Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Шарапбай Нағымашов. Өмір деген – қос бекет арасы б...

Шарапбай Нағымашов. Өмір деген – қос бекет арасы бұл

29.11.2025

4154

Шарапбай Нағымашов. Өмір деген – қос бекет арасы бұл - adebiportal.kz

Шарапбай Нағымашов – 1950 жылы 1 маусымда Қызылорда облысы Қазалы ауданы Үрмәш Түктібаев ауылында дүниеге келген. «Жол үстінде жазылған жырлар», «Күзгі өлеңдер», «Өмір өрнектері», «Ауылдың абзал жандары», «Мезгіл мақамдары» атты кітаптары жарық көрген.

 

Шаңырағымның шаттығы

Қысқа жіп келмей күрмеуге,

Көңілім жүдеп жүргенде,

Байыған кейбір дос сымақ,

Айналды көзге ілмеуге.

 

Жүректе сыздап нәзік үн,

Ойларға баттым, қажыдым.

Қомсынба, абзал ағайын,

Дастарқанымның мәзірін.

 

Иесі тірлік аз күннің,

Адаммын – кенті саз, жырдың.

Балмұздақ емес,

Баламды,

Бал өлеңменен мәз қылдым.

 

Жалау ғып үміт желегін,

Жарымды жырмен демедім.

Жабығып келсе жанына,

Сабырдың суын себемін.

 

Зұлымдық,

Сұмдық досы емен,

Жазылған солай пешенем.

Шаңырағымның шаттығы,

Тірегі,

Сәні,

Осы өлең!

 

Дерт

Бұрқыраған өсектер,

Шырқыратар жаныңды.

Сұйық сөз ғой десек те,

Көтереді қаныңды.

 

Заман жүйрік,

Зырладық.

Өтті жылдар,

Ай, апта.

Өсек бірақ – шырмауық,

Оралады аяққа.

 

Ізіңе сөз ермесін,

Құтылатын жоқ айла.

Көресіні көресің,

Өсек те бір шоғайна.

 

Жазықсыз жан кей-кейде,

Күйіп кетсе обал-ақ.

Күледі іштей көр-кеуде,

Өсек-арыз домалақ.

 

Қалтарыста, бұрышта,

Сыбырлайды сыртыңнан.

Көкірегі қуыс та,

Құйрығы оның – бір тұтам.

 

Шындық – тұлға кесек тым,

Тік қарайды, бұқпайды.

Авторлары өсектің,

Дерт екенін ұқпайды.

 

* * *

Бірі кем бұл дүниеде көп нәрселер жетпеді,

Қиялмен қол созамын жұлдыздарға көктегі.

О, Жаратқан, өзіңнен денсаулық тек тілерім,

Денсаулыққа тең келер ешбір байлық жоқ тегі.

 

Ала жібін біреудің аттамадым тосыннан,

Қылығымнан түңіліп бір пенде жоқ шошынған.

Епсізсің деп есіркеп, байымайсың дегендей,

Сыни пікір естимін «ақылгөйлеу» досымнан.

 

Баю емес, о бастан қамын ойлап жырымның,

Таңды атырып көзбенен, ақ қағазға үңілдім.

Қолдың кірі тәрізді жоқ болатын жуғанда,

Байлығыңнан жырымның дәмді екенін ұғындым.

 

* * *

Мен арымның құлымын, соған ғана «жалдандым»,

Куә болған екеуміз зымырауда сандал күн.

Дүниеде ғажайып ізгілікке зұлымдық,

Қасарысқан қарсы екен, аңғардым да таңғалдым.

 

Мен арыма табынам, бейне көкте Тәңірім,

Орындаймын екі етпей Тәңірімнің әмірін.

Соққы тиді сан рет жүрегіме, тәніме,

Қырқамын деп жүргенде зұлымдықтың тамырын.

 

Мен арымды қорғаймын, арым – асыл азығым,

Адалдықтың компасы ол, менің Темірқазығым.

Аппақ айдын көңілі, аққу ұшқан төсінен,

Ізгі мұрат жандардың сағынышты сазымын.

 

Арым – ісім, ақ, адал, сонымен тек бағала,

Ағайын деп, туыс деп, рулас деп қарама.

Әділеттің қолында алмас қылыш болам мен,

Адамзаттың ары үшін шыбын жаным садаға.

 

Не көрмеген бұл өлең

Не көрмеген бұл өлең,

Не көрмеген,

Жүгі бар ма жалғанда көтермеген.

Қалың елі қазағы алдындағы,

Келе жатыр парызын өтеуменен.

 

Кемеңгер ой,

Кенен сөз,

Кемел өлең,

Төгілгенде дүйім жұрт елеңдеген.

«Елім-айлап» зар болып,

Есін жинап,

«Мен, мен едім» деп тулап келеді өлең.

 

Қуат болды бұл өлең бүгілгенге,

Əнге айналды бүлдіршін жүгіргенде.

Қол-аяғын құрсаған бұғауменен,

Барып қайтқан бұл өлең Сібірге де.

 

Не көрмеген бұл өлең,

Не көрмеген,

Осы шығар мұқалмас берен деген.

Күн туғанда жарқ етіп шығу үшін,

Сарғайып жатуға да көне берген.

 

Қалғығанды осы өлең оятқан да,

Жапа шеккен нақақтан, таяқтан да.

Бəріне де, ойпырмай, шыдау үшін,

Құдайым төзімді ғып жаратқан ба?!

 

Шаттығы да жетеді,

Жетер мұңы,

Ғасырларға үзілмей кетер үні.

Елімде егемендік таңы атқанда,

Əнұран боп көгіме көтерілді!

 

Мынау байтақ даланы мекендеген,

Не көрмеген бұл өлең,

Не көрмеген.

Дауылдарда,

Сұрапыл дəуірлерде,

Кезі жоқ тұғырынан төмендеген.

 

Өлең үнін ес жиып есіткелі,

Жіберді ол өмір-дуға қосып мені.

Өлеңсіз өтсе күнім шырылдаймын,

Сүт іздеген сəбидей бесіктегі.

 

Ескі жұрт

Жылдар санап,

Өсті талап,

Өсті үміт,

Тастүлектей шаңқылдап үн естіліп.

Шартарапты шарлап ұшып жүргенмен,

Тартады да тұрады ылғи ескі жұрт.

 

Бастықпаған тұлпардайын осқырып,

Кедергіні бұзып өтіп, төске ұрып.

Арман қуып аттанғанмен алысқа,

Тартады да тұрады ылғи ескі жұрт.

 

Сол алыста тілектесті дос қылып,

Жайнаң қағып жүргенменен хош күліп,

Биігіңде отырсаң да өзіңнің,

Тартады да тұрады ылғи ескі жұрт.

 

Етек жапқан жерің осы ес біліп,

Қазір, міне, қалғандай ма кеш кіріп.

Оралатын түп қазығың сияқты,

Тартады да тұрады ылғи ескі жұрт.

 

Мақтауды да, даттауды да естідік.

Кейде салып құлағыңа қос құлып,

Тура тартып кеткің келіп тұрады,

Қайдасың, деп, айналайын, ескі жұрт.

 

Ту ғып ұстап,

Желбіретіп өлеңді,

Кетсең-дағы кезіп бүкіл əлемді,

Кіндік қаның тамған жерден үзілмес,

Бізге жұмбақ бір байланыс бар енді.

 

***

Мен өзімнен әрдайым мін іздедім

Өтті көктем,

Жазым да,

Күзім менің.

Тіледім үмітімнің үзілмеуін.

Сипаты,

Сынағы көп уақытта,

Өзге емес,

Тек өзімнен мін іздедім.

 

Қабағы қырауланған қысым келді,

Біреу мені түсінді,

Түсінбеді.

Өзім білем өзімнің деңгейімді,

Біреу мені көтеріп,

Түсірмеді.

 

Достарым да жетеді,

Туысым да,

Жылпостар да ұмтылды жұғысуға.

Жолдан шықпай ұстауға үйренгенмін,

Мен өзімді өзімнің уысымда.

 

Өмір деген...

Өмір деген – болғаны жылап-күлу,

Тылсымына таңданып құлақ түру.

Өмір деген – жүгіріс жанталасып,

Өмір деген – сүріну, құлап, тұру.

 

Өмір деген – өрбіту қиялыңды,

Толғандыру,

Шаруаңды,

Зиялыңды.

Өмір деген – жолдардың жалғасуы,

Өмір деген қалдыру тұяғыңды.

 

Өмір деген – күресу, таласу кіл,

Қолдан келсе бәрімен жарасып жүр.

Өмір деген – Алланың асыл сыйы,

Өмір деген – қос бекет арасы бұл.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan