Сұлтанғазы Санжар Кәкімұлы – 2004 жылы Жетісу облысы Алакөл ауданы Бұлақты ауылында дүниеге келген. Жетісу облыстық «Jetisý» газетінің тілшісі. «Ауыл Академиясы» атты жыр жинағының авторы.
* * *
Апа, сен болмасаң:
Бар уайымды басқа салар едім ғой,
Маңдайымды тасқа соғар едім ғой.
Ажарым да сартап болар еді ғой,
Базарым да тарқап қалар еді ғой,
Жолдарым да бірге болмас еді ғой,
Қорғаным да мүлде қалмас еді ғой.
Сұлулықты көрмей кетер едім ғой,
Жылулықты бермей кетер едің ғой.
Айбыным да шөгіп құлар еді ғой,
Қайғы-мұң да төніп тұрар еді ғой.
Күлемін бе? Күлу болмас еді ғой!
Жүрегімде жылу қалмас еді ғой.
Болашағым бөлектейтін еді ғой.
Бала-шағым ол өтпейтін еді ғой...
Жетімдердің күйін кешер едім ғой,
Жетімдердің үйінде өсер едім ғой...
Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
Әлі ауылды көресің, көркейтеді
деген мендік көңілде боз ала үміт.
Ауылда қалған қайда,
Жеңгем де өзі қаланы армандайды, ә?
Әжеммен шәйдеспеген әжелер мен,
Атаммен дәмдес болған шалдар қайда?
Қала мұнаралы,
Көгіндегі көк туы – тұман әні.
Көк түтіннен қашқанда, қоңыр жолдан,
Көк күшігім қарсы алып шыға ма әлі?
Ұнайтын ауылымның кеші маған;
Еркелеткен жалғызын есіл анам.
Егін салып ентіккен еңкіш шал мен
Еміренген кемпірді есіме алам.
Жел сыбызғы ойнаған қалқадан кеп
Сарғайтып, күні де өткен арқадан көп.
Сағат санап, сан қойды санап жүр ме,
Саптамамен сары ұлдар сар табан боп.
Қарттары жоқ, кімдермен кеңесеміз,
Онсыз-ақ ақылдымыз немесе біз.
Жылдан жылға жиделер жүз түп артып,
Қалың тоғай сиреді демесеңіз.
– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
...Сүйкімсіз Сұлтан қаптап сан ауылға,
Ойнамайды төсінде Қожа нағып...
***
Ол мені сүйетін еді:
Мен бұлданбай бір уақыт бұрылғанда,
Мен жынданбай тіл қатып ұғынғанда.
Жан-сырымды ашылып толғағанда,
Бар шынымды жасырып қалмағанда.
Бүгінде бір жетем деп мәре көрсем,
Түбінде бір өтем деп уәде берсем.
Сезе алдым ба бар деді бір сенерім,
Көз алдында әр демі жүрсем оның?
...Айтар анық тербей мұң өкпе көңіл.
Қайта оралып келмейді, әттең, өмір.
* * *
Енді қайтып келмеймін,
Сен беташар махаббатым болсаң да,
Бұл жалғанда ешкім татпас мендей мұң
және түсіп сарсаңға.
Қалғаны енді құр сүлдер,
Тек тірімін, ояумын.
Бақытсыздығымды білсін де ел,
Аямасын, сен де аяма, аяулым...
Құбыламын бір аптада жеті күн,
Өзімді әйтеу ұқпадым.
Теріс кидім тағдырымның етігін,
Сен де оңымнан шықпадың.
Саған қонсын бар бақыт,
Қыз мұңайса, сорлап қалды демей ме ел?
Ал сен маған өмірімдей әр уақыт,
Өгей бол.
Сен оңаша жалғызсырап қалғанда,
Ол қайғы боп жүрегімді қозғасын,
Тек өзіңнің тамбасыншы жалғанда,
көз жасың...
***
Көке, ауылға қайтайық биыл енді,
Биыл ауыл қарттарын жиі көмді.
Сиыр өлді, қара атың қалып қырда,
Ескі қосың өзгенің үйі болды.
Ол да кетіп, тағы да алмасады ел,
Тіршілік қой, қайтеді, жалғасады ол.
Сары уайымға салынбас едім ғой мен,
Сағыныштан өзгесі қалмаса егер.
Сағыныштан өзгесі бос ой демек.
Бала шақ та айтпады есейме деп.
Қарғыс сынды қаладан қажығанда,
Қарғам-ау деп қоятын шешей де жоқ.
Қаймақ қандай тәтті еді, қаспақ неткен.
Құрбы ұялып сүйдірмей қашпақ беттен.
Ойдым жолға түсіп ап орағытқан,
О, неғылған жүрек бұл тас боп кеткен?
Тас боп кеткен жүректі ая, құдай,
Қайда барсам жанға мұң таяды ұдай.
Итсің десем өкпелеп қаласың, рас,
Мен өкпелеп көрмеп ме ем, әй, өмір-ай.
Шалдың баласы
Сенен де жақсы жігіт жолықпай шоң елде,
Қыз күтіп тұрса қайтер ең осылай егерде;
Қала.
Асфальт. У-шу.
Қап-қара юбка. Ресторан.
Iphone-ны қымбат менен де.
Шалға ұқсап сосын тұрысың,
Жүргеніңді, әсте қайдан біледі жыр үшін.
Вилласы несі,
Коттеджі несі ол айтқан,
Ауылда қалған қосты ойлап кетем, құрысын.
Қосылмай ешбір тобырға,
Ауылға қайту керек шығар, ә, соңында.
Түкті де ойламай көршім де жүрген жоқ па әне,
Басып ап түнде қорылға.
Галстук. Пальто.
Костюм мен жейде шаршатты,
Ауылдың тозған тоңдары әбден аңсатты.
...Несіне мені сүйесің деймін.
Мен деген,
Қойшы бір ұлмын малсақ-ты.
Көргенсің, – дейді ол, – уды еміп,
Тұрғам жоқ және сенен бір асқан қу көріп.
...Ешкімге нанбай, ауылды ойлап келемін,
Сіріңкем жанбай су болып
* * *
Оралмаған ауыл мен досына бір,
Айтшы, қалқам, енді оның несі бауыр?
Мен де суып бәрінен ендігі күн,
Тасбауыр боп барамын...
Кешір, ауыл...
Күндерімді сағындым күрең табан,
Ақ саусақ боп онсыз да күнелте алам.
Бес жүз бала кіретін – бір мектебім,
Мың жүрекке жүретін – бір емханам.
Көңіл дейтін кішкентай бола осыған,
Жұрт еді ғой бәріне жаны ашыған.
Бір ауылға жүретін бір мекенжай,
Бір нән төбет үретін қорасынан.
Әжелерім жиналса ән қызатын,
Кешке қалса
Ал шырқын мал бұзатын.
Он үй болып көршінің сұрап алған,
Қой кезекке мінетін жалғыз атын.
Бір ауылдас келетін егін салып,
Бір биені беретін келін сауып.
Бір ауылдас трактор іздегенде,
Бір ауылдас жүгірген шөбін шауып!
AПА
Өмірдің өтеуін өтеп,
Жадырап жайқалдың елге.
Перзенттің жетеуін әкеп,
Төртеуін қайтардың жерге,
Апа
Содан соң бір суып, бір ысып,
Мен үшін ғана тыныстадың.
Тамақ ішпесем ұрысып,
Арақ ішкенде ұрыспадың,
Апа
Бәрімен тату боп туыстың,
Ешкіммен алысып, жұлыспай
Мұңымды төккенде ұрыстың,
Шылымды шеккенде ұрыспай,
Апа
Өзіңнен үлкен неше есе,
Арқалап ардың-ау жүгін
Дана боп жүрдің де кеше сен,
Бала боп қалдың-ау бүгін,
Апа
Күнің жоқ кешке демалған,
Жаралған жамалың неден?
Көзің-ай кестеден талған,
Сөзің-ай қарағым деген!..
Апа.
НАН
Шарбағына көршінің артылам кеп,
Ал жеңгей нан бере ме?
Ол күмән боп.
...Бүтін нанға жарымай қойдық па, ана,
Кешке дейін қарызға жарты нан жеп.
Айтамын күз деп соны,
Сол күздің жібімейтін мұз боп шері
«Жарты нанды қайтар» деп жеңгей сосын,
Кеш кірместен келетін іздеп сені.
Қайғырсаң жоқты қайғыр,
Тоңазымай таңдар да атты қайбір.
Орнына енді ойсырап олқы түскен,
Осындайда көкемнің жоқтығы-ай бір.
...Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай»
Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай»
Бір нан артық аламын бүгіндер мен,
Сұрап қалса берем деп бір балақай.
Шешем солай өмірге өкпеледі...
Жағдайын бар демеді ол, жоқ демеді.
Нан іздетпей анаңа, менен сұра,
...Менің анам нан іздеп кеткен еді,
содан соң оралған жоқ.
* * *
Қара пеш құтыңды кім жұлып алды,
Қасиетіңде қайсының құны қалды...
Қайран апам қозғайтын мұңын арғы,
Қайран шешем қанша рет жылу алды?
Көсеу қайда, тұратын суып әлгі.
* * *
Осы өмірдің қоңырқай кескіні еді,
Қоңыр ұлың ол кезде ес біледі.
Қоңыр қозы енесін іздегендей,
Қоңыр жолдан қоңыр үн естіледі.
Бәрі солай,
Қоңыр боп ескіреді.
* * *
Салқын кештер сезімдерге қорған боп,
Екеумізбен мұңданған-ды талай бақ.
Бүгін сенсіз?.. Ештеңе де болған жоқ,
Бәрі әйбат.
Солған да жоқ жаралы жан - жарты гүл,
Арпалысып, алысқам жоқ от күнмен.
Сүймейсің бе деп сұрайсың...Ол түгіл,
Сағынған да жоқпын мен.
Есіміңді жүрегімде жоқ қылып,
Өшіргенмін өткенде.
Хат жазбаймын, сөнген кеше отты үміт,
...Нөмірің де жоқ менде.
Сан сүрініп, жығылып,
Сапар біткен саған деген жолдағы.
Алматыға барсам, барам қыдырып,
Сенің үшін емес бірақ ол дағы.
Сүю деген келген емес әзірге ой,
Жыла мейлі, өкіріп.
...Айтқанымның бәрі де рас,
Әзіл ғой!
Сүйем сені,
Өтірік...
