Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Рахат Әбдірахманов. Жүрек өлең, жан өлең, ойым өле...

Рахат Әбдірахманов. Жүрек өлең, жан өлең, ойым өлең

17.01.2026

6963

Рахат Әбдірахманов. Жүрек өлең, жан өлең, ойым өлең - adebiportal.kz

МЕНІҢ АНАМ...

Жүзі күліп тұрса да көңілі алаң,

Құрт таратып ұл-қызға ең ұнаған,

Есігіне шарбақтың сүйеніп ап,

Мына жерде тұратын менің анам!

 

Шат жүзінен шашырап тәп-тәтті леп,

Анау бала иманын сақтапты деп,

Жылы күлген адамды жақсы көріп,

Үйге әйтеуір біреуді мақтап кіред!

 

Қаңқылы үдеп қаққанда қаз қанатын,

Қара бие құлындар жазға жақын,

Шешем сонда жинаған бар қымызын,

Келген жұртқа таратып мәз болатын!

 

Үлгермеген түсініп шүкірді онша,

Біздер білдік ол шақтың құтын қанша?

Басыңдағы бағыңдай ризасың,

Аяқтағы «ботыйың» бүтін болса!

 

Ол қонақтан келгенде мұнардасың,

Тәтті көрген ұл қалай қуанбасын?

Он досыма қалайша бөліп берген,

Маған алған үш кәмпит, бір алмасын?!

 

Аз болды ма, білмеймін, көп болды ма,

Ең керемет естелік жетті алдыма:

Берілмеген бар ма екен ақ батасы,

Сүйілмеген ауылда бет қалды ма?

 

Ол кезде мен жетіде...Сегізде ме ем?

Қазір міне ескегім теңізде кем!

...Ескі үйдегі шарбақ тұр сол қалпында,

Ақ жаулық жоқ тек қана мен іздеген....

 

АУЫЛДАҒЫ БАУЫРЛАР

Шағын ғана ауылда қатар өскен,

Кейде шығып бауырлар жатады естен!

Алдан күткен арманы асықтырып,

Аңғалдықпен кей кезде қателескен!

 

Жастайынан жанына дос кең дала,

Қалысқан жоқ біреуі көштен дара!

Өзіміздің бұл күні ағамыздай,

Көзіміздің алдында өскен бала!

 

Ересектік кеткенше көшіп ізге,

Ол дәуреннің бір думан кеші бізге,

Алқын-жұлқын жүгірген жүгірмектер,

Алты-жеті жасынан есімізде!

 

Өз талабын қойған соң әр жыл енді,

Үнемі іздеп жүресің мәнді рөлді...

Сол інілер тек қана тыңдай алған,

Өзің сенбей отырған әңгімеңді!

 

Дөңгелек күн қараса күліп көктен,

Көз жұмылып қалады үміт төккен!

Ағалары ойнаса мәз болады,

Допты алып кеп алаңнан шығып кеткен...

 

Соның бәрі ұзатпай көп мұратын,

Бір-бір сұлу ертіпті көпті ұғатын,

«Қызың бар ма,бауырым»- десең бұрын,

«Кетші-ей қызды қайтемін»- деп тұратын!

 

Еліне алаң көңілі, көршіге алаң,

Бір-бірінен жөн сұрап, жол сұраған,

Жалындаған шағыңның бір куәсі,

Ауылдағы бауырлар болсын аман!

 

СУРЕТІҢМЕН СЫРЛАСУ 

Тағдырымның сынағын тағы ұқпадым, 

Жаным өрт боп барады, 

Жарық таңым! 

Бал жүзіңе үңіліп түніменен, 

Тал бойыңа қараудан жалықпадым... 

 

Бұл табиғат екен ғой сыйларға бай, 

Жанарыңа жарты әлем құйған ба арай? 

Таң қаларлық кішкентай мүсініңе, 

Бар ғаламның ғажабы сыйған қалай? 

 

Сезіммен бір алыстым, төзіммен бір, 

Ұшқан қиял құстарын өзің қондыр. 

Айдан әппақ ажарың жанымды арбап, 

Жүрегіме от салды көзің мөлдір! 

 

Сезім барда, бойыңда көрік барда, 

Күнімдейсің жүретін көріп таңда. 

Сырттай сүйіп көңілдің күйі мынау, 

Не боламын жаным-ау жолыққанда? 

 

Жүз қарадым бейнеңе... 

Жалықпадым! 

Жалыныңа арбалдым бар ұққаным. 

Сені осылай әкелген мына өмірге, 

...Жаратқанға ризамын, 

Жарық таңым! 

 

ДОСҚА СЫР

Болмашыны ойлап,түңілме досым,

Өмірдің түсін сабағын.

Бір бақыт саған күлімдеген соң,

Мың пенде түйер қабағын.

 

Жаныңды жесін сынақтар мейлі,

Көнбістің күйін таңдама.

Балақтан тартып, құлатсам дейді,

Төменде тұрған жан ғана!

 

Өз жолын табу қиындағанда,

Шебер ғой жатты сынауға.

Адами талғам бұйырмағанға,

Міндетті емессің ұнауға!

 

Арманға биік жетсем дейтіндер,

Елей ме нөсер жаңбырды?

Көп сөйлейтіндер мен бос сөйлейтіндер,

Шешпейді біздің тағдырды!

              

 ***

Сан түрлі ой салса да сан қилы күн,

Жүрегім жүргізіп тұр бар билігін!

Мың өліп, мың тірілем таң мен кеште,

Мың өтіп көз алдымнан әр қимылың...

 

Көкте Күн тұрса дағы тең нұр себер,

Тағдырым мына менің ең бір шебер!

Қалайша сүйерімді сезер ең ғой,

Сені Алла бір минутқа мен қылса егер...

 

Уақыттың көшін көріп білдім бәрін,

Өзегі өзің болдың жырдың жалын!

Қия алмай қалар едің көрген түсті,

Мен болып ұйықтасаң бір күн, жаным...

 

Өткен күн арылтса да қанша әдеттен,

Кетпейді жүрекке орнап алса көктем!

Сезімсіз бәзбіреудің шаттығынан,

Түндерім ғажап сені аңсап өткен...

 

Елеске айналғалы естегі есім,

Ұласты сағым іздеп кешке кешім!

Сағыныш, өкнішітің оты деген-

Жаныңды өртейді ғой, өшпегесін...

 

Сан түрлі ой салса да сан қилы күн,

Жүрегім жүргізіп тұр бар билігін!

Мың өліп, мың тірілем таң мен кеште,

Мың өтіп көз алдымнан әр қимылың...

                 

   ***

Жанымның білем тыншымайтынын, 

Тұнжырап мына қалса маң. 

Алладан менің бір сұрайтыным – 

Бақытты болсыншы барша адам! 

 

Қастық қылғанды кем көрер деме, 

Аяймын олар жыласа. 

Аяқтан шалған пенделерге де, 

Қолымды созам, құласа... 

 

Өзгертпен осы кейпімді мүлде, 

Өшпеген мендік еш үміт. 

Сыртымнан өсектейіндерді де, 

Ішімнен жүрем кешіріп. 

 

Қарсы алған жақсы ақ таңды көппен, 

Тағдырыңды өзің таңдайсың. 

Біреуге күйе жаққан жүрекпен, 

Біреуді сүйе алмайсың. 

 

Санамда енді тұрақтайтындар... 

Білмеймін тау кім, төбе кім?

Мені ұнататындар, ұнатпайтындар, 

Бәріңді жақсы көремін! 

 

45 МИНУТ

Бойда күшің оң-солды опырардай,

Бозбалалық дәуреннің оты қандай!

Сабақ үсті сабыр жоқ, маза қашып,

Үзіліске асықтық отыра алмай!

 

Ол кездері біздерден тағат жырақ,

Әрбір минут қыспаққа алад сынап!

Сағаты жоқ балалар отырады,

Сағаты бар баладан сағат сұрап!

 

Жылдап тойып жүрсек те, айлап тойып,

Жеуге асықтық үйдегі қаймақты ойып,

Мұғалима сабайтын сияқты бір,

Косинус пен синуске байлап қойып!

 

Олай күрсін, енді кеп былай күрсін,

Отты өзекке қайдан кеп шырай кірсін?

Өмір де кең, көңіл де кең заманда,

Қайда асықтық соншама?

Құдай білсін!

 

Тағдырымнан келгенде шер оқыр күн,

Бал күнімді сағынып мен өкіндім.

Сабақтағы қырық бес минутыңнан,

Өмір жылдам жылжи ма деп отырмын...

 

ЖАҚСЫ КӨРЕМ 

Жарық үміт шығаратын жиі алдан, 

Таңдарымды жақсы көрем, сыйы арман. 

Атарында күліп алып мәз болып, 

Батарында қып-қызыл боп ұялған! 

 

Жақсы көрем жанға жақын түнде айды, 

Тұнық сырды ұғып тұрып тыңдайды. 

Мінсіз әлем болады ма білмеймін, 

Тілсіз әлем сыр айтуға ыңғайлы. 

 

Қолжетпесің сыйламаса жанға мұң, 

Қасиетті болар ма еді арманың? 

Жазда қысты, қыста жазды аңсатқан, 

Тіршіліктің жақсы көрем заңдарын! 

 

Жаным қалап жақсылықтың жетегін, 

Түнектен де шуақ іздеп өтемін. 

Қараңғыда от қадірін ұқтырар, 

Жаманды да жақсы көріп кетемін. 

 

Жазып берер жанның дерт пен жарасын, 

Ен даламның жақсы көрем ауасын! 

Күн нұрындай керемет бір сезімді, 

Жүрегіме құйып кеткен анашым! 

 

Көп алдында көсем болып көпіріп, 

Көлгірсудің керегі не өтірік? 

Жақсы көрем жақсы әңгіме айтқанды, 

Жақсыменен жарты сағат отырып. 

 

Жақсы көрем жаздың жылы жаңбырын, 

Жақсы көрем асқақтығын арлының! 

Жалған сөйлеп, жалған күле алмайтын, 

Жақсылардың жақсы көрем барлығын! 

 

Қанша өмірде алмасса да кезек шын, 

Ғаламға сен мейріміңмен қажетсің! 

Жылжып жатқан мына жалған өмірді, 

Жақсы көріп өткізгенге не жетсін! 

 

ШҮКІР

Барды көрмей, салса көз ел кеміме, 

Саулық тілеп олардың дендеріне, 

Үтір деймін өмірдің әр сынағын, 

Шүкір деймін Алланың бергеніне! 

 

Мысалдардың қаласаң сана бәрін, 

Әркім алып жатыр ғой қалағанын, 

Қамын ойлап кімдер жүр жылпың қағып, 

Арын ойлап қалды екен далада кім? 

 

Талайының көрген соң ымырасын, 

Дүниенің көп сырын ұғынасың. 

Сұрап алған жалынып хан сарайдан, 

Құрап алған күркенің құны басым! 

 

Тастан тасқа жатқандай бұлақ құлап, 

Шынайылық қашанда ұнап тұрад. 

Сатып алған шаттықтың сәулесінен, 

Мұңды жүзің мың есе шуақтырақ! 

 

Өзеуреген өзім деп ептілікті, 

Бермеген соң болмайын текке үмітті, 

Маған осы әлемім үлкен бақыт, 

Маған осы әлемім жеткілікті! 

 

Барды көрмей, салса көз ел кеміме, 

Саулық тілеп олардың дендеріне, 

Үтір деймін өмірдің әр сынағын, 

Шүкір деймін Алланың бергеніне! 

 

САБАҚ

Алары мен берері көп аралас, 

Сабағына барып тұрсаң күнде ептеп.

Көңіліңнің кеңдігіне қарамас, 

Өмір деген өте қатал бұл мектеп..

 

Көптеу уақыт бөліп қойып сезімге,

Сабыламыз сан соқтырса санамыз.

Кей дәрістен қашып кетіп кезінде.. 

Емтиханнан оңбай құлап қаламыз.

 

Бұл мектептің кем тұстарын тізер ем, 

Күндеп кетті өзгені деп айтады ау. 

Дәптерімде жазылмай тұр жүз өлең,

Күнделікте:қателесу,қайталау...

 

Бірін ұқпай,бір сабағын түсінсем, 

оның жайын біледі тек шерлесім...

Өкпелескен дос алдында кішірсем, 

Одан сайын керіп кетті кеудесін.

 

Өткен сабақ түспей қойып ойыма, 

Оңашада көз жасымды төктім кеп.

Біреулердің шаң жұқтырмай бойына, 

Өз басымды саудаға сап кеттім көп. 

 

Өмір-мектеп...

Күндер өтіп барады.

Өткен күнді мүмкін емес байқамау.

Кеше болған қателесу сабағы, 

Бүгін дым жоқ. 

Бар болғаны:қайталау..

 

ӨМІР-КӨШЕ 

Жүрек өлең, жан өлең, ойым өлең, 
Дүниенің ісім жоқ тойыменен. 
Жалғыз өзім келемін жаяулатып, 
Қатар-қатар тас үйлер бойыменен... 

Кештер ұзап кеткен соң күзгі қоңыр, 
Бір ғажапты күтеді ізгі көңіл... 
Көңіл нені күтсе де көше мынау, 
Осы көше сияқты біздің өмір. 

Көріп жүрген көп іске үнсіз налып, 
Танытамыз әлі күн мұңсыз қалып... 
Құнсыздардың құны артып баратындай, 
Құндылардың барлығы құнсызданып! 

Қайдан табам пенденің пейілін кең, 
Көңіл қалды кей аға, кей інімнен... 
«Қыздар, қыздар» дейді әне бір апамыз,

Қымыз сатып тұрғандай мейіріммен. 

Сұлу сөзден бірдеңе құраған боп, 
Ақын деген атақты сұраған көп. 
Өлермендеу болмасаң өңмеңдеген, 
Өлеңіңе қарайтын бір адам жоқ. 

Мына көше өзіндей жалған күннің, 
Жалған күнде мұңға мұң жалғап жүрмін, 
Бәрін бітпей көшіріп тыныштық жоқ

Маңдайыма жазылып қалған жырдың. 

Бірі былай асыққан, бірі былай, 
Тіршілікте ұғарсың тіріні қай? 
Жалғандағы жалғандық жан күйдіріп, 
Өтіп жатқан беймаза ғұмырым-ай!

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan