Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының PhD докторы Нұрқалық Абдырақының жаңа үш кітабы жарық көрді. Бұл ғылыми монографияның бірінші кітабында көне қытай әдебиеті толығымен қарастырылып, жан-жақты зерделеніп ғылыми түрде талданды.
Бұл үш кітапта Қытайдың барлық патшалық кезіндегі әдебиетке талдау жасалып, ондағы қаламгерлер шығармаларының көне қытай тіліндегі түп нұсқасынан үзінді келтіріліп, аудармасы қоса берілген. Аталмыш еңбек қытайтану бағытындағы ізденушілермен мен әдебиет сүйер жалпы оқырман қауымға арналған.
Қытай ежелгі дәуір (б.э.б 2070ж) жыл санауының арығы кезеңінен басталып 1840 жылғы «апиын өртеу қозғалысына» дейінгі әдебиет- көне қытай әдебиеті деп аталады. Қытайдың көне әдебиеті Қытай өркениетінің маңызды бөлігі, оның тарихы өте терең әрі бай, Қытай өркениетінің пайда болуымен бірге басталған. Ұзақ тарихта ұрпақтан ұрпаққа жеткен әйгілі жазушылар мен сансыз үздік шығармалар дүниеге келген, әдебиетте әртүрлі жанрлар, тақырыптар, стильдер мен бағыттар қалыптасқан. Әдеби құбылыстар, әдеби ағымдар мен теориялар жасалды, олардың мазмұны өте бай әрі алуан түрлі. Бұл – баға жетпес мәдени мұра.
Қытай көне әдебиеті үш дәуірге (上古、中古、近古) бөлініп, жеті кезеңге жіктеледі. Қытай әдебиет тарихын үлкен өзенге ұқсатсақ, біз ағыс бағытына қарсы жүріп, оның бастауын іздесек, оның арнасы бұлдыр аспанмен көмкерілген, анығын білу мүмкін емес. Оның нақты басталу нүктесін таба алмаймыз, басталу уақытын да дәл анықтау қиын. Ауызша таралған дәуірдегі әдебиет тым ерте болуы мүмкін, кейінгі жазбаша деректер сол бір сиқырлы дәуірге деген сағыныштан туындаған естелік қана. Ең сенімді болжам бойынша, б.э.б. 11 ғасырда, яғни «Шицзиң» (《诗经》) жинағындағы кейбір өлеңдерге қарап әдебиет өзенінің сұлбасы анық байқауға болады. Әдебиет теңізіне көптеген бұлақтар құйылып, ол барған сайын кеңейе түсті. Онда үлкен толқынды шақ та, қайраң тартқан кездер де болды, бірақ әдебиет ағысы ешқашан тоқтаған жоқ. Егер әдебиеттің көне тарихын сөз етсек, тек ежелгі грек пен үнді әдебиеттері ғана Қытай әдебиетімен теңесе алады.Ал әдеби дәстүрдің үзілмей жалғасуы тұрғысынан, Қытай әдебиеті алда тұр.
Қытай әдебиетін бір үлкен өзен деп қарастырсақ өзеннің жоғары, орта және төменгі ағысы болатыны сияқты, Қытай әдебиетінің тарихы да бастапқы көне дәуір (上古), орта көне дәуір (中古), және кейінгі көне дәуір (近古) болып үшке бөлінеді. Бұл – Қытай әдебиетінің тарихи кезеңдерінің бөлінуі. Осы үш негізгі дәуір тағы да жіктеліп, жеті кезеңге бөлінеді.
Көне қытай әдебиетінің үш көне дәуірі мен жеті кезеңі былай таратылады.
Бастапқы көне дәуір (上古期): Синь патшалығына дейінгі (б.э.б.3 ғасырдан) және Хань дәуірі (б.з.д. 3 ғасырға дейін) мезгілді қамтиды.
Бірінші кезең: Синь патшалығына дейінгі кезең (б.э.б. 3 ғасыр).
Екінші кезең: Цинь және Хань(б.з.д. 3 ғасыр).
Орта көне дәуір (中古期): Вэй-Цзинь патшалығынан Миң әулетінің орта кезеңіне дейін (б.з.д 3 ғасыр – 16 ғасыр).
Үшінші кезең: Вэй-Цзинь патшалығынан Таң әулетінің орта мезгіліне дейін (Тяньбао патша кезеңінің соңына дейін).
Төртінші кезең: Таң патшалығының ортасынан Оңтүстік Суң әулетінің соңына дейінгі мезгіл.
Бесінші кезең: Юань патшалығы басынан Миң әулетінің ортасына дейін (Чжэнды патша уақытының соңына дейін).
Кейінгі көне дәуір (近古期): Миң патшалығының ортасынан бастап «4 мамыр 1919ж» қозғалысына дейін (16 ғасыр – 20 ғасырдың басы).
Алтыншы кезең: Миң Цзяцзин патша уақытынан Апиын соғысына дейін (1840 жылдардағы) мезгілді қамтиды.
Жетінші кезең: Апиын соғысынан «4 мамыр1919 жыл» қозғалысына дейін (1919 ж.)
Екінші кітапта жаңа заман қытай әдебиетінің бірінші бөлімі (1840-1949 жылардағы) әдебиеті қарастырылып, жан-жақсы зерделеп ғылыми түрде талданған.
Қытай жаңа заман әдебиеті аумалы-төкпелі дәуірлердің толқынында үздіксіз дамыды. Қытайдың жаңа әдебиеті (1840–1949) – Қытай қоғамының түбегейлі өзгерісі мен мәдени ауыс-түйісінің маңызды куәсі.
Бұл кітапта қытайдың таяу заман (1840–1917) мен қазіргі заман (1917–1949) екі кезең әдебиеті қарастырып, сол уақыттағы әдеби дамудың арнасын, ой ағымдары мен жетістіктерін жүйелі түрде талдап, оқырманға айқын әрі терең тарихи көзқарас ұсынуды мақсат етеді. Жаңа қытай әдебиетінің басталуы отаршыл державалардың әскери күшпен Қытайдың есігін ашып, бұрын тұйықталған ежелгі елдің жартылай отарлық, жартылай феодалдық қоғамға айналуымен тұспа-тұс келді. Дәстүрлі егіншілік өркениетінің әлеуметтік құрылымы мен идеологиялық жүйесі Батыс индустриялық өркениетінің күшті ықпалынан шайқала бастады.
Таяу заман әдебиеті (1840–1917) - соңғы Цин дәуіріндегі әдеби өзгерістерден бастау алады. Апий соғысынан кейін Қытайдың есігі еріксіз ашылып, зиялылар «дүниеге көз тіге» бастады. Алғашқы кезеңде Гун Цзычжэн сияқты зиялылар қалам арқылы феодалдық дәуірдің шіруі мен тоқырауын сынап, қоғамды реформалауға үндеу жасады. Яң У қозғалысы (батыс технологиясын меңгеріп, қытайды дамыту) мен «Қытай білімін негіз, Батыс білімін құрал ету» идеясы әдебиетке де ықпал етті, сондықтан кейбір жазушылар дәстүрлі мәдени өзегін сақтай отырып, батыстық әдеби формалар мен тақырыптарды игеруге тырысты.
Соңғы кітап осы заман қытай әдебиетінде реформа мен ашық есік саясаты кезеңінде (1978-2000) әдебиет бұрын-соңды болмаған еркіндікке қол жеткізді. 1978 жылдан кейін «Жаралы әдебиет» (伤痕文学) ағымы пайда болды. Лю Синь Удың «Сынып жетекшісі», Лу Синьхуа «Жара» шығармалары «Мәдени революцияның» халыққа тигізген зиянын көрсетіп, тарихи шындыққа назар аудартты. Кейіннен «Рефлексиялық әдебиет» (反思文学) өткеннің терең себептерін зерттеуге бет бұрды, ал «Реформа әдебиеті» (改革文学) жаңа заманның әлеуметтік өзгерістерін талдауға кірісті. Бұл ағымдар тарихтың тыйым салынған шекарасын алғаш болып бұзды; тұманды поэзия (朦胧诗) модернистік эстетика арқылы жеке адамдық үнді қайта құрастырды.
Лу Яо, Чэнь Чжунши, Цзя Пинва секілді жазушылар реализмді тереңдетсе, ал Мо Янь, Юй Хуа, Су Тун, Сән Шуе бастаған қаламгерлер «авангард әдебиеті» қозғалысын өрістетіп, баяндау тәсілдері мен тілдік тәжірибелер арқылы романға жаңа көзқарас әкелді. Тоқсаныншы жылдардан бастап нарықтық экономиканың өрлеуі әдебиетті көптүрлілікке бағыттады: қала прозасы, әйелдер жазуы, фантастика секілді жаңа арналар қалыптасып, әдебиет өз болмысына оралу мен шынайылыққа үн қату арасында жаңа мүмкіндіктер тапты.
XXI ғасырға қадам басқанда, қытай әдебиеті бұрынғыдан да ашық әрі аралас сипатқа ие болды. 2000 жылы Эмигрант жазушы Гау Шиңжияннің 2012 жылы Мо Яньның Нобель әдебиет сыйлығын алуы – қытай әдебиетінің әлемдік деңгейде мойындалуының айғағы болды. «Үш дене» сияқты фантастикалық шығармалар сәтті түрде мәдениеттер арасындағы байланыс арнасын кеңейтті. Көркем емес прозалық жазбалар (non-fiction) өткір көзқарасымен қоғам шындығын бейнелесе, интернет әдебиеті орасан зор шығармашылық қуатымен үлкен индустрияға айналып, жанрға бай, оқырманы мол орта қалыптастырды әрі IP-негізіндегі жобалар арқылы жаһандық ықпал етті. Сонымен бірге, әйелдер әдебиеті, аз ұлттар әдебиеті, шетелдегі қытай тіліндегі шығармашылық сияқты сан алуан үндер қазіргі әдебиеттің рухани картасын байыта түсті.
Интернет платформалары арқылы таралған шығармалар қиялға толы, қызықты сюжетті және қарапайым тілмен жазылуы арқылы оқырмандарды баурап алды. Бүгінде Қытай әдебиеті өзінің терең тарихи тамыры мен заман талабына сай жаңғыру үрдісін үйлестіре отырып, көптүрлілікке ұмтылуда. Ғаламдық ықпалдастық жағдайында қытай әдебиеті ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, әлемдік әдеби процестерге белсенді түрде қосылды.
Атламыш кітаптарда қаламгерлер мен туындылардың, ағымдар мен ой-пікірлердің көркемдік жетістіктеріне назар аударылып қана қоймай, әдебиеттің саясатпен, экономикамен, техникамен және шетелдік ықпалымен өзара байланысы да сарапталады. Осындай жүйелі шолу арқылы біз оқырманның Қытайдың қазіргі заман әдебиетінің тарихи дамуы мен көркемдік серпілісін ұғынуына, әрі әдебиеттің қытай қоғамының жаңғыру үдерісіндегі мәдени үн мен рухани айнаға қалай айналғанын терең түсінуіне мүмкіндік береді.
