Құмай тазы – қамқорланған құндылық

Бұл жаңа мерекенің пайда болуы отандастарымыз бен шетелдіктердің ұлттық тұқымдарға деген қызығушылығын арттырумен қатар, тазының тұқымдық ерекшеліктерін сақтау, көбейту және оның мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде танытуға жол ашатын болады. 

Құмай тазы – қамқорланған құндылық - adebiportal.kz

Қазақтың кең даласын оның табиғатымен, жылқысымен, қыранымен, саятшылық өнерімен қатар тазысынсыз елестету қиын. Тазы – түз тағысын қуған аңшының серігі. Тазы жүйріктігімен, ерекшеленеді, ол адам мен табиғат арасындағы көне байланыстың куәсі.

Қазақ дүниетанымында ит жай ғана үй жануары емес, адамның тұрмыс-тіршілігіне етене араласқан сенімді серік саналған. Фольклорлық дәстүрде иттің, әсіресе құмай тазаның «жеті қазынаның» бірі ретінде аталуы да оның халық өміріндегі ерекше орнын көрсетеді. Ғылыми-этнологиялық зерттеулерде құмай тазының қазақтың дәстүрлі шаруашылығында аңшылыққа кеңінен пайдаланылғаны айтылады. 

Тазы мен төбет – сыртқы бітімі екі түрлі болғанымен, қазақы болмысты бойына сіңірген қос тұқым. Тазы – дала желімен жарысқан жүйрік, төбет – қасқырға қарсы тұрған қайсар. Сондықтан олардың тарихын зерттеу – бір жағынан, ит тұқымдарын зерттеу болса, екінші жағынан, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен дүниетанымын тану.

Көршілес, бауырлас түркімен халқы алабайды қаншалықты қасиеттеп, ақалтекесі мен қалы кілемімен қатар қойып, ұлттық нышан ретінде әспеттеп отыр. Мұндай құндылықтар біздің елімізде де баршылық қой. Бұл тұрғыда біз Құмай тазы – Ұлы Дала мәдениетінің ажырамас бөлігі.  Қазақы сыылаң тазы – ұшқырлықтың, еркіндіктің нышаны.

Қазақ үшін тазының орны ерекше. Оның сымбатты денесі, ұзын аяқтары, жүйріктігі мен алғырлығы аңшылық өнерімен біте қайнасып кеткен. Құмай тазы саятшының ең сенімді серігі болған. Қансонар кезінде аңшының соңынан еріп, қоян, түлкі секілді түз аңдарын қуған.

Тазының ерекшелігі – оның табиғи жүйріктігінде ғана емес, аңды сезу, бағдарлау, қуып жету қабілетінде. Сондықтан халық тілінде жүйрік адамды немесе ерекше шапшаң жанды «тазыдай жүйрік» деп бейнелеу кездейсоқ емес.

Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде тазы эстетикалық ұғыммен де сабақтас. Тазының сымбатты тұлғасы, жүріс-тұрысы, қимылы аңшының мәртебесімен байланыстырылған. Саятшылықты өнер санаған халық үшін жақсы тазы – аңшының абыройы.

Тазы туралы этнографиялық зерттеулер оның қазақтың дәстүрлі өміріндегі орнының өте көне екенін көрсетеді. Археологиялық зерттеулер барысында адаммен бірге тазы сүйегінің жерленген орындарының табылуы да бұл тұқымның тарихи маңызын айқындай түседі. 

Тазының қазақ әдебиетіндегі көркемдік бейнесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Әдеби шығармада жануар бейнесі көбіне табиғаттың бір бөлшегі ретінде ғана емес, адамның мінезін, қоғамның өзгерісін, заманның рухын танытатын көркем құрал ретінде беріледі.

Осы тұрғыдан алғанда, Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» туындысы – тазы бейнесін әдеби-философиялық деңгейге көтерген аса маңызды шығарма. Туындыдағы тазы тағдыры арқылы жазушы адамның табиғатпен қарым-қатынасын, ұлттық болмыстың өзгеруін, дәстүрлі дүниенің біртіндеп алыстай түсуін аңғартады. Қазақ әдебиеті туралы жарияланымдарда да бұл шығарма тазы тағдыры арқылы тұтас бір дәуірдің қасіретін танытатын шығарма ретінде бағаланады. 

Мұнда тазы – жай ғана аңшының иті емес. Ол – еркіндіктің, адалдықтың, табиғилықтың символы. Оның тағдыры арқылы адамның да, қоғамның да өзгеруі байқалады.

Әдебиеттегі мұндай тәсіл қазақтың жануарлар әлеміне деген дәстүрлі көзқарасымен сабақтас. Қазақ фольклорында жылқы – еркіндік пен ерліктің, бүркіт – қырандықтың, тазы – жүйріктік пен серіліктің белгісі болып қалыптасқан.

Қазақтың дәстүрлі шаруашылығының ажырамас бөлігі болған құмай тазы – иесіне адалдықтың, дегдарлықтың нышаны саналған. Арғысын айтпағанда, кешегі Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» туындысының өзі-ақ осы тұрғыда қаншама ойды тербейді? Осыған сабақтас туындының бірі – қазақтың көрнекті ақыны Есенғали Раушанның «Сары тазы» элегиялық өлеңі. 

Қазанның салқын таңдары,

Қараша талды билетті.

Сары шал дүние салғалы

Сары тазыдан күй кетті.

Саят құрып, сары тазының жылдамдығы мен шалымдылығын бағалар сары шал өмірден өткен соң, сары тазының да қадірі кеткені қандай өкінішті. Ұлттық құндылықтарды қадірлеу, сақтау жолындағы ұрпақтар сабақтастығы әрқашан жалғаса бермеген ғой:

Итаяқ етіп қауақты,

Ін қазып алды жерден бұл.

Не қылсын обал-сауапты

Көкайыл келін, көркеуде ұл?

 

Кезектеп қуды, «кет» деді,

Ит жайлы нені біледі ел?

Сары тазы қырға беттеді,

Сары шал жатқан қыр еді ол.

Ендігі жұртқа қадірі жүрмейтінін ит те болса түсінген сары тазыға енді сары шал жатқан қырдың басына беттегеннен басқа жол жоқ еді.

Жетті әзер сүйреп сүлдесін,

Жылады әлсіз үнімен.

Кереге мола іргесін,

Тырналап шықты түнімен.

 

Тоқтатып жүрек ырғағын,

Көз нұры сөніп баратты.

Көтеріп қан-қан тырнағын,

Қып-қызыл болып таң атты...

Өз дәуірінің қамырықты ащы зарын шерткен бұл өлеңге тек дәурені өткен сары тазының халі ғана арқау болған жоқ еді. Ұлттық құндылыққа келгенде обал мен сауап мансұқталып қала беретін кешегі заманда расымен де қазақтың ежелден бері келе жатқан асыл тұқымды иті жойылып кетуге шақ қалған еді. Тек бүгінгі тәуелсіздік алған тұста ғана қазақ тазысының күні туды. Бұл тұрғыда мемлекеттік деңгейде мақсатты да табанды іс-қимыл жасаудың нәтижесінде қазақ тазысы халықаралық деңгейде танылды. Оның айғағы – 2024 жылы Халықаралық кинология федерациясы (FCI) қазақы тазыны алдын ала танылған ит тұқымы ретінде мойындады. ҚР Үкіметінің 2026 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен бұл күн мереке ретінде арнайы енгізілді.

Бұл жаңа мерекенің пайда болуы отандастарымыз бен шетелдіктердің ұлттық тұқымдарға деген қызығушылығын арттырумен қатар, тазының тұқымдық ерекшеліктерін сақтау, көбейту және олардың мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік беретін болады. 

Тазы түзде жүйрік, үйде сенімді күзетші. Ауыл-үйдің кәдімгі барақ итіне қарағанда қазақ қазақы тазыны жоғары дәрежелеген. Классик жазушы Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» туындысында осынау қасиетті ит тұқымының алғырлығы, ақылдылығы, иесіне адалдығы – барлығы қапысыз суреттеледі ғой. «Құлагер – әкең тұлпар, шешең – сұңқар, соғып ең дөненіңде сегіз арқар», - деп, Ақан сері Құлагердің жүйріктігін әнге қосқанындай, қазақы тазылар да өзінің жүйріктігімен бір жылдың ішінде бір ауылды қасқыр мен түлкінің, қоянның терісімен қамтамасыз етіп тастайтын болған. Мұны «Тазының өлімі» туындысының былай деп аяқталуынан да аңдауға болады: «Тазыдан қалған жалғыз белгі – ауыл еркектерінің басындағы түлкі тымақтар да көп ұзамай тозып бітті. Олардың орнын елтірі тымақтар мен арзан малақайлар басты. Өйткені Лашын – осы өңірдегі асыл нәсілді ең соңғы тазы еді.» 

Қазақ ежелден «иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деп, иттің де табиғаттағы өз қызметі мен қасиетін мойындаған. Тазы – сол түсініктің нақты көрінісі.

Адамзат баласы осыдан 15-30 мың жыл бұрын, яғни палеолит дәуірінде итті қолға үйреткен делінеді. Қазақ даласында да итті өте ертеде қолға үйреткеніне дәлел болатын археологиялық деректер баршылық. Қазақтың ең көне мифтік аңыздарында, ертегілерінде саққұлақ иттердің жүретіні бекер емес.

Тазының құндылығы олардың практикалық қызметімен ғана шектелмейді. Ол  қазақтың ұлттық дүниетанымында адам мен табиғаттың үйлесімді өмір сүргенін көрсететін мәдени белгілердің бірі.

Қазақ даласында аңшылық тек күнкөріс тәсілі болған жоқ. Аңшының жақсы аты, қыраны, мылтығы мен тазысы оның өнерінің ажырамас бөлігі саналған.

Ақылды да айбарлы ит көшпелі шаруашылықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Малдың амандығы – ауылдың тіршілігі болғандықтан, құмай тазының күзетшілік қызметі де аса маңызды еді.

Тазы – ор қояннан ірі қоңыр аңдарға дейінгі түз аңдарын қуғанда оқтай атылар жүйрік те шапшаң, аңшылыққа бейім әрі сән-салтанатты саятшының сымбатты да сенімді серігі.

Тазы – қазақтың далаға ұмтылған еркін рухының нышаны.  

Қазіргі кезеңде құмай тазының тұқымын заманауи үрдіске сай қорғап, сақтау мәселесі тек кинология немесе жануар шаруашылығының мәселесі емес, ұлттық мәдени мұраны сақтау мәселесіне айналып отыр. Қазақстанда қазақы ит тұқымдарын сақтау мен көбейту мәселесі мемлекеттік деңгейде де көтеріліп, 2023 жылы оны сақтау және көбейтуге бағытталған заңнамалық қадам жасалды. 

Бұл – ұлттық тұқымдардың болашағы үшін маңызды қадам болды. Алайда тұқымды сақтау тек санын көбейтумен шектелмеуі тиіс. Оның тарихын, генетикалық ерекшелігін, морфологиясын, этнографиялық және әдеби мұрасын қатар зерттеу қажет. Өйткені тазы мен төбет – тірі биологиялық нысан ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени жадтың бөлігі.

Қазақы тазы туралы зерттеулердің өзектілігі де осында. Қазіргі ғылыми еңбектерде олардың тарихи-этнологиялық ерекшеліктері, аймақтық типтері және қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі орны арнайы зерттеліп келеді. 

Тазы – қазақ даласының табиғатпен біте қайнасқан тіршілігінің айқын белгісі. Тазы – желмен жарысқан жүйріктіктің, еркіндіктің және саятшылық өнердің нышаны ретінде әспеттеле бермек.

Қазақ даласында дүниеге келіп, асқақтата шырқалып жүрген небір ғажап әндерде ұшқыр тазы – серіліктің бір нышаны ретінде аталып жатады. Күміс көмей әнші Дәнеш Рақшевтің қайта түлетуімен қазақтың ән көгінде қалықтаған «Аңшының әні» былай деп баяндайды емес пе:

Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы,

Жігіттің бұған құмар өнерпазы.

Күлім көз, оймақ ауыз бір сұлуды,

Тағы да алсаң тауып айдын көлдің қоңыр қазы.

Бір қызық, ит жүгіртіп аң ауласа,

Мінген ат шабуылмен танауласа.

Қарғылы тұрса тазың сылдыр тағып,

Керіліп бір сілкінсе дүр-дүр қағып.

Жылқышы жылқыдағы жараулы жатты,

Бүгілтіп жетегінде жетсе алып.

Итті алып, аңға шықса, құсты біреу,

Еріне алтын балдақ етіп тіреу.

Жігіттің бес күн жарым ғұмырында,

Па, шіркін, болсын деген бұл бір тілеу!

Қазақтың көнеден жеткен ұғымында нағыз көлденең кезіккен төрт аяқты құрбанын қуып жетіп құтқармай шалатын құмай тазы итала қаздың жұмыртқасынан шайқалып шығады. Әрине, биологиялық тұрғыда бұл мүмкін емес десек те, мұнда ұшқыр тазыға деген қазақтың құрметі, оны мифтендіріп қасиеттеу жатыр.

Олардың бейнесі қазақтың тұрмысында ғана емес, ауыз әдебиетінде, көркем шығармаларында, мақал-мәтелдерінде, этнографиялық түсініктерінде де сақталған. 

Қазақ үшін құмай тазы – мынау бес күндік дейтін пәни жалғанның үміті, үміт дүниесі. Сондықтан да болар: «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді қазақ. Осы бір көнеден жеткен ойды қазақтың ғажап ақыны Исраил Сапарбай жыр тілінде адамның арман-қиялының шарықтау шалқымасымен былай деп аңғарлай өрбітеді:

Мен Тазы бола алмадым жылмаңдаған,

Жылдарға жете алмадым жылдамдаған.

Соңынан қу түлкінің қуамын деп

Несіне құла дүзде құрбан болам?

Бүгінде Тазы қайда?

Түлкі қайда?

Заманның,

Адамның да құлқы майда.

Қашқанды, қуғанды да құтқармайтын

Тазыңыз жел қанатты жылқыдай ма?

Жылқысыз бұл қазаққа ұйқы қайда,

Өңгесі – өнбес қиял, қиқым ой ма?

Тазының баптағаны – төрт аяғы,

Түлкінің оққағары – сиқыр, айла.

Сиқырға сеніп келдік,

Айлаға да.

Сенбесек сергек көңіл жайлана ма.

Шіркін-ай, бір жүйрікке мініп алып

Кəнеки, тартып кетсең айдалаға!..

Шығарып қансорпасын сол күліктің,

Ішіне еніп кетсем мəңгіліктің…

Жан даусы жапандағы жарықтықтың

Жадында қайталанса Жаңғырықтың!

…Тазы ертіп,

Жүйрік мінген шағым қайда?

Зар болып қалдым ба, əлде, Қарымбайға?

Алдыңа қарай жүрші, ей, қарағым,

Көзіңе Түлкі-заман шалынбай ма?..

Иә, әр адамның да тазы ертіп, жүйрік мінген дерлік, қапысыз қауметті шағы болады ғой. Ақын айтқанындай, мынау Түлкі-заманның, жаһандану дәуірінің жарқыл-жұрқылына алданбай, Тазы болып шалу, өзіміздің үлесімізді алып қалу, осы арқылы қазақтығымызды сақтап қалу – бүгінгі күннің басты талабы.

Бұла қазақтың еркін рухын, қайсар болмысын танытатын желден жүйрік тазысын өзіміз танып, одан соң өзгеге танытудағы алғашқы қадам басталды. Оның дәлелі – бүгінгі мереке. Сондықтан Ұлы Даланың ежелден бері келе жатқан құндылығы тазыны әспеттеу – өткеннің жәдігері ғана емес, бүгінгі ұлттық сананың да маңызды нышаны. Тазыға қатысты ұғыммен сананы сәулелендіріп, жадымызда жаңғырту – өз тарихымызды, табиғи мұрамызды және ата-баба мәдениетін қадірлеу деген сөз. Ұлттық құндылықты ұлықтау күні құтты болсын!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan