Реформатор

Ахаң қазақ жазуын реформалады. Араб графикасын қазақ тілінің дыбыстық табиғатына бейімдеп, ұлттық әліпби түзді. «Оқу құралы» арқылы қазақ баласының ана тілінде сауат ашуына жол салды. Бұл әріп ауыстыру немесе таңба түзеу емес еді. Бұл – қазақтың білімге өз тілінің қақпасы арқылы енуіне мүмкіндік берген үлкен рухани реформа болатын.

Реформатор - adebiportal.kz

5 қыркүйек – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Қазақ тарихында қызметі бір ғана саламен өлшенбейтін тұлғалар бар. Алайда көп емес.  Ахмет Байтұрсынұлы – сондай сирек туған алыптың бірегейі. Біз оны ақын, аудармашы, ғалым, ұстаз, ағартушы, көсемсөзші, Алаш қайраткері деп атаймыз. Мұның бәрі дұрыс. Бірақ Ахаңның ұлт алдындағы ұланғайыр еңбегін бір сөзбен түйіндеу керек болса, ол – реформатор.

Ахмет Байтұрсынұлы ең алдымен қазақтың ойлау жүйесін өзгертті. «Қырық мысал» арқылы қоғамның мінезін сынап, «Маса» болып мүлгіген жұртын оятуға ұмтылды. Оның шығармашылығының өзегінде жеке адамның мұңы емес, тұтас халықтың тағдыры тұрды. Ол қаламды көркем сөздің құралы ғана емес, ұлтты серпілтетін рухани күшке айналдырды. Қазаққа өзінің кім екенін, қайда бара жатқанын, ел болып қалу үшін не істеу керектігін ұғындыруға тырысты.

Ахаң қазақ жазуын реформалады. Араб графикасын қазақ тілінің дыбыстық табиғатына бейімдеп, ұлттық әліпби түзді. «Оқу құралы» арқылы қазақ баласының ана тілінде сауат ашуына жол салды. Бұл әріп ауыстыру немесе таңба түзеу емес еді. Бұл – қазақтың білімге өз тілінің қақпасы арқылы енуіне мүмкіндік берген үлкен рухани реформа болатын.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің де негізін қалады. Қазақ тілінің табиғатын қазақша танып, оның ғылыми жүйесін жасады, төл терминология қалыптастырды. Бүгін мектептен бастап қолданылатын зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, бастауыш, баяндауыш секілді т.с.с. көптеген ғылыми атаулардың қалыптасуында Ахаңның қолтаңбасы жатыр. Ол ғылымды қазақша сөйлетті. Өзгенің дайын үлгісін көшіре салмай, қазақ тілінің ішкі заңдылығына сүйенген ұлттық ғылым мектебінің іргесін қалады.

Оның реформаторлығы баспасөз бен қоғамдық ойдан да анық көрінді. «Қазақ» газеті Ахаң бастаған зиялылардың қолында қарапайым ақпарат құралы болып қалған жоқ, ұлттың мінберіне айналды. Жер, тіл, оқу-ағарту, шаруашылық, мәдениет, ел басқару, мемлекеттілік мәселелері жұрт талқысына ұсынылды. Осы арқылы қазақ даласында жаңа қоғамдық ой, жаңа саяси сана қалыптасты. Елдің ертеңіне жауапкершілікпен қарайтын оқыған азаматтардың тұтас буыны тәрбиеленді.

Ахмет Байтұрсынұлының ұлылығы – дайын мемлекеттің игілігін көруінде емес, мемлекет болуға тиіс ұлттың керегін түгендеуінде. Қазаққа әліпби керек болды – жасады. Оқулық керек болды – жазды. Ұлттық мектеп қажет болды – күресті. Басылым керек болды – газет шығарды. Ғылым қажет болды – негізін қалады. Азаттық идеясы керек болды – Алаштың алдыңғы сапынан табылды. Яғни ол мәселені айтып қана қойған жоқ, сол мәселенің шешімін жасауға өмірін арнады.

Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлын өткен ғасырдың еншісіндегі тарихи тұлға ретінде ғана қабылдау аздық етеді. Біз әлі күнге дейін Ахаң қалыптастырған ғылыми ұғымдармен сөйлейміз, ол негіздеген тіл білімін оқимыз, ол көтерген тіл мен жер, білім мен елдік мәселелерін талқылаймыз. Бір жарым ғасырға жуық уақыт өтсе де, оның ойларының өзектілігін жоғалтпауының сыры осында.

Ахмет Байтұрсынұлы бір әліпбиді ғана реформалаған жоқ. Ол қазақтың білімін, ғылымын, баспасөзін, қоғамдық ойын, саяси санасын жаңғыртуға күш салды. Ең бастысы – бодандық бұғауындағы халықтың санасын өзгертіп, оны ұлт ретінде оятуды мақсат етті. Сол мұрат жолында білімін де, қаламын да, қайратын да, ақыр соңында ғұмырын да сарп етті.

Сондықтан Ахаңды бір ғана сөзбен атау керек болса, мен оны реформатор дер едім. Қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлттық жаңғыруының бас реформаторларының бірі, ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы.

Ұлт ұстазының туған күні құтты болсын! Ахаңның аманатына адал болайық! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan