Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Шаштайұлын сағынсаңыз, шығармасын оқыңыз...

Шаштайұлын сағынсаңыз, шығармасын оқыңыз

18.12.2025

4149

Шаштайұлын сағынсаңыз, шығармасын оқыңыз - adebiportal.kz

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті жазушы Жұмабай Шаштайұлының мемлекеттік тапсырыспен шыққан төрт томдық толық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті.

Алдымен жазушы Жұмабай Шаштайұлына арналған «Жылдар мен жолдар...» атты иллюстрациялық-кітап көрмесі таныстырылып, арнайы  бейнеролик көрсетілді. Жазушы тірі болса, биыл 75 жасқа келер еді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері, зиялы қауым мен әдебиетсүйер оқырман қатысты. Жиынды алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова жүргізді. 

Айгүл Ісмақова «Жалын» журналында жүрген кезде әдебиет жайындағы орысша жазған мақалаларын үнемі қазақшалап басып шығарған, өзінің ғалым ретіндегі ой-пайымдарын қазақша жеткізіп қалыптасуына әсер еткен Жұмабай Шаштайұлын ұстазым деп білетінін жеткізді. 

Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рүстем Әли Жұмабай Шаштайұлымен аға-іні ретіндегі сыйластығы жайында аз-кем тоқталып, Жұмабай ағамыздың өткен жылдары  «Аяз би», «Сарғайған парақтар сағынышы» шығармалары басылғанын,  2024 жылы томдықтары жарық көргенін айтты. Сонымен бірге соңғы жылдары мемлекет тарапынан істеліп жатқан жұмыстарға, мысалы, мемлекет басшысының «Халық жазушысы» статусын қайтарып бергені, «Ұлттық кітап» күні бекітілгені, балалар әдебиеті кітапханасы жобалары сияқты игілікті шаруаларға, министрліктің бастамасымен «Айбоз» әдеби сыйлықтарымен қатар «Елдік пен ерлік дастаны» әдеби байқаулары қосылып жатқанына да тоқтала кетті. «Осындай қайта басып шығару және қолжазбаларды кеңейту мақсатында келесі жылы «Кітапхана-баспа-жазушы» заңын қолға алудамыз. Ұстанып отырған бағытымызға қолдау болатын заң нұсқалары болады деген ойдамыз», –  деді ол. 

Осы жерде Жұмабайдың әкесі Шаштай ақсақалдың күйші болғаны, Нұрғиса Тілендиевтің сол үйден шықпайтыны жайлы аз-кем естелік айтылып, жұртшылық күйші Қайрат Айтбаевтың орындауында күй тыңдады. 

Жиынның ерекшелігі – Жұмабай Шаштайұлының әпкесі Айна, Мырзагүл апайлардың қатысуы болды. Олар да бауыр турасындағы өз естеліктерін тебірене бөлісті.

Ақын-жазушы, ғалымдар  Қуаныш Жиенбай, Баянғали Әлімжанов, Жанарбек Әшімжан, Қадірбек Құрманалиев, Дихан Қамзабек, Амантай Шәріп, Айгүл Кемелбаева, Жанболат Аупбаев, Амангелді Кеңшілікұлы, т.б. азаматтар жазушының өмірде қандай адам болғаны, қандай азамат болғаны, журналистикаға сіңірген еңбегі жайында ұзақ толғап, көркем туындыларына шолу жасап, әдебиеттегі жолы мен шығармашылық әлемі жайлы естеліктер айтылды. 

Мысалы, Амантай Шәріп Рымғали Нұрғалиев Жұмабай Шаштайұлына: «көп жазба, осындай он шығарма жазсаң жетеді депті» деген естелікті айтып өткенде, бұл мысалдан ұстаздың ризашылығы да, талапшылдығы да көрінгендей болды. Бұнда Шаштайұлының табиғатына көп жазудан гөрі дәл, ықшам,  терең жазу тән деген баға жатты.

 

Қазақтың барысы емес, бөрісі бар

Жұмабай ағайдың алдынан өткен, тәлімін алған жігіттер мен қыздар бұл күнде үлкен басылымдарда қызмет етіп жүр. Олардың арасында өздері кейінгілерге ұстаз болатын деңгейге жеткендері де бар. Жиынның ресми бөлімі аяқталып, еркін отырыс үстінде шәкірттері сөз алғанда олардың естелігінен ұстазға, редакторға деген үлкен құрмет, сағыныш сезіліп тұрды. Жазушы Арман Әлменбет, белгілі журналистер Маржан Әбіш, Зарина  Бүйенбай, т.б. шәкірттерінің естеліктері шынайы шықты. Осы жерде ақын  Тоқтаралы Таңжарықтың естелігін берейік: 

 - Жұмабай ағамен ең алғаш осы «Қазақ әдебиетінде» таныстық, ол кісі екеуіміз бір күнде қызметке келдік. Басында бізге ол кісіні түсіну өте қиын болды, біраз уақыт өткен соң барып не айтқанын, қандай тапсырма бергенін түсінетін болдық. Мысалы, «Қазақ қалай болып бара жатыр?» деген бір сұрақ қояды, оны сол бойда түсінбейсің ғой, «Сол туралы неге ойланбайсыңдар?» – дейді, сонымен ойланып жүреміз. Мысалы, «Қазақтың мінезі қалай өзгеріп бара жатыр, болмысы қалай өзгеріп бара жатыр?» дейді, тіпті Қаракөзге жаздырды-ау деймін, «Қазақ қандай түсті жақсы көреді, түркіге қандай түс жақын?» деген секілді, кейін ойлап қарасаң, сондай философиялық, психологиялық және бір болмыстық ерекшеліктегі үлкен сұрақтарды береді екен. Біз оны түсінбейміз, маған сол кезде «қазақтың атрибуттарын ізде» деп айтқаны бар, мен басым қатып қайтадан келем, «не айтамыз» деп, «ей, сен барсайшы, – дейді, – ана институттарға бар, ғалымдарға бар». Содан мақаланың тақырыбын қойдық, «Қазақтың барысы емес, бөрісі бар» деп. Сол кезде әлгі «Қазақстан барысы» деген шығып, «енді барыс боламыз, 2030 жылы  барысқа айналамыз, анау-мынау» деп әр жерге барыс дегенді тыға беретін, сонда ағай: «Ой, сен мені іздеген жерді таптың ғой, мен осыны сұрап тұрмын ғой, қазақтың барысы емес, бөрісі бар» деп қуанған.

Мысалы, «Қазақтың өзін-өзі тануының бағыты қандай,  географиялық жақтан  танимыз ба, тарихымыз арқылы танимыз ба әлде ішкі әлеміміз арқылы танимыз ба?» деген көптеген сұрақтарды қойып, бізге ойлануды үйретті. Ол кісі бір күндік трендтерге, бір апталық трендтерге  ешқашан жол бермейтін, «ой оны басқа газеттер жазады ғой, сендердің міндеттерің ол емес», –  деп, қазақ әлемінің болмысына сай және өзінің ішкі әлеміне сай тақырыптарды бізге көп берді. Оның бәрі жаңа Зарина айтпақшы, қалыптасуымызға, дүниені танудағы өзіміздің көзқарасымызды жетілдіруге көп ықпал етті деп ойлаймын. 

Ағаның тазалығы бөлек еді, кейде айналадан сондай бір тазалықты іздейсің. «Мыналар мына тақырыпты көтереді, біз неге көтермейміз?» деп, «болашақта су мұнайдан қымбат болады екен, соны біз неге жазбаймыз», – дейтін сондай бір өте ізденімпаз еді.  «Олар былай беріпті, біз басқаша берейік, біз Орталық Азияның көзқарасымен берейік, біз ертеңгі түріктік дүниетаныммен берейік», – деп сол жағына назар аударып, оған қажетті мамандарды өзі айтады, «оған мына кісі сөйлей алады, мысалы, Арал тақырыбы десе Сайлаубай Жұбатыровты сендер неге ұмытасыңдар», дейтін. 

Жігіттерге, қыздарға рахмет, ағаның кітаптарын шығару оқырман үшін игілікті еңбек болды! 

Жұмабай ағаның өзі: «Мен кішкентай адаммын ғой» деп айта беретін, шынымен де өзінің шығармашылығын соншалықты әспеттеген жоқ және өзін көрсетпейтін. Ол кісіге: «Анауыңызды оқыдық, «Аспанқораңыз»  керемет қой» десе, «Әй оны енді сендер ұнатпайсыңдар, өтірік мақтап тұрсыңдар ғой», – деп, әңгімені басқаға бұрып... сондай шынайы адам еді.  

 

Жаңа кітаптар жаңалығы

Осы іс-шараның басы-қасында жүрген ұйымдастырушылардың бірі, Жұмабай ағаның шәкірті, белгілі журналист Маржан Әбіштің айтуынша, Жұмабай Шаштайұлының төрт томдық толық шығармалар жинағының бірінші томына адам жан дүниесіндегі түрлі құбылыстарды суреттеген повестері мен әңгімелері берілген болса, екінші томына кеңестік кезеңнің өліара тұсындағы қоғамның партноменклатура деп аталатын бөлшегінің құпияға толы қатпарларын терең ашуға арналған «Аяз би» романы енген. Үшінші томға соцреализмге бой алдырмай, малшының машақатқа толы ауыр тіршілігі мен жастардың қажыр-қайратын суреттеген «Қызыл қарт» романы мен «Замана илеуі» романы да еніп отыр. 

Жұмабай Шаштайұлы ғұмырын журналистикаға арнаған адам. Сондықтан кітаптың төртінші томы қаламгердің журналистикадағы ұзақ жылғы ғұмырына ойша көз жүгіртіп, өткеніне сын көзбен қараған өмірбаяндық толғанысына арналуы заңды. 

Маржанның бізбен әңгімесінде қадап, мән бере айтқаны – кітаптардың әрқайсысы шығарма желісімен салынған иллюстрациялық суреттермен безендірілген. Кітапқа иллюстрация жасау қалып бара жатқан осы кезеңде бұл да өзінше жаңалық болып тұр. Жинақ 3 000 дана таралыммен шығып, республиканың барлық кітапханаларына тарады.

 

 

Адам жанын аялап емес, шымырлатып ашады

Жиында қаламгердің тұрғылас-тұстастары «Аспанқораны» мысалға келтіріп жатты. Ол жайдан-жай емес.  «Аспанқора» повесі көлем жағынан шағын болғанымен, салмақ жағынан ауыр, ой жағынан терең шығарма. Бір деммен оқылып, бірақ әсері ұзаққа кететін дүние. Бәріміз де оқырманбыз, «Аспанқораның» өзіме ұнаған жері – адам жанын аялап емес, шымырлатып ашуында. Бұндағы басты нәрсе қаламгердің танымында екенін ішіңнен біліп, ойлап отырасың. Кеше естеліктерден де білдік, ол өзі малшының баласы екен, яғни малшынің өмірін беске біледі деп айту да жеткіліксіз, сол тіршіліктің ішінде өскен, соның бейнетін көріп, шаңын жұтып, суығын сезген адам. Сондықтан оның кейіпкерлері қолдан жасалмаған, ойдан құрастырылған тип емес, әрқайсысы тірі адам болып шыққан. Дәл осы «Аспанқорада» есіңізде болса,  портреттер психологиямен қабысып жататын еді ғой. Әрине, негізгі трагедия бала сүю мәселесі арқылы ашылады. Бұл бір отбасының ғана қасіреті емес, қазақы ортадағы ер адамның ішке жұтқан, айтуға намыстанатын, бірақ жанын жегідей жейтін қасіреті. Атанның ерекшелігі – осыны айғайға салмай, қайғырып, іштен сыздамай көтеруінде. Оның Аспанқора шыңдарына шығып, ішкі шағымын табиғатқа ғана айтуы өте дәл табылған көркемдік шешім. Табиғат бұл жерде жай фон емес, Атанның сырласы, үнсіз тыңдаушысы да.  Осыдан да Қаламқастың аяғы ауыр екенін жеткізуі Атанның бүкіл ғұмырының қорытындысы іспетті. Осы бір сәтті, осы толқынысты толық сезіну үшін шығарманы асықпай оқисың. 

«Жала мен наладағы» әке мен бала қарым-қатынасы да Жұмабай Шаштайұлының прозасының тағы бір өзекті қырын ашады. Қазір жалғызбасты аналар тәрбиелеп отырған баланың өмірде жеңімпаз болып, жетістікке жетіп жатқаны да көп, бірақ автордың шығармасында әкесіз өскен ұлдың жеңілісі жеке адамның емес, тұтас болмыстың жеңілісі деген ой қылаң береді. Әрине, бұл жерде әкесі барлардың бәрі жеңімпаз деген ой да жоқ. Өйткені, өмірде не болмайды дейсіз, әке тәрбиесін көргенімен, сол өнегені бойына сіңіре алмағандар қаншама. Мұндағы баланың әкеге батылы жетіп сұрай алмайтын мінезі қазақы психологияның дәл өзі. Бұл үнсіздік кейде құрметтен, кейде қорқыныштан, кейде түсініспеушіліктен туады. Жазушы осының бәрін сыртқы қақтығыссыз, ішің ғана сезінетін нәрселер арқылы береді.

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan