Бүгін қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған күні. Ресми деректер бойынша күш атасы Қажымұқанның туғанына 155 жыл толды. Дегенмен балуан 1883 жылы туған деген деректер де бар…
Қазақ даласының батыры Қажымұқанның өмірі мен спорттық ғұмыры туралы екі ғасыр жүзінде жазылған туындылар аз емес. Өмір жолы сан қилы аңызға айналған батыр-балуанның көзі тірісінде-ақ ол туралы туындылар жарық көре бастаған. Әр жанрдағы туындыларында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфуллин, Әбділдә Тәжібаевтардан бастап Қажымұқан балуан туралы азды-көпті суреттеп, бейнелеп жазып қалдырған қаламгерлердің есімінің өзі әжептәуір көлемді құрайды десек болады. Сәкен Сейфуллиіннің атақты «Бандыны қуған Хамит» туындысының соңы былай аяқталмай ма: «Хамиттің есіне балуан Қажымұқанның жер дүниедегі атақты балуандармен Омбы қаласында күрескені түсті... «Мартынов, Поддубный, Ганс Гаван, Қазыбек тау... Бәрін де Қажымұқан жығып жүрді-ау», - деді ішінен Хамит. Дабыстап: – А-ай, Қажымұқан-ай! - деп жан-жағына қарады.»
Орыс-кеңес жазушысы Николай Ановтың «Ән қанатында» романында да Мұса (Иса), Әміре, Шәрбан, Майра қатарлы қазақ ән-сахна өнері саңлақтарымен бірге жүрген Қажымұқан балуанның ересен күші, ел алдында көрсеткен өнері суреттеледі.

Қажымұқан балуанға арналған туындылар арасында Әлімқұл Бүркітбаевтың «Күш атасы», Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан», Мағжан Садыханұлының «Қажмұқан қағанаты», «Ғазизбек Тәшімбаевтың «Күш атасы» әдеби, мұрағаттық-танымдық, естелік-эссе кітаптарының орны ерекше. Үстіміздегі жылы Наурызбай Асылбектің «Қажымұқан» атты драмалық туындысы көрермендерге жол тартқанынан да хабардармыз.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен еңбек жолы, тағдыр соқпақтарында кездескен қилы-қилы оқиғалар туралы мәліметтер көп-ақ. Солардың ішінде балуанның көзін көрген адамдар мен ұрпақтарының аузынан тікелей жазып алып жинақтаған еңбектің маңызы ерекше. Сондай еңбектің сүбелісі – зерттеуші, қажымұқантанушы Ғазизбек Тәшімбаевтың «Қазақтың Қажымұқаны» атты жинағы. Бұл жоғарыда аталған, 1984 жылы шыққан «Күш атасы» еңбегінің жаңаша басылымы.
Аңсаған асылымдай ізгі арманым –
Көрсем деп өмірде бір із қалғанын.
Қажымұқан туралы осы еңбекті
Қапбыл ал, Келер ұрпақ, сізге арнадым! –
деп жазған екен, зерттеуші кітаптың алғы сөзінде. Және де қажымұқантанушы осы жинақта «Қазақ даласының батыры» атағын алған ұлы тұлғаның 1883 жылы туғаны, ал 1871- паспорт бойынша жасы екенін, бұл паспорт белгілі спортшы Маркс Қызыкеновтің қолында екендігін айтады. Бұл жинақта батырдың өмір жолына қатысты деректі естеліктер мен өлең-жырлар қамтылған.
Осы жинақты оқыған адам алып күштің атасы Қажымұқан балуанның ата-баба тарихы, өскен ортасы, әулеті-отбасы, өмірлік ұстанымы, бастан өткерген қызық-қуанышты сәттері мен қиындықтары туралы молынан хабардар болары сөзсіз.

Жинаққа естелік еңбектері енген адамдардың арасында Маркс Қызыкеновтің «Қажымұқанның зайыптары. Ұлдары мен қыздары» атты деректі жазбасын толықтай көшіріп ұсынуды жөн көрдік. Осы ретте автор туралы аздаған дерек келтіре кетелік: «Қазақ спортының дамуына үлкен үлес қосқан тұлға Маркс Маркс Байғожаұлы Қызыкенов (1934-2016) – Қажымұқан Мұңайтпасұлының негізгі биографиясын жазушы. Ол 1959 жылдан бастап Мәскеу, Орынбор, Омбы, Ташкент, Семей және басқа да қалалардың мұрағаттарында қажымай ізденіп, құнды материалдар жинады. Осы қажырлы еңбектің нәтижесінде Темірлан ауылында Қажымұқан мұражайының ашылуы мүмкін болды.

Маркс Байғожаұлы Қажымұқан балуанның тағдырдың жазуымен әр жылдары үйленген жарлары туралы былай деп тарқатады: «Қажымұқан атамыз тағдырдың талайымен, өмірдің ағымымен төр рет төсек жаңғыртқан кісі. Алғаш қосылған жары – Бәтима. Ол кісінің аты-жөні – Надежда Николаевна Чепковская, белорус қызы. 1894 жылы Белоруссияның Бреслав ауданының Гричаны елді мекенінде туған. 1909 жылы Қажымұқанмен көңіл жарасып, қазақ ауылына келін болып түскен. 1910 жылы Халиолланы өмірге әкелген. 1966 жылы немересі – Халиолланың қызы Рәзия мен күйеу баласы Хамзаның қолында тұрып дүние салды.
1959 жылы Омбы облысына әдейі ат басын бұрып, ол кісіні іздеп барып, екі-үш күні әңгімелесіп, балуан атамыз жайында көптеген мағлұматтар жазып алдым.
Қажекең Бәтима анамызбен 1914-1925 жылдар аралығында Омбы қаласындағы «Волковская» көшесіндегі 124-үйде тұрған. Кейін бұл көшенің аты «Николаевская», «Съездовая» болып өзгерген. Қажымұқан 1919 жылы отбасымен аудан орталығы Черлак селосына көшіп барып, 1937 жылға дейін тұрған.
Ырысты. 1923 жылы Қажымұқан Ырысты есімді қызға үйленеді. Үйленер алдында Бәтимадан рұқсат сұрайды. «Бір күні, - деп еске алады Бәтима апамыз, - балуан қасыма еліп, бір нәрсе айтпақ болып, қысылып, қатты ұялып, жөндеп сөйлей алмай, бір ойыншық сатып алып берші деген баладай күй кешіп тұрды». Ол кісінің осыны айтқанда мейірлене, ұзақ уақыт күлімсіреп отырған келбеті әлі күнге көз алдымда.
Сол кезде ол кісінің қазақтың салт-дәстүрін қастерлей білетін байсалды да, ақжарқын, кең пейіл жан екеніне көзім жеткен еді. Ол кісінің алғашқы сүйіп қосылған қосағының ұрпағы көбірек болса екен, олардың ішінен өзіне тартар бір перзент туар мүмкін деген ниеті болғанына қатты сүйсіндім. Бұл өзі үлкен жүрек иесі, Қажымұқанды жан-тәнімен сүйген, сыйлаған, аса құрметтеген, ардақтаған асыл жанның аузынан шыққан парасат лебіз еді.
Қойшы, сонымен балуан атамыз Бәтимаға келіп үйленуге рұқсат сұрайды. Қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына ден қойып қатты сыйлап өскен Бәтима анамыз өзі жастайынан сүйіп қосылған балуанның болашағын ойлап, мүмкін, балуанның өзіне тартқан ұлдар келер дүниеге деген ойға келіп, сүйіктісін қанша қимаса да, ойлана келіп рұқсатын береді. Сөйтіп балуан Ырыстыға үйленіп, одан үш қыз көреді: Олар: Әзия, София, Рәшида.
Мінәйім. Қажымұқан 20 жылдардың ортасында оңтүстік өңірге, дәлірек айтсақ, Шәуілдір ауданына қарасты «Ақтөбе» колхозына ат басын бұрады. Мұнда әдейі арнап келуінің өзіндік себебі де бар. Әкесі Мұңайтпастың інісі ескермес осында тұрады екен деген хабарды естіп, іздеп келген. Туысқанын көріп, хал-жағдайын білу көптен бері ойында жүреді екен. Мен бұл әңгімені 2004 жылы 21 мамыр күні Ескермес пен Мінәйімнің ұлы Есбол ағаның үйінде отырып жазып алған болатынмын.
Есбол аға 1924 жылғы. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, 2-Белорус майданында шайқасқан. Бірнеше медальмен марапатталған. Есбол ағаның алты ұлы бар: Түймехан, Асылхан, Батырхан, Мұратхан, Уәлихан, Қуанышбек. Олардан көптеген немере сүйіп отыр. Қажымұқан тұрған сол елді мекен қазір Қажымұқан ауылы деп аталады.

Мінәйім апамыз 1904 жылы туған. Руы – қыпшақ, әкесі – Жұмағұл, анасы – Нақбике. Ескермес 1936 жылы дүние салады. Ал Қажымұқан 1937 жылы Оңтүстік өңірге біржолата қоныс аударған соң, 1938 жылы бауырының үш баласын жетім етпеу үшін әмеңгерлік жолмен Мінәйімге үйленеді. 1939 жылы Айдархан дүниеге келеді. Мінәйім апамыз 1972 жылы қайтыс болды. Ол кісінің қолынан талай дәм татқанмын.
Бибіжан. Бәйдібек ауданының Ортақшыл ауылының қызы. Қажымұқанға 1946 жылы тұрмысқа шыққан. Ол кісіден 1948 жылы Қажымұқанның соңғы тұяғы, яғни кенжесі Жанәбіл туған. Міне, балуан атамыздың зайыптары жайлы мағлұматтар осындай.
Ұлдары мен қыздары.
Халиолла. Мен Халиолламен 1959 жылдың мамыр айында кездестім. Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауданындағы Жамбыл атындағы қой совхозында тұрады екен. Әдейі іздеп барып, ұзақ әңгімелестім. Ағаш ұстасы болып істейді екен. Әйелі орыс қызы екен.
Халекең сөз арасында реніші мен өкпесін де айтып өтті.
- Менің әкем қазақтың атын шығарған, даңқы жер жарған кісі еді, - деді ол, - бірақ кеңес өкіметі еңбегін бағаламады. Ал менің жағдайымды өзің көріп отырсың, - дегені жаныма қатты батты. Иә, Кеңестік қанқұйлы кезеңде қаншама тарихымыздың бұрмаланып, халқының қамын ойлаған қаншама боздақтарымыздың шейіт болып кеткені, халқымыздың жартысына жуығын аштыққа ұшыратып қырып салғаны баршаға белгілі ғой. Мен ол кісіге еш нәрсе дей алмадым, тек суыртпақтап сыр тартумен болдым. Өз аузынан бала-шағаларының аты-жөні мен туған жылдарын жазып алдым. Зайыбы Шәпеннен алты перзент сүйіпті. Тұңғышы Шәбден – 1926 жылы, Фарида – 1928 жылы, Жанат – 1930 жылы, Әліке – 1932 жылы, Роза (Рәзия) – 1933 жылы, Құлымбет (Рафик) – 1935 жылы дүниеге келіпті. Бұлардың бәрі Қажекеңнің туған немерелері. Халиолла атамыз 1991 жылы қайтыс болды.
Абдолла. 1920-1930 жылдары азамат соғысы мен ашаршылық кезеңінен кейін «Балалар үйі» («Детдом») дегендер құрылғаны белгілі. Міне, осы кезде Қажымұқан мен Бәтима сол «балалар үйінің» бірінен бір баланы алып, тәрбиелеп өсіріп, оған Абдолла деген ат қояды. Абдолла жайындағы әңгіменің орны ерекше. Мен оны Бәтима апамыздың өз аузынан естігенмін.
Қажымұқан 1919 жылы Абдолланы Сібірдің жоғарғы милиция курсына оқуға түсіреді. Абдолла жасынан өте зерек, сезімтал, ширақ бала болып өседі. Ол жоғарғы милиция курсын бітірген соң алғашында сотта іс жүргізуші, кейіннен Омбы қаласы милициясының бастығы болып қызмет атқарып, коммунистер партиясының қатарына өтеді. «Бұл 1924-25 жылдар еді» дейді Бәтима апа.
Қажекең Ырыстыға үйленіп, бөлек шыққанда Бәтима немересі Рәзия екеуі осы Абдолланың қолында қалады. 1937 жылы Ырысты ауырып қайтыс болады. Бұл кезде Қажекең қудаланып, басына бұлт үйіріле бастаған еді. Сондықтан ұлы балуан Оңтүстікке қоныс аударуға мәжбүр болады. Абдолла әкесін алдына бір үйір жылқы салып, жанына 5-6 жігіт қосып беріп, Қызылжарға шығарып салады.

Абдолла Омбы қаласында прокурор болып қызмет атқарып жүрген кезінде партияның жолдамасымен Белоруссияның батысындағы Десна қаласында прокурордың орынбасары қызметіне жіберіледі. Сонда міндетін атқарып жүріп, 1946 жылы қарақшылардың қолынан қаза табады. Бұл оқиға жайында ресми құжат бар. Оған Қазақстан спорт қоғамдары одағының 1960-1970 жылдардағы төрағасы Кәркен Ахметовтың атына Десна қалалық атқару комитетінің төрағасы Ивановтың жіберген жауап хаты дәлел бола алады. Бұл хатта Қажымұқанов Абдолланың Десна қаласындағы бауырластар зиратына жерленгені айтылған. Бұл хат 1960 жылы 12 желтоқсанда жазылған №164 хатқа жауап ретінде 1961 жылы 20 наурызда №48 хат болып келген. Сөйтіп бауырымыз Абдолла сонау алыстағы бауырлас ел Белоруссия жерінде жатыр.
Әзия. Ырыстыдан өмірге 3 қыз келеді. Олар – Әзия, София, Рәшида. Мен Әзиямен 1964 жылы желтоқсан айында Темірланда қазақша күрестен Қажымұқан атындағы халықаралық тұңғыш жарыс ұйымдастырып, өткізген кезде кездестім. Өзім бас төреші едім. Жасы 25-30 шамасындағы бір келіншек алдыма келіп: «аға, мен Қажымұқанның қызымын, атым – Әзия, мені күрес кілеміне шығарыңыз, қандай балуан болса да күреске дайынмын» деп өтініш білдірді. Ол кезде ереже бойынша қыз-келіншектер жарысқа қатыстырылмайтын.
Сөйтіп мен 1964 жылы Темірланда Әзиямен жүздестім. Әзия қазір Қызылорда облысының Шиелі елді мекенінде тұрады. Екі ұлы, бір қызы бар. Ұлдарының есімдері – Бақытбек, Тұрлыбек, қызының есімі – Құралай.
Айдархан. 1939 жылы дүниеге келген. Ол сұңғақ бойлы, ақ жарқын, қонақжай, адамның іші-баурына кіріп кететін елгезек жан еді. Ол 5 рет некелі болған. Бәйбішесі Төтеннен Нұрлан атты ұлы бар. Екінші әйелі Айсұлудан – Ләззат, Перизат есімді қыздар, Мінәйімнен – Сәуле, Мәдештен – Арман, Жақсыгүлден – Бақыт есімді қыз бен Шаттық есімді ұл көрген.
Перизат Темірландағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы облыстық мұражайдың экспонат қорғаушысы болып қызмет атқарады. Ал Шаттық – каратэ-до күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері.
Айдархан бауырымыз 1992 жылы қайтыс болды.
Жанәбіл. Мен онымен 6-сыныпта оқып жүргенінде кездестім. Ол кезде мен Қазақтың дене тәрбиесі институтында сабақ беретінмін. Сонда ол маған: «Аға, мен мектепті бітірген соң Алматыдағы Мемлекеттік дене тәрбиесі институтына қабылдайсыз ба?» дегені бар. Ол институтты бітірген соң шымкенттегі спорт мектебінің директоры болып қызмет етті.
Жанәбіл балуан бабамыздың ұлдарының ішінде өзіне көбірек ұқсаған перзенті еді. Бойы ұзын, қара торы, үлкен қой көзді, нұрлы жүзді, ерні қалың, мінезі салмақты, мейірімді жан еді. 1948 жылы туған. Анасы – Бибіжан.
Жанәбілдің екі ұлы – Бақытжан мен Еркебұлан, екі қызы – Жанар мен Айжан бар. Бақытжан – белгілі әнші, сазгер, халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің жүлдегері.
Қажымұқан атамыздың кенжесі, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Жанәбіл бауырымыз 2001 жылы дүниеден өтті.
Ұлы балуанның әулеті, үрім-бұтағы жайлы деректер осындай.

Бірақ балуан көп жылдар бойы әйелін көрмей, жер кезіп кәделі күрес жолында кетеді. Бәтимадан 190 жылы Халиолла атты ұл туған. Ол Омбының Дробышев ауданы, Киров ауыл советіне қарасты «Жаңа жол» колхозында тұрған. Халиолладан Шабдар дейтін ұл қалған. Оның Жанайдар, Әлке атты ұлдары осы колхозда қызмет істеген.
Арада жылдар өтеді. Бәтимадан соң Қажекең Ырыстыға үйленеді. Бұл әйелінен үш қыз көреді. Қыздарының аты – София, Рәшида, Әзия. Бұл үшеуі Омбыда, Халиолланың қолында өскен. Қажекеңнің айтуынша София 1924, Әзия 1930, Рәшида 1933 жылы туған. Олар Қажымұқанов емес, Мұқанов болып жазылады екен. Ортаншы қызы Әзиядан Қажекең өмірінің соңғы кездеріне дейін хат-хабар алып тұрған.
1938 жылы Ырысты қайтыс болған соң Қажымұқан осы күнгі Шәуілдір ауданының Шілік деген жеріндегі Мінәйімге қосылады. Мінәйімнен 1940 жылы 15 қаңтар күні Айдархан атты ұл туады.
Өмірінің соңғы жылдары үйленген Бибіжанмен Темірланда тұрған. Одан бір бала қалған. Мен 1946 жылы Қажекеңнің ауылында болғанымда, Айдархан алты жасар да, Бибіжанның аяғы ауыр еді. Оның ұл не қыз тапқаны кейін мәлім болды.»
Зерттеушінің жазғанындай, Бибіжан анадан Жанәбіл атты ұл туып, одан Бақытжан, Еркебұлан атты ұлдар, Жанар, Айжан атты қыздар өрбіген екен.
Аталған кітапта әйгілі күйші Файзолла Үрмізұлының «Халқының қадірменді ұлы, Өлімге бәс тіккен сайыс» атты естелігі берілген. Хан Абылайдан, Қасым сұлтан, Кенесары ханнан тамыр тартқан текті тұқымынан шыққан, әрі түстік өлкедегі ғажап күйшілік мектептің өкілі болған Файзолла ақсақалдың естелігінен Қажымұқан тұлғасының тағы бір қырын, ұлтының ұлы тұлғаларына деген ұрпақтық парызды сезінуі мен құрметін, шығармашылыққа жаны құмарлығын анық аңғарамыз. Балуанмен болған әңгіме былайша өрбиді: «...Ескінің көзі, қазақшылығы мол кісі емес пе. Әкесінің немере ағасы Жәнібек батырдың Кенесары, Наурызбайлармен бірге қырғыз жерінде опат болғанын айтты. 1924 жылы қырғыз ауылдарына ойын қойып, көршілес қазақ ауылдарына қайтар жолда биік төбенің басына кісі бойы тырбиып өскен ағашты көреді. Қасындағы қырғыздың арбакеш шалынан сұрағанда: «Қазақтың батыр ханы Кенесарының бейітінің басына шыққан ағаш» депті.
- Төбе құйқам шымырлап, денемді өрт шалғандай тітіркеніп кеттім. Арбакеш қырғыз шалын қайтарып жібердім де, бейіт басына бардым. Қорымдары жер болып кеткен. Көмілген орындары көмескі бозараң болып бөлініп жатыр екен. Үшеуінің басына құран оқып, сол күні құрбандық шалдым... Содан өзіміздің қазақ ауылдарына екі апта ойын қойып, 80 қой жинадым. Сол елдің сыйлы ақсақалы Тәңірбердіге 80 қой санап беріп, Кенесарының басына қорған соқ деп тапсырдым. Кейін қорған соқты деп естідім, - дей келіп, әңгіме соңын кешегі Ұлы Отан соғысында өз күшімен қаржы жинап, өз атынан самолет шығарғанын мақтанышпен сөз етті.
Дәм соңында маған домбыра тартқызды. Қажекеңнің қарттығын ескеріп, ескі күйлерден шерттім. Зейін қоя, ықыласымен тыңдады. Қажекең.
- Осы күнгі жастар барабан соққандай, домбыра шанағын тоқпақтай беріп, құлақ етіңді жейді. Шертпе күй біз сияқты қарт кісілердің көңілін көтеріп, мұңлы үні сай-сүйегіңді шымырлатады ғой. Балам, ескі күйді жақсы орындауыңа қарағанда үлгі көрген баласың-ау, - деген риза болып.
Отырғандар әкемнің күйші, қобызшы, нағашымның атақты домбырашы болғанын сипаттап жеткізді. Бір сәт Қажекең «Ақ қайың» әнін тартқызып, әуезді үнге салып, уілдеп, өзі де қосылды. Даусы жуан болғанымен, ән мәнерін сазына келтіріп айтты. Жетпіс жетіге келсе де біздерді жассынбай, ақ көңіл, ақ пейілмен айтып берген өлеңі көңілімізді көтеріп, күн шуақтандырып тастады.»
Құдіретті қара күштің қаһарманы,
Балуанның бәрін жыққан жаһандағы.
Тізесін белдескеннен бүккен емес,
Чемпион жер жүзіне аталғалы, -
деп заманында Нартай Бекежанов жырлағанындай, қазақтың атын әлемге танытқан даңқты ұлы, өз тұсында боз кілем үстіндегі менмін деген қара күш иелерінің жауырынын жер иіскеткен теңдессіз балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының сан қырлы тұлғасы тарих көші алға жылжыған сайын биіктей бермек.
Фотосуреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды.
