Қуаныш Ауғанбаев – 1987 Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген. Республикалық жыр бәйгесінің бас жүлдегері, «Жарық» фестивалінің дипломаты. Өлеңдері республикалық жас ақындардың антологиясына енген. «Тектұрмас жаққа ұшқан құс», «Құс көзіндегі сағыныш» жинақтарының авторы. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Сөз салу
Мезгіліндей көзіне тұнық түннің,
Қарап едім бәрін де ұмыттырдың.
Сен арқылы сезініп шарапатты,
Үмітімнің шыңына шығып тұрмын.
Өзіңнен жасырған жоқ сыр жұмбағым,
Келдің де көзімдегі мұңды ұрладың.
Жүрегіме сыйладың сұлу сезім,
Жадырап сала берді тұнжыр жаным.
Алысып тағдыр атты қырғименен,
Ойымда өзің жайлы бүрлейді өлең.
Сор тұнған маңдайыма жұлдызбысың,
Тәңір білер, басқа жан білмейді екен.
Базар тірлік,
Бітетін саудаң түбі,
Бола алсам жаныңның жанған жұбы.
Жүрегімді ауыртпа, айналайын,
Онсыз да оның қалмады сау-тамтығы.
Жоғалтпас өн бойынан сенім күшін,
Сүлбі қас, Ай дидарлы керімбісің?
Сен басқан жапырақты аялаймын,
Сен менің жүрек қосар теңімбісің?
Қалғандай күйме тартқан көші барып,
Отырмын бір сезімді кешіп анық.
Жүзігімнің көзіне салып қоям,
Бармақтай суретіңді кесіп алып.
Келер, келер айналып көктем бегім,
Өзім де сынағын аз өткермедім.
Азабы жанымды езіп күннен-күнге,
Шашым содан ағарып кеткен менің.
Фәни менен бақидың арасында,
Мөлдірейтін жанымның сағасында,
Көрінгеннің кетпейтін жетегінде,
Менің ғана сүйіктім боласың ба?!
ЖӘДИДЕ ЖЕТКЕН ЖАРЫҒЫМ
Беретін аға қайда тағылымды,
Үдетіп бойымдағы арынымды?!
Аялап келем танбай үміт көріп,
Жәдиде жеткен жалғыз жарығымды.
Күз қайтып, күтер шақта қыс хабарын,
Құмбылсың табиғатқа, тысқа бәрің.
Алау боп мұз шыңда да жанғым келді,
Қара өлең, болмасам да мұзбалағың.
Сыр айтып сезімменен тұнық қана,
Телмірдім жаны бар деп тұлыпқа да.
"Қыл мойын құрық ілмес"- деп жүргенде,
Жақындап қалыппын-ау қырыққа да.
Ақын ем сезім десе жаны құрақ,
Неліктен жалған екен бәрі бірақ?!
Баяғы алқын-жұлқын дәуренім жоқ,
Ақырын... басар болдым анығырақ.
Қылышты қайрағандай қайқы белді,
Мезі етпейін көп ақыл айтып елді.
Жеткізбей кеткен сағым жастығымды,
"Қос ат жегіп" қуам ба қайтып енді?!
Аламын игі шақты мен де есіме,
Аяқ басқан өлеңнің өлкесіне.
Жыр оқыған кешті көп сағынамын,
Айдың нұрын түсіріп көл бетіне.
Құдайдың шәк келмейтін құдіреті,
Өткеннің қайта оралды сүгіреті.
Жанымның желегіне тұнып қалған,
Өмірдің ұмытылмас нығметі.
Арғымақ ойнақтаған күлік кеуде,
Дәргейін астамсыған біліп пенде.
Дүние дидарына құнығасың,
Таңдайды кәусарына жібіткенде.
Озбырлық озғанына кектенесің,
Ақиқат жолы болып текті егесің.
Дүние қайтып келмес, екі бастан,
Екі жүзді пендені жек көресің.
Өлең деп қу жүрек пен жан тынбады,
Жазуды көрмеген соң тағдырдағы.
Үмітке қолын созған, іліге алмай,
Ләйлек гүл бір бұрышта қалтылдады.
Жырларым жүрегіңе ем бе тегін?!
Мөп-мөлдір сазымменен тербетемін.
Жапырақ жүрегімнің іші жылып,
Жапырақ үзілгенде селт етемін.
Сезімім күй боп солай күмбірлесе,
Ұққайсың кепкендігін ындын неше?
Өлеңім – Жәдидегі жарығым ғой,
Жабыққан шақтарымды білдірмесе.
ЖАЗЫЛМАҒАН ОДА
Қалмасын деп аялап жасып ұлды,
Көкірегіме жүректің жасы тұнды.
Үркер үміт адасып қалып сенен,
Ұшыра алмай, қамықтым Лашынымды.
Жылы нұрың жаныма сезілмеді,
Жатқа балар өзге емес, өзің мені.
Күңгірт сәуле ойнаса келбетімде,
Жүрегімнің сол енді езілгені.
Елес беріп, есіл күн бұлаңдады,
Кімде дейсің бақ мәңгі тұра алмағы?
Өлеңім деп әйтеуір ілбіп келем,
Үзілмесін жырымның қыл арқаны.
Пейіл беріп, «тіс жарма», «үндемеге»,
Жаза алдық па жетер жыр күнде өреге?!
Қалт-құлт етіп келемін өмір және,
Толқын соққан тайсақтап бір кемеде.
Игере алмай, көрікті ой, тегерішін,
Тарылттым ба өлеңнің көп өрісін?
Алыс кеткен көзімнен бейне сынды,
Айбозым сөз аз емес, теперішін.
Күн көрінсе жанымның жиегінен,
Жапырақ Ай, жалғыз-ақ сүйерім ең.
Сезімімнен селкеусіз сезіктенбе,
Тағдырыңның тоңсаң да жиі өтінен.
Жамыраған қайда өзі жақұт кезім?!
Жүрегімнен төгіліп ақық сезім.
Бақыт жайлы оданы жазбағаным,
Сезінбеген шығармын бақытты өзім.
ЖҰЛДЫЗ. СЕЗІМ. ЖАЗЫМЫШ
( БАЛЛАДА)
«Жұлдызым» - деп, «барым» - деп,
Сүйетін еді сол қызды.
Сол күндер қазір сағым боп,
Кеуде де мұңлы, шер жүзді.
Ойлайтын еді күні-түн,
Айтамын сеніп дерекке.
Сұлу қыз мүлде жігітін,
Санамайды әсте керекке.
Ашып айтып бар сырын,
Еліктіретін әркімді.
Құшаққа алып жарқының,
Оқитын жырын тартымды.
Көзінде тұнып ілкі мұң,
Бар азап жанын егейді.
Көргенде жолдан бір-бірін,
– Қал-қалай? Сәлем! демейді.
Таныса дағы, танымас,
Жат қылған жазғыр фәниді.
Сыйлайды оны кәрі-жас,
Алты Алаш жазбай таниды.
«Сағындым деп мен сені»,
Тіл қатты ақын нұр жүзді ой.
Жауапты қыздың бергені:
«Сағынсаң міне, жүрміз ғой».
Өтеді өмір зыр қағып,
Мұңайтып солай өзгені.
Ақынның кетті мұң тамып,
Көзінен соны сезбеді.
Күндері көп қиналған,
Шетсізде, шексіз көлемі.
Күніге теледидардан,
Жігітін ару көреді.
Сезімге болған ар сыңар,
Сондықтан ауыр салмағы.
Бұл күнде оның бар шығар?
Бақытты етер жан-жары.
Шешілер істің күрмеуі,
Таба алсаң тосын амалын.
Жігіттің қыз да білмеді,
Жұлдызы жарық жанарын.
Тамсанатын кейпіне ел,
Жарыпты бүрін ағаш та.
Ақын боламын дейтін ол,
Танымал кейін Алашқа.
Өмір тұл білсең өткелсіз
Жаз тұрмас мәңгі жайдары,
Жігітті тастап кеткен қыз,
Өкініп бармақ шайнады.
Сенбеді оған өз басы,
Айтқаны келді пақырдың.
Ұрыпты қызды көз жасы,
Арқалы сол бір ақынның.
Қоя алар екен қашан ол,
Ақталар ма екен үміті?!
Маскүнем, тіпті нашақор,
Қазіргі сүйген жігіті.
Өлеңге шапшаң көп ебі,
Айтпайды мүлде наласын.
Өзі де жақсы көреді,
Қалқаман Сарин ағасын.
Айтайын тағы ұқпадың,
Өлеңі жұртты үйірді.
Тараздан шықты мықты ақын,
Маралтайдан кейінгі.
Жүрегін нұрға толтырып,
Сезімді құйды бойға нық.
Жұлдызын сүйген сол жігіт,
Жұлдызға кетті айналып.
