Рамазан Бауыржанұлы – «Жебе» қоғамдық қорының мүшесі, «Дүниеге келер әлі талай Қасым...» Республикалық VIII дәстүрлі Қасым Аманжолов мүшәйрасының 1 - орын иегірі, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай шығарылған төс белгі, облыстық «Поэзия көктемі» поэтикалық дуэльдің бас жүлдесінің иегері.
Әже
Ақ маңдайың:
Жүрегіне сұп-суық тапқандай мұң.
Жүрегіне қап-қара батқандай түн.
Сіз кеткелі жүйке әлсіз, шыдам өлген,
Сөніп бара жатқандай күн.
Әлсіз — ғалам.
Күбірлейсің түні іші жансыз маған.
Өмір сүре бере ме мәнсіз де адам?!
Көбір — ойға оранған кеспір тоңып,
Қораланған Ай анау, таңсыздаған…
Санам сайрам…
Қамықпаңыз ол жақта балаңды ойлап.
Тіршіліктің демін де ғалам қайнап.
Бәрін тастап, тынысым біткен күні,
Менде барып қаламын алаң жайлап.
Келем менде,
Мына әлем тоз-тоз боп көнерген де.
Көресінді көреді-ау көрер пенде.
Келем менде,
Сіз кеткен жақ жұмаққа кенелген де.
Келем мен де…
***
Жел өтінде,
Белбақанның белінде, уық – көңіл.
Түннен қалған қымыздай,
Ерінімде қалтырап суық өмір.
Жұлым-жұлым,
Құрым киіз жүрегім жел өтінде.
Қатты тоңдым әжетай,
...Кеше түнде.
Туған өлкем...
Түңіліктен үзілді кіндік бауым.
Қара түннен қаралы,
Мұң естіріп үздікті әр үн.
Көктей алмай,
Керегедей көңілді туған өлкем.
Аңсарымның ішінде жусан дәмі,
Сағыныштың жамалы тұнған өрт, өң.
I
Ызғарлы.
Қараша. Түн.
Мүмкін,
Біз қыдырған бақтарда күз қалды.
Күнәмді өшірген періште – әппақ қар,
Көміп жатыр біз жүрген ізді әлгі.
Ызғарлы.
Қараша. Түн.
Мүмкін,
Бір болмайтын шығармыз біз мәңгі.
Көріпкелдей бал ашам,
«Оралмайтын шығар» деп күз мәңгі.
II
Жан мұңданды...
Қараша. Түн.
Мүмкін,
Тыңдамаған дұрыс па тағдырлы әнді?!
Айта алмай саған ақыл,
Тыңдап отырам ютубтан сал Біржанды.
Жан мұңданды...
Қараша. Түн.
Мүмкін,
Қыркүйектің солғанда ән, күй бағы.
Салқын тартып барасың қарашадай,
Қарашығыңа ой буып жаңбыр жады.
Ғұмыр
Эквадор сызығынан ұзын ғұмыр.
Ойларым ғалам кезіп, ізім түгіл.
Гүржістан – сырға толы шарапхана,
Жұтылып өліп жатыр жүзім – ғұмыр...
О, менің сал Біржандай ғұмыр әнім.
Дәміндей «Цинандали» ұғынар кім?!
Дәрет ап зәмзәм суға, күн құшақтап,
Сәжде етіп шығыс шаққа жығыламын.
Жетелеп ұятымды мұқым әлем.
Сәтсіздік сеңдей көшіп жұтып әр өң.
Сол күні шарап ішсем ағылтегіл,
Нән дәудің құшағынан құтылар ем.
Сол кезең, содан бері күйік билеп.
Бас төмен, деліқұлы. ...Сүйікті ұл ма ек?!.
Әрқашан Жәбірейіл жан алғанша,
Гүржістан шарабынан құйып тұр кеп.
***
Дариға дәурен.
Құлап бара жатамын. Құлап бара.
Жас көмкерген тоңғақ – үн,
жылап–дала. Көмейімнен,
Ең ащы әуез оянды құлақтана.
Дариға дәурен.
Бір сазды әуен шертеді жүрек қылын.
Естеліктер ескірткен күн өтті мың.
Ескі мақам,
Қарашықтың жадына түнетті мұң.
Дариға дәурен.
Неге толқи бересің жарым көңіл.
Бұлқынысың қарашы жанын жегір...
Көлеңкеме бүктелген өткен шақты,
Көбелектің көзінен сағынды өмір.
Ағым
Пейіштің нұрына бөккен,
Кешкі іңір. Күн батты құбыла беттен.
Жүрегім – айсберг, көңілім – үскірік жел,
Тәңірге басымды исем, жылынады еппен.
Кешкі іңір. Аттанады көшерге күн,
Идірген төрткүл дүние қос емшегін.
Құдайлар ойланып тұр таң алдын да,
Келеді… Осы – өлшемім.
Кердеңдеп кер далада пенде – Құдай,
Қансырап құсни ойдан – өлгенім-ай…
Кер заман кебін киген құм дауылдан,
Шөліркеп көргенім жоқ шөлде бұлай.
Мұса,
Ғайса,
Мұхаммед –
Дін құйған шарап ішкен ызғарлы нәр.
Құсадан, құзар шыңнан, мұңнан құлар…
Тобырдың тобық ойлы тоқтауынан
Зар ішіп, заһар ішіп, гүлзар жырлар.
Батысқа жүгінемін Құдайды іздеп,
Сан тарам діни ағым – жылайды із көп.
Балбалтас, бәдіз – кеуде, сақи далам,
Жебей жүр, әзиз баба, Ұмай бізді өп.
Ол
Көше тағдырым...
Қадамдар басылаған...
көшеде ойлар кетіп барады.
Қораптағы темекі қашан өлетіні жайлы қайғы шекпейді.
Жарнаманың дауысын естісең құдды жәннатқа кіргің келетін сияқты.
Көше даңғылындағы бағдаршам
өмір белестеріне боялаған.
Оның болмысы қаладағы барлық дыбыстарды бойына сіңірген.
Оған күл десең күледі,
қайғыр десең қайғырады.
Жаз десең жазады,
айт десең айтады.
Ол – ғаламшарлық адам.
Мүмкін ар-намысы ұмаждалған екі жүз теңге.
Мүмкін ар-намысы ай құшақтаған жарық түн.
Кім болса да, ол – ғаламшарлық адам.
Ол – адам.
Ол – ойлануды білетін адам.
Ол – адамның қасындағы адам.
***
Кейде,
Мұңға батып отырасың тұптұнық.
Көлеңкеден суретіңді салып ап.
Кейде,
Ауып бара жататындай тағы бақ,
Көрсете алмай намыс, қайрат, түк қылық.
Кейде,
Қауырсыннан жеңіл ойға жұтылып,
Күйреп дүние оянасың таң алды.
Кейде,
Қайғы, шер, мұң орап алған кескінді,
Жалған дерсің мынау ғазиз бес күнді.
Кейде,
Бәрін ойлап отырған да осының,
Ұшып кетеді жүрегімнен жасыл үн.
***
Сынбай қалсын көңіліңнің әйнегі.
Қоңыр көзің жылауға да кекшіл тым,
Кірпігіңнен төгіледі ой демі.
Сен білмейтін ең ауыр бір күнә бар.
Ол дейтінім: ғашық сезім, асыл – сөз,
Айтылмайтын басқа ешкімге шын адал.
Сені ойлауға болады ылғи шүбәсіз.
Өзің жайлы түс көремін түнімен,
Оянамын бірақ сосын күнәсіз.
Саған деген сезімдерді құшақтап.
Ай арытып, күн сөндіріп,
Бұлтқа сіңіп кетем бір күн түсі әппақ.
Жүрегінде жасырады кім нені?!
Құдайымыз көрмейтіндей екеуміз,
Іштен жауып алайықшы түрмені...
***
Сен тұратын әлем – сенің иісің аңқыған мекен,
Сенің иісің қосылған ауа – шалқыған көркем.
Менің жан дүниемнің дәрісі – сенің болмысың,
Саған деген самал жел ескен, көңіл – таң мүсін.
Сені сүю – балмұздақ татыған өмірдің ішіндегі ләззат,
О, тәп-тәтті, қоп-қоңыр түсін мені мұң ғажап.
Сенің жұпар иісіңнен – жүрегімдегі әуен оянып,
Сенің табиғат қосылған гүл ерініңдегі әлем оянып…
***
Сенің иісіңнен әтір жасайын,
Жаңбыр тамшысын қосып.
Кемпірқосақтың түсімен бояп.
Жұпар аңқыған ғасырды құшақтап, өзіңмен бірге.
Ай саулесінен жарық ап,
Күн сәулесіне жылынып отырайық,
Менің мейірбан, ботам!
Сенің иісің сезім нүктелерімде
Билейді ылғи,
Көңілді әуеннің үнімен, ботам!
Маньяк
Оның ойлары Семей полигонынан мутацияға ұшыраған адамның ойлауы сияқты.
Мына әлемді қисыққыңыр басады және тағы күртесінен тылдың исі аңқиды.
Қайсеновтей партизан да болған жоқ.
Емінеркін аралады әр үйді.
Оның көркем жұмысы:
«Құдайлатып» сосын тағы тәтті әуенге салғызу.
Сабан демін жұтып әлек бозғыл Ай.
Аспан жақтан ағып түсті,
құйырықты жұлдыздар.
Қайтсін енді, маңдай тердің ақысы!
