнә досым, көпсінбек азды оған да!

Бұл толымды шоғырдың да бағындырған өзіндік биік белесі бар. Олар қазақ прозасы мен поэзиясының, драматургиясының көкжиегін кеңейтуге тынымсыз еңбек етті. Олар – саяси зобалаң-зұлматтардың өрті жалмаған алдыңғы буын арыстар мен алпысыншы жылдары әдебиетке үлкен екпінмен келген буынды жалғастырған аралық буын еді. Сол аралық, арда буынның өкілі, бүгін туғанына 110 жыл толып отырған ұлт ақыны Хамит Ерғалиев шығармашылығының соны белесі сонет жанры турасындағы жазбамызды ақынның әдебиеттегі дәуірлер тұтастығы, ұрпақтар сабақтастығы, қазақ поэзиясының даму болашағы туралы ой-толғамыммен аяқтауды жөн көрдік.

«Әділетсіз қатыгездіктің құрбаны болған ардагер ақындардың ақталуына байланысты ұлттық поэзиямыздың өмірбаяны біркелкі түгенделді, тұрқы тұлғаланып, беделі биіктеді. Әрине, әр заманның өз сөзі бар, ол да оқырманның талғамына, өсу дәрежесіне қарай бой көрсетеді. Әсіресе, өлең техникасы оныншы, жиырмасыншы жылдардағыдан айтарлықтай өзгерді. Абайдан үйрене отырып, Абайша жаза бермейтініміз секілді, Ахмет, Мағжан, Шәкәрімдер техникасы ендігіге эталон бола бермейді. Өйткені, біз жазба поэзиямыздың есейген шағына ие болып отырмыз. Сөйте тұра аталған ақындардың бүгінгі күн талабымен құшақтаса көрісіп жатқан басқа бір жағы бар: Оларда тежелу деген болған емес. Олардың «ағат басты» делінген жерлерінде де іркілмей ағынан жарылу ғана бар. Ел өміріндегі көкіректі қарс айыратын қасіретті де олар егіле-төгіле айта білді, сол үшін де күйді. Оларды алдынан тосып алған темір қақпан ендігінің жолынан алынып тасталған заманда, әрине, сол батылдық ендігі жастарға бірден-бір мектеп. Бұл – бір. 

Жас жағынан менің алды-артыма маңайлас ақындардан соңғы отыз жыл ішінде өлгендері мен бүгінгі көзі тірілерінің поэзиясы жұттан арып шыққан түліктің көкке аузы тигендегі қоң жинауын еске түсіреді, лауазым иелерін дәріптеу дәуіріне майдан отынан жаратылған ақындар таусыла табынған жоқ. Олар ерлікті, өлім мен өмір арпалысын жеріне жеткізе жырлаудан ауытқымады. Бұлар жалған айғай-шуды, жалаңаш ұранды жасампаз лиризмге, өмір романтикасына қарай ойыстырды. Бұл – екі. Алпысыншы жылдардан кейінгі толқын болса, ол құдды өртеңге шыққан қорықтай қою қошқылданды. Бұлар заман кеңшілігіне қоса поэзиямызға үлкен біліммен келіп қосылды. Бұл – үш. 

Өлең өмірін оңға бастырған осынау үш бірдей үлкен фактормен есептесе келгенде өз басым бүгінгі таңдағы қазақ поэзиясын әлсіз деп айта алмаймын. Осы күндерде айтылып жүрген өкпенің бәрі де өскен поэзияның міндетін ғана белгілейді.»

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan