Елімізде 25 қазан Республика күні ретінде мерекеленіп келе жатқанына бірер жылдың бедері болды.
1990 жылы осы күні егемендік туралы тұңғыш декларация қабылданып, Қазақстанның азаттыққа қатысты алғашқы қадамы жасалынған еді. Азаттық дегеннен шығады ғой, дәл осы күн үшін қазақ топырағында үш жүзге жуық үлкенді кішілі қантөгістер мен соғыстар орын алды. Тарих мамандары азаттық жолында төгілген қанның мұнан да көп екендігін алға тартады. Асылында, осы бір ұлы күн үшін батырларымыздың басы оққа тігіліп, арыстарымыз абақтыға тоғытылды. «Азаттық» деп жан тәсілім етті.
Ендеше ақ түйенің қарыны жарылған осы күн үшін айтылмаған ән, жырланбаған өлең адыра қалсын. Біз осы мақсатта ақындарымыздың республикамыздың дербестігін жырлаған бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Сырбай Мәуленов
Менің республикам
Тауды көрсең күн көзімен таласқан,
Аспан көрсең Ай мен Күнге жол ашқан,
Менің байтақ республикам таулары —
Менің көгім мөлдіреген сол аспан.
Дала көрсең көкжиекпен ұштасқан,
Көлді көрсең секілді бір түскі аспан.
Менің байтақ республикам даласы,—
Менің көлім теңізбен қол ұстасқан.
Орман көрсең кең даланы ораған,
Жолдар көрсең шартарапқа тараған,
Тұлпар көрсең желдей ұшып заулаған,
Сұңқар көрсең бұлтта қанат самсаған,
Менің байтақ республикам тұлпары,—
Менің құсым көктің жүзін шарлаған.
Қызыл бұлттай көрсең қырдың гүлдерін,
Көрсең ашық Алатаудың күндерін,
Жерінде гүл, көгінде күн бір жүзген
Ұлан-байтақ республикам бұл менің.
Достар келіп тірей қалса ат басын,
Қарт Алатау иіп қардай ақ басын,
Қарсы алады ашық күнмен ашып бір,
Алматының аспанының қақпасын.

Несіпбек Айтұлы
Отан
Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз,
Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?!
Кіндігіміз тар қапаста кесіліп,
Ит көйлекті қанды жаспен жуғанбыз.
Туған жұртқа тірек болу ерге-сын,
Құлдықты енді құдай басқа бермесін.
Атаң өлсе, өзің ата боларсың,
Ешқашанда Отан өле көрмесін!
Әкең өлсе, шешең өлсе жыларсың,
Балаң өлсе, бір жығылып тұрарсың.
Отан өлсе, опырылып түскенің,
Күңіреніп көрге бірге құларсың.
Біздің Отан өліп, қайта тірілген,
Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген.
Опат болған ерлер рухы оянар,
Отан деген лебіз шықса тілімнен.
Отанменен аспандағы Күн егіз,
Екеуінің амандығын тілеңіз.
Жас азамат, бұл Отанның қадірін,
Отансыз боп көрген біздер білеміз!
Керек қылса, жолында оның құрбанбыз,
Бәріне де белді бекем буғанбыз.
Бір кеудеге екі жүрек сыймайды,
Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!

Күләш Ахметова
Қасиетті мекенім
Баяғы ауасы – әтір самалы ескен,
Балауса балғын шақты алам еске.
Құлпырған гүл бәйшешек арасында –
Нұр тұнған қасиетті далада өскем!
Қай шебер табиғатпен таласа алған?
Таза су, тәкаппар тау, тамаша орман.
Осынша ұлан-ғайыр кең даланы
Жаратқан қазағыма бере салған!
Қабылдап ырзалықпен бұйырғанын,
Қарауға қанағатпен бейім қауым.
Адамды құрметтеуді биік қойған,
О, менің текті халқым, мейірбаным!

Есенғали Раушанов
Біздің егемендік хақында екі ауыз сөз
Жоқтық деген немене – барлық делік,
Бақыт деген дүние ме – алдық бөліп.
Дүниедегі ең ұлы көрініс не?
Ол шідерін үзген ат қарғып келіп.
Мен қайрылдым, сендағы бұрылшы, інім,
Қалай не деп ұғамыз мұның сырын.
Аяғыма қараймын – шідерім жоқ,
Неге қақсай береді жіліншігім?

Тоқтарәлі Таңжарық
Шырақ
...Бұзылды қорғансыздық қамалы.
Үзiлдi үмiтсiздiк жiбi.
Шырақ тұтанды!
Құйынды ғасырлардың қойнауында сөнген:
Мөлдiр iңкәрлiкке малынып сенiмнiң ақ уыз гүлi,
Тәуелсiз таң нұры тарады,
Қобыздың қоңырқай даусы ба-уыр-лап көлде;
Мың түрлi сиқырымен құбылып,
өрмекшi тоқыған өрмек,
жусанның жұпар лебiне жуынып...
Жасымыз парлап жанардан
(Дәмi сәл кермек)...
Самайы қудай ағарған
Аңыздар
Абыз Даланың көкiрегiн кернеп –
Иiскеп, құшып...
Бозторғай жүрдi шырылдап, қауырсыны ұшып.
...Қоңыр қаз баяу мамырлап,
Мамырлап,
Ақырын, мүлде;
Сан ғасырлық сағынышымыз ауырлап,
Жеңiлдеп бiрде;
Сауысқан сұрап сүйiншi, ақ сөйлеп, күлген.
Торғын мұң толқып,
бусанып топыраққа сiңген...
Бiртүрлi өксiк,
Бiртүрлi арпалыс,
Бiртүрлi зарығу сезiмi билеп...
Маңдайды сүйгiзiп Мәңгiлiк Күнге,
Жаныңның жапырағы бүрлеп,
Көңiлдiң күлгiн шоқтарын күйлермен үрлеп...
Сонда...
Ұз-за- ақ...
Шақырмас ендi бiздердi байырғы жолдар.
Байырғы соқпақ.
Байырғы тұзақ.
Өртенген орман.
Санадан кетпей сұлбасы... ескiрген қорған
Күйiгi молдау күйлерiн күңiрене толғап
Сағымға айналып барады... ...көлеңке торлап,
Шыңғырды ескi үрейлер шыңырауға батып.
Сығылған Кеңiстiк пенен
Мыжылған Уақыт
Қарайды кейде iргеден етегiн түрiп.
Қуады оның елесiн
баябан дала төсiнен Бөрiлер ұлып.
Маңдайға түскен Ай нұры таңдайда тұнып...
Жаңғырық ойлар бiткенше жартасқа сiңiп, жоғалар күдiк.
Жоғалар күдiк, жоғалар, жоғалар үркiп,
Қолымда менiң – Қыран құс, Қыран құс – Бүркiт.
Қолыңда сенiң – Қыран құс!
Маңайын шолған:
Ашылып жаңа Кеңiстiк.
Сыңсиды орман.
Сыңсиды орман жап-жасыл.
Жап-жасыл таулар.
Буырқанған теңiз.
Ішiнде малтыған Ай бар.
Мұзартты заңғар.
Шақырар бәрi...
Уақыт...
Қанатын қомдап,
Ұшады әлi ол ұзаққа – зау көкке самғап!..
Мұндайда менiң есiме түседi бұрын,
Парағын үнсiз сипалап Тарихтың жұлым,
Кiсiнеп қоя бередi, жүрегiм-құлын:
«Шалқыта көршi, Тәңiрiм, Пешене Нұрын,
Құлан жал тағдыр, құлатпа, Қазақтың Туын!»
... Ойына тоқып алғандай әкенiң жырын,
Бесiкте жатыр былдырлап, перiштем – ұлым!..

Алмат Исәділ
Қазақстаным!
Бір Алла атты теңдессіз ғажап Ұстаның,
Бойына жиған имани тазалық нәрін.
Төріңе қанша төнсе де қара дұшпаның,
Болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп,
Қорғады сені серт беріп сан Арыстарым –
Қазақстаным!
Төндіріп тағы басыңа қара бұлттарын,
Тарихтан білем ұлтымның жан ауыртқанын.
Ұрпақтарыңның былғаған балалық шағын,
Қариялардың ұрлаған даналық шамын,
Замандар да өтті-ау, жататын тоналып бағың –
Қазақстаным!
Өмір-өзеннің бұлқынған долы ағыстарын,
Елең де қылмай, еңкеймей, алабұртпадың.
Қап-қара жерге қып-қызыл көп ағып қаның,
Ақырып теңдік сұрап ең, Алашыңды айтып,
Ақыры келіп қолыңа жалау ұстадың – Қазақстаным!
Босатып тордан, зарыққан дала құстарын,
Алдыңнан атты нұр шашып, ағарып таңың.
Соның үшін де қолыма қалам ұстадым...
Жүрегімменен жүремін үнемі сезіп,
Бойыңда сенің асқақ рух, дара күш барын –
Қазақстаным!

Серікбол Хасан
Бабалардың ерлігі
Қызықпаймын басқаға,
Тарих қымбат мен үшін.
Баяндаймын шаттана
Бабалардың жеңісін.
Сұрасаңыз, барлығын
Қайталаудан талмаймын.
Отан үшін дәл бүгін
Жанын қияр жандаймын.
Ел сақшысы ер ғана,
Жерін сүйген жанымен.
Қорғалған бұл кең дала
Бабалардың қанымен!
«Елді арылтып құлдықтан,
Жанын берді мың арыс.
Бабаларға сондықтан
Қарыздармыз мына біз».
Деген сөзін ұстаздың
Құйып алдым санама.
Тарихыма құштармын,
Қайсар рухты бабама!
