Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Сандуғаш Серікқызы. Көңілді тазарту қандай қиын?...

Сандуғаш Серікқызы. Көңілді тазарту қандай қиын?

23.12.2025

7015

Сандуғаш Серікқызы. Көңілді тазарту қандай қиын? - adebiportal.kz

Сандуғаш Серікқызы – 1997 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сүттіқұдық ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының PhD докторанты. 

 

    Кір себет

Кір себетке бүгін тағы 

бір күндік шаршауымды салдым:

 

баланың күн жеген киімі,

жұбайымның кірлеген жейдесі,

ал менің кимеген көйлегім.

 

Кей киімге – ас суын төккем,

Кейбірінде – көз жасы кепкен.

 

Кір себетім 

күнде толып тұрады.

Ішінен иіс емес – реніш шығады.

 

Кірді жуу қандай оңай?

Көңілді тазарту қандай қиын?

 

Кір себетке бүгін тағы бір күнімді салдым,

Ішіне еңкейіп кешегі күнді іздедім...

Бармын.

Бармын.

 

   Триггер

Негізі әділет сөйлейді,

бірақ естімейсің –

өкпең кедергі.

 

Негізі ол өте жақын,

бірақ қолың жетпейді –

өз пайдасына шешкен кедергі.

 

Негізі ол ішіңде,

жасырын өзіңе, бізге де.

Сол жерден таппасаң –

соттан да,

елден де,

ешкімнен

іздеме!

 

Ауысым

Күздің алғашқы күні…

Ұйқымнан тұра, тоқыма көйлегімді кидім.

Қоп-қоңыр қалам ұстап ап,

cап-сары күзді қашап тастадым

әр бұрышына үйдің.

 

Аспанға қарап бұлт іздедім – таптым.

Терезені сүрттім, сыбдырын есту үшін жапырақтың.

Жеңіл жамылғыны қалыңымен ауыстырдым,

балмұздақты – шаймен.

Терезенің алдына қоңыр орындық қойдым...

Жаймен:

Күнтізбедегі тамыз парағын жыртып тастадым.

Көзәйнегіме жаз салған суретті сүртіп тастадым. 

Мен осы терезенің алдында қанша күзді қарсы алдым екен?

Кері қарай жүрмейді енді Ай тілім,

Кері өмір сүрмейді енді Күн жүзім.

 

Бұл күн тоғыз ай түсіме кірді...

жаз менің үстімнен өткен еді,

күз – ішіме кірді.

 

Қыркүйек осылай басталады екен...

 

    NO

Мен мүлде шаршамадым.

тек...

Шай қайнағанша

қабырғаға сүйенгім келді,

түр бермей...

Отырғым келді,

үлгермей...

 

Мен ештеңеге ренжімедім.

тек...

Көйлегіме тамақ тамғанда

ешкім байқамады.

Тамған – тамақ емес еді,

шым-шым...

қайталады...

 

Мен ешкімге ашуланбадым..

тек...

Есікті жауып,

бөлмеде біраз

үнсіз қалғым келеді.

Ұйықтауға емес,

жәй қалғуға барғым келеді.

 

Мен ешкімге өкпелемедім.

Себебі, 

Олар мені жақсы көретінін

үнемі қайталайды.

Ыстық тамақ – бар.

Жаңа сүлгі – бар.

Мен – жоқ.

байқамайды...

 

Мен бәріне үлгерем.

тек...

Өзіме ешқашан үлгермеймін.

Тырнағым сынса да,

қақиып үтіктелген киімдер бөлек.

Көйлегім кір,

бірақ баланың үсті бүлінбеу керек...

 

Иә, мен – әйелмін, 

Жармын.

Анамын.

Адамды тудым көрікпен!

Тек... кейде...

Мен де адам екенімді 

ұмытып кетем,

неліктен?!

 

Тоңазытқыш

Түн ортасы,

үй ұйқыға кеткен,

Маған ғана – тоңазытқыш есігін ашу 

әдетке айналып кеткен.

 

Бетіме суық ұрды:

- қатқан нан 

- саусақ ізі қалған иогурт

- күріш екі күнгі

 

Сөре тола.

Бірін жей қояйын деп мен

ашсам,

Жарамдылық мерзімі – өткен.

 

Кейбір армандарым сияқты.

 

Қатқан нан 

Қақиған кеуделерге ұқсайды,

қолмен сынбайды,

көпке жұқпайды.

 

Бұрышта – ірімшік көгерген.

иісінен танып – 

іші тар пейілдерді көрем мен.

 

Екінші сөреде – лимонад,

«таза» деп жазыпты сыртына.

құрамын оқысам – 

100% қиянат. 

 

Астыңғы жәшікте – 

Бұршақтап жауған мұз кесектері.

Тас боп алқымды, сосын кеудені

суытқан –

көптің өсектері...

 

Тоңазытқыш – бұл жай құрылғы емес,

естеліктердің мұрағаты.

Оның жалғыз кінәраты: 

 

Сақталып тұрған осында

махаббат та қатып қалады,

кейде... ашу да.

 

Біздің өміріміз сияқты…

Сырты аппақ, іші – сасық шындық,

Мұздап қалған көңілдер – пәленбай жылдық,

сонда да күніне жүз рет ашып тұрдық...

 

тойымсыздықтан ба?

 

   Адамның кейбір кездері 

1. Тазалық –

баланың тынысындай жұпар,

бірақ менің демімнен

темірдің иісі шығар...

 

2. Топырақ – қолымда!

бұл даналықтың иісі ме,

әлде жанымнан түскен шаң ба –

ажырата алмадым оны да.

 

3. Біреу – балға,

Біреу – күрек,

ал сен –

қирап жатқан кірпішке ұқсайсың

Жүрек!

 

4. Түнде

шеге боп түс көріппін.

Қабырғаға қадалып, егестім.

іштей айқайлап жаттым:

«Мен де бірнәрсені ұстап тұрмын!

Мен де керексіз емеспін!».

 

5. Жанашырлық – дауыспен емес,

өмірмен өлшенеді...

Жаныңнан қан аққанда ғана,

Көзіңді құм жапқанда ғана

ел сенеді.

 

   Пікірлеу

Қарапайым ғалам.

Қарапайым әлем.

Қарапайым саған

Қарапайым менен – 

Қарапайым өлең!

 

Қарапайым аспан, 

Қарапайым күн де.

Қарапайым тастар,

Қарапайым гүл де!

Таба алмадым жерден - 

тәкаппарлық мүлде!

 

Қарапайым жолдар.

Қарапайым ойлар.

Қарапайым сезім.

Қарапайым арман.

Тазалықты көрдім – 

Қарапайымдардан.

 

Қарапайым жаны.

Қарапайым көзі.

Қарапайым бәрі:

ойы, өзі, сөзі.

Адамның ең сұлу – 

қарапайым кезі.

 

Қарапайым сенім. 

Қарапайым көңіл.

Қарапайым өлім.

Қарапайым өмір. 

Қарапайымдардың –  

Қос өмірі жеңіл...

 

Қызым

Көйлегіңе күннің иісі сіңген,

көңіліңе – менің.

Жатырымды тепкілеген күннен,

үмітім едің.

 

Өмірің – жаңа жазылған хат,

Мен – мөрін басқан саусақ:

Оқырсың,

Жыларсың,

Кешірерсің,

Ұғарсың.

 

Сен – менің болашағым емессің.

Мен – сенің өткенің емеспін.

Біз –

уақыттың екі шетінде

қол ұстасып барамыз.

Басқа жоқ ешкім:

 

сен – алға,

мен – артқа.

 

Сен үйреніп жүрсің –

мен ұмытып келем.

Сен бастаған сайын –

мен қоштаса берем...

 

Сен – көктемсің,

Мен – күзбін.

Бірақ тербелген 

жапырағымыз бір –

біздің.

 

Менен қалған – осы ойлар әр,

бұйырса, қызым,

Сенің қызыңның да көзіне 

айналар.

 

Сол кезде де күлші,

түсінбей ғана...

Себебі,

махаббат –

түсіндіруді қажет етпейтін

ана мен бала.

 

      Синхрония

                            “Сендерді жұп-жұп етіп жараттық” (78:8)

Сағынышым – жүрегіме жұғып қалған иісің,

Сағынышың – жымиысым, жылытатын үй ішін.

Тыныштығым – тұмарым ғой мойыныңа тағылған.

Тыныштығың – қабағымда, табағыма салынған.

Кешірімім – таң атысы қайнап тұрған шәугімім.

Кешірімің – тәрелкеме сыйып кеткен тағдырың.

Сенімімде – селкеуі жоқ адалдығың, пейілің.

Сеніміңде – сенің менмін, менің сенсің киімім. 

Еркіндігім – жүзігімнің жанарында жымиды.

Еркіндігің – қара кештің қабағында ұлиды. 

Үмітімді – жеңішкертпей сақтағаның секілді,

Үмітіңді – мәпелермін, құм көмгенше бетімді.

Махаббатым – жүрегімнің зәмзәм суы сен ішкен.

Махаббатың – рухымыздың бірігуі жеңіспен. 

Біз екеуміз – жуымастан әзәзілдің жанына

Жақсы көрдік!

Жақсы көру аяқталса, тағы да!

Әйел – ерін, ері сүйіп – Құдайын!

Қос өмірде қол ұстасып лайым... 

жүрейікші, жұбайым!

 

   Миғраж

Кірпігін қақса қара түндерім,

Жалғыздығыңа – тығылам.

Жанымды түйіп 

баратын жерім,

Алатын демім – 

құбылам...

 

Бұрылған сайын – Өзіңе денем,

Рухыма дауа табылды.

Күн сайын өліп, 

тіріле берем,

Тазарту үшін – 

жанымды!

 

Өмірім үшін күйбеңдегенде,

Өлім де жақын.

Білерім:

Маңдайым төмен – тигенде жерге,

Қарайды көкке – жүрегім!

 

Бүгілсе белім – тәнімнің хәлі,

сұлумын осы күйде ең!

Дұға да, күнә – 

ағылды бәәәрі,

Қос қолын жайған бейнеден. 

 

Иілсе жаным, 

қаусап алдыңда...

Тік тұрар жалғыз иманым!

Сездірдің...

бұрған Саусақтарым да

Көңілдің кірін жуғанын.

 

Құлатқан сайын менмендігімді,

Ұлықтай бердім!

Бас ұрдым!

Күніне бес рет көргендігімді,

Пендеге айтпай, жасырдым...

 

Ұмыт боп кейде, 

қалса да бір күн...

Кешірім – ұлы Есімің!

Мың терезесі болса жанымның,

Бәрінің аштың – есігін.

 

Сырым жасырын Басқаларына!

Сөзімнің Сенсің – 

бөлшегі.

Нені көрсетсең, 

қос жанарыма...

бәрінен көрдім – мен Сені!

 

Осы ма екен, шын берілудің өлшемі?!

 

Қыркүйек палитрасы

Жел тербеді жапырақты бақтағы, 

бірінші рет…

Жерге қонды көбелектер сап-сары

күлімсіреп…

 

Қызғылт қоңыр жалынға Күннің көзі

таң ата боялады,

Бұл қоштасу емесін білдім бе өзі?

Қызғылт күз оянады. 

 

Алтын ой терезеден сығалайды

күміс көз әйнегімен,

Қара кешке ілініп тұрар Айды

үзейін қай жерінен?

 

Жан мен тәннің арасы сұп-сұр тұман

сыздатып жатыр, әні!

Сағынышты тұрғызып шырт ұйқыдан,

ескі әуен – шақырады…

 

Қоңыр дәнге сыйдырған бүршік еді

не болды киіміне?

Қоңыр ағаш ақшамда күрсінеді

қарайлап үйіндіге.

 

Жасыл түсте әлемнің жартысы әлі

күресу – өлгеніңше…

Сары күз бен жасыл жаз тартысады

тіршілік жеңгенінше…

 

Диагноз

Ұнамайтын өз өмірі, өз ісі

бір адамның диагнозын оқышы:

 

Ең оңды шақ – 

іс қылуға көлемді.

Жалқау басты,

оята алмай денеңді.

Берекеңнің босағасын аттамай…

Таң уақыты шығып кетті, 

не болды?

 

Дүниенің дүрмегінен күш ала…

қым-қу тірлік…

жұмыс…

уайым…

қысады, ә?

Қызған дүние шөлін баспай жаныңның

Бесін ауып кетті тағы түс ауа?!

 

Хақ ортасы – ай, күннің

себебі де анықталды қайғыңның…

Құрсауында тәлтіректеп жай күннің,

Хақтан қашып, 

пендеге қол жайдың мың!

Екінтіде жығыла алмай… тағы да,

күннің соңғы тынысынан айрылдың!

 

Тоздырғаның – тәннің ескі шаһары...

Адам тұрмақ, 

рухың саған жат әлі!

Мүсәпірдің сапары – 

бітер сәті тақады…

Қимай, қимай…

Шамда тағы бір кештің

қош айтысты көкжиекте шапағы. 

 

Түн – жамылғы…

тыныштыққа шомғанда,

Кәрілік-ай…

Құптан кіріп қалған ба?

Жаратқанға соңғы сұлу тәубемен

бүкір белің дәрет алып, 

қорбаңдар…

 

Қос иықта қос періштең тұрғанда

Періштесіп жүргенім жоқ!

Бұлданба!

Өкінбес ек…

мен де…

сен де…

мүсәпір!

Сол ескірген құманыммен сәл ерте, 

Мүмкін, таңда…

таңертең…

 

жанымызды жуғанда…

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan