Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Қос қанатты» ақын...

«Қос қанатты» ақын

02.04.2026

131

«Қос қанатты» ақын - adebiportal.kz

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевтың туған күніне арналған «Шөмішбай Сариев – қос қанатты ақын» атты әдеби-сазды кеш өтті. 

Бұл жиында ақын, филология ғылымдарының кандидаты, бірінші дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, Франц Кафка атындағы Халықаралық Алтын Медаль сыйлығының,  «Жыл Адамы – Алтын Адам» сыйлығының, «Платина Тарлан» сыйлығының лауреаттары, екі дүркін «Елім менің» атты Президент бәйгесініңГран при иегері, «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты 

Шөмішбай Сариев  туралы естеліктер айтылды. 

«Шөмішбай – қос қанатты ақын. Біріншісі, лирикалық жырлары болса, екіншісі ­– ән-өлеңдері. Поэзияның екі саласы ақынның қос қанатына айналған», – дегенді кезінде ақын Ғафу Қайырбеков айтқан екен. Шынымен де ақынның лирикалық жырлары мен ән өлеңдері көптеген қазақ композиторларының шығармашылығына арқау болғанын білеміз. Шөмішбай Сариевтың отызға тарта өлең кітабы жарық көрген болса, «Айналдым сенен, Атамекен-ай; «Сәлем саған туған ел»; «Домбыра»; «Ойлан балам»; «Сарыарқа»; «Дос керек»; «Анаға хат»; «Боз жорға»; «Қарағым-ай» әндері ел арасында кең танылған.

Іс-шараны филология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижанұлы жүргізіп, сөзін ақын есімінің Шөмішбай қойылуына қатысты тарихтан бастап, одан әрі ақын болмысын анық айшықтар қызықты мысалдарды да жеткізді. Жақсы баяндамадан үзінді келтірсек: 

«Жүрекпен жырлау, ұлттың мұң-сырын ұғыну, әлемге ғашық көзбен қарау, әр ақынның маңдайына біте бермейтін бақыт. Шөмішбайдың өз жүрегі қандай болса, өлеңдері де сондай таза, мөлдір, тұнық. Шөкеннің құшағы ашық, өмірге ғашық, жақсылыққа асық. Көңіл көзімен көреді, шын досқа сенеді. Жұрттың бәріне бауырым деп қарайды. Құшаққа алғысы келеді, кеудесіне басқысы келеді, ақындық аңғал көңілімен бәрін сүйгісі келеді. 

Сондай құшаққа алу мінезімен,  партиялық сөгіс алған еді. Сол замандағы Үкімет басшысының орынбасары Шәңгерей Жәнібековпен құшақтасып, сәлемдесемін деп жұмыстан шығып қалған да осы Шөмішбай Сариев.

Содан айға жетпей Шөкең қайтадан қызметке алынды. Жазушылар одағының атақты «Қаламгер» атты кафе-бары бар. Сатушыға қарызға жаздырып алып, қалағаныңды ішесің. Сондай күндердің бірінде Шерағаң – Шерхан Мұртаза бардан кофе ішпек болып, төмен түсіп келе жатады. Алдынан Жарасқан шығады.

– Не қызық бар? – демей ме Шерағаң.

– Қызықтың бәрі осында, – дейді Жарасқан. – Шөмішбай жұмысқа оралғанын жуып, бәрін сүйіп жатыр.

– Ойпыр-ай, – дейді Шерағаң, – Шөмішбайдың аузы күймейді екен.

Содан кофесін ішіп, көтеріліп келе жатқанда алдынан енді төмен түсіп келе жатқан Жарасқан қайта кездеседі.

– Не қызық? – дейді Жарасқан Шерағаңа жымия қарап.

– Шөмішбай вице-премьерден төмендегілермен амандасатын болыпты, – деп Шерағаң мырс етті.

Міне, Шөмішбай осылай аңыз адамдардың қатарына қалай қосылып кеткенін өзі де аңғармай қалып еді» деді Уәлихан ағамыз. Академиктің баяндамасынан ақынға деген құрмет, ілтипат сезіліп тұрды. 

Одан әрі ҚР Ұлтттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Қарсақбайқызы сөз алып, 2021 жылы қарашада Шөмішбай Сариев залы ашылып, оған ақынның жары ақынның жеке кітаптары мен шығармалары жинақталған қорын, наградалары мен дипломдарын сыйға бергенін айтты. Осы ықыласы үшін ақынның жарына алғысын білдірді.  

«Бүгнгі таңда кітапхана қоры Шөмішбай ағамыздың бірегей жеке коллекциясымен толықтырылды, онда шамамен мыңға жуық кітап пен түрлі құжаттар бар, олардың ішінде ақынның әр жылдары шыққан кітаптары сонымен қатар әдебиеттану, тарих, философия туралы еңбектер, энциклопедиялар мен сөздіктер кіреді» деді ол. 

 Ақынынң жары Жұмагүл Сариева Алматыдан интернет желісі арқылы қосылып, ұйымдастырушыларға, жалпы қатысушы жұртшылыққа алғысын білдірді. Азаматы туралы ақтарыла сөйлеп, естеліктерге де кезек беріп, ақынның 80 жылдығын жақсы атап өткен қызылордалықтарғада  жүрекжаржы лебізін арнауды ұмытпады. Айтпақшы, осы жиынға ақынның келіні Дана, немерелері Қаракөз, Алдияр арнайы қатысты. Сонымен бірге академиктер, профессорлар,  т.б. азаматтар ақын жайлы естеліктерін айтты. 

Жазушы, филология  ғылымдарының докторы,  абайтанушы, әуезовтанушы,  алаштанушы Тұрсын Жұртбай әңгімесін: «Мен Шөмішбаймен елу бес жылдай қатарласа өмір сүріппін», - деп бастап, сонау студент кездеріндегі өзі таныған Шөмішбайдан бастап, әдебиетке алғаш келген кездері, шығармашылықтағы жас толқын шақтары, одан беріде әдебиеттегі жолдарын тауып толысқан кездерінен едәуір сыр шертті. Ақсақалдың әңгімесі ұлттың бастан кешкен кезеңдерін де, қазақ әдебеитінің даму жолдарын да, ұлттың рухын көтеру қадамдарына қатысты жайтарды да қамтып өтті. 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Сауытбек Әбдрахманов өзінің досын осылай асқақтатып, әділетті баға беріп, қысқа да нұсқа сөзбен жақсы сипаттаған Уәлихан Қалижанға және ақын туралы толғап, тебірене сөйлеген Шөмішбай ақынның жарына, сол арқылы қазақ әдебиетіне үлкен еңбек қылған қазақ қаламгерлерін тірліктегі басқа дүниеге алаңдатпай,  шығармашылық қуатын анық танытуына қолдарынан келгенше жағдай жасаған барлық ақын-жазушылардың жұбайларына алғысын білдірді. Одан әрі ақынның әнге сөз жазудағы шеберлігі жайында, ел аузына таралып кеткен әндерге тоқталды. 

Ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы: «Біз мектепте жүргенде Шөмішбай ағаның  әнге жазған сөздерін тыңдадық, анау алыс Бесқалада ең үлкен жиындарда, мектепте болатын кез келген жиында біздің кешіміз сол «Атамекен» әнімен аяқталатын», - деп бастап, әскерде жүрген кездерінде өздері алғаш тыңдаған «Ойлан, балам» әні өздеріне қалай әсер еткенін баяндай кетті. 

- Домбыраның дауысымен «Ойлан, балам» деген ән естілгенде ұйқы қысып жатқан бәріміз басымызды көтеріп алғанбыз ғой, ауылды, елді сағынып жүрген біздің бәрімізге сол ән ыстық болды. Сол ән маған әлі күнге дейін қатты әсер етеді. Кейін тағдыр жазуымен біз Шөмішбай аға екеуміз Әдебиет үйінде бірге жұмыс істедік, ағаның жақсы әңгімелерін тыңдайтынмын. Әлі күнге дейін есімде, Абайдың ескерткіші алдында тұрмыз. Сол кезде айтты: «Менің «Ақын монологы дейтін өлеңім бар, Мағжанға арналған ғой, сол өлеңнің соңғы екі жолы:

«Мен өлмеймін, өмірде мен тірімін, 

жер бетінде бір қазақ қалғанынша» 

деп аяқталады. Сол өлең кейін менің бейітімнің басында жазулы тұрады», - деген еді. Ағамызды тек ән мәтінін жазушы деген жаңсақ пікір бар, олай емес, «жеті кітап шығарғаннан кейін ән мәтіндеріне кірісті», -  деп жаңа жеңгеміз өте жақсы айтты, бұған да саналы түрде кірісті ғой деп ойлаймын. Себебі дәл сол кезде ұлттың өкпесі әбден қысылған кез болатын, сол кезде қазақтың әндері халықтың рухын оятты, мысалы, мынау «Атамекен» болсын, жаңағы «Ойлан, балам» болсын, Шөмішбай ағаның басқа да  өлеңіне жазылған әндер қазақтың рухын оятты деп есептеймін. Сол кезде халыққа ән керек болды, сол әндегі сапалы мәтінді, кәдімгідей жүрегіңе тиетін сөздерді, күллі халық болып шырқайтын әндердің сөзін Шөмішбай ағамыз жазды. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan