Ақпері Ахмет 2003 жылы 19 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Қазір Түркістан қаласында тұрады, студент, болашақ заңгер. Екі тілде өлең жазады, қазақ-орыс тілдеріндегі өлеңдерге аударма жасайды.
РУХ МҰНАРАСЫ!!
Қайғымен мұң арасын,
Айтумен жан наласын...
Өзіңді – жат тұтасың!
Рухыңның мұнарасын!!
Ішмерез, сұм – санасы,
Тоқ қарын, жоқ – шамасы.
Тот басқан, көкірек те...
Адамның бұл – шаласы!!!
Зеріккен, нұр ағасы!
Соғылған, жын қаласы!...
Тентекке – шен беріліп,
Қойылған – "Ар" бағасы!!
Жағалап, құн аралын!...
Паналап, зын қамалын!...
Аңсаумен – өз бағыңды!
Қылғаның, құл амалын!!
Жырлайды! Сақ данасы!
Қажыған! От-анасы!...
Өңеші үзілердей...
Жылайды! Бар баласы!…
09.04.2024
Айттым өлең,
Ұқпас жанға.
Сөз қадірін
Кетіріп.
Жауып жала,
Арым таза.
Деме маған
Пендесіп.
Қайда барып,
Табынасың?
Пұт қожаңа
Мінгесіп.
Анық залым,
Бұған ерген,
Болды ездер
Теңдесіп.
Тектен кеткен,
Қаны безген.
Өз тінінен
Жиреніп.
Бас бақытын,
Артық көріп.
Кете барды
Сіңісіп...
01.01.2025
ТҮЙНЕК
Өтірікті өрбітіп,
Жазайыншы мен де бір.
Деп бастадым жырымды,
Ұғынарсың сырымды.
Жан ұйытып салған ән,
Тән ұйытар мекен-ай.
Қамалында алынбас,
Хан тергейді баласын.
Хаққа жақпас қылығын,
Жасырмайды ұрлығын.
Оң солыңнан соққылап,
Қағып алар жұлқылап.
Қалтаң түгіл тесік жан,
Ішің қуыс тоналған.
Салт дәстүрің – сандығың,
Жан дүниеңде қалмаған.
Жұлынбаған арам шөп,
Сырттап кеткен тамырлап.
Қасиетің шірік боп,
Қасіретке айналған.
Өз тегіңді ұмытып,
Жүрсің күнім тұтылып.
Тарықсаң да былықпа,
Арың қымбат ұмытпа.
Ата бабаң ұлылар,
Ат үстінде соғысқан.
Жан алушы келсе де,
Тізе бүкпей тапсырған.
Мынау сенің бойыңда,
Аққан қандар бар тыңда.
Алынбайтын қамал жоқ,
Әрекет қыл, бір тынба.
23.10.2024
ЖАМАЛЫМА...
Мөлдіреген көзіңнің жанарына,
Байланғанмын қапасыз қабағыңа.
Теңіз толқып жөнелтті аралына,
Арманыма жетермін – жамалыма.
Мендегі үн ешкімге естілмейді,
Бар ғалам бір өзіңді! Кескіндейді..
Қайда барып ғажабым, кімге налам?
Бұл әлемде өзіңсіз – қыл түспейді!
Ғажайыбым! Ғарышым! Шексіз жарым!
Қыр-сырыңды білмейді, міскін жаным..
Көгалданған далада – жыр төгіліп,
Таусылыпты ғамалым, мүшкіл халым.
Өксік-реніш шырмалып қылқынады,
Қара басып қабырға қысылады..
Дене байғұс! Құлдықты аңсамаған..
Тоқтам берсең, нәпсі де жығылады!
Жаратқанның тауымын басылған мөр!
Келбетіме қара да! Қырларын көр!
Мен көкірек емеспін, бұл тек мысал..
Өз бойыңды билесең – сенікі төр!!!
08.05.2024
Шабыт назы…
Шабыт сызып бейнеленсе нәзіктік,
Деміменен толықтырса тән ұйып.
Осылайша жаратады адам да,
Тәңірісі өнерінен нұр үзіп.
Шабыт сыры айқындалмас құдірет,
Санаға да тұрақтамас сағым леп.
Көзбен көріп танымассың әлемді,
Соқыр болса көкірегің ғафу ет.
Шабыт күйі шақырылмас толқындар,
Жарға ұрып қасіретті ақтарар.
Әлсіз тәнің еспен бірге жұтылса,
Жанмен жүзіп арпалысып шығыңдар.
Міне енді, қалам ал да жаз сырды,
Не ұмыттың? Неге сені ант ұрды?
Табиғаттың шабытына ілігіп,
"Не көрсін?" деп теңізіне батырды?
Туындыңа мән өрмесең өрнектеп,
Баралмайды нәрсіз тамыр тереңдеп.
Көп есектер масаттанған ұйқасқа,
Ақырғанын қайта тумас өлең деп.
14.11.2024
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.