Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сәдібек Түгел: «Биік тауға шықсаңыз, аттарды көзд...

25.02.2016 3563

Сәдібек Түгел: «Биік тауға шықсаңыз, аттарды көздей салыңыз, аға?!»

Сәдібек Түгел: «Биік тауға  шықсаңыз, аттарды көздей салыңыз, аға?!» - adebiportal.kz


Сәдібек ТҮГЕЛ.jpg

 

(Әңгіме)



Жүріс-тұрыстары мен іс - әрекеттері, айтқан сөздері аңыз әңгімеге айналып, үйден-үйге, елден –елге тарап жататын, халықтың құрметіне бөленіп, көз алдында жүретін айрықша жаратылған адамдар болады. Сондай, өткен, 20 ғасырдың елуінші және алпысыншы жылдарындағы қазақ ауылдарының еркелері мен серкелері, басты геройлары әрине, фронтовик-майдангерлер мен колхоз бастықтары еді. Біздің «Жоғарғы Есір» колхозының бастығы болып, Ұлы Отан соғысының басынан соңына дейін қатысқан Балтабай Қошқарбаев деген кісі істеді. Ұзын бойлы, қара мұртты, алып денелі, алқын- жұлқын жүретін Балтабай бастық келе жатыр дегенде бесіктегі бала оянатын. Ол өзіне де, өзгеге де бір тыныштық бермейтін, өте тынымсыз жан болатын. Мінезі қатал болғанмен, қарапайым халыққа қайырымы мен шарапаты мол, қандай да бір шешім шығарарда әділеттілік жолында болатын. Сол үшін де, оны халық жақсы көріп құрмет тұтты. Балтекеңнің іс-сапарға шығуы, аудан орталығына пленумға не болмаса райкомның бюросына баруға дайындалуы және барып қатысып қайтуы біздің ауылдың басты оқиғасы болып саналатын. Әсіресе қыстағы іс-сапарға қамдануы ерекше еді. Ол күндері «Сарытөбедегі» ұстахана күн-түн демей жұмыс істейді. Алдымен бастықтың «кәшөпке шанасы» сол жерден күрделі жөндеуден өткізіледі. Шананың қос табанына қарда жақсы сырғыйтын жылтыр темірлер берік бекітілінеді. Бастық пен көшір бала отыратын орындар жөндеуден өтіп, ескі дәртелер жаңаларына ауыстырылады.


Басекеңнің шанасына жегілетін есік пен төрдей қара қасқа айғырмен аршын төс-кең омыраулы, болат тұяқты торы айғырлардың тағалауын көруге ауылымыздың барлық еркектері жиналатын. Ал, қыс бойы ат қорада жемделіп, тықыр атып тұрған сол айғырларды шанаға жегудің өзі бір үлкен көрініс болатын. Бір жұмаға жететін екі аттың жемі, жолда жейтін пісірілген қазы қарта, жал-жая, қымыз-қымыран, «четушкадағы» ақаңдар, түсетін үйге берілетін бір қойдың бітеу еттері рет-ретімен шанаға тиеледі. Сонымен қойшы, межелі күні колхоз бастығы Балтабай Қошқарбаев басына түлкі малақайын, үстіне етегі жерге тиетін қалың тұлып тонды киіп кәшөпкеге жайғасады. Соны тосып отырған Берік атты көшір жігіт «шу жануарлар» деп аттардың басын аудан орталығына қарай бұрады. Жер тарпып, тықыршып әрең тұрған қазанаттарға да керегі сол, бірден қатты желіске салып, иелері мінген «кәшөпке шанамен» Алтайдың қалың қарын бұрқыратып алға зымырайды. Баратын жерлері алыс. Аудан орталығы «Бозанбай» елді-мекеніне дейін 50 шақырым жол жүру қажет. Бірден, аттардың қатты желіске түсулерінің салдарынан бастықтың көзінен тамшы төгіледі. Сондықтан да, Балтекең тура соққан желден тұлып тонның үлкен жағасын көтеріп, бетін қорғаштайды. Содан соң, бастық ағамыздың басын тонның ішіне бүркелеп қалғуы басталады. Қалғудың мақсаты- осы жолы кімнің үйіне тусуі. Өзінің бес жыл бастық болғанда барып түнеп шығатын үш үйі бар. Олар күйеулері соғыста қаза тапқан Гүлсім, Қатира және Жаңыл атты 30 мен 40 тың арасындағы бірінен-бірі әдемі үш жесір келіншек. Оның үстіне аталарымыздың «жесірдің көңілінен шығу үлкен сауап болады»-деген ұлағатты қағидасы және бар. Сол ойда көзге ұйқы ұялап, түс енеді. Түсінде сұлудың сұлуы, ақ тамақ, үлбіреген қызыл ерін, кең маңдай, қарақаттай мөлдіреген көздері бар, бойындағы ет қызуы ерен, екі беті албыраған қызыл, өзі сияқты мол денелі, Жаңылмен бірге бастау басында аттарды суарып тұрғанын көреді.


Тың аттарға жол алыс емес. Ұйқының үстінде 20 шақырымдай жер жүріліп қойылған екен. Балтакең: «тоқтайық» деп үн қатады. Алдағы отырған көшірдің тосқаны сол, қалың қарды тұяқтарымен гүрс-гүрс басып келе жатқан, бойлары әбден қызып,булары бұрқырап тұрған айғырларды божыны қатты тартып әрең тоқтатады. Бастықтың ойлағанын іштен түсінетін Берік, ағасының жерге түсіп, алып денесін керіп, құрыс -тырысын жазып болғанша, аттарды доғаға қаңтарып, қазы-қарталарды турап, үстелді жайнатып қояды. Қарпып-қарпып қазы мен қартаны жеп қымыран ішкен Балтекең былай деп, тіл қатады: -«Бүгін ауданға маңызды жұмыспен бара жатырмыз. Жол-сапарымыз оң болсын! Бойды қыздырарың қайда?». Берік үйренген дағдысымен сұлының ішінен бір «четушка» арақты алып, ауызын ашып үлкен жол кружкасына лүпілдетіп тұрып толтырады. (Автордан: бір четушкада 250 грамм таза арақ болады.) Өз кезегінде колхоз бастығы «Аман болайық» деп құйылған ақаңды бірақ сіміреді. Бастығының көңілденгенін: «Әй бала, сенің жасыңда біз, бір қойдың етін бірақ жейтінбіз. Еттің майлы жерінен асап, қымызды молынан ішетін болсаң қашанда еркектік белің мықты болады. Бұл аталарымыздан қалған салт» -дегенінен түсінетін. «Айтқаныңыз, айнымай келсін, Балтабай аға. Сіз сияқты азынаған айғыр болу қайда?»-деп көшір бала Берік жауап қататын. «Қылжақпас, босқа тұрма, құй онда тағы біреуін» деп бастық сөз айтады. Сұлының ішіндегі тағы бір шыны босайды. Екеуден кейін бастық әбден көңілденеді. Аудан жаққа арқардың құлжасындай мойынын созып, басын көтеріп қарайды. Бұл дегенің ауданға тез жетіп, қонатын үйге түсу болып табылады. Қос аттың бірқалыпты желістерімен жан-жағы қара майға боялған кәшөпке шана «Бозанбай» қайдасың деп , «Сатый», «Қарақуыс», «Баяш», «Топағаш», «Алты Бура», «Кіндік» тауларын басып өтіп жүйткіп келеді. Екі «четушка» мен қазы-қарталардың қызуынан болар бастығымыз , тымағын маңдайының үстіне көтеріп, тұлып тонның түймелерінің бәрін ағытқан күйде, оң аяғындағы қара қойдың жүнінен басылған қонышы қайырылған үлкен пимасымен қалың қарды сызып, ыңылдап, қарлыққан дауысымен махаббат тақырыбындағы әнді айтып келеді.


Аудан орталығы «Бозанбай» ауылы алақандай көрінетін асуға келіп жеткенде, көшір мойынын артқа бұрып бастығына қарайды. -«Бұл жолы аттардың басын Жаңыл тәтеңнің үйіне бұр»- дейді Балтабай аға. «Өзімде солай ойлап отыр едім» деп оған Берік жауап қатады. Ой- сезімге, әйел - жүрекке не жетсін, қазіргідей қалта телефонсыз, тіпті жәй сым телефон жоқ болсада, Жаңыл сұлу жақсы көретін азаматын тосып, дайындалынып отыр екен. «Ат көлігің аман-есен, шаршамай- шалдықпай келдің бе Балтеке? » - деді Жаңыл тәте, көрген бойда. «Менің келетінімді сенің жүрегің қалай сезген а» - деп ағамыз қыршық-қыршық мұз қатқан мұртымен Жаңыл тәтеміздің бетінен сүйді. «Көп айдың жүзі болды көріспегенімізге. Біздің жаққа ат ізін бұрмай кеткеніңе де бірталай мерзім болды. Сені тоса-тоса дегбірім таусылды. Келгенің қандай жақсы болды» деп Жаңыл тәте ағынан жарылып, гүл-гүл жайнады. Шынында, біздің қазақтың әйелдеріне жетер жандар жоқ. Олар сүйсе, құлап сүйеді. Жақсы көргеніне жанын береді. Апайымыз аттарға жылы орын, жем-суына дейін дайындап қойыпты. Ауылдан келген нәрселерді үйге кіргізіп, дайын шай мен қуырдақ жеуге отырдық. Үстел басында Балтабай көкем мен Жаңыл жеңгемнің арасында өте жарасымды әңгіме өрбіді. Біраз отырған соң мен, жылқыларды суарып, жем, шөп салуға сыртқа шықтым. Аттарды орналастырып бір сағаттан астам уақытта үйге кірсем, көкеміздің көңілі көтерілген, колхоздағыдай ашық-жарқын отыр. Ол кездің өзінде «четушкалардың» бір екеуі босап үлгерген. Жақсы көрген жігітінен несін аясын әйел шіркін. Үйме тамақ ет келді. Ет жеп, сорпа ішкен соң мен, демалуға ұсыныс білдірдім. Ағамның тосқаны сол ақ екен, менің ұсынысымды бірден қолдап, «бала жолдан шаршады, ұйықтап, демін алсын »- деді. Бір бөлмелі үйдің пеш жағынан маған орын тиді. Ұзын сөздің қысқасы, бар қызық мен өтірік ұйқыға кеткен соң басталды.Ағамыз дастарханды тез жыйдырып, өзіне және Жаңыл тәтеге бірге төсек салдыртты. Мен, ара тұра қорылдап қоямын. Көкеміз бірден іске кірісті. Байқаймын, өзіндей дәу апайдың үстіндегі алғашқы шабысы сәтті болды. Сондағы ағамның айтқаны: - «Жаңыл, сенің үстіне шыққанда, үлкен төбеге шыққандай боламын». Ішіп-жеген қазы-қарта, қымыз-қымыран қойсынба, бие сауым уақыттан соң майдангер көкеміз екінші шабысына азынап шықты. Кішкентай үйдің іші опыр-топыр болды. Сондағы ағамның ең ласковый сөзі тура жаңағыдай болды: - «Жаңыл, сенің үстіңе шыққанда, биік таудың басына шыққандай боламын». Сонда, әрең шыдап жатқан мен дауысымды шығарып: - «Биік тауға шықсаңыз, аттарды көздей салыңыз, аға?!» деппін ғой.


2016 жылдың 28 қаңтары

19:52 минут

«Отаутүскен» ауылындағы жазушы үйі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар