Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘҢГІМЕ
/
Құлтөлеу Мұқаш. Жалаңаяқ гөзәл қыз...

Құлтөлеу Мұқаш. Жалаңаяқ гөзәл қыз

15.01.2026

7849

Құлтөлеу Мұқаш. Жалаңаяқ гөзәл қыз - adebiportal.kz

Әңгіме

Ұшқыр лайнер ұшу алабынан ышқына жүйткіп барып қалқи көтерілді. Одан баяу парлап, қайқая бұрылған соң бағытты батысқа қарай түзейді. Тұмсықты түпсіз аспан кеңістігіне қадай, жантая жоғарылаған сәтте сонадайдағы буалдыр мұнар ішінен тарғылданып, ұзыннан-ұзақ Алатау шыңдары шалынды. Қанат астында жыпырлап мың-сан аласа үй, алаңқайдағы арқандаулы екі-үш жылқы, жыланша ирелеңдеген жылға қалып барады. Көше арасындағы айқыш-ұйқыш жолда ерсілі-қарсылы жүйткіген титтей машиналар легі ақырын жылжып кері жүзгендей әсер биледі. Сәлден соң-ақ алып әуе кемесі сатылай өрлеп, шашыраған күн шапағы көз қарықтыра, қабат-қабат, бұйра-бұйра бозала бұлтқа сүңги самғап келе жатты. 

Алматы – Баку бағытындағы ұшақ еді. 

Өзі, аяқ астынан туындаған сапар шешімі қызық болды. Кәсіпкер досы апақ-сапақта қоңырау шалып: 

– Ертең Әзірбайжан астанасына барып қайтайық, – дейді. 

Ойламаған жерден жайбарақат айтылған ұсыныс: «Мына қыр астындағы Бейсенбайдың жайлауынан бір-екі тостаған қымыз ішіп келейік» дегендей естілді. Көзі бақырайған журналист аңырып: 

– Өй, мен жұмыстамын ғой! – деді абдырап. – Бакуің едәуір алыс жер емес пе. Онсыз да жанығып, қысқа жіп күрмеуге келмей жүргенде... Шет ел аралайтындай жағдайым бар ма менің?! 

– Несіне тартынасың? Екі-үш сағаттан соң-ақ бері ұшамыз. Көп бөгелмейміз... 

– Ай, қайдам. Босауым қиындау. Бүрсігүні газет нөмірін беттеуге отыратын едік. 

– Бүгін – жұма. Үлгересің ісіңе. Кездесуіміз ұзаққа созылмайды. Нең кетеді. 

– Ай, қайдам... 

– Айтып тұрмын ғой, қона жатпаймыз. Лезде аяқталатын шаруа. Сондағы әріптестермен тиісті келісім-шартқа қол қоямыз да шығамыз. Босқа отырғанша ел көріп қайтпайсың ба. Әрі-бері әне-міне ғана жол. 

Газет тілшісі біраз аңтарылған соң келісті: 

– Ә, мәйлі онда. Барсақ, барайықшы. Хоп...

Уақыт қыспаса, жолпұлын жолдасы көтеріп жатса, расында, неге шегінеді. Сөйтіп, үш адамнан тұратын іскерлер тобына ілесіп, апай-топай шығып кеткен беті-ді. 

Ақырын уілдеген мотор үні көңіл елегзітетіндей. Биіктеген сайын салонның мұзарт тау қойнауындағыша салқын тартқанын аңдайды. Әлде бұл кондиционердің «демі» шығар? Иллюминаторға қарап, ұшақтың бір мезет ауада қозғалыссыз, ілулі қалғандай қалпын сезінді. Іргедегі досы ерін жымырып, айқасқан қос алақанын көкірегіне баса, терең ойға батыпты. Терезе жарығынан нұрланған аққұба реңінде қобалжу табы бар. Қалың шашы қобырап, томсырая, қабақ кіржитіп қояды. Бұл жылжи түсіп, мойын соза, оның құлағына төнді: 

– Екі аралық неше шақырым екен?

Селт еткен жолдасы иық қушитады: 

– Нақты білмедім. Әйтеуір, үш сағаттай ұшамыз. Ең жүрдек көлік екен мынаусы. 

– Ә-ә... Алла оңғарса, түс әлетіне қарай жетіп қаламыз деші...

– Иә.

Қарсы бетке қатар жайғасқан досының екі серігі бір-біріне шекеден ежірейіп, өзара күңкілдеседі. Бұларды да арнайы бара жатқан шаруа жайы алаңдатады-ау... 

Одан көзін шарт жұма, шалқая отырып, мызғуға әрекеттенді де, айныды. Ұйқының реті келе қоймайтын сияқты. Өзінің де кеудесінде теңіздей буырқанған ой-қиял жеткілікті еді. Бұлқына тулап, аспанға шапшып, ызғарлы лебімен-ақ үрейлендіретін адуын толқындарды елестете: «Бергі жағы Каспийдің, арғы жағы» деп іштей ыңылдады. Сол сәт борттағы алпыс жеті адамның жиырма тоғызы ғана аман қалған Ақтау түбіндегі ұшақ апаты еске түсіп, бойы түршігеді. Алайда сол қияпат туыстас қазақ пен әзірбайжан халқының ынтымағын нығайтып кеткендей екен. 

Қозғалақтап, санасында сан алуан сурет көлеңдеп, өмірінде ұшырасқан әзірбайжан ағайындарды «түгендеуге» кіріскенде алдымен Аббас есімді шаштаразды ойлады. О кезде оның жас мөлшері қырық бестерде. (Қазір бажайласа, сонша қартаң көрініпті). Ақ халатын киіп алып, қайшысын жалаңдатқан бозбас кісі-ді. Тырбық мұрты жыбырлап, маңайға уытты мысқылмен қарайтын. Өзінің бұлар туып-өскен кеншілер қалашығы Ақшатауға қалай тап болып жүргенін бір Құдай білсін.

Сірә, мұның бесінші-алтыншы класта оқитын кезі ме екен, шаш қидыруға бара қалса, шебердің әлдебір славян нәсілді бикешті бұрышқа қысып, аймалап, сүюге әрекеттенген үстінен шыға қалғаны. Келіншек Аббастың құшағынан жұлқына босап: 

– Доғаршы енді! Тү-у. Мына баладан ыңғайсыз болды, – дейді қызарақтап. 

Қайтерін білмей, бұл да қолайсызданды. Деміккен шаштараз «қайдан ғана сап ете түстің» дегендей бұған сонша зілдене бұрылады. Бірақ сөзі әйелге арналды: 

– Е-е, осы боқмұрыннан да ұяласың ба?! 

Сөйтіп, жайлап басып мұның қасына таяп келді де: 

– Басың кірлеу ғой-ей, жігітім! – деді. – Бар, ерінбей, жуып келе қойшы! 

Жаз мезгілі еді. Бұл тұрмыстық қызмет көрсету үйінен ытқи шығып, көше жиегінде қалқиған су колонкасына қарай жүгіре жөнелді. Жейдесінің жағасын түріп, шүйдесін құбыр шүмегіне тоса, апыл-ғұпыл шайынды. Сөйтіп, қол орамалымен сүртінген бойда қайта желдірте жетсе, шаштараз бөлмесінің есігін іліп ала қойыпты. Қолақпандай шойын тұтқасын қанша жұлқылағанымен, ашылатын түрі көрінбейді. Сонда: «Қызық ағай ғой, бір айналып келші десе де түсінер едім. Алдап соққаны несі?!» деп қапаланғанын әлі ұмытқан жоқ. 

Аббастың Рагим есімді ұлы да жадында. Бұдан он жастай үлкен. Шахтер. Серішалыс. Көбіне көңілді, жайраңдап күліп жүретін жігіт-ті. Қазір бар ма екен... 

Одан Алматының қазіргі Жандосов-Манас көшелері қиылысында квас сатқан әзірбайжан ағайды еске алады. Онымен Көркемсурет училищесіндегі ботатірсек шағында жолығыпты. Дөңкиген сары бөшкенің алдына отырып алып, қолы-қолына жұқпай лыпылдатып қызмет көрсетіп, қалың кезекті тез жылжытатын жұдырықтай, ширақ қарт. Жаңылмаса, аты Гусейн аға. Елулерде. Оның да үстінде – ақ желең. Ол да титімдей қияқ мұртты. Кескіні әйгілі актер Чарли Чаплиннен аумайтын. 

Шалдың да сүйкімдісі болады екен – жүзі жайнаған аса бір тартымды адам-ды. Бұл, неліктен екенін, дүниедегі қызық әңгіменің бәрін көкейіне құйып алуға тырыса ма, жер-әлемнің тарихын тезірек ұғуға құмарта ма, қалт еткенде, білмейтіні аз сол мейірбан, әңгімешіл жанның қасынан табылатын. Анда-санда: 

– Аға, әзірбайжанша үйретіңізші! – деп өтінеді. Ақсақал ана тілінде сөйлегенінде өңі албырап, құлпыра түседі. Сонда оның ет-жүрегімен өз Отанын аңсайтыны анық аңғарылар-ды: 

– Ал, кәне, ұғып алшы. Мысалы: «Һардан келирсән? – Бакыдан уолда», – деп ежіктеуге кіріседі. Бакы – Баку дегені екен. 

Міне, енді осынау ежелгі шаһарға жеті қат көкті ендей беттеп келеді. Ғажап. Сол Бакыға арада елу жылдай өткенде дәм тартады деп ойлап па...

Армия қатарына шақырылған шақта да әзірбайжан баласымен жолы түйісті. Қарағанды әскери комиссариатына сонау Душанбеден әдейі келген офицердің көмекшісі еді. Старшина. Мұндайларды «покупатель» дейтін көрінеді. Болашақ жауынгерлерді өздерінің полкіне пойызбен аман-есен апарып, сондағы он күндік карантин уақытында киіндіріп, сапта жүру жаттығуларын қайталатып, алдағы тұрақты бөлімдеріне аттанғанша бас-көз болады. «Сатып алушы» солдат – жігіттің падишасы дерліктей, сирек кезігетін келбеттің иесі-ді. Өте көрікті. Бір сажынға жетеқабыл бойы қандай! Қас пен қабақ қандай. Айнадай жарқыраған сұрғылт-жасыл «сиқырлы» көзді айтшы, шіркін! Алайда, өкініштісі, соның кейінгі әрекеті онша сұлу болмады. 

– Германияға ұшар сәттеріңде беремін, әйтпесе жоғалтып аласыңдар, – деп мұны мен қасындағы үш-төрт ұлдың әрқайсынан жүз-жүз елу сомнан алып, ақыры, қашқалақтап, сол ақшаны қайтармай кетті... 

Арада бір жылдай өткенде немістің Вайсенфельс қаласында қарауылда жүрген сарбаздың автоматын тартып алғаны еске түсіп, жымияды. Ол да әзірбайжан баласы еді. Бұл – онда сақа сержант. Полктің штаб бастығы майор Дундиченко суретшілігін білген соң зениттік батареяда қызмет ететін мұны командирлерінен дамыл-дамыл қолқалап сұрап әкететін. Әсіресе, командалық-штабтық жаттығулар қарсаңында жазу-сызу ісі көбейеді. Бір аптадан аса сызбашылар шеберханасында қона жатып, полк командирінің қорғаныс және шабуыл жоспарын құпия карталарға түсіреді, түрлі плакаттар жазады. Жұмыс жауапты. Қиын. Сонда қасындағы писарь Алексей Жосан екеуі түн ортасында сергіп алу үшін полкті қоршаған биік дуал шетіндегі шағын әуізге шомылып қайтатын. Ал оған әр тұсында шам бағанасы сорайған алашабыр плацты бойлап, күзет посты арқылы өтуге тура келмекші. 

Негізі, екі жыл ішінде бөлімдегі мың жарым сарбаз бір-бірімен жүзтаныс болып үлгерер-ді. Жиі кездескендіктен де шығар, бұл, мәселен, сонау сақшының полктегі артиллериялық дивизион жауынгері екенін жақсы білді. Ол да, әсілі, мұның жайын әлдеқашан пайымдағаны кәміл. Бәрібір, қалай болғанда да, бейуақтағы анандай «еркіндік» – тәртіпке қиғаш, заңға томпақ әрекет. Жарғы ережесі бойынша постағы қарауыл аумаққа кірген бөгде нысанды байқаған бетте: 

– Тоқта! Кімсің? – деп дауыстайды. Тездетіп жөніңді айтпасаң: – Тоқта! Атамын! – деп ескертеді. Бұған құлақ аспасаң, қару ұңғысын жоғары қарата, гүрс еткізіп оқ шығаруға мәжбүр. Ал осыған да илікпесең дыр еткізіп, жайратып салуға құқы бар. Алғашқы жолы күзетші бұларды танығандықтан, көңілжықпастық жасап, босатқан еді. Әйткенмен, мұндай жағдай екінші мәрте тағы қайталанды. Тура сол солдат сұстанып, тағы да қару кезенеді. 

– Оу, қойсаңшы! Мұның не, біз ғой баяғы! 

Тек қарауыл: «Құтырудың да шегі бар. Ендігі еркеліктерің – нағыз көтензорлық!» дегендей, қатқыл сөйлеп, қиқалаққа көнбейтінін аңдатқан. Сол сәтте бұл шалт қимылдап, әлгінің автоматын қолынан жұлып алды. 

Өз-өзінен түсінікті, қарудан айырылу – масқара жағдай. Лезде дәрменсіз хәл кешкен сақшы жыламсырап, жалына бастайды. 

Әйтеуір, бірталай қинап, қаруды иесіне қайтарды-ау. Мүлкіне қолы әрең жеткен соң оның ызаланып: «Ит қазақ, қайта кездессең табанда атып тастаймын!» деп боқтанғанын ешбір кек тұтпай, күле тыңдап, жайына кетті. «Жеңілгеннің сөзі құрысын» демей ме...

Е-е, айтқандайын, бертінде... анығырағы, 1992 жылы сәуір айында және бір әзірбайжан азаматымен жолыққаны бар еді. Әскерден кейін журналистикаға біржола ден қойған мұның әбден ысылып, кәнігі тілшіге айналған шағы. Бакулік өкіл жастар басылымы қызметкерінің алдына жан тітірететін фотосуреттерді жайып салып, кемсеңдеп, өз-өзін зорға ұстап, Таулы Қарабақ қасыреті, әсіресе, Қожалы қырғыны жайында небір сұмдықты баяндаған... 

Кенет ұшақтың жылдамдықты тежеп, күрт төмендегенін аңыстайды. Тіпті, лайнердің су бетіндегі көлеңкесі көрінді. Ырғала лықсып, ақ көбігі бұрқырап, арагідік қызғылт-күрең, сарғыш түске бояла мың құбылған жасыл теңіз барқыны қол созымда жатыр. Ұйытқыған дауыл екпінімен толқын тауларының ой-шұқырына бір құлап, бір көтеріле аунақшыған қисапсыз шағаланың шаңқылы естілетіндей. Көз ұшында ағараңдаған маяк пен айлақтағы нешеме қабаттық ересен кеме: «Оу, қазақтар, Баку – осы. Енді ақырындап серпіліп, жинақтала бастаңдар» деп тұр. Сапырылысқан оймен отырып діттеулі межеге келіп қалғандарын аңдамапты. Жолдастары да қарсы қабақтағы аласалы-биікті, ығы-жығы ғимаратқа жалғасқан шетсіз-шексіз қала көрінісі мен сонау жотадағы үйлер арасынан көкке шаншылған ақ найзадай телемұнараға жалтақтай берді. 

Әуежайда жайраңдай қарсы алған екі жігіт төрт мейманды қолды-аяққа тұрғызбай жеңіл көлікке жайғастырады да, орталыққа жөнейді. Қызық болғанда, кәсіпкерлердің кездесу орны ұшақтан айрықша назар тартқан әлгі телевизия «сүңгісінің» ішінде болып шықты. Жайылған мол дастархан соның биігінде ақырын айналып тұратын ресторанда екен. Кірген бойда-ақ қосыла құйқылжыған зурна мен тарының әуені, алдыға дәм-тұзын тартып, гүл ұсынушы жас сұлулардың алабұртқан реңі, риясыз зейіл, көл-көсір құрмет көңіл шалқытты. Шағын ғана жүздесу дегенмен, жиналғандар, кемі, он-он бес адам. 

– Көбі осындағы бизнес көкжалдары! – деп сыбырлайды іскер досы. Журналистің мән-жайдан хабардарлығы жөн деп түйген секілді. – Анау ортадағы тығыншықтай қасқабас – осылардың әйдігі. Аздап қиындау, мінезді маман. Содан ғана аздаған қауіп бар. Қалғаны ежелден «өз адамымыз»... 

Ақшыл қоңыр костюмі шымыр денесіне қонып, ине-жіптен жаңа шыққандай сол төртбақ, тұйғын тұмсық «серкенің» жүзі бұған біртүрлі жылы ұшырайды. Оның да елеңдеп, анадайдан шырамытып отырғанын байымдады. «Құдай-ау, мынау ертеде полк алаңында автоматынан айрылатын сабаз ғой!». – Әскердегі күндер көз алдынан зу етеді. Балтық теңізінің жағасы. Құлағына зениттік қондырғының оқпанынан кезек-кезегімен ысқыра, жанып ұшқан снаряд үні, біреудің әлдекімді жалаңаштап жалпақ белдіктің астына алып шықпыртып жатқанындай, қайта-қайта сартылдап, жиектегі жартасқа соғылып күл-паршасы шығатын алапат су ағынының дыбысы, зар қаққан құстардың даусы келеді. – «Қазір мынау да менің төбемнен әңгір таяқ ойнатудан тайынбас»... 

«Сонда осы дүлейдің қаруын қалай жұлып алып жүрмін?! – деп таңдай қағады. – Әлдемді секілді. Жоқ, кейіннен толысып, жүре келе күшейіп жүр ме? Ондай да болуы ғажап емес қой». Әлден мезгілде бір-бірін анық таныды. Коммерция алпауыты үлкен дөңгелек үстелді айнала келіп, күлімсірей, құшақ жаяды. Қауышқан екеу елді қайран қалдырып, төс түйістіреді. Екеуі де мәз. Тілші оның ескі өкпені кешіргенін түсінді. 

Бірталайдан соң дәм үстінде кәсіпкер жолдасы бұған қабақ түйіп, күдіктене қарайды: 

– Қайдан білесің-ей анау нәнді?! Ертең Америкаға немесе Автралияға апарсам, тағы да біреулеріңді тауып алып тастап кететін қауіпті пәле екенсің ғой өзің! 

Бұл армияда түнгі күзеттегі мұның мылтығын тартып алып зар илетіп едім деуге ерінді. Жалғыз-ақ: 

– Әй, жер домалақ екен, шынында! Қайткенде де, Құдай бар екен, – деп күле берді. Өзге шара қала ма. – Қарулас дос қой, – деді бәрін кейін айта жатармын деген оймен қысқаша. 

Тосын кездесу айран-асыр қылып, енді әлгі «покупателім» ұшырасып қалмасын деп елегзиді. Бірақ ол, әрине, қайдан кезіксін. 

Бірер сағаттық жиын бүкіл Әзірбайжан әлемін жіті сезіндіргендей еді. Кәсіпкерлер у-ду отырыс арасында сүт пісірімдей уақыт оңаша кетті. Тәрізі, көрші бөлмеде негізгі шаруаларын қузаса керек. 

Қайтар ұшақ түн ауған шаққа тап келетіні аян болған. Оғанша мейманханада азырақ дамылдап, кешкі қаланы тамашалау белгіленіпті. Расында да, жол соққан қонақтар тынығу ұсынысын қуана қабылдайды. 

Жақсы демалып, бір-бір шәшке кофе ішіп шыққанша қас қарайды. Жағалаудағы Мұнайшылар даңғылына жетсе, жұрт күндізгідей қаптап жүр. Алаң жап-жарық. Зәулім жайлардың жарқылдаған оттары аясындағы түнгі Баку айрықша арайланады. Әйткенмен, көпшілік көңілінде дық та жоқ еместей. Ақтау опатынан кейінгі қаяу ізі толықтай сейілмепті. 

Бүйірдегі алып аттракцион – зор әткеншек дөңгелегіне шығу қажеттігі туындай қоймады. Қазақтар мана жоғарыда айналған мейрамхана терезесі арқылы-ақ шаһар сәулетін әжептәуір шолып үлгерген-ді. Қалай екенін, жиырма қабаттық үйлер жиі. Тілшінің назары көбінесе көшедегі пальма, тұт, мушмула, зәйтүн ағаштарына ауады. Әсіресе, қоңыр күз мезгіліндегі жап-жасыл шынар тамсантты. 

Көктің алғашқы шырақтары жыпылықтап, айшықтала түскен сәтте жапырақ пен бүршік исі сіңген сыздауыт ауа да қоюланады. Баяу лекіген жұмсақ желеміктен теңіздің тұзды ылғал тынысы білінді. Бір кезде ошақтан ұшқан шоқтай ма, әлде көзден ыршыған жастай ма... көлбеп, жұлдыз ақты. Кәсіпкер досы:

– Әй, әйткенмен, ақжолтай екенсің. Анау дөкейдің көңілі саған қатты ауды ғой. Сөзге келмей келісті бәріне. Сені ертіп шыққаным дұрыс болыпты. Ішім бірдеңені сезіпті, – деп өз әсерімен жүрген мұны бір қолымен қапсырып, ыржиып қояды. 

Бұл да қуанды. Ісіңнің оң шешілгеніне не жетсін. Бірақ: «Әзірбайжан қазақтың тура өзіндей азаматтығы биік, кең пейілді қауым екен. Тіпті, кейбір пенделік әрекеті де өзімізден аумай қапты. Әсілі, туыстық тамырымыз тереңде-ау. Бүгінгі тірлік – тарихымыздың бергі жағы ғана секілді. Өзгені қойып, өзіміз онша біле қоймайтын сыр әлі де көп» дегендей пікірі көкейінде қалды. 

Ұшақта сонау 1947 жылдың күзінде Бакуге айырпландатып Низами тойына келіп қайтқан Мұхтар Әуезов пен Қасым Аманжолов ағаларын ойлайды. Осынау ұлылардың күрделі тағдыры толғантты ма, әлде нешеқилы зұлматты өткеріп, теперішті көріп баққан қазағын аяды ма, мүмкін өзінің албырт жастығын қимаған шығар, әйтеуір, көзінің алды мұнартып, мұң кешіп кетті. Әр кезеңде мұның да кеудесінен із тастап талай жұлдыз құлады емес пе. 

Шынында, «әзірбайжан» десе, алдымен Талғар қаласының шығаберісінде қара қасқа сиырын өріске айдап бара жататын жалаңаяқ қыз елестер еді. Бағана телемұнара мүйісінде, ұшыраспасын білгенімен, тықыршып іздегіштеген бейнесінің бірі сол-тын. 

Талғар Ауылшаруашылығы техникумында оқыған Шоколад есімді жерлесі бар. Қылқаламға үйірсектеп жүрген бозбала шақта өзінен бес-алты жастай үлкен сол ағасына барғыштап қоятын. 

О заманда, әлбетте, бүгінгідей жыпырлаған көлік тасқыны жоқ. Талғардың Алматыға асатын бергі баурайы – шалғыны тізеден келетін жазира жайлаудай, гүл көмкерген терең сай арасы. Әсіресе, мамыр, маусым айларында бөктерді кернеген қызғалдақ, өлеңшөп, қызылтаңдай... сораң, жүзгік... қазтамақтың жұпар лебі бас айналдырады. 

Сол сәт қалаға шығарып салып тұрған Шоколад мұның көкмайса кешіп, сиыр соңында бара жатқан бойжеткенге ындыны үзіле аңқиғанын аңдап: 

– Әдемі екен, ә? Таныстырайын ба? – деді.

Күмілжіп қалса керек, жауабын күтпеген ағасы «өй, сен де бір!» дегендей, жақтырмай, жалт етіп қарап алып, қатты дауыстайды: – Әй, қыз! Тоқташы! Сәл аялдашы! 

Ақырын бұрылып, шақырайған күн сәулесінен жасқана, алақанымен жүзін көлегейлеген бойжеткен бері қайырылды. Шоколад қыңбайды: 

– Қиналмасаң, жақынырақ келсейші!

Тақады. Тал шыбықтай ғана екен. Өзі аппақ. Именіп, үркесоқтай таяғанда бүкіл ішкі нұры сыртқа тепкен иманжүзділігі байқалды. Басына таққан гүлдестесі мен ұсақ шашыратқыға орағандай алабажақтау, сиякөк шыт көйлегі керемет жарасып тұр. Төбесіндегі дөңгелек шірден төгілген қолаң қара шаш пен білектей бұрым, баданадай аялы қой көз, әсем қыр мұрын ынтықпасыңа қоймайтындай. 

Ағасы:

– Жігітің бар ма? – деді оған бас жоқ, аяқ жоқ. 

Кілт тосылған қыз абдырап, беті ду етіп қызарып кетті. Он төрт-он бестегі қызда жігіт қайдан бола қойсын. 

– Әзірбайжансың ба? 

– Иә, – деді бойжеткен қою кірпігін серпе, күбірлеп. 

– Ойбай-ау, қазақшаға судайсың ғой өзің! – деді ағасы оның екі әріптен тұратын бір ауыз сөзіне мейлінше малданып. – Мынау – менің інім. Танысып қой. Болашақ суретші...

Осы сәтте қыз бұған қымсына, күлімсірей қарап, атын айтты. Бұл да есімін міңгірлеген. Қапелімде әбіржіп, кібіртіктеп қалған-ды. 

Шоколад та қызық. Енді ойласа, белден басқан ағасының қызға айтқан лебізінің астары: «Сөзді доғарып, осыған қосылып ал. Айырылма. Түбінде өкінбейсің» дегенге сайыпты. Қызарақтамай қайтсін. Әйткенмен, асыға басып ұзай бере жарқ етіп, ақсия күлуіне қарағанда, ниетті ұғынғандай. 

Неге жалаңаяқ жүр? Сиыры өріске неғып кештеу шығып барады? Мүмкін бұзауына оралған шығар... Абдырап тұрып, біраз нәрсені сұрай алмағанына өкінді. 

Қара қасқа сиырдың да:

– Мө-ө-ө... Мыналарың не? Немене, қыз көрмеп пе едіңдер? Не керек өздеріңе?! – дегендей кідіріп, ажырайған кейпін ұмытпаған екен. 

Енді бір қарағанында, көзден ғайып болыпты. Өзі де, сиыры да... 

– Бірден білдім, – деген Шоколад ағасы самбырлап. – Талғарда әзірбайжан көп. Мына қыз – күні ертең асыл жар, нағыз отанасы болатындай әйбат, аяулы бала. Адал. Жанының шуағын байқадың ба? Сезімталдығын көрдің бе? Түсінігінің тереңдігіне қарашы. Мейірімді... Шаңырағын қызғышша қорғайтын ерлік те шығады әлі... 

Жалаңаяқ қызды қайтып іздеген жоқ-тын. Бұл бір көкейіндегі мұхитта ашылмаған аралдай бұйыққан әлем-ді. Мөлдіреген тосын, жұмбақ келбетімен жан-жүрегінде жатталған өзін, тіпті, неге екенін, еске алудан да сақтанатындай. Тек тірліктің буырқанған қатыгез толқындарымен жағаласа жүзіп келе жатып, анда-санда, тазалық белгісіндей қарастап қоюды ғана әдет қылыпты.

Шоколадтың оқу бітірген соң көп ұзамай өзге ауылға көшкенін естіген. Содан беріде жарты ғасырға таяды-ау. Ай, ықыласыңнан айналайын, көкем-ай. Қайда жүр екенсің? (Кейін білсе, оның шын есімі Жақсылық көрінеді. Әжесі кенже немересін «тәттім, шокаладым» деп еркелетсе керек)... 

Бакуде Мұхтар ағасы: «Саған радиокомитетте істейтін жас қыз барады. Сен оны өзіңнің ақындық мәдениетіңмен сыпайы қабыл ал. Ол да бір гүл секілді ғой, көңілі сынып қалмасын» – деп тапсырғанындай, Қасым шайырдың Сана есімді бойжеткенмен танысқан сәтін елестетті. Соңыра қыздың қойын дәптеріне: 

– Тавриз-Баку аспанында – күн Сана,

Күміс Каспий жағасында гүл Сана,

Жүрегіңмен жүрегімді бір сана,

Айтарым көп, айтқызбай-ақ біл, Сана! –

деп қолтаңба қалдырғанын ойлады. Одан Қасым ағасы өлең арнайтын Сананың көркі сол Талғар іргесінде жолыққан қыздың сұлулығындай ғана шығар-ау деп түйеді. 

Көкпеңбек нұрға малынған қаракөлеңке салонда жолаушының көбі ақырындап тынығуға кіріскендей. Ұшақтың та ойға шомғандай, бірқалыпты гуілмен, самсаған жұлдыздар құшағындағы түн түнегін қақ тіле, Алматы қайдасың деп парлап келе жатқанын аңдады. 

Кей-кейде өзіңнің іш-әлеміңе бажайлай үңіліп, дүр сілкініп алу үшін де түрткі керек екен-ау. Қоярда-қоймай қасиетті Бакыға әкеліп, сондай мүмкіндік туғызған кәсіпкер досына рахмет айтқысы келді. Бірақ бұл да тәтті ұйқыға батыпты. Шаруасы бастан асады, әрине. Шаршапты. 

Айтпақшы, басына гүлдесте таққан әлгі бойжеткеннің де есімі Сана еді. 

28.09.2025.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan