29 желтоқсанда жазушы, танымал аудармашы, журналист, филология ғылымдарының кандидаты Құрманбек Сағындықовтың туғанына 115 жыл толды. Осыған орай шығармашыл тұлғаның өмір жолындағы кейбір сәттерді ол туралы хаттар арқылы беруді жөн көрдік.
Құрманбек Сағындықов 1910 жылы қазіргі Жамбыл облысының Жуалы ауданы, Қоңыртөбе аулында дүниеге келген. Туған жерінде мектеп табылдырығын аттап білім алған.
Соғысқа дейінгі еңбек жолы
Еңбек жолын халық ағарту саласында бастаған: 1928-1929 жылдары бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарысу ауданының Тарақты мектебінде мұғалім әрі меңгеруші; 1929-1930 жылдары Жуалы ауданында мұғалім және мектеп меңгерушісі; 1930-1931 жылдары Жуалы аудандық халық ағарту бөлімінің (райОНО) меңгерушісі; 1931 жылы Жуалы ауданына қарасты Қазанка ауылындағы жұмысшы жастар мектебінің директоры болып қызмет атқарған.
1931-1933 жылдары Жуалы аудандық «Тау сағызы» газетінің редакторы. 1933–1936 жылдары – Қазкеңескәсіподақ (Казсовпроф) жанындағы ұйымдастыру бөлімінің орынбасары, ақпарат секторының меңгерушісі. 1936–1937 жылдары – Қазақ КСР-індегі сүт-ет совхоздары қызметкерлері одағы ОК-нің басқарма істерін жүргізушісі. 1937-1941 жылдары - Қазақ көркем әдебиет баспасының жауапты редакторы. 1941 жылы — Қазақ бірлескен мемлекеттік баспасының бас редакторы міндетін уақытша атқарушы. 1941 жылғы 23 шілдеден қараша айына дейін – Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Радиокомитеттің бас редакторы.
Ағарту институтының тұңғыш курсын және аудандық газет редакторларын даярлау курстарын тәмамдаған.
Армиядағы қызмет жолы
Әскерге шақырылудан босату (бронь) мүмкіндігі бола тұра, өз еркімен Қызыл Армия қатарына кірген. 1941 жылдың желтоқсанынан 1942 жылдың мамырына дейін Қырғызстанның Ош қаласындағы әскери-саяси курстарда оқыды. Курсты аяқтағаннан кейін саяси жетекші (политрук) әскери шенінде И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында майданға жіберілді. 1944 жылдың соңына дейін осы дивизия қатарында болды: әуелі танкке қарсы зеңбіректер батареясының комиссары, кейін дивизиялық «За Родину-Отан үшін» газетінің редактор орынбасары қызметтерін атқарды. 1945-1946 жылдары Қызыл Армияның Бас саяси басқармасының қызметкері болды.
Қызметі үшін Қызыл Жұлдыз, II дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, сондай-ақ «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен және басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Соғыстан кейінгі еңбек жолы
Әскер қатарынан босатылғаннан кейін Алматы қаласына оралып, Партия тарихы институтына жолдамамен жіберілді. 1946-1950 жылдары осы институтта аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1950-1953 жылдары – КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы. 1953–1957 жылдары – Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институтында марксизм-ленинизм классиктері еңбектерін аудару секторының меңгерушісі. 1957 жылдың желтоқсанынан 1959 жылдың мамырына дейін – «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы. 1959 жылдың мамырынан 1962 жылдың маусымына дейін – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Радиохабар тарату және теледидар комитетінің төрағасы. 1962 жылдың маусымынан 1965 жылдың басына дейін – Шымкент қаласындағы біріктірілген өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» және «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінің бас редакторы. 1965 жылдың қаңтарынан бастап — «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы қызметін атқарды.
Жетістіктері
«Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. «Қазақстанның мәдениетіне еңбек сіңірген қызметкер» атағына ие болған.
Шығармашылық еңбектері
Құрманбек Сағындықовтың аударма саласындағы еңбегі ауқымды. Советтік қоғамның саяси-идеологиялық сұраныс, талап, қажеттілігіне сәйкес, Маркс, Ленин, Сталин еңбектерін қазақ тіліне аударды. Көркем әдебиет саласында М.Горькийдің «Ана» романын, әңгімелері мен публицистикалық шығармаларын, А.Пушкиннің повестерін, Л.Толстойдың «Қажымұрат» повесін, И.Тургеневтің әңгімелерін, Лопе де Веганың «Ит – шөп қорығыш» пьесасын, А.Островскийдің «Найзағай» және «Кінәсіз кінәлілер» пьесаларын қазақ тілінде сөйлетті. Басқа аудармашылармен бірлесіп А.Макаренконың «Педагогикалық поэмасын», В.Василевскаяның «Кемпірқосақ» романын, К.Станиславскийдің «Өнердегі менің өмірім» еңбегін, М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының екінші томын аударуға қатысты. А.Бектің «Волоколам тас жолы» повесінің қазақ тіліндегі аудармасы бірнеше мәрте қайта басылып шықты.
М.Ғабдуллин хаттарындағы Құрманбек Сағындықов тұлғасы
Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллин мен Құрманбек Сағындықов – майдандар қарулас, газетте қаламдас, жұмыста қызметтес болған адамдар. Мәлік Ғабдуллиннің майданнан жазысқан хаттарында Құрманбек Сағындықовқа қатысты ақпараттар жиі ұшырасады. Ондағы мәтіннің мазмұнынан Құрманбек Сағындықовтың шығармашыл зиялы қауым арасындағы биік орны оған деген ілтипат, құрмет аңғарылады.
Мәлік Ғабдуллиннің эпистолярлық мұрасында Құрманбек Сағындықов есімі «Құрекең, Құрмаш» түріндегі ілтипатты рәуіште оншақты хатта аталады. Олардың әрқайсысы сыйластық, түсіністік қамқорлыққа толы. «Құрмаштың үй іші туралы ЦК-ға хат жаздым, «Алматыға алдырып емдеңдер, жәрдем беріп, жағдай жасаңдар дегенді айттым. Одан қандай қорытынды боларын білмеймін.
Бауке, Сіз сырқаттанып жүрген көрінесіз. Біраз уақытқа емделіп, дем алған да жақсы ғой. Осы жөнінде ходатайство жаса деп ЦК-ның Шаяхметовына хат жазсам қалай болар еді? Бұған не ақыл бересіз? Бұл әңгімені айта алуға тартына беретініңізді білемін.
Тағы хат жазам. Хат жазып, амандық білдіріп тұрыңыз. Сізді қадірлеуші ініңіз Мәлік. 1-майыңыз құтты болсын. Жайнаған жазда жарқын болуыңызға тілектеспін. Ғабдуллин.», - деп жазады, 1943 жылы 1 мамырда жазған хатында.
Ал Бауыржан Момышұлы Мәлік інісіне1943 жылы 12 ақпанда жолдаған хатында былай деп жазады: «Мәлік! 1943 жылдың 12 ақпаны күні Бауыржан Момышұлының жазған хатынан үзінді келтірелік: «Январьдың 31-інде жазған хатыңды алдым.
...Өзіңнің батырлық атағыңа құтты болсын айтып алдыңғы хатқа жазғамын – алған боларсың. Мадиярдың үйінде отырып Құрмаш мен екеуіміз бас қосып, шешем мен келінге арнап әйтеуір жақсылап хат жаздық. Хаттың мазмұны менімше өте әйбет шықты.
Қуаныш настроениесі арқылы барлық жазушылық талантымды салып-ақ жаздым. Оқып көрерсің. Төлегеннің шешесіне де хат жаздық. Өзіңе жазған хатқа, барлық күшім алдыңғы хатқа кеткеннен кейін жазып едім. Өте қысқа, өте терең болып шықпауы керек. Оны айып етпессің. Бауыржан.» Баукеңнің бұл айтып отырған хаты – Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының батыры атағын алғанда:
Ел күйзелген кезінде,
Ерлік еткен бауырым.
Жау жағадан алғанда,
Батырлық еткен бауырым.
Ел намысын құрметтеп,
Ер намысын ізеттеп.
Құтты болсын айтамын,
Шын жүректен Мәлігім! –
деп өлеңмен жазған құттықтауы болатын. Мұндағы батыр Баукеңнің хатындағы «Төлегеннің шешесіне де хат жаздық» деген сөзін белгілі қаламгерлер Елен Әлімжанов пен Тұрлыбек Доқтырханның 2025 жылы 25 мамырда «Қазақ әдебиеті газетінде жарияланған «Ұлт ардақтысы ұмытылып бара жатыр» атты мақаласымен сабақтайық. Мақалада Төлеген ердің ауыр қазасын анасына хатпен естірту – Құрманбек Сағындықовқа тапсырылғаны, оның көшірмесі хат иесінің өзінде сақталғаны туралы айтылып, сол хаттан үзінді беріліпті: «Қадірлі Ғазиз ана! Түн ұйқыңды төрт бөліп, ақ сүт беріп, аялап өсірген жан ботаңыз Төлеген еді. Ел басына ауыр күн туып, ат ауыздығымен су ішіп, ер үзеңгіден қар кешкен заман туғанда, қанға жерік фашист деген жау шалғын жерімізді, шалқар көлімізді, ырыс-бақытымызды тартып алуға тап бергенде оған қарсы, ана сүтін ақтаймыз деп бар өлкеден ерлер аттанды. Ұрысқа белді бекем буып шыққан ерлердің бірі – сіздің Төлеген ұлыңыз еді...
Талай қантөгіс ұрыстарды сіздің ұлыңыз жау қамалын жалғыз бұзған Қобыландыдай, ер намысы деп, ел намысы деп жауын жапырған Ер Тарғындай қаһарман батыр атанды, – Төлеген сынды батыр ұлыңыздың қазасына сізбен бірге біз де қайғырдық… Төлегендей батырды тәрбиелеп, өсірген сіздің өркеніңіз өссін, шеше!»
Осылайша қалам тербеген Құрманбек осылайша ұлының ауыр қазасын анасына жеткізеді, сөзбен қайраттандырып, демеу береді.
Ал Мәлік Ғабдуллин хаттарының көбінде қарулас досы, ағасы Құрманбек Сағындықовтың өміріндегі қуанышты сәттер туралы айтылған. 1944 жылы 2 маусымда Бауыржан Момышұлына жазған хатында Құрманбектің орденге ие болғандығы туралы қуанышын бөліседі: «Айтпақшы, жақында Құрекеңнен хат алып едім. Ол «Қызыл Жұлдыз» орденін алыпты және оған капитан атағын беріпті. Ол біздің жақсы жолдасымыз ғой. Сізге де құтты болсын айтып жақсы жолдасыңыздың абыройлы болғанына қуаныш білдірем!»
«Қызыл Жұлдыз» – майданда ерекше ерлік көрсеткені үшін берілетін орден. Сұрапыл шайқаста ерлік жасаған Құрманбек Сағындықов туған елге қысқа мерзімдік демалыспен келген. Жазушы Мұхтар Әуезов 1943 жылы 11 шілдеде Мәлік Ғабдуллинге былай деп хат жазады: «Соңғы кезде майданнан бірнеше жолдастарың келді. Балтабек Жетпісбаев пен Құрманбек те жақсы шыныққан. Қайсысының болса да ірілеп, қайрат тауып, қасиеті ашыла түсіп, нұрланып келгенін көргендей боласың. Ерлік – азаматтың нұры. Осыдан артық жарастық жоқ. Осыларға қарап отырып мен «бүгінгі тірі жүрген қазақта осы майдандағы азамат бауырларымнан артық жақыным да, жақсым да жоқ» деп білдім.» Мұхтар Әуезовтің «жақыным да жақсым да жоқ» деуі де бекер емес. Құрманбек Сағындықов – «Абай жолы» романының тұңғыш басылымының тұңғыш редакторы екен. Жазушылар Е.Әлімжанов пен Д.Тұрлықановтың жоғарыда келтірілген мақаласында мынадай жолдар бар: «...Ол өзінің шығармашылық мүмкіндігі мол қаламгер екенін көркем әдебиет баспасында редактор, бас редактор болып жүргенде-ақ (1937–1941) көрсете білген. Осы баспаның сол кездегі бас директоры Бейсембай Кенжебаевтың Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының бірінші кітабын тездетіп шығарып жіберген ерлігі, сол үшін теперіш көргені кейіннен жазылды. Ал сол романның тұңғыш басылымының тұңғыш редакторы Құрманбек Сағындықов (Қуандық Шаңғытбаевпен бірге) болғанын көпшілік біле бермейді. Құрманбек ағамыз бұл теперіштен соғысқа кетіп (1941) құтылған сыңайлы.»

Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының батыры атағына ие болғаннан кейін бірнеше ай өткен соң ұрыс даласынан Мәскеудегі Саяси Бас басқармаға қызметке алынғаны белгілі. Бұл қызметке алынудың Құрманбек Сағындықовқа тікелей қатысы бар. Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Тоғыз толғау» атты деректі кітабында Мәлік Ғабдуллиннің мынадай естелігі бар: «1944 жылы 4 декабрьде мені майдан штабынан Москваға шақырды. Келдім.
...Майданға қайта барып, жолдастармен қоштасып келдім де, жаңа қызметіме кірістім. Қызмет орнымыз Қорғаныс министрлігі үйінің ішінде – бір жақ қанатын Саяси Бас басқармаға берген. Мен басқаратын топтың екі түрлі міндеті бар: бірі – үгітші блокнотын шығару, екіншісі – орыс емес ұлт жауынгерлерінің арасындағы үгіт-насихат жұмысының тәжірибесін жинақтап, қорыту. «Үгітші блокнотының» редакторы – баяғы академияда кіші ғылыми қызметкер етіп мені қабылдайтын Сәрсен Аманжолов. Өз қарамағымдағы топқа қызметке майданнан Құрманбек Сағындықовты алдырдым.»
Осылайша Мәлік Ғабдуллин мен Құрманбек Сағындықовтың соғыс аяқталғанға дейінгі Мәскеудегі шығармашылық жемісті жылдары басталады. Мұндағы қызметтің бағытына байланысты олар Мәскеуден іссапарға жиі барып, майдан шебіндегі жауынгерлермен кездесулер жасап тұрған. Бауыржан Момышұлына 1945 жылдың 4 сәуірінде жазған хатында Мәлік былай дейді: «Құрекең өткен айдың 18-інде Берлинге жүріп кетіпті. Ол осы айдың 20-сы кезінде қайтып келуі керек. Оның бұл командировкасы өте жақсы болған деп отырмын.»
Ал осы жылдың 18 маусымында жолдаған хатынан мынадай жолдарды көреміз: «...Құрманбек «Волок. шоссені» аударып жатыр. Бірінші бөлімін болып та қалды. Біраз жайды ол өз алдына жазар.». Яғни Құрманбек Сағындықов бұл тұста майдандағы үгіт-насихат жұмыстарымен қатар, оның бір бағыты ретінде А.Бектің әйгілі кітабын аударып жатыр.
1945 жылдың көктемінде көптен күткен жеңіс күні де жетіп, соғыс аяқталады. Мәскеудегі Саяси Бас басқармада жауапты жұмыс атқарып жүрген Мәлік Ғабдуллин мен Құрманбек Сағындықовтың екеуінің де арманы – Мәскеуде қалып мансап жасау емес, елге оралу болыпты. Бұл жөнінде Мәліктің Бауыржан Момышұлына жазған бірнеше хатында айтылады. Мәлік Ғабдуллин 1945 жылдың 3 тамызындағы Баукеңе жолдаған хатында былай деп жазады: «Мұндағы қызмет жайымызды Құрмаш таныстырған болар. Көңіл толқуы күшті. Болашаққа көз жіберсек, әр нәрсені ойлап бас қатырамыз. Қолда күші, басында билік болмаған соң, көт қысып, отыра бересің де. Ел жаққа барып істегіміз келеді-ақ. Онда жіберіп те, шақырып та жатқан адам жоқ. Сонан соң «бірдеме бола жатармен» жүрміз. Сізге қандай ақыл бергенімізді Құрекең айтқан болар. Досыңмен алыстан сыйласқан да жаман болмас. Басқа сөз жоқ. Тағы да хат салармын. Амандықпен жолыққанша қош сау болыңыз.»
Ақыры Мәскеуден туған елге оралуға асық болған Мәлік Ғабдуллин әскери академияға берлген жолдамадан да, екі бөлмелі пәтерден де бас тартып, Алматыға оралады. Елге келген бойы Бауыржан Момышұлына былай деп хат жазады: «Бауке! Мен сізге май қарсаңында бір ғана телеграмма бергеннен басқа қат-қабар жаза алмадым. Мұның мәнісі, көптен бері алдағы қызмет шешілмеуіне байланысты болған. Мен мұндағы бастық жолдастардың бәрінде болдым. Әр түрлі қызмет ұсынып еді, оған бармадым. Барар жерім де, істей алатын жерім де академия деп отырып алдым. Сонымен мәселе шешілді.
Академияның тіл-әдебиет институтына директорының орынбасары болып істеп жатырмын. Қал жақсы. Осы арадан Құрекеңе бір орын қойып отырмыз. Өзім әлі пәтер алғам жоқ. Бөбек өсіп жатыр. Бақыт-Жамалдарға да аман, барып тұрам. Тағы хат салармын. Вера Павловнаға сәлем. Мәлік. 16.Ү.46.»
Құрманбек Сағындықов та Мәскеуден елге оралады. Қызмет жолы туралы дерек жоғарыда қысқаша берілді.
Бүкіл саналы ғұмырын туған халқының рухани өсіп-өрлеуіне арнаған қаламы қарымды жазушы, аудармашы, майдангер журналист, редактор Құрманбек Сағындықовтың өмір белестерінің кейбір тұстарын әдебиет қайраткерлерінің хаттары арқылы өрнектегенде осылай болды. «Ер есімі – ел есінде», - дегендей, елі үшін майданда ерлік көрсетіп, бейбіт өмірде рухани қазынасын молайтуға қызмет еткен тұлғалардың есімі еске алынып, атала берері сөзсіз.
Мақаланы дайындауға пайдаланылған құжаттар М.Ғабдуллин музейі қорынан, фотосуреттер ашық ғаламтор беттерінен алдынды.
