Біздің қоғамда қолда барды беру, бөлісу мәдениеті жоқ дей алмайсың, ауыр сырқатқа шалдыққандарға, үйсіз-күйсіз жүрген көп балалыларға қолындағы барын беретін осы халық. Сөйтіп талай адамның қатарға қосылуына көмегі тиді, сөйтіп жүріп алаяқтардың жемі болғаны да бар. Бірақ, қалай болғанда да сауапты істен қашпайды. Ал бірақ руханиятқа, ағартушылыққа ұзақ уақыт бойы тұрақты қолдау көрсету жағы сирек, оны жүйелі түрде жасау дәстүрі толық қалыптаспағаны рас. Соның ішінде рухани еңбектің бағасы төмендеп кеткен, қоғамда материалдық жетістік алдыңғы орынға шығып, руханият екінші қатарға ығысқан осы кезеңде шалғайдағы ауыл мектебінің талапты шәкірттеріне көмектесу көп жағдайда бедел көрінбеуі де мүмкін. Бірақ, бәрібір де дәл осындай мысалдар қоғамды ұстап тұрған «көрінбейтін тірек» екені даусыз.
Құрманғазы Қараманұлы атындағы шәкіртақы
Осы жерде бір мысалға кезек берейік. Бір мысал деймін ау, бұл тіпті жалғыз мысал болар. Құрманғазы Қараманұлы деген жазушы ағамызды көркем дүниеге құштар жұртшылық біледі. «Қайраң өткел», «Қызғыш құс», «Алтын іздеушілер», «Жалғыз атты жолаушы» т.б. жақсы проза жазды. Э.Хемингуэйдің «Қош бол, майдан!», И.Стоунның «Грек қазыналары», орыс жазушысы Г.Гриннің «Комедианттар», Сервантестің екі бөлімнен тұратын «Дон Кихот» романдарын, Чезаре Павезенің «Ғажайып жаз», «Жотадағы жынойнақ», «Жолдас», «Ай мен алау» роман-хикаяттарын қазақ тіліне аударған. Уағында «Көк аспан, қара жер» деген танымдық газет те шығарды. Сол ағамыздың өзінің туған жері Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылына жылда барып, сол мектептің озат, өнерлі оқушыларына анасының атынан шәкіртақы беріп отырғанын білуші едік. Мәселе аз-көпте емес, мәселе ниетте. Ойлап көрсек, жеке адам тарапынан қоғамға, руханиятқа қаржылай қолдау көрсету оңай шаруа емес, бұл адамның ішкі адами қағидатына байланысты нәрсе. Өмірде көп адам табысқа жетуді мақсат етеді, ал табыстың артында қоғам алдындағы борыш бар екендігін бәрі бірдей сезіне бермейді. Ал егер сезінсе, бұл отбасында көрген тәрбиеге, үлгіге, бала кезде бойға сіңген жауапкершілік сезіміне байланысты болуы мүмкін.
Туған жеріне дабыра қылмай-ақ тым-тырыс барып кететін, жұртшылықпен кездесу өткізіп те жатпайтын, сондай бір қарапайымдылықтың үлгісі десең болардай мінездің иесі жайлы сұрағымыз келіп, жазушының қызы, белгілі заманауи иллюстратор Аңсаған Мұстафаға хабарласқан едік .

Аңсаған Мұстафа, иллюстратор-суретші:
- Әкем туған жерін өте қатты жақсы көрді. Бұл сырт көзге жасалатын нәрсе емес, туған жерге деген шынайы махаббаты еді. Елді ылғи сағынып жүретін. Жаз басталса көлігіне мініп кетіп қалатын да, өзінің балалық шағы өткен жерге, Қалдығайты өзенінің жағасына барып, шатыр құрып, айлап жатып демалатын. Топырағын, жусанын бөлек жақсы көрді. Ауыл адамдары барып амандасып, бір қауқылдасып қалатын. Інім екеумізді де апарды, інім көбірек барды. Сол барғанда бір айдай тұрдық, балық ауладық, жердің атын, сайлардың атын, тарихын айтатын. Бүгінде ел-жұрт әкемнің тоқтайтын жерін Құрманғазы жері деп атайды екен, оны алдыңғы жылы мамам, інім, қызыммен Оралға барғанда естідік. Сол жақтың азаматтары Өлкетану музейінен бұрыш ашып, әкемнің кейбір заттарын тапсырдық. Әкем «ол жақтың адамдары ерекше ақкөңіл, аузын ашса көмекейі көрінеді» дейтін, үлкен кісілердің әңгімелерін таспаға жазып алатын. Тақырыбы да туған жер, кейіпкерлеріде сол туған жердің адамдары еді. Анасы яғни біздің әжеміз әкем оқыған жалғыз мектепте жұмыс істеген, таңғы сағат 4:30-да кетіп, балалар келгенше пеш жағып, мектепті ұядай қылып жылытып қояды екен. Әкем атам соғысқа кеткенде іште қалған бала, әжем босанғанда атамнан: «атын Құрманғазы қоярсың» деген хат келген, бірақ, өзі сол кеткенннен оралмаған. Әкем өз әкесін өмір бойы күтті. Өмір бойы іздестіріп, сұрастырумен болды. Ақыры Ресейге, органдарға хабарласып жүріп архивтер арқылы тапты. Атамыз Батецкий қаласы маңындағы селода бір топ жауынгермен жерленген екен. Содан әкем інім екеуі басына барып, тағзым етіп, ауылдан апарған топырағын салып келген еді. Әжем Алматыда бізбен тұрды, кейін ол қайтыс болғаннан кейін әкем сол ауылдағы мектепке көмектесіп тұрды. Бір айлықпен өмір сүрсе де, әр айлығынан бөлек алып қалып, жыл соңында салып жіберетін де, мектеп директоры оны жақсы оқитын балаларға табыстайтын. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дегенді өз жүрегіммен түсінемін. Сол облыстық Өлкетану музейден әкеме арналған бұрышты ашқан кезде нар тұлғалы азаматтардың әкем жайлы айтқан естеліктері мені толқытты. «Сіздің әкеңіз өзі оқыған мектеп оқушылары үшін шәкіртақы тағайындағаннан да біз жақсы оқыдық. Соны алғым келіп, жылда жақсы оқуға тырыстым, содан грантқа түстім. Жазушының сол қамқорлығы бізге стимул болды» деді бір азамат. Тағы бір жігіт: «Ауылда тұрдық, әке-шешеме ауылда жұмыс жоқ, тұрмысымыз нашар еді, сонда менің алған шәкіртақым кәдеге асатын» деп естелік айтты. Ол соншама көп сома да емес еді, бірақ, соның өзі ауыл балаларына қолдау болған екен. Бауырым екеуміз мамаммен ақылдасып, әкемнің ісін жалғастырайық деп шешіп, жалғап әкеттік.

Папам «Ақорынша атындағы стипендия» деп айтып жүрді, біз оны «Құрманғазы Қараманұлы атындағы стипендия» деп жалғастырып жатырмыз. Мектеп директоры хабарласып, суреттер жіберіп жатқанда қуанып қалады екенсің. Әрине, Астана, Алматы үшін ол кішкентай ғана ақша, бірақ, ауыл баласы үшін мотивация екен. Айтуға да ыңғайсыз, бірақ, соны үзбеуді шештік.
Шынын айтайық, Аңсағанның әңгімесі бей-жай қалдырмады. Мұнда жазушының туған жерге деген ықылас құрметі, анасына деген махаббаты жатқаны анық.
«Ақтамға» арналған игілік
Жуырда әлеуметтік желіден белгілі жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, балаларға арналған «Балбұлақ» журналының бас редакторы Мағира Қожахметова апайдың парақшасынан бір жаңалықты көзіміз шалып қалды. Онда Мағира апай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Барыс» орденінің иегері Сәуле Досжанның Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы «Ақтам» орта мектебінің талапты, өнерлі оқушыларына жыл сайын шәкіртақы табыстайтынын айтқан екен. Мағира апайдың айтуынша осыдан біраз бұрын Сәуле Досжанова бірнеше баланың «Балбұлақ» журналына жазылуына да демеушілік танытыпты.
«Балбұлақтың» осы жолғы санының бірнеше беті сол «Ақтам» мектебі балаларының шығармашылығына арналыпты. Адамның жақсы ісін, жақсылығын көрсетуге асығып тұратын, оқу-білімге құштар балаларға шәкіртақы берудің де уақыт өте ортақ игілікке қызмет етерін түсінгеннен де Мағира апай көпшілікке осы жағымды жаңалықты жеткізіп отырғанын түсіндік. Біз апайға хабарласып, осы жайында сұрап, тіпті фотосуреттерін алдық. Себебі мұндай мысал жалпы көп емес. Өйткені, бұл әрекет көбіне жеке адамның ішкі адами өлшемдеріне барып тіреледі.


«Ақтам» орта мектебінде 7 сынып оқитын Әділбай Жансұлу «Балбұлақ» журналына былай деп хат жолдапты:
«Сәуле апай жыл сайын мектебімізге аудандық, облыстық, республикалық білім сайыстарында топ жарған жеңімпаздарға беретін шәкіртақысын табыстауға келеді. Оқырмандары да құрқол қарсы алмай, арнайы жыр кешін дайындайды. Және ауыл тұрғындарымен қауышып, арқа-жарқа боп қайтады».



Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сәуле Досжанға хабарласқанымызда шәкіртақы алатын оқушылар саны биыл да көп екенін білдік.
- Менің туған жерім Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Ақтам деген ауыл. Тәңіртаудың етегінде жатыр. Сол ауылдың табиғатынан, тауды сүйгенімнен шығар, Астанадан Алматыға қайтып оралдым. Тура тауға қарап тұратын кабинетімде жазуымды жазамын, айтайын дегенім, тау маған күш береді, қуат береді. Мектебіме шәкіртақы беру деген ой кішкентай Ақтамды Мұқағалидың Қарасазы сияқты бүкіл ел танитын ауылға айналса екен, сол ауылдың балалары да күшті оқыса екен деген арманымнан туған. «Ауылдан шыққан миллионерді» де сол мақсатпен жаздым ғой. Ауыл балалары Сәуле апамыздың шәкіртақысын аламыз деп ынталанып оқысын деп, еңбектері бағалансын деп ойладым. Алғашында 6 балаға шәкіртақы бергенбіз, биыл бесінші жылға кетті. Былтыр 36 балаға шәкіртақы бердік. Балалар қуанады. Өлең жазады, жазушы, ақын болғысы келеді. Балалардың өлеңдерін жариялауға көмектесемін. Біздің жақтан шыққан қыздардың кітаптарын да шығарып бергенбіз. Ауданнан білім, өнер сайыстарынан жеңіп келген оқушыларға 30 мыңнан, облыстық бәйгелерге қатысқандарға 70 мыңнан береміз, ал республикадан оқып келгендерге 100 мыңнан шәкіртақы төлеп, сонымен бірге жол-пұлын төледім. Сөйтіп, балалар қуанып оқып жатыр. Менің шәкіртақыммен оқыған балалар грантқа түсіп жатыр, бұл мен үшін зор қуаныш! Олардың ата-аналары менің әке-шешемнің көзін көргендер ғой. Қазір ауылда Ізбасар деген інім тұрады. Ақтамға арнап ән шығарлым, ол гимнге айналды. Бар мақсатым – Ақтамның атын шығару. Мамырдың аяғында сыйлықтарымызды алып тағы барамыз. 15-20 адамды «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жұлдызға» жаздыратынмын. Әйтеуір, қолымнан келгенше көмек болсын деп ойлаймын ғой. Тапқанымды жұртыма, талантты адамдарға жұмсаймын.
***
Біз бұл жайында неге айтып отырмыз. Айналып келгенде бұл да игілік. Бүгін жақсы оқып, ел алдында жүрген азаматтардан, қаламгердің қолынан шәкіртақы алып, жүзі бал-бұл жанған балалар ертең өзі де сенім арқалайтын, басқалардың еңбегін бағалайтын, жақсылықты бағалайтын азамат болып шығуы мүмкін ғой.



Қажетті фотосуреттерді берген Мағира апайға алғыс білдіреміз.
