Әдет-ғұрып, салт-санасы өзгерген ұлттың ішкі қасиеттері өзгереді. Ұлттың рухын сақтауда игілікті істердің ұйытқысы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Астана-ЭКСПО-2017»Халықаралық көрмесі қарсаңында қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасымен танылған талантты тұлға, дарынды суретші, этнодизайнер, қолөнерші, өнертанушы Кендебай Қарабдаловтың көрмесі өтті.
Іс-шараны көруге келген «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін арттыру орталығының қызметкерлері, М.О.Әуезов ОҚМУ-нің және Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжінің студенттері белгілі сазсырнайшы, қобызшы-фарабист, қолөнерші, жеті метр жер астынан этномұражай ашқан Кендебай Қарабдаловтың шеберлік сағатын көріп, өнеріне тәнті болды.
«Сегіз қырлы , бір сырлы» атты кеште Кендебай Қарабдаловтың қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды.. Суретші кеште ең алғаш 6-шы сыныпта салған суретін көрсетті. Суретте 9 ошақты, 9 үйдің түтінін салыппын. Кейін келе түсіндім,маған жаратушым 9 өнердің иесі болуды нәсіп еткен екен-деп ағынан жарылды.
«Қылует» этномұражайының негізін қалаған өнертанушы, этнодизайнер Кендебай Қарабдалов мұражайды 7 ай бойы жалғыз өзі салып шыққан екен. Ол кісі 19 аспапта еркін ойнайды. Олардың бірқатарын өз қолымен жасаған.
Суретші саз балшықтан жасалынған төрт түліктің мүсінін балалық шақтан ертіп келгендей. «Мен балалығымды өткеніме тастап кетпедім,балалық арманымды болашаққа жетелеп кеттім» деген сөздеріне куә сынды мөлдірейді. Мүсіндерді алғаш әкем жасап көрсетті,одан кейін өзіме жасауды үйретті. Әкем менің өнерімнің дамуына ықпалы ерекше болғанын есейгенде түсіндім. Әке мен бала, ата мен немере ұрпақ жалғастығы, рухани құндылықтарының дамуы отбасы тәлімінен бастау алатынын ұғындыра түскендей.
Суретші қолына түрлі аспаптарды алып, оның тарихын түсіндіре отырып, әдемі саз орындады. Мысалы, көне баянды қасиетті жәдігердей құрметтей қолына алды да. Баянды бала кезімде әкем сатып әперді. Қолымнан тастаған емеспін. Қазір 52 жылдық тарихы бар..Баянмен бала кезімде Нартайдың жырын, Шәмшінің әнін орындадым.
Сазсырнайды ,шаңқобыздың мұңлы әуені жүректерді тербеді. Сазсырнайды өзім жасадым, Отырардың уілдегі деп атадым. Сазсырнайды Б.Сарыбаев зерттеді, дамытты. Кезінде Н. Тілендиев «Отырар сазы» оркестіріне қосты.
Қолөнерші Кендебай қолына даңғыраны алды. Даңғыра бетіндегі оюды өмір-өзен бейнесі деп атады. Даңғыраны қағып, адам бойындағы жамандықты тазартып отырған. Мысалы, албасты басқан сияқты дерттерді даңғыраның әуенімен қуып, тазалаған.
Қолына қобызды алды, нарқобыз деп атайтын аспапты 1990 жылы жасадым. Қорқыттың мұңлы күйі кернеді. Күрсінгендей ме нар қобыз.
Тибеттің тостағы деген кішкене тостағанды тибеттің монахтары сыйға тартқан екен. Тибеттің монахтарымен сөйлестім, оларды қанағат ұғымы кең қолданылады.Қанағат ұғымын да ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек.
Өнерден сыр шерткен Кендебай енді бір мезетте құмыра жасап, шеберлік сағатын өткізді. Июі қанған топырақты көз алдымызда шыр айналдырып, құмыра жасап шықты. Кешке келген жоғары оқу орындарының студенттері қолөнерге де, әуенге де қызығушылық танытты.
Аз ғана уақытта көрермен балалар мұрасына қанықты. Бабалар мұрасын бойына сіңіріп, бабалар дәстүрін жаңғыртып, жүрегі ұлтым деп соққан Кендебай Қарабдаловтың ғаламат өнері жан-дүниемізді желпіп өтті. Қызықты сұхбат та, әдемі әуез де ғажайып қолөнері шеберлігі де тоқайласқан кештен көрермен рухани байып қайтты.
Ойландық. Ішкі туризмді дамытуда, оқушылар мен студенттерді де ,қалаға келген қонақтарды да Кендебай Қарабдаловтың этномузей-қылуетке яғни туристік орталыққа апаруды қолға алса қандай керемет болар еді.Ата дәстүрін, баба өнерін қастерелеген ұрпақ ,көкірегі рухани құндылықтарға толып өскен жастар адаспасы кәдік.
Сағыныш Тұрарқызы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.