Бұл дастан 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Алаш тарихының ақиқаты» атты байқауда бірінші бәйгеге ие болған
Қазақ халқының тағдыры таразыға тартылмаған аса ауыр кезеңдердің бірі – ХҮІІІ ғасырда ел бостандығы үшін қаны мен терін бірдей төккен батыр бабалардың асыл рухтарына бағыштаймын!
Ұлы дала, осынау ұлан аймақ ,
Бұлт жөңкілген көгінде , қыран ойнап.
Ұлысың деп , кім оған кінә қоймақ?!
Ірісің деп, кім оған кінә қоймақ?!
Көне дала, кең жазық, көшелі бел,
Кең төсіңнен өтпеді неше бір ер!
Түкпірінен тарихтың тарау-тарау,
Үні болып бабамның еседі жел!
Автор
Бисмиллаһи!
Бастайын сөз көне күннен,
Ер арып, есі кетіп, ел егілген.
Дабылдап далбағайын теріс киген,
Даңқты шақ, бастау алдым дерегіңнен!
Сөзіме арқау болшы дүбірлі күн,
Сөз етпей саралайды сырыңды кім?
Ғасырдың шаңы басқан әжіміңді,
Сүртейін,
Сәулеленсін түрің бүгін!
Өткен күн, ертегі мен жыр-аңыз ба ең?
Жыр аңыз, хақ жәдігер мұрамыз ба ең?
Намыстың туын жықпай, тұлпар мініп,
Өтіпті нар бабалар құла түзбен!
Құла дүз – өткенде ойлап көз іледі,
Өлмейтін бабалардың көзі ме еді?
Жүзінде алдаспанның ғұмыр кешіп,
Ізінде ісі қалған шежірелі.
Арасы майдан болып көк пен жердің,
Көліксіз көші қалған бөктерде елдің.
Сол күнді сөз етейін, ал, оқырман,
Сыйынып аруағына өткендердің!
* * *
Ереймен - еміренген анадай бір,
Қыз мүсін қыналы тас, жағалай қыр.
Адырын арша басқан аралай жүр,
Болмысын, бітімімен бағалай біл.
Қалың тау – қабақ түйіп тұнжыраған,
Қара бұлт төбесінен жылжымаған.
Шемен ғып сырыңды ашпай тұрасың тек ,
Шер өліп, көкірегіңде мұң жылаған!
Шеменді тарқатшы бір тізгіндеген,
Шеріңде не бар екен біз білмеген?
Тылсымды тарихыңа қалам тартып,
Тыншыды сан ғасырлық бұзғым кеп ем...
Бар болса жылатайын жүректе өлең,
Болғанда тірек – Сізден, тілек – менен.
Тебінгі теріс тағып, ту көтеріп,
Төсінен Ерейменнің кім өтпеген?!
* * *
Текті күн тұмандылау түрің анық,
Сол күннің сыбырынан сыр ұғалық,
Жайлапты бұл даланы дейді тарих,
Қу жаны қайыстан да сірі халық.
Күңгірттеу керуенді заман өткен,
Көп сырды өзіменен ала кеткен.
...Сырғыған Сыр бойынан қалың қазақ,
Кезі екен Сарыарқаға жаңа жеткен.
Артына мұра қылған ұлылықты,
Арманын бабалардың кім ұғыпты?!
Қалың ел Қанжығалы көппен бірге,
Ерулеп Ерейменге ілігіпті.
Тобықты, Қанжығалы – екі ел екен,
Қаратау, Сырдың бойы мекені екен.
Ішінде Қанжығалы ел қондырар,
Қарт қыран, кәрі бөрі – Бөкең екен!
Бастаған Тобықтыны нән Ырғызбай,
Ұл тумаса ұлысты елден нағыз мұндай.
Ерлігі, ерендігі ертегідей,
Айбары, аңғалдығы аңыз жырдай.
Бөгенбай – қалың елге ырыс-тірек,
Өткізген бастан майдан, ұрысты көп.
Жорықта жолдас етер інісі бар –
Жау жүрек Нияз Жантай құрыш білек.
Сауыттың сүңгі батпас көбесіне,
Байлаған қос қауырсын жебесіне.
Аруақты Бөкеңнен соң Жантай еді,
Көтерген Қанжығалы төбесіне!
Қалың ел ауа көшкен – үркінді еді,
Көзде жас, көңілде мұң сүртілмеді.
Кезумен сары даланы, аттың басын,
Тірепті Ерейменге бір күндері.
Көшкен ел күн-түн жүрген көз іле ме,
Көз ілсе кедергіге кезіге ме?
Жайлапты Ерейменді қалмақ сол кез,
«Он мың үй», - деп айтады шежіреде.
Бабалар жалын жігер, жаны – құрыш.
Ел болып қолға алыпты бәрі бір іс.
Қалмақты аударыпты Ерейменнен,
Күндіз-түн аттан түспей салып ұрыс.
Түрем дем жау іргесін аласұрып,
Тұлпардың терін алып, таң асырып.
Қылыштап қалмағыңды қуыпты ерлер,
Аюлы, Қаракөлден әрі асырып.
Шаңдатып сары даланы шабыс қылған,
Шежіре-аңыз қалған намысты ұлдан.
Ерулеп ер бабалар бір кездері,
Осылай Ерейменді қоныс қылған!
***
Бедеудей бұғалықсыз бұла ғасыр,
Безерген бедеріне тыға ма сыр.
...Жасытып, жаудың бетін әрі аударып,
Жасапты жұрт бір думан ұлан-асыр .
Қалың ел тарқаған соң мұңы жаңа,
Хабар сап ойына да, қырына да.
Бата ғып, бозқасқаны құрбандыққа,
Шалыпты, басын бұрып құбылаға.
Қызықтан қазақ неге аяныпты,
Қосылып қара суға май ағыпты.
Қанша мал сойылғанын осыдан біл-
Қара қан толтырыпты сай-арықты.
Жиналған қарасы да, төресі де,
Жиын бұл қалатұғын ел есінде.
Жай қылып көңілдерін, жамбас мүжіп,
Май жұғып мұрттарының жебесіне,
Ұнаған қалың елге қылған ісі,
Бас қосқан талай батыр, түрлі арысы.
Қасқайып төр алдында отыр әне,
Қазақтың хан Абылай тұлғалысы!
Қазаққа тұлға болған хан Абылай,
Халықтың қамы жатқан қабағында-ай.
Самарқау, сырты суық отырады,
Сұңқардай тұғырдағы таранып-ай.
Болған соң қылған істің өтеу кем,
Қол үзген Ереймендей мекенінен.
Қалмақтан Уса Серен хан да кепті,
Қалың топ, соңына ерген нөкерімен.
Егесте жібермейді ер есені,
Ер болмай елдің қамын жемес еді.
Еретін Ләрідей данасы бар,
Усаның қысылғанда кеңесері.
Той емес бұл екеуін толғандырған,
Талайлы өз елінің келешегі.
Қайтадан келмесін деп қаралы күн,
Халықтың болмасын деп қабағы мұң.
Белгілеу басты мақсат бұл жиында,
Шекара – қазақ-қалмақ ара жігін.
Шашырап, билік айтпай бас-басына,
Шешуін бұл сауалдың тосты асыға.
Суырылып тон ішінен, қамшы тастап,
Сөйледі қасқасы да, басқасы да.
Жинамай Қоржынкөлге халықты құр,
Ортаға талай сауал салыпты бір.
Үкілі домбырасын қолына алып,
Үмбетей топ ішінде ағытты жыр.
Үмбетей толғады жыр топ ішінде:
«Ай, жұртым, келген жоқпыз жеп-ішуге.
Көпіріп, кермалдаспай кезек-кезек,
Келейік біздер бүгін келісімге.
Келейік біздер бүгін келісімге,
Келіссең, керіс болмас ел ішінде.
Татулық табар болсақ екі жақтан,
Тарылмас өркешті тау, өрісің де.
Жантайып жататұғын жастық алып,
Тыныштық табу бізге - басты бағыт.
Белгіліп шекараны қазақ-қалмақ,
Батырға Арқандырдай тапсыралық».
Атқан ел еруменен талай таңы,
Шу етті: «Жырау тіпті жөн айтады!
Қарашаң тыныш алсын азғана жыл,
Кіреміз қан майданға қалай тағы?!».
Соғыс ол, ұтқанға - сын, бұққанға - сын,
Сабаздың талай-талай жұтқан басын.
«Сүрейік азғана жыл бейбіт тірлік!»
Деді көп, жырау сөзі құпталғасын.
Ереймен, Аюлымен - алабың құт,
Жер емес жүріп кетсе ара күндік.
Белгілеп екі арада - шекараны,
Сайлады Арқандырды қарауыл ғып.
Арқандыр ер Жантайдың інісі еді,
Сүйеніш, демеу берер тынысы еді.
Ішінде батырлардың ірісі еді,
Қалың ел – қарашаның ырысы еді.
Бұл істің шешілді деп сұрағы тез,
Бар халық жақсыларға бұрады көз.
Даурығып бір тоқтамға келген кезде,
«Дат» айтып, батыр Жантай сұрады сөз.
Жантай батыр:
Ай, Абылай хан ием!
Алашқа тұлға арысым.
Бөгенбай ағам алдымда,
Айбарым менен намысым.
Жиылған бүгін байқасам,
Жақының менен алысың.
Айтылған сөздің аңдаусыз,
Бола да бермес бәрі шын.
Ай, айқайлап ұран шақырып,
Ұйқысыз таңды атырып,
Қамалын бұздық қалмақтың,
Қатын мен бала қамы үшін.
Кіреуке кидік жеңсіздеп,
Кеудеде шыбын жан үшін.
Қазанат міндік қаз мойын,
Қазақтың мынау бағы үшін!
Ай, алқалы жиын ағайын,
Алағызып сөйлесең,
Анық та болмас әр ісің!
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Етектен кесіп жең болмас.
Қарадан қасқыр туған ұл,
Ханзададан кем болмас.
Өзі жаман жігітке,
Жығалы бөрік кигізсең,
Жақсыға барып тең болмас.
Қылтадан қылыш тиген соң,
Қанша мықты болса да,
Қайтып ерге ем қонбас!
Ай, Бөгенбай аға, ардақтым!
Арғымақ міндік теңселген,
Асындық жарақ семсерден.
Қажыры қайсар ұланның
Қан майданда өлшенген.
Дұрыстық болмас тірлікте,
Дұшпандық болса көрші елден.
Қамсыз күн болмас қазақта,
Қымызын жұтар керсеннен.
Қара жүрек қалмағың,
Қылмайды жаулық дегенге
Сен сенгенмен, мен сенбен!
Берсеңші ақыл ағалық,
Бұл істің жөнін табалық,
Аюлы-Нияз, Ереймен,
Екі аттам жер ғой аралық.
Қару ап тағы қалмағың,
Қара бір көзден жүрмесін,
Жас емес, аға, қан ағып!
Жасанып келсе жау деген,
Кеудеден кетер жан алып,
Өрістен кетер мал алып.
Қабылдық қылсаң, аға-еке,
Қалмақты қайта шабалық.
Көзін бір құртып кәпірдің,
Көңілге медеу табалық!»
Осылай, деді ер Жантай,
Қатулы жүзі қабарып.
Ұсыныс болады деп басқа қандай,
Үн-түнсіз отыр халық тосқан аңдай.
-Іс жасап жүрмейміз бе, - деді Бөкең,
Аңдаусыз соғылғандай тасқа маңдай.
Сұрланып, хан Абылай сыр бермеді,
Болса да біраз адам қоштағандай.
Болмайтын мағынасыз мақтанға құл,
Тілеген қылған іске Хақтан қабыл.
Алқалы жиын солай тоң-торыс боп,
Тарқады келісе алмай тоқтамға бір.
Тарады бір тоқтамға тұрақтамай,
Шешілмей көкейдегі сұрақ талай.
Сыртымен Уса Серен сыр бермеді.
Көңілі тыншыр енді, бірақ, қалай?
Топыр ғып жинағанмен тамам елді,
Талай іс шешілместен қала берді.
Аттанды Уса Серен, Ләрімен,
Бетке алып Аюлы мен Қаракөлді.
Көгіне көтерілмей көңіл әні,
Алдағы не болар деп өмір әлі.
Келеатқан ой үстінде, бір заматта:
«Әй, ханым, бермен қара!», - деді Ләрі.
-Әй, ханым, бермен қара, біл шаманы,
Көңілді күдікті ой кеп тұмшалады.
Біз енді қам жасайық жатпай-тұрмай,
Бұл Жантай түбі күні бір шабады.
Бұл Жантай бір шабады түбі бізді,
Шапса егер қалдырмайды түгімізді.
Құрбан ғып қазақ үшін - өлімізді,
Құл қылар құлақ кесті - тірімізді.
Құл етер тесік ұлтан - ұлымызды,
Күң етер, көсеу беріп - қызымызды.
Қамданып бір-екі жыл, тарталық біз,
Түстікке бұрып алып жүзімізді.
Қалмаққа Уса басшы, Ләрі құт,
Қысылса содан ақыл сұрады жұрт.
Тегі ойрат, діні бөлек,
ордасының,
Төрінде табынатын тұрады пұт.
Зобалаң әкелмес деп, зәбірменен,
Табынып, пұт құдайға, тәңір деген.
Жалғызы - Әйніш сұлу, өзі ақылды,
Саралар әрбір істі сабырменен.
«Көрейік, - деді Ләрі еңбектеніп,
Құр босқа көздің жасын көлдетпелік.
Көшкенде қиын болар айдауыңа,
Бірер жыл мал біткенде төлдетпелік».
Шабақтай шығып қалған құм қайраңға,
Шарасыз күн туғанда ел мұңды ойлар ма?
Ойға сап арғы-бергі жағдайды,
Осылай келді қалмақ бір байламға.
***
Сөгіліп қасат қардың көбесі құр,
Қарайып Кәрітаудың төбесі бір.
Қыр асып қаһарлы қыс, екі арада,
Жылжумен жаз да жетті келесі жыл.
Көгеріп қарағайдың бүр-желегі,
Көктемде Ерейментау түрленеді.
Көктен күн шуағымен қытықтаса,
Күліп ап бұлақ қашар іргедегі.
Ақ сәуле сепсе де күн жарқынырақ,
Аңғардан тау қоршаған салқын ұрад.
Ағады Күншалғаннан құлаған қар,
Аңғарын Өлеңтінің толтырып ап.
Маңқиып, маңғазындай бір алаптың,
Манаурап, мұнар басып тұр ма Ақдің.
Ардағым, әлі өзіңнен сұрамаппын,
Артына қалдырды екен мұралап кім?!
Көркем бел, көкала орман, киелі қыр,
Кеудесін еміреніп сүйеді нұр.
Төсінен аймаласа сәби - шуақ,
Тасытып ақ бұлағын иеді бір.
Ауасы - бірде қымыз, бірде – шұбат,
Аспаны бірде – түнек, бірде – шуақ.
Бозайғыр, Төрежалы, Қаратау тұр,
Біреу біреуіне мінгесіп ап.
Тұлғасы Ерейменге түр беретін,
Тосумен Ақшоқы тұр күнге бетін.
Құланы жылқыменен бірге жусап,
Бұланы сиырымен бірге өретін.
Табиғат келіп жаңа қалыбына,
Түрлеген айналаның бәрі мына.
...Өзіміз әңгіме еткен жоғарыда,
Келейік Уса Серен ауылына.
Құс біткен Қаракөлді әнге бөлеп,
Көктемде мән де бөлек, сән де бөлек.
...Усаның ақылшысы Ләрінің,
Әйніштей сұлу қызы бар деген ек.
Әнменен қарсы алмаса таңды құсы,
Түссе егер талапайға ел - тағдыр ісі....
Көк шығып, қымыз бесті болған шақта,
Қыз Әйніш Арқандырға салды кісі.
Қаракөл - үйрек ұшып, қаз қонатын,
Жайғасын жағасында жаз қанатын.
Сұм Әйніш Арқандырға хабар салды:
«Қонақ боп кетсін батыр азғана күн!».
«Арқандыр, азғана күн сырласалық,
Бұл дәурен басымызда тұрмасы анық.
Құс салып, Қаракөлден қаз ілдіріп,
Құмарды көптен бергі бір басалық».
Қай істің қашандағы алдын алар,
Қу Әйніш осылайша салды хабар.
Құп алып, Арқандыр да барам деді,
Жалтақтап жан емес қой жанды бағар.
Арқандыр: -Аттанамын, күтсін, - деді,
Араздық арадағы, - бітсін деді.
Айнала Қаракөлдің жағасында,
Ақбоз үй қатар-қатар тіксін, - деді.
Жүдеткен бозбаланың жүрегін көп,
Сұлудың ел сыйлаған бірі еді деп.
Сый етсе бас тартқаным дұрыс болмас,
Соны айтып қам жасады жүремін деді.
Жайлауға келіп қонған көші жаңа,
Қыз Әйніш тартады деп не сыбаға.
Ертелеп шыққан батыр жедел жүріп,
Жетіпті Қаракөлге бесін ауа.
Келбеті көлегейлеп күнді жарық,
Қарсы алды Әйніш өзі мың бұралып.
-Хош кепсіз, батыр! - деді Арқандырға,
Қызықты бүгінгі кеш бір құралық.
-Бас бұрар біздей мына мұңлыққа кім?
Боз орда көл жағалай құрдық бәрін, -
деп Әйніш құрақ ұшты,
қайран батыр,
Артында қайдан білсін сұмдық барын.
Кеудеге тағып жұлдыз – бар асылын,
Кеш келіп, алғандай бір дала тыным.
Қайран ер, қайдан білсін, бүгінгі кеш,
Ажалы сұм Әйніштен болатынын.
Кешқұрым думан солай басталады,
Толады бал шараптың тостағаны.
Жігіттер арқа-жарқа болып бір сәт,
Жазылды Арқандырдың қас-қабағы.
Қызықтан құр қалмаңыз ешбіріңіз,
Қазыдан кертіп жеңіз, төс мүжіңіз.
Шараптан асып түсер, басып ішсең,
Шарада сапырылды бесті қымыз.
Тегіс қыр, дегеннен соң Уса, Ләрі,
Қымызға қыздар келіп у салады.
Осылай опат болды кілең ерлер,
Келе алмай ауыз сөзге мұршалары.
Жалған бұл – өлшенбеген нарық-бағаң,
Жаныңды жақсылыққа жарытпаған.
Арманда кетіп ерлер,
жалғыз ғана,
Ат баққан атшы бала қалыпты аман.
Артық шу естілмеді, басқа дабыр ,
Ақырын күрсінгендей аспан ауыр.
Әлгіндей кез өткен жоқ, қарбаласып.
Әп-сәтте үйін жыға бастады ауыл.
Әп-сәтте ауыл түсті дүрбелеңге,
Мезгілсіз жау тигендей білмегенге.
Бір сұмдық болды ғой деп атшы бала,
Баспалап тұрды шығып бір белеңге.
Сезгендей сұмдық барын алда жақын,
Еру боп, ерттеді қалмақ атын.
Бет бұрып Балқаш көлге, жанталасып,
Жөнелді ауыл көшіп таңға жақын.
Алынар түбі күні кекті біліп,
Асығып көшкен ауыл кетті жүріп.
...Шыбыны шырылдаған атшы бала,
Шабады Ерейменге бетті бұрып.
***
Әлқисса, қамшы басып қаракерге,
«Аттандап» атшы бала салады елге.
Қаралы оқиғаға куә болған,
Бір қарап артындағы Қаракөлге.
Жүрегін қан жылатып кекті жара,
Бір қарап Қаракөлге кетті бала.
Жантайдың жайлаудағы ауылына,
Тәулік сап арасына жетті бала.
Жыл болып жорығы жоқ, қиындығы аз,
Ел іші көтергендей күйін біраз.
Жағасын Өлеңтінің Жантай батыр,
Жайлаған Ажы тауын биылғы жаз.
Тепкілеп қос өкпеге қаракерді,
Ауылға «аттан» салып бала келді.
Қой құрттап, қымыз ұрттап жатқан елге,
Қаралы суық хабар ала келді.
-Қалмағың алды бізден кекті, - деді,
Ақыры дегеніне жетті, - деді.
Өлтіріп Арқандырды нөкерімен,
Бір түнде ауа көшіп кетті, - деді.
Ажының азан-қазан боп қапталы,
Аңырап қалың ауыл жоқтап бәрі.
Шайқалып қайғы-шерден батыр Жантай,
Шарасыз қара жерді тоқпақтады.
Жан еді қызынбайтын желікке көп,
Жаманат осы хабар болып себеп.
Ашулы арыстандай Жантай батыр,
Ақырды: «Сарыбауырды ертте!», - деп.
Ақырды: - Ал атқан қон, тұрыңдар! - деп,
Соңымнан еретұғын кімің бар деп.
Кегіңді осындайда қуа алмасаң,
Ұл болып туылғанша құрыңдар!» - деп.
«Ел едік - бейбіт атар асық таңға,
Қасық қан жібермейміз - қасық қанға!»,
Деп солай қырық адам атқа қонды,
Қалың қол жинала ма асыққанда.
Бұл қалмақ көгертпейді көсегені,
Аттанды, бермейміз деп есені енді.
Жантайдың екі ұлы да шықты бірге,
Тоқаш пен Мырзакелді – қос өрені.
Солар ер – ер болса егер жастық бірі,
Ар менен намыс болған бастың құны.
Жасанған жауды көрсе қайтпайтұғын,
Жантайдың дәл өзіндей қасқырлығы!
Қарасы биік тұрар дүйімді елден,
Қысылса жол табатын қиын жерден.
Тұңғышы Мырзакелді - бөлек отау,
Тоқашы он алтыға биыл келген.
...Қақ тұрып жүйріктердің сауырына,
Жеткізбей биенің қос сауымына.
Орғытып жетіпті ерлер,
Қоржынкөлде,
Отырған Бөгенбайдың ауылына.
Қайғыдан болғаннан соңа жара бауыр,
Секілді жүрістері – қара дауыл.
Әскер кеп таң азанда дүбірлеген,
Әп-сәтте үрпиісіп қалады ауыл.
Ел едік, малына сақ, жанына сақ,
Жау тиіп, келді ме деп тағы жасақ.
Асығып ордасынан шықты Бөкең,
Шекпенін желбегейлеп жамыла сап.
Ел үшін ер Бөгенбай ырыс-құт па,
Жол сілтер қашандағы дұрыстыққа.
Жантайдан жөн сұрады: «Әй, бауырым,
Жүрісің суыт екен, тыныштық па?»
-Ай, аға қаным ойнап намыс қызды,
Қылышты тағы асындым қарыс жүзді.
Қылдың да, тыңдың Бөке, қайтем енді,
Қапыда қалмағыңыз қан ішкізді!
Қабағы қазақпенен жараспаған,
Қалмақты жау санаған Алаш бабам.
Жоңғарды жүндей түтіп, жерін алып,
Жөн еді елден қуып аластаған.
Қайтеміз іс өткен соң хаққа налып,
Қоясын қу қалмақтың ақтаралық.
Қапыда Арқандырды опат етті,
Ал, Бөке, қолыңды жи, аттаналық!
- Қу қалмақ сезіп тұр ғой жайыңды анық,
жағдайды, - деді Бөкең, -пайымдалық.
Аз қолмен сайланған жау алдыра ма,
Алайық аз ғана күн дайындалып.
- Жоқ, Бөке, - деді Жантай, бөгелмеспін,
Жауымнан кегімді алмай мен өлмеспін.
Кеудеде шыбын жаным аманында,
Кесе алмас ешқашанда өремді ешкім.
Бүлдірер елдің ішін бүлік деген,
Бүлінсе елдің басы бірікпеген.
Дәм бітсе шәйт болып қырылармыз,
Болмаса қалмағыңды қырып келем!
-Армансыз қылу үшін алда күнді,
Аяман ештеңеден мал жанымды.
Бөгелмен, ал кеттім! - деп батыр Жантай,
Борбайдан жалғыз ұрды Сарыбауырды.
Соны айтып батыр Жантай жөнеледі,
Соңынан қырық кісі қол ереді.
Ордадан Баяу ана шықты осы сәт,
Ортаға ақыл салған өнеге еді.
Бөкеңнің бәйбішесі – Баяу еді,
Есімі ел ішіне аян еді.
Бауырға бәйтеректей саялы еді,
Батырдың тұғыры мен таяны еді.
Ал, Бөке, жина, - деді тамам елді,
Бұл Жантай соңыңа ерген қараң еді,
«Қырылам» деген сөзді бұрын айтты,
Қатерге ұрынбаса жарар еді!
Деп солай Баяу ана ақыл берді,
Ақылын батыр Бөкең мақұл көрді.
Жоңғарға аттанбаққа тез арада,
Жан-жаққа хабаршы сап, шақырды елді.
***
Көз салсаң ілкі заман күндеріне,
Іс болған дәл осындай ілгері де.
Анадан ірі туып, өтіпті ерлер,
Армандап ізгі күнді бір көруге.
Тірліктің тұсау салған аяғына,
Тасбауыр заман өткен баяғыда.
... Әлқисса, ашуменен жүріп кеткен,
Келейік ер Жантайды баянына.
Елім деп, кіндік кескен, кірім жуып,
Еңіреп атқа мінген қырық жігіт.
Ақдіңнің иығына шыға келді,
Ат белін суытпастан жүріп – жүріп.
Ер болсаң-от намысты, жалын жүрек,
Ел үшін айқасқа кір, қанынды төк.
Дегендей, қырға шықса қырық жігіт,
Көрінді алдарыңнан қарулы топ.
Топ атты шықты бойлап жал ағашты,
Кім екен пайда болған табан асты?
-Жігіттер, қару сайла, - деді Жантай,
Байқамай бізді қалай қара басты!
Шыққанда дәл осынау белеске кеп,
Көрінген аяқ асты елес пе деп.
Тұрғанда деді біреу: «Өй, мынауың,
Уақта батыр Баян емес пе?!» деп.
- Ойпырмай, шелі бардай көзіміздің,
Үрейі көптеу болды – ау сөзіміздің.
Ол, рас, ақбоз атты Баян батыр,
Қасында – Үйсінбай ғой өзіміздің!
Жаратқан жақсыға өзі жар бола ма,
Жолыққан әлгі бір топ сары далада.
Жантайды таныған соң бөгелместен,
Ат қойды «ой, бауырымдап» әлгі арада.
Жігіттер шеттеу жүрген жырақтағы,
Жаманат хабарды естіп құлақтары.
Жантайдың өз інісі Үйсінбай мен,
Жау жүрек Баян екен Уақтағы.
Кез емес, жайыңды айтып мұң шағардай,
Көңілді қайғы-шемен құрсағандай.
-Аз кісі атқа қондық, - деді Баян,
Аялдып қол жиюға мұрша болмай.
-Ай, Жәке, қолыма алдым құралымды,
Жау қуып тарқатпаққа құмарымды.
Жолыңды тосып жүрмін Үйсінбаймен,
Кешікпей біліп едім шығарыңды.
Жар қабақ, жан шошытар реңі – дүр,
Болғанмен түсі суық, жүрегі – нұр.
Баян бұл – сан айқаста қатар жүрген
Жантаймен қашандағы тілегі бір.
Жорықта жалғыз малта нәсіп еткен,
Жан еді жоғалмайтын сесі беттен.
Ақбозға Баян мінді деп естісе,
Қалмақтың құты қашып, есі кеткен.
Үйсінбай – Жантайға іні, бала жігіт,
Үйренген жас болса да дара жүріп.
Бауырынан Ноян сынды айырылған соң,
Баянның соңына ерген аға қылып.
Келген соң ата жауды құрытқысы,
Жанында қанат жайып рух-құсы.
Асығып атқа қонған бұлар-дағы,
Шағын топ, азғана адам-қырық кісі.
Болса да алдағы айқас қиынырақ,
Бас қосып сексен адам жиылып ап.
Жөнелді жауды өкшелеп,
Жалғыз мәрте,
Бет сипап, Жаратқанға сиынып ап.
Ер Жантай, батыр Баян – екі де алып,
Жауға ойран саламыз деп, жетіп алып.
Жөнелді басты қосып сексен батыр,
Нұра өзен, Балқаш жақты бетіне алып.
Алда айқас болатынын тұрсаң біліп,
Жеткенше ұмтыларсың мұршаң құрып.
Суытпай аттың белін, жедел жүрді,
Аз тоқтап, анда-санда бір шалдырып.
Таз төбе, тақыр дала, бүр-қараған,
Тіршілік білінбейді сұр даладан.
Шыққанда Балқаш көлдің шығысына,
Көрінді жау қарасы мұндалаған.
Шалғайдан бір көштік жер көрінді жау,
Екі орта едәуір жер – өңір мынау.
Жігіттер өзектейді «ал, кеттік» деп,
Жасытпай алда тұрған өлім-бұғау.
Бауырын қызыл бояу-нілге малып,
Батысқа еңкейгенде күн де барып.
-Топырлап құр беталды даурықпаңдар,
Тоқтайық, бел суытып, бір дем алып.
Ереймен артымызда қалды жырақ,
Есе алу сұм кәпірден – алғы мұрат.
Алайық ақылдасып, - деді Жантай, -
Аттарды бір азғана шалдырып ап.
Жақындап жау қарасы қалды міне,
Жөн айтты жігіттердің әрбіріне.
Деп шешті Жантай менен Баян батыр:
«Тиеміз сәтін салса таң біліне!».
Алдымен қылар істі ойға алалық,
Көптігі кәпірлердің айдан анық.
Шабайық бір-бір құшақ қарағанды,
Аттардың құйрығына байлап алып.
Қатерлі қолға бүгін істі алғанда,
Бойыңа қайрат бітіп, күш қонған ба.
Байласақ қарағанды, шаң молайып,
Көп болып көрінерміз дұшпандарға.
Қарсыда тұрса күтіп кілең қалмақ,
Қалайша жігіттерде рең болмақ?
Алады сонда-дағы бірер мызғып,
Азғана малта сорып, жүрек жалғап.
Ел үшін құрбан болған бас та, мал да,
Ерлерді ереуіл күн тосқан алда.
-Жігіттер жиналайық, - деді Жантай,
Шығыс жақ сәл бозара бастағанда.
Жігіттер, жиналайық, таң білінді,
Жаратқан өзі оңдасын арғы күнді.
Көрсетсең қиын істе нарлығыңды,
Қолдасын Қызыр бабам барлығыңды!
Ер салдық қақпанбелге – қозыкүрен,
Елім деп, ертеңді ойлап көз іліп ем.
Ер ме екен ақтармаса жаудың қанын,
Ел ме екен мақтанбаса өз ұлымен?!
Болса да ісің адал, күшің мығым,
Бағалар халық болмай ісіңді кім?
Азаптың ордасында ат қоялық,
Қазақтың болашағы үшін бүгін!
Қалың ел – қара орман бар артымызда,
Мерт болсақ мың алатын нарқымызға.
Шаң қылып біз шабайық, мына дала,
Мәңгілік мекен болса халқымызға!
Сабырды жоғалтпайық босқа бекер,
Сау болсақ талай майдан бастан өтер.
Елге ұшсақ жауды жеңсек – ол бір мерей,
Жер құшсақ – ұрпағымыз дастан етер!
Соны айтып батыр Жанатай атқа мінді,
Сиынып, демеу етіп хақ Тәңірді.
Бел буған ақ өлімге сексен боздақ,
Беттерін жау жайлаған жаққа бұрды.
Алдағы қылар іске қабыл ойлап,
Көтеріп төбесіне бөрі байрақ.
Жөнелді сексен боздақ «жау қайдалап»,
Жарқылдап жанарында жалын ойнап.
Жарқылдап жанарында жалын ойнап,
Кек буып кеуделерін, қаны қайнап.
Ат қойды сексен батыр ала таңда,
«Ақжолдап!», «А, құдайлап!», «Абылайлап!»
Бұзылып тыныштықтың таңда сәні,
Топырға топыр келіп жалғасады.
Шапқандай сексен емес, сегіз мың қол,
Тозаң боп айналаны шаң басады.
Дегендей не ғып бізді қара басты,
Дұшпан да қалды сасып табан асты.
Бөрідей қойға тиген бейуақта,
Батырлар жауға келіп араласты.
Көрінбей күннің сонау жүзі күлгін,
Бітердей дәмің менен тұзың бұл күн.
Әп-сәтте тамұқ келіп орнағандай,
Басталды қанды қасап, қызыл қырғын.
Апырмай, соғады екен арты неге?!
Айқастың біреу жеңу – шарты көне.
Айнала айғай-сүрен, кесілген бас,
Айрылған иығынан жарты дене.
Біреулер қашуға да арсынбайды,
Біреулер ашынғандай аршындайды.
Шабынан ақтарылған арғымақтар,
Ышқынып, жан бере алмай қалшылдайды.
Қылышпен бірге жұмсап сүңгіні де,
Қазақтар жау іргесін түрді міне.
Жантай жүр қос ұлымен сүрен салып,
Үшеуі тірек болып бір-біріне.
Ер Жанатай, - бойы биік қарағайдай,
Жан- жақтан қалмақ біткен қамалайды-ай.
«Мырзаш-ау, абай бол деп Тоқашыңа!», -
Бұрылып анда-санда салады айғай.
Көрініп бір топ қалмақ дала беттен,
Көмекке келіп, міне, жаңа жеткен.
Жантайдың көзі шалды абайсызда,
Ішінде қыз Әйнішті қараң еткен.
Күйдіріп, кеудені өртеп кекті нала,
Деп айтты: «Ана қарбетті қара!».
Сайқалды бір ілем деп сүңгіменен,
Сүрендеп алға ұмытылды шепті жара.
Ұрандап ұмытылды енді шепті жарып,
Қаһары қаңтардайын бетті қарып.
Қорғаған жасауылды жарып өтіп,
Жантай ер сұм Әйнішке жетті барып.
Бұл жерде бітсе-дағы ғұмыр анық,
Артымда сен жүрмессің тірі қалып.
«Салдақы, сыбағаңды ал!» - деп Әйнішті,
Лақтырды найзамен іліп алып.
Шайқас бұл, - шалдықтырып шамаңды алған,
Дәм бітсе тірлігіңіз тәмамдалған.
Қызыл қан өне бойы Жантай ердің,
Сау жер жоқ денесінде аман қалған.
Қан сүрен, орнағандай заман ақыр,
Құны жоқ өміріңнің қара бақыр.
Сәріде кірген ерлер сілікпеге,
Сәске өтіп, бесін ауып бара жатыр.
Бір жақта батыр Баян қабыландай,
Қаһары жаудың бетін қарығандай.
Омырауы ақ боз аттың қызыл қан боп,
Ойран сап, орғытып жүр дамыл алмай!
Ағызып жау арасын жарып өтіп,
Ақырып, «Алға ұмытыл!» деп әмір етіп.
Айбар боп жүрсе - дағы, қазақтардың,
Азайып бара жатыр, әлі кетіп.
Жаны бір батырлардың тар шақта әмән,
Ешкім жоқ, бұғып қалып жан сақтаған.
Қатары қатты сиреп қазақтардың,
Сексеннен қалған енді он шақты адам.
Қапыда қылыш тиіп дәл сүбеден,
Қан кетіп Үйсінбай да әлсіріген.
Саңлақ, серке туған сабаз еді,
Сау шыққан талай сойқан, сан сүреден.
Қалса да бойда қуат шамаланып,
Үйсінбай ұрыс сап жүр дараланып.
Жарқырап ақтарылған ішек-қарнын,
Шапанның етегіне орап алып
Қалың қол – қалмақ біткен қара қабақ,
Қоршады қасқырдайын қамалап ап.
Жазық жер, қу медиен, тақыр дала,
Қысылсаң жанға қалай пана болад?!
Тас қоршау, кілең кәпір жан – жақ мығым,
Саны көп, сездіргендей салмақ – құнын.
Азан бері қырғын тапса-дағы,
Азаяр емес, сірә, қалмақ бүгін.
Қасапқа талай боздақ кіріп, өліп,
Қан сасып дала жатыр күңіреніп.
Құлады ер Үйсінбай қансыраған,
«Қош, аға!» - деуге ғана тілі келіп.
Құлады «қош», - деді де ақырғы рет,
Тоқтады, бір бұлқынып батыр жүрек.
«Бауырым, кегіңді алам әл біткенше!», -
Деп Баян арыстандай ақырды кеп.
Ада боп бойындағы бар шыдамы,
Ақырып атына енді қамшы ұрады.
Осы кез дәлдеп атқан жалғыз жебе,
Ақбоздың қолтығына шаншылады.
Айқаста серік болған ерке күлік,
Ақбоз ат жанарына тер төгіліп.
Қорқырап, қан шұбырып қолқасынан,
Құлады таудай болып төңкеріліп.
Ақбоз ат – ер Баянның ақберені,
Мерт болды андаусызда, - әттегені.
Талайдан күтіп жүрген қалын қалмақ,
Қорқаудай жан жағына тап береді...
***
Қан қатқан алмас қылыш қолда жалаң,
Ендігі не болар деп алда заман.
Ер Жантай екі ұлымен ұрыс сап жүр,
Қазақтан осы үшеуі қалған аман.
Басына салғаннан соң бір іс тағдыр,
Ұрандап Жантай батыр ұрыс сап жүр.
Сау жер жоқ денесінде, сонда-дағы,
Құламас жаралғандай құрыштан дүр.
Өлімге мойыныңды ұсынып бір,
Өкінген не болады, қысылып құр?!
Бұл соғыс – бұлар үшін соңғы соғыс,
Боларын батырларда түсініп тұр.
Егісте жібермейді ер есені,
Ер болмай, елің батыр демес еді.
Жалғыз сәт қалмақ кейін серпілгенде,
Ер Жантай қос ұлымен кеңеседі:
-Аттан мен айқай-ұран, дабыл барда,
Алаштың тірлігінде дамыл бар ма?!
Мырзаш, сен елге жөнел, Сарыбауырмен,
Садақты бір тартатын халым барда.
Туады әлі талай тамаша күн,
Туыстың еске алайық болашағын.
Мін-дағы, Сарыбауырды, елге жөнел,
Садақты тартып саған жол ашамын.
Қызығың тірі болсаң тәмамдалмас,
Қызырың болсын, балам, саған жолдас.
Бәріміз опат болсақ осы арада,
Бозымнан* ел қондырар адам қалмас!
Талайлы тіршіліктің көшіне ерген,
Әйтеуір айырылмасын несібе елден.
Секілді бізге бүгін әй, балалар,
Топырақ бұйыратын осы жерден!
-Әке, - деп Мырзакелді тебіренді, -
Дәм бітіп таусылса да өмір енді.
Әр жігіт армандаған шын ерлерше,
Шайқаста көз жұмудың жөні келді.
Көзде нұр, таусылғанша қолда күшім,
Алыстым, Алаш азат болмағы үшін.
Айқаста шәйіт болған бөріктінің,
Алды-арты біз емеспіз, ол-дағы шын!
Елім деп ер салып ем арман атқа-ай,
Елес боп өтті ме өмір жанған оттай.
Ай, әке, ізсіз кетіп баратқам жоқ,
Артымда жалғызым бар – Жанболаттай!
Қашанда серік болған намыстыға ар,
Арлыдан арамзалық алыс тұрар.
Артымда Жанболат бар, тірі болса,
Алмастай түбі бір күн жарып шығар!
Ақырын өмір ағар арнасында,
Адамның ізі қалар жалғасында.
Ай, әке, Тоқаш кетсін, ұрпағы жоқ,
Өмірге келмегендей болмасын да!
Хақ өлім Тәңір бізге әмір етіп,
Қалды ма тіршіліктің мәні кетіп.
Түсіп бер, Сарыбауырды Тоқашқа, әке,
Шыға алса қалмақ шебін жарып өтіп!
Бәйгеге тігіп солай бақыр басты,
Соңғы рет әке-бала бақұлдасты.
Өксігін көмейдегі кері жұтып,
Ер Тоқаш Сарыбауырға тақым басты.
Керемет бола бермес өмір кілең,
Қайғымен тарылтпайық өмірді кең.
- Ал, балам, жолың болсын, Аллаң сүйеп,
Ашамын садақ тартып жолыңды мен!
Сәлем де – Қанжығалы қалың елге,
Қара орман, қария тау, кәрі белге.
Қайтейін, тіреді ғой қалмақ әкеп,
Қан қасап, соғыс деген әбігерге!
Тоқашым, толыспаған жас баласың,
Амал не өзің елге бас боласың.
Дегейсің Есен – Бозым баласына,
Бес уақ дұғасынан тастамасын.
Тағдыры сызыққа кеп тірелгесін,
Дәм бітіп, ажал жетсе кім өлмесін?!
Айта бар, Бөгенбайдай арысыма,
Кегімді қу қалмаққа жібермесін!
Өңінен шошынғандай қараған жан,
Соны айтып батыр Жантай садақ алған.
Сарнауық сары жебенің дыбысымен,
Серпілді қалың қалмақ қамап алған.
Серпілді қалың қалмақ әрмәнырақ,
Тебінді Тоқаш бала жалға құлап.
Соңынан сыңсып ұшқан сары жебенің,
Суырылып шыға берді Сарыбауыр ат.
Дүбір қып сарыжазық, дала, белді,
Суырылып Сарыбауыр ат салады енді.
Қалмақтың қоршауында екі батыр,
«Ал, хош!», - деп мәңгілікке қала берді!..
***
Мына дала – мұнартқан мұң алабы,
Мазасын ал, сырларын сұра – дағы.
Өңірінен өреді аңыз – дастан,
Жылғасынан ертегі, жыр ағады!
Қайран далам, далиған – тілсіз мұра,
Ойландырған ойсызды, мұңсызды да.
Топыр да өткен, төсінен топан да өткен,
Тоң-торыс боп төбелер тұрсыз мына...
Көшпенділер – қосатын күнге көрік,
Құпиясын кеткен бе бірге көміп?!
Төгілген қан бір кезгі – гүл боп өніп,
Ескі қорым қарайды іргеленіп.
Ескі қорым қарайды іргеленіп,
Есім кетер жүрсем де күнде көріп.
Сары төбенің астынан – жалғыз куә,
Ай да шықты сықсиып, сүлделеніп...
Қайсар жұртым, қалайша жаның қалды?!
Жауың келіп жарыңды, барыңды алды.
Қаратауда қаралы әнің қалды,
Қара жерге төгіліп қаның қалды!
Қанша құқай көрсең де құрып кетпей,
Мұра болып – намысың, арың қалды.
Аруақты ерлер өзімен алып кеткен,
Асыл арман әйтеуір орындалды!
Ар-намысың біздермен қалды бірге,
Азат болып қарсы алдық таңды мүлде.
Аман шыққан қоршаудан Тоқаш бала,
Әлі шауып барады алғы күнге!
Әлі шауып барады алғы күнге!
