***
Аспанға жазған хатымды,
Басына бұлттар жастады.
Ауаға жазған атыңды,
Жаңбыр жуып тастады...
Қара бұлт сосын түнеріп,
Нұқытып қойып желге өтін.
Жылады тауға тіреліп,
Шылқытып жасы жер бетін.
«Оқыдым» - деді хатыңды,
Тұрғандай жарып өз басы.
Сыбырлап айтты атыңды,
Сырғанап тұрып көз жасы.
Зарыма сауал хатымдай,
Сорыма зауал сұраппын.
Жайыма тыныш отырмай,
Боркемік бұлтты жылаттым…
***
Сен де айтпа сырыңды!
Мен де айтпаймын!
Сен де айтпа шыныңды!
Мен де айтпаймын!
Сен де қара ұрланып!
Мен де үйренем!
Сен үндеме қиналып!
Мен де үндемен!
Сен де мұңай тұншығып!
Мен де сөйтем!
Сен де алыста қырсығып!
Мен де кетем!
Сен де сағын зарығып!
Шыдағанмын!
Сен де күттің жабығып!
Жылағанмын!
Жақындадық!
Сонда да, алыстадық!
Түйісіп жол,
О тоба, табыспадық!
Сезімді ақтап ұдайы...
Күндемедік!
Сүйіп тұрып шынайы...
Үндемедік!
Есеңгіреп екеудің есі кетті,
Есіл кеткен күндерге десі кетті.
Екі ақымақ екенбіз азап тапқан,
Екеумізден басқа елдің несі кетті?
Жә, қояйық шешенсіп көсілмей-ақ!
Көлгірсиміз көпіріп несіне аяп?
Жалған күліп жүрейік, аман болып!
Шешілмес сыр кетсінші, шешілмей-ақ!!!

***
Сен жайлы ойламауға Жаратқанға серт бергем!
Махаббат па?
Махаббатың далбаса!
Мендік жүрек сезімі алау-алау өртте өлген,
Періштелердің жұмақта жылайтыны болмаса...
Сен жайлы ойламауға өзімді-өзім көндіргем!
Сағыныш па?
Сағынышың, ол да азап!
Қадіріңді, сабырыма жеңдіргем,
Жанның дерті – жынның серті, мұң, тозақ...
Сені ешқашан сүймеу үшін тырыстым,
Түн түнеріп, таңым атты аларып.
Жүзіменен жүріп өттім қылыштың,
Жанардан жас, жүрегімнен қан ағып...
Жырларыңды жүрегіңе жазылған,
Сырларыңды, бәрін, бәрін білемін!
Ал мендегі үнсіздікке мән берме,
Мен, тек сенің амандығыңды тіледім!
Жүрегім!…

***
Қар жауып тұр...
Ол сондай кіршіксіз, ақ.
Неткен ғажап!
Не деген мұңсыз шуақ!
Періштелер қонады кірпігіме,
Жаһанымда жарқырап күнсіз шырақ.
Қар жауып тұр...
Ғажайып, сұлу - өрнек.
Дірілдеймін,
Бір сезім тінім кернеп.
Сүйген жанға аяз да сүйкімді екен,
Сүйсе жүрек суық та жылу бермек.
Қар жауып тұр...
Қар емес, ақ көбелек.
Күйім өзге,
Керімсал сәт те бөлек.
Аптығымды алғандай шаттығыма,
Айналдырып, осынау шақ керемет!
Аппақ ұлпам, әлемнің арымысың?
Арым – аппақ!
От-сынақ – сағынышым.
Жұмыр еттің жария етпей жарылысын,
Жаудың ба әлде, мен тірі қалу үшін?!
***
Қанатына іліп алып уақытты,
Бет түзейтін алыстағы арманға.
Анау аққу жұбы неткен бақытты,
Жылы жаққа ұшып кетер тоңғанда.
Әрсіз әлем талақ айтып тұрғандай,
Жылыта алмай тастай көлді от демім.
Кетер едім күзге үмітім ұрланбай,
Ұшып барар жылы жағым жоқ менің.
Мейірімсіз күз, жұтатқан беу ғаламды,
Қайдан табам жазалайтын мықтыны?
Қайдан табам мейірімді адамды?
Жүрегіне орап алар жып-жылы!
***
Кейде маған жалғыздық пен көп те бір,
Көпке елпеңдеп жалғыз жылап өтті өмір.
Үп еткеннен ұшып кеткен үкі – үміт,
Көбелектің қанатындай жеп-жеңіл!...
Бәлкім, гүлге таңғы аязда шық тыну,
Мүмкін емес жанға жанды ұқтыру.
Нәркес күлкім әркез жауап әккіге,
Көбелектің қанатындай сұп-сұлу!...
Артым – соқпақ, алдым – жайлау жап-жазық,
Өмірімде ой көп қалдырар хат жазып.
Көңілім ғой, күнә арқалап көрмеген,
Көбелектің қанатындай нәп-нәзік!...
Төзу қиын, сезу оңай құп қылсақ,
Жүрекке азап қасарысып, бұлқынсақ.
Өзгеге өктем, өзіңе өзге мінезім,
Көбелектің қанатындай жұп-жұмсақ!...

***
Көбелектер көлбей ұшып шығады,
Міне-міне, аз қалды.
Көкірегімде көңілсіз үн тынады,
Күтпейтіндей жазғы әнді…
Қарлығаштар жер бауырлап ұшады,
Көктем құсы емес пе!
Кеудемдегі бір кейіпкер құсалы,
Кейде ұқсайды елеске.
Аққу көлде билейді әлі жарасып,
Көркемдікке жарыдым.
Жүрегімді-ай жұқпалы оймен жанасып,
Дертті болған, жарығым!
Түсінбеймін осы неге сезімді,
Тіреп қойдым көктемге?
Бәлкім тағы кінәлармын өзімді,
Бір жаз жылап кеткенде.
Ғашық болсам, асық болсам шынайы,
Өлең жазып көрер ме ем?
Әр жұмада таратар ма ем құдайы,
Ғасыр бұрын өлерден.
Жаратшы деп сұрап па едім Тәңірден?!
Бірақ анық, сиынғам.
Сүймей өтіп кетер ме екем жаныммен,
«Тағдырым» деп бұйырған.
Ей, көктемім!
Тек мұңайтпа, жылатпа!
Мейлі жазым бола берсін тым ыстық.
Сүю деген қасіретке сынатпа,
Сүйе алмау да - тыныштық!
Көктем, көктем, жаз жалғасқан ғұмырым,
Күз көрерсің бір күні.
Мен біртүрлу жанмын, тарлау ұғымым,
Махаббатпен кесілмеген кіндігі…
Көктемінің мұңлығы!
