Сағи Жиенбаев – Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Оймауыт ауылында тумасы, Казақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерген ақын. Оның «Карлығаш», «Сыйлық», «Дала гүлі», «Теңіз сыры», «Таң алдында», «Менің көршім», «Кайырлы таң», «Ақ толқын», «Оркиік», «Алтын қалам», «Жадымдасың жас күнім», «Әлия», «Оймауыт», «Қуралай салқыны», «Бозторғай», «Іңкәр дүние», «Жарық жұлдыздар», «Нан мен тұз», «Жер құдіреті» т.б. жыр кітаптары жарық көрді.
Ақтөбе облысының «Әдебиет порталындағы» онкүндігі аясында жалынды ақынның топтама өлеңдерін ұсынамыз.
Ауыл қарттары
Дүниеге келер бір рет,
Дария-кеуде,
Тау-мүсін,
Құрыштан құйған құдірет —
Қарттарым,
аман-саумысың ?
Өздерің болсаң жанында,
Ел іші жомарт,
Еңселі,—
Дән иісі жүрген қанында
Даламның бір-бір бөлшегі.
Арада жылдар жөңкіліп,
Алыстап кеттім біртіндеп,
Айта алмай ауыз толтырып,
«Ассалаумагалейкум!» деп.
Өзге бір менде жоқ тілек,
Өздерің
көзбен баққаным,
Жайлы жер іздеп кетті деп,
Жазғыра көрме,
Қарттарым.
Ердім бір сиқыр қаламға,
Шығардым бөлге жыр көшін.
Болғам жоқ алаң,
Даламда,
Әулие қарттар жүргесін.
Жанды ғой бағы даланың,
Сендерге қуат,
дем берсін.
Киесі де оның сендерсің,
Иесі де оның сендерсің.
Алдында жүрші көзімнің
Асылым,
алтын қазынам.
Ауыра қалсам,
өзіңнің
Пейіліңмен-ақ жазылам.
Сағынтып талай жыр туар,
Оралар әлі-ақ сан жыршы.
Даламның иісі бұрқырап,
Қарттарым,
аман-сау жүрші!
Сүт туралы баллада
Көшті талай көк аспанның бұлттары,
Кепті жұрттың көзіндегі шықтары.
Төрт жып бойы асыраған —
бірақ та
Таңдайымнан кетер емес сүт дәмі.
...Көктем шығып,
Жер-дүние жылынып,
Жан біткеннің аузы көкке ілініп,
Көкжиектен құлаушы еді бір табын
Кешкі мұнар арасымен шұбырып.
Бәрінің де жұмырланып бүйірі,
Бәрінің де биіктеген иығы...
Ең алдымен жетуші еді елпілдеп
Біздің үйдің қызыл қасқа сиыры.
Қалай ғана шыдайды екен күнімен,
Есі шығып,
Еміреніп үнімен,
Келе сала,
Жалап-жалап бұзауын,
Жылтыратып қоюшы еді тілімен.
Одан басқа көрмейтін ол жанды да,
Не қойсаң да, қарамайтын алдына.
Тұла-бойы дір-дір етіп,
жас бұзау
Тығылатын енесінің баурына.
Осы кезде
Балбырап ол тұратын,
Жанарына бүкіл дала сыятын.
Осы кезде —
үлпілдеген үрпінен
Бір ақ жаңбыр нөсерлетіп құятын.
Ақ жаңбырдың иісінен-ақ шат болып,
Тұратынбыз бойымызға дәт көріп.
Көтеретін көңілді де,
Көзді де
Ақ шелекте бұрқыраған ақ көбік...
Сауу керек үшінші рет,
Соңғы рет,
Бұзауы тұр жіберсе екен енді деп,
Ол да — бала,
Мен де — бала бүлдіршін,
Екі бала елеңдейміз мөлдіреп.
Жауып-жауып,
өте шыққан бұлттардай,
Үшінші рет...
Қояды енді түк тамбай,
Жалғыз ғана өзіне аян бір сырды
Жануарың ішке бүгіп тыққандай.
Мыңқ етпейді—
Секілденіп жоқ есі,
Әлсіз ғана қалтырайды денесі.
Ең нәрлісін,
Ең дәмдісін —
Соңғысын
Бұзауына сақтайды екен енесі.
Соңғы иінді...
Ең қиыны осы ара,
Осы арада —
Арбасады қос ана,
Екеуінің екі түрлі тілегі.
Екі тілек қосылмайды —
не шара?!
Жануарың жасыра алмай сезімін,
Жаутаңдайды қарашығы көзінің,
Ене байғұс ойлайды тек бұзауын,
Ана байғұс ойлайды тек өз ұлын.
Біздер үшін арпалысып,
тіресіп,
Тұрады екеу...
Бірі алданып,
бірі өсіп.
Түк жоқ ойда,
Мәз боп бара жатамыз
Екеуіміз екі анаға ілесіп...
Аспанды кенет тарылтып,
Ауылды жерге бұқтырып,
Астан да кестен...
Сабылтып,
Жарқ етіп...
өте шықты бұлт.
Селк етті дала суынып,
Шағылдың іші суылдап,
Шилердің белі бүгіліп,
Шалғынның үсті шыңылдап.
Топырлап сол кез күш бермей,
Балалар шулап ұшты кеп,
Аспаннан алтын түскендей,
«Әнеки, жасыл түсті» деп.
Қашаннан —
ауыл шетінде,
Көктемде құстар толатын.
Орманнан келген өкілдей
Жалғыз бір терек болатын.
Жүретін қарттар қорғаштап,
Қияңқы қулар барса оған,
Тұратын сосын ол да асқақ,
Түсіпті жасыл дәл соған.
Күл басып кеткен маңайын,
Жапырақ жатыр шашылып.
Денесі түгел қарайып,
Бұтақтар қалған асылып.
Құлардай қазір үгіліп,
Қалмапты өрттен сау жер де,
Тұмсығы құмға тығылып,
Балапан жатыр әр жерде.
Қимылдап жатыр кейбірі,
Секілді тірі қалатын.
Кейбірі әлсіз жерді ұрып.
Жия алмай жатыр қанатын.
Шыр ете қалды біреуі,
Біреуі соған қосылды.
Біреуі шөпке сүйеніп,
Қайталап жатты осы үнді.
Әкетті жел де өсіріп,
Барады жүрек суылдап —
Балапан құсқа қосылып,
Даланың өзі шырылдап...
Оң аяқ
Күн ұзаққа шөп шауып,
малды бағып,
Таң алдында жантайып қалғып алып,
Отыратын бір мезгіл кілең жесір
Құйттай-құйттай сәбиін алдына алып.
Жадау жүрген көңілді желпіндіріп,
Талпындырып сәбиді, серпілдіріп:
— Келер ме екен көкешің, құлыншағым,
Оң аяғың көтерші, — дейтін күліп.
Көзін алмай барлығы, тынып іштен,
Оң аяққа қарайтын сүйінішпен.
Қыбыр етсе баланың башпайлары,
Кететіндей жуылып күйік іштен.
Қадалатын ынтығып бәрі үзіліп,
Сан құбылып жүздері,
сан бұзылып,
Оң аяқта тұратын осы кезде
Жалғыз арман,
жалғыз ой,
жалғыз үміт.
Әлгі бала талпынып тұрған күліп,
Жалғыз өзі маңайын нұрландырып,
Көтеретін бір кезде оң аяғын,
Үйдің ішін мәз-мәйрам, думан ғылып.
Жеткізгендей хабарын ағалардың,
Мәз-мәйрам боп тұратын бала балғын,
Сәби жүрек сезе ме,
аз да болса,
Көтергенін көңілін аналардың.
***
Баяғыдай жатыр үнсіз Жем ағып,
Жас толқынды жүгіртеді жел алып.
Ашылғандай көкірегім сарайы
Туған жерім ауасымен демалып.
Барлық үйі сол күйінде тұр аман,
Бәріне де кіріп-шығып жүр адам.
Жалғыз ғана жарқабақта тұратын
Қараңғы үйдің қабырғасы құлаған.
Күндер қайда, дәурен қайда кешегі,
(Зымырап ағып жылдар қалай көшеді.)
Бір кездерде тәңіріндей бұл жердің
Ең айбынды, ең биік үй осы еді.
Осы еді тек бәрінен де сұсты ерек,
(Ол үшін де құдіретті күш керек!)
Жарқамыстың маңдайына бітпеген –
Сол маңайда тұратын бір үш терек.
Соған қарап жалынатын көң дала,
Соған қарай соғатын жел долдана.
Қақ айрылып жатсын бүкіл қара жер,
Құламастай көрінетін сол ғана.
Қара нөсер қаһарланып құятын,
Саз балшығын сайға қарай қуатын.
Кемерінен асып түсіп әдейі,
Жем толқыны қайырылып кеп ұратын.
Бәрі соның оқ боп оны атқандай,
Қаһарлы кек қабырғаға батқандай.
Бірте-бірте ел көзінен жылыстап,
Жер астына кіріп бара жатқандай.
Жаңбыр
Аңызақ соғып, шаң борап,
Ақ тозаң басқан бар қырды.
Аяулы далам әбден-ақ
Аңсаған екен жаңбырды.
Кептірген екен таңдайды,
Күйіп бір тұрған от күндер.
Аспаннан көзін алмайды
Ашылмай қалған көп гүлдер...
Қанбаған шығар шөлі де,
Қырларым қандай күйде деп,
Әкелдім туған жеріме
Алатау бұлтын сүйрелеп.
Жалын боп көкке жайылды
Жасылдың тілі жалақтай,
Бұлттардың төсін айырды
Батырлар тартқан садақтай.
Балбырап қана сасқаннан
Бауырын төсеп тұрды аспан.
Сары уыз, сайғақ жас талдар
Секірді-ау билеп тынбастан.
Күндіз де түні шелектеп,
Көл болып жерге ақты нұр.
Жазықта балғын бөбектей
Сүйдіріп бетін жатты гүл.
Саябыр тауып
шағылдың
Суырып құмын қуған жел,
Жаңбырдан кейін жаның бір
Жайланып қалды-ау, туған жер.
Жан ұлың аңсап келгенде,
Жадырап гүлдер, күлсе бау...
Жаңбыр боп келіп сендергө,
Жайнатып кетіп жүрсем-ау!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.