...Көң тасыған көк есектер, бәріңе,
Қалдырмастан жағалай жас-кәріңе,
Үрім-бұтақ нәсіліңе қалғандай
Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе.
...Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны...
***
Бұл – Байтұрсынұлының «Көк есектерге» деген айтулы өлеңінің қысқартылып алынған қос шумағы ғана. Мұны не үшін тілімізге тиек етіп отырмыз?
Негізінде, тарих дұрыс болмайынша, таным дұрыс болмайды ғой.
Тарих тек өлілерге мадақ, өткен шаққа салауат айтудың ғана құралына емес, ол, ең әуелі, тірілердің таным таразысына айналуы тиіс емес пе?
Неге дейсіз ғой? Себебі тарихтың қайырылып соқпай, қайталанбай қоймайтын тағы бір әдеті бар.
Абзалы, тарих қайталанады дегеннен гөрі, ақылсыз жандар тарихи қателіктен еш сабақ алып, қорытынды шығармағандықтан, ол қайыра қайталанады дегеніміз әлдеқайда дұрыс болатын шығар. Міне, тарихи таным сонда ғана сіз бен бізге зерделі таңдау, дұрыс пайым жасатады.
Әгәрәки, бұлай болмаған жағдайда тарих сценарийі еш өзгермеген, тек кейіпкерлері ғана ауысып ойнай беретін көп сериялы фильмге ұласып кете береді. Осы жерде сценарий дегеннен шығады ғой, сөз жоқ, кешегі қазақ халқын қанкөбік еткен қос сериялы «1932» және «1938» атты трагедиялық фильмнің сценарийін Ленин жазды. Режиссері Сталин болса, көркемдік жетекшісі Голощекин, ал әртістері большевиктер (жасырып неме керек, басым бөлігі өзіміздің қазақтар) болды. Ахаңың (Ахмет Байтұрсынұлының) ашынып айтатын «Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес, дарға асқаны, атқаны, Маған ауыр осылардың бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп қапқаны» дейтін қамырық халі де осыны аңдатады. Режиссерден гөрі әртістердің майдан сахнасындағы әсіре әпербақандығы көбіне шешуші рөл атқарататыны анық.
Бүгінде Байтұрсынұлының жоғарыдағы қос шумақ өлеңі толыққанды талданып, ондағы кейіпкерлер есімі түгелдей дерлік ар-ұждан сотына тартылды ма? Мінекей, мәселе сонда жатыр.
«...Көң тасыған көк есектер, бәріңе...», «...Үрім - бұтақ нәсіліңе қалғандай, Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе...» деген өлең жолдарындағы тілегін артында қалған мына біздер, аманаты ретінде орындай алдық па?
Ақаңның «Көк есектерге» деп тақырып қойып, «Маған ауыр осылардың бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп қапқаны» деп ишаралап отырғаны сонымен кімдер болды?
Мінекей, жоғарыдағы сауалдарға нақтылай жауап берілген күні ғана алаштың аруағы мәңгілік барақат таппақ. «Қазақтың өлі разы болмай, тірі байымайды» танымына да жауап осы жерден шығады деген пікірдемін...
***
Бір ғана қолдан ұйымдастырылған домалақ арыз, арыздың артына түскен кеңестік жендет жалғыз Ахаңды ғана емес, бүкіл әулетті қандай қасіретке салды міне, сол жайында аз ғана ақпар бере кетсек. Ахмет Байтұрсынұлы бір әке-шешеден төрт ағайынды екендігі белгілі.
Туған ағасы Кәкіштен асырап алып бауырына басқан балалары Аумат пен Қазихан жайында Самырат Кәкішев былай дейді: «Күндіз біздің үйге ешкім бас сұқпайтын. Себебі үйіміздің жан-жағы қорушы белсенділерге толы болатын. Егер біреу үйімізге келе қалса, «халық жауының үйіне барды, көмектесті» деген желеумен сол келген кісі түрмеден бір-ақ шығатын. Ағайын-туыстың кейбірі түрмеге жабылды, бірен-сараны қорлықпен өлтірілді. Солардың ішінде екі ағам Кәкіштің ұлдары Аумат пен Қазихан да бар еді. Ахаңның қолында Орынбор мен Қызылордада оқыған екеуі елге келіп бала оқытып жатқан еді. Осы екеуін әлгі ауыл белсенділері ұстап алып, қолдарын байлап Ақкөлге апарып, бірнеше сағат суға батырып, әбден қорлайды. «Ахметтің байлықтары қайда, қайда жасырдыңдар?» деп ұзақ уақыт қинап, өлім халіне жеткізіп, содан кейін судан шығарып алып, екеуін көкпар ғып тартып, сүйреп өлтірген. Сөйтіп, екеуінің сүйегін Ақкөлдің бойында еш көмусіз қалдырған еді». (Самырат Кәкішев «Ахаң туралы ақиқат» кітабынан).

Ал Ахаң туған інісі Мәшеннен асырап алып, бауырына басқан аяулы қызы Шолпаннан туған Айман Қабиденқызы өзінің бір сұхбатында былай деп естелік толғайды: «Атамыз түрмеде жатқанда жанындағыларға: «Менің айыбым – тірі жүргенім, ғылым қуғаным» деп қатты қамығатын көрінеді. ...Өмірден кейінірек өтсе де мен Бадрисафа әжемізді еш көрмедім. Ахаңа тұрмысқа шыққаннан кейін қиыншылықтан көз ашпаған ол кісі бәріне шыдап, бәріне сабыр еткен. Кейін «Алматыдан тез шықсын» деген қатаң бұйрық алған соң Қостанай жаққа кеткен. Әжеміз өмірінің соңында сол жақтағы ақыл-есі кем ауруларды емдейтін ауруханада 1943 жылы қайтыс болды деген деректер бар». (Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Аңыз адам» журналының 14-беті).
Мінекей, осы екі деректен-ақ Ахаңның көз тірісінде қандай қан-қасапты ғазиз басынан кешіргенін, аяулы жан жарының соңғы жарығын қандай қасіретпен аяқтағанын (дәлірек айтсақ, жынданып кеткендігін) көріп отырмыз.
***
Ғылымда РЕСЕНТИМЕНТ деген түсінік бар. Мұны Абай өлшеміне айналдырсақ: «...Өзімнің иттігімнен болды демей, жеңді ғой деп шайтанға болар көмек». Яғни, өз мінің мен кінәңді мойныңа алмай, өзгеге жабу деген мағынаға саяды.
Ертең еліміздің шығысынан 31 мамырдың таңы атады. Бұл баршамызға мәлім САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ. Дәлірек айтсақ, Сталин мен Голощекиннің жеті бабасын желдей көшіріп, аруағына анофема айтып, қарғыс жаудыратын күн!
Бұл біздің тұрақты түсінігіміз бен мызғымас көзқарасымызға айналғаны қашан. Біз бұл жерде екі жендетті ақтамаққа ешқандай талпыныс жасап отырғанымыз жоқ. Тек өзімізді сүттен ақ, судан таза, өзгелерді кісәпір санайтын сәби санамыз (инфантилизм) турасында азғантай ғана сөз шығындап отырмыз.
Сонымен ілкідегі зиялыларымыздың обалымен ойнаған, үстінен домалақ арыз жазған кешегі шолақ белсенділердің есім-сойлары кім? Бүгінде осы жандардың кіндігінен тараған өз ұрпақтары бар ма? Алаштың атылып, ажал құшқандарының саны белгілі, ал солардың үстінен арыз жазып айдатқандардың тізімі неге белгісіз? Егер өмірдің ақ пен қарасына әділетіміз тең болса, бұл тізімдер күні бүгінге дейін жекелей кітап болып неге жарыққа шықпайды?
Әрине, «Жазалының отына жазықсыз күйеді» қағидасымен қарасақ, олардың осы бір қателігі үшін қазіргі ұрпағының еш жазығы жоқ қой.
Десек те 31 мамыр отқа ұмсынған пәруана көбелектей тызақ қаққан осы сауалдарға барша қазақтың ойланатын, ойланып ғана қоймай ар алдында тік тұрып жауап беретін күні болуы керек деп есептейміз.
Ең бастысы, 31 мамыр ұлттың ұждан алдында тазаратын рухани мінәжаты болса дейміз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.