Әдебиет – бұл үздіксіз ізденіс пен жаңарудың мекені. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің филология факультетінде МҚТӘ-11 магистранттар тобының қатысуымен өткен «Әдебиеттанудың өзекті мәселелері» пәні бойынша ашық семинар сабағы заманауи ғылыми парадигмалар мен ұлттық сөз өнерінің тоғысқан бірегей рефлексиялық зерттеу жұмысы ретінде ұйымдастырылды. Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) Сұлтанғалиева Рита Бекжанқызының жетекшілігімен өткен бұл ғылыми-тәжірибелік жиын «Қазіргі қазақ поэзиясындағы жаңашыл ізденістер және авторлық «мен» тақырыбын кешенді түрде зерделеуге бағытталды. Магистранттар Бакаушина Виктория мен Жанұзақ Нұрали ашты. Олар қазақ поэзиясының тарихи-әдеби динамикасын ғылыми негізде сараптап, Ахмет Байтұрсынұлы мен Зәки Ахметов бастаған іргелі зерттеушілердің пайымдарын бүгінгі заманауи әдебиеттану контекстімен сабақтастырды. Дәстүрлі поэтикалық формалардың трансформациясын зерделей отырып, өткен мен бүгіннің арасындағы рухани сабақтастықтың ғылыми-теориялық негіздерін айқындады.
Ашық семинардың теориялық-әдістемелік деңгейін тереңдеткен Салиқатова Шалқыма мен Серік Жантөре шетелдік әдебиеттану мектептерінің озық концепцияларын қазақ поэзиясының табиғатымен ұштастырып, Скотт Хесстің «Authoring the Self» (Өздікті авторлау) теориясы мен Бумсу Джонның «Мөлдір Мен» және «Медиа-Мен» тұжырымдамаларын баяндады. Олар Вордсворттың форманы рухани мазмұнға мөлдіретіп бағындыру әдісі мен Кольридж бен Китстің өз шығармашылық лабораториясын ашып көрсету арқылы жаңа авторлық бейне жасау тәсілдерін баяндамаларына арқау етті. Поэзияның сыртқы архитектоникасы мен ішкі версификациялық жүйесіндегі стильдік жаңашылдықтарды қарастыра отырып, лирикалық субъектінің ұжымдық санадан жеке тұлғалық субъективизацияға көшу процесін ғылыми терминологиямен негіздеді. Бұл тұрғыда М. Мақатаев пен Ж. Нәжімеденовтің ұжымдық «Бізден» жеке «Менге» көшуінен бастап, Т. Медетбек пен Т. Әбдікәкімұлының метафизикалық ізденістеріне, сондай-ақ Мирас Асан мен Мақпал Жұмабайдың постмодернистік трансформацияларына дейінгі кезеңдерге терең ғылыми талдау жасалды. Поэзияның сыртқы формасындағы графикалық өзгешеліктер мен ішкі мазмұндағы метафоралық деформациялар авторлық «Меннің» психологиялық-эстетикалық стратегиясы ретінде сипатталып, қазіргі ақынның өз болмысын мәтін ішінде саналы түрде құрастырушы субъект екені дәлелденді.
Құмарова Жадыра мен Бақтыбай Зарина қазіргі қазақ поэзиясындағы мазмұндық және пішіндік ізденістерді, атап айтқанда, қоғамдағы өзекті оқиғалардың (COVID-19, Қаңтар оқиғасы, Түркиядағы жер сілкінісі) көркемдік бейнеленуін саралады. Олар поэзиядағы жалғыздық сарынын, ақ өлең мен ерікті ұйқастың қолданылу аясын, параллелизм мен интертекстуалдылық сияқты постмодернистік белгілерді ғылыми айналымға қосты. Магистранттар алты түрлі жұп бойынша аға және жас буын өкілдерінің шығармашылық параллельдерін жан-жақты талдады. Жанат Әскербекқызының интеллектуалды лирикасы мен Сәрсенхан Батырханның жаңа толқын ізденістері, Темірхан Медетбектің модернистік сарыны мен Танакөз Толқынқызының психологиялық иірімдері салыстырылды. Ұлықбек Есдәулеттің «Қалы кілем» туындысындағы тағдыр тәлкегіне түскен ішкі «Мен» мен Шерхан Талаптың ақындық миссияны арқалаған рухани тұлғасының концептуалды айырмашылықтары айқындалды. Сондай-ақ Ақұштап Бақтыгереева мен Ербол Алшынбайдың ұлттық болмысты танудағы стилистикалық ерекшеліктері, Маралтай Райымбекұлының символистік танымы мен Ербол Алшынбайдың экзистенциалдық бағыты, Серік Ақсұңқарұлының классикалық үні мен Ринат Зайытовтың трибундық поэзиясындағы азаматтық «Меннің» эволюциясы ғылыми дәйектелді.
Өткізілген ашық семинар қазіргі қазақ поэзиясындағы авторлық «Меннің» жай ғана көркемдік бейне емес, ол – эстетикалық стратегия, психологиялық қорғаныс механизмі және уақыт пен қоғам арасындағы рухани медиатор екенін көрсетті. Магистранттар стильдік жаңашылдықтарды, атап айтқанда, верлибра мен ақ өлеңнің ішкі мазмұнды ашудағы рөлін қарастыра отырып, заманауи өлеңнің ішкі және сыртқы формаларының тұтастығы автордың «өзіндік санасы» (self-consciousness) арқылы жаңа сапаға көтерілетінін айқындады. Шетелдік және отандық әдебиеттану теорияларының интеграциясы негізінде жасалған бұл кешенді талдаулар қазіргі қазақ сөз өнерінің әлемдік әдеби процестермен үндестігін ғылыми тұрғыдан дәйектеді. Рита Бекжанқызының әдістемелік жетекшілігі арқасында өткен бұл ашық семинар магистранттардың ғылыми-зерттеушілік әлеуетін арттыруға зор үлес қосты.
Шалқыма Салихатова,
М. Өтемісов атындағы БҚУ магистранты
