Қазақ халқының ежелгі мәдениеті тарихында айрықша орны бар ақын, әдебиеттегі сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ойшыл, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауи - түркі халықтарының рухани өмірінде ерекше орны бар тұлға. Сан-салалы білімді тұлға өзінің саналы ғұмырында көне түркі (шағатай), парсы тілдерінде толымды еңбектерін жазып қалдырды.
Ахмет Ясауидің туған жері - қазіргі Қазақстанның аумағы. Ол Шымкент қаласының шығысында жатқан көне Сайрамда дүниеге келген. Оның әкесі шейх Ибраһим – өзінің әулиелік қасиеттерімен танылған, сол кезеңдегі Шымкент- Сайрам атырабына есімі танымал адамдардың бірі болған. Анасы Айша да текті әулеттен шыққан екен. Жастай ата-анасынан айрылған соң, Қожа Ахмет өзінің әпкесі Гауһар Шахназбен бірге, Яссы (қазіргі Түркістан) қаласына келіп, осында Арыстан баб ұстаздан білім алады. Арыстан баб өмірден өткен соң Бұқараға барып, Жүсіп Хамаданиден білім алады. Діни және сопылық ғылымдарын үйренген Қожа Ахмет Яссауи өмірінің соңына дейін Түркістан қаласында мекендеп, осы жерде шәкірттер тәрбиелейді. Алпыс үш жасқа жеткен соң, пайғамбардан асып жасауды күнә санап, қылуетте өмір сүрген делінеді. Қылуетте жетпіс үш, енді бір деректерде 120 жасында дүние салған.
Әйгілі Әмір Темір (1336-1405) екі ғасырдан соң қабірінің басына кесене тұрғыздырып, мешіт соқтырды. Орта Азиядағы сопылық дәстүрдің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» атты еңбегі түркі халықтарының орта ғасырлық рухани ескерткіштерінің бірі.
Біз бұл туындыны Махмұд Қашғаридің «Түркі тілдерінің сөздігімен», Сайф Сараидің «Түрікше Гүлстанымен», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігімен», Ахмет Жүйнекидің «Ақиқат сыйымен» және Сүлеймен Бақырғанидің «Бақырған кітабымен» қатар қоя отырып, бұлардың барлығын ортағасырлық түркі ренессансының жауһарлары деп танимыз.
Қожа Ахмет Ясауи – ең әуелі аса ірі дін қайраткері. Ислам діні Орта Азиядағы қос өзен аңғарына ҮІІ ғасырдан бастап келді және әр дәуірде әр түрлі ағымдар мен бағыттар кезегімен өз ізін қалдырды. Қожа Ахмет Ясауи Орта Азияның, Ұлы Даланың отырықшы, көшпелі жұрты арасында сопылық бағытты насихаттап таратушы аса ірі діни қайраткер болды.
Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» еңбегі – орта ғасырдағы түркі халықтарының мәдениеті, әдебиеті, тарихы, этнографиясы, экономикасынан хабар береді.
961 жылы Қарахан мемлекеті ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялағаны белгілі. «Диуани хикмет» жазылған кезеңде монотеистік ұстанымды негіз еткен Ұлы Дала төсіндегі көшпелі тайпалар арасындағы ислам дінінің әсері қаншалықты деңгейде болғанын тап басып айту қиын. Қалай болғанда да Қожа Ахмет Ясауидің есімі ұлан-байтақ өңірге мәлім болғаны анық. «Диуани хикметтегі» кейбір хикметтердің мазмұнынан, Орта Азиядағы түркілік исламның ХІІ-ХІІІ ғасырларда тоқырауды бастан өткеріп жатқанын аңдаймыз:
Ораза, намаз, иман, ислам қолдан кетті,
«Күннен күн бетер» деген хадис жетті.
Пайғамбар айтқандарды келіп жетті,
Бұл дүниені қараңғылық басты достар.
Дінсіз, ұстаздарға еш қауіп жоқ.
Дүние малын жиып, еш тояры жоқ.
Ұшып, қонып, өлімнен еш хабары жоқ.
Ол жанның діні дүние болды көргін.
Қожа Ахмет Ясауидің алдында осы кезеңде Ұлы Даладағы ежелгі-бүгінгі діни наным-сенімдер арасындағы теңгерімді ескере отырып, баршаға қолайлы бағытты қалыптастыру миссиясы тұрған еді. Сырттан жеткен кез келген діни, идеологиялық наным-сенім жергілікті халықтың тілін, ділін, салт-дәстүрін елеп-ескермеген жағдайда, сөзсіз қарсылық туындап жататыны белгілі. Және де мұндай жағдай әр кезеңде толқын-толқын қайталанып отырса керек. Орта ғасырлық Орта Азияда Шыңғыс хан жорығы алдында түркі тілі мен әдебиеті, мәдениеті шетқақпайланып, араб-парсылық экспансия бел алып тұрды. Қожа Ахмет Ясауи осы қалыптасқан жағдайға қатысты хикметтерінде былай деп жазады:
Қоштамайды ғалымдар, сіздің айтқан түркіңді,
Даналарды тыңласаң, ашар көңіл мүлкіңді.
Аят-хадис мағынасы, түркі болса, сайма-сай,
Мағынасына жеткендер, жерге қояр бөркіңді.
Қазы мүфті, молдалар, шариғатқа жолбасшы,
Нағыз ғашық алып-дүр, тарихаттың әркіні...
... Қожамын деп лепірме, өшбу дүние би паян,
Білемін деп айтпас сен, көңілдегі шәркіні.
Раһнама дүр, Қожа Ахмет, гүлстан дүр мағрифат,
Сөйлер сөзі ақиқат, ашар көңіл құлпыңды.
Міскін зағип Қожа Ахмет, жеті атаңа рахмет,
Парсы тілін білемін, құп көремін түркімді!
Түркі тілінің сол замандағы ғылым мен білім т.б. белсенді қолданыстан ысырылып бара жатуы көзі ашық, көкірегі ояу зиялыларды ойлантпай қоймады.
Осы кезеңде Қожа Ахмет Ясауи түркі халықтарының дәстүрлі салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін, компромистік діни-мистикалық мектептің негізін қалады. өз ішінен толып жатқан тармақтарға бөлінетін сопылық ағымның түркілік дәстүрін қалыптастырды.
Қожа Ахмет Ясауи «Ислам дінін тану, ұстану тек араб тілі мен дәстүрі арқылы ғана жүзеге асуы тиіс» деген қасаң түсінікке қарсы шығып отыр. Ол солайынша «түсінікті тіл» ретінде қабылданып, басымдыққа ие болған араб, парсы тілдерінің көлеңкесінде қалған түркі тілі мен әдебиетіне ден қоюға шақырады.
Қожа Ахмет Ясауи – туған дала топырағындағы өзінен кейінгі дәуірлерде өмір сүрген қалам иелеріне игі ықпал жасады. Ол – түркі әдебиетіндегі хикмет жанрының негізін салушы. Филолог ғалым Айнұр Әбдірәсілқызы бұл жөнінде: «Қожа Ахмет Йасауи шығармашылығы – түркі халықтарының әдебиет тарихындағы бірегей құбылыстардың бірі. Ақын негізін салған хикмет жанры Орта Азиядағы түркі халықтары діни поэзиясының бастауы әрі негізгі жанры болып табылады. Түркі тілді діни поэзияның мазмұнын сопылық поэзия құрайтындықтан, тек йасауийа жолының ғана емес, өз кезегінде нақшбандийа тариқатының түркі тілді өкілдері де хикмет жанрымен жырлауды үрдіс еткен.
Қожа Ахмет Иасауидің ақындық мектебінің даму үдерісінде екі сала құбылыс байқалады. Біріншісі – төл әдебиетіміздің, барша түркі халықтары әдебиетінің өн бойында көрініс тапқан сопылық сарын. Ислам өркениетімен біте қайнасқалы бері туындаған ауызша-жазбаша әдеби мұраларымыздың барлығында дерлік осы тақырып орын алған. Жыраулар поэзиясын, кітаби ақындар шығармашылығын, зар заман өкілдері мен бертіндегі ағартушы ақындар мұраларын сопылық сарын көктей өтіп жатыр», - деп атап көрсетеді.
Еліміз тарихындағы елеулі мәдени белесті Қарахан дәуірінде өмір сүріп, ғасырларға ұласқан өлмес ілім қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауидің өз дәуіріндегі түркілік тіл мен әдебиетті, мәдениетті сақтап жандандырудағы ұмтылысы бүгінгі заманға да үлгі-өнеге болып қала бермек.
