Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Серғазы Қайырболды. «Қасқайып тұрам қарсыдан құйын...

Серғазы Қайырболды. «Қасқайып тұрам қарсыдан құйын соқса да»

04.11.2025

3256

Серғазы Қайырболды. «Қасқайып тұрам қарсыдан құйын соқса да» - adebiportal.kz

Қайырболды Серғазы Ержанұлы 1995 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Жаңаауыл ауылында туған. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінде филология мамандығы бойынша білім алған. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша магистр. Бірнеше республикалық мүшәйраның жүлдегері. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

***

Неге керек күнде тыраш, күнде шу,

Тіршіліктің дабырымен үндесу, 

Одан көрі жақсы емес пе аң қуып,

Джунглидегі жабайыдай күн кешу.

 

Неге керек ілім-білім үйрену,

Диплом алу, мамандықтар игеру,

Кім шығарған осылардың барлығын?

Жұмыс істеу, кредит алу, үйлену...

 

Неге керек әкімдерге бас ұру,

Мансап қуу, ақша табу, шашылу,

Таң атпастан апыл-ғұпыл оянып,

Жуынбастан жұмысыңа асығу...

 

Не қайыр бар малшы, баушы, шопырдан,

Банкир-мункир, прокурор мен сотыңнан,

Одан гөрі жөн секілді бұтақта

Еш уайымсыз банан шайнап отырған?

 

Адамзат-ай, текке күйіп, терлеген,

Бұл дәуірі өтер ме екен шерменен?

Итшіленіп пәтер жалдап жүргенше

Үңгірінде неге тұра бермеген?

 

Мейлі, ол кезде ұят деген тапшы еді,

Бірақ, бірақ, «менікі» деп «нақ сенім»,

Идея үшін бірін бірі қырғанша,

Бит сығысып жүрген кезі жақсы еді...

 

Не пайда бар әдеп пенен ақылдан?

Не пайда бар адам деген атыңнан?

Жақсы емес пе тал басына шығып ап,

Горилладай кеудеңді ұрып ақырған.

 

***

Ортан терек - көкең менен ағаңа

Ортан терек - әлеуметтік бағаңа

Қанша медаль ілсең дағы кеудеңе,

Қанша жұлдыз тақсаң дағы жағаңа.

 

Қанша нөкер жиылса да іргеңе,

Сенің заңың - бірдеңе де бірдеңе,

Ортан терек - сен бас ұрған пұтқа да,

Ортан терек - сен табынған пірге де.

 

Маған мейлі, еріңбесең - ерінбе!

Жармаспадым сен жармасқан желінге,

Қанша теңге құйылса да шотыңа,

Қанша “досың” жиылса да желіңе.

 

Сенікінен бөлек екен шабытым,

Сенікінен бөлек екен бағытым,

Әсемдеп тақ, міне сенің қамытың,

Ұқыпты жат, міне сенің табытың!

 

Анау - сенің, мынау - менің асқарым,

Анау - сенің, мынау - менің аспаным,

Менің күнім - сенікінен басқа Күн!

Менің құным - сенікінен басқа Құн!

 

***

Біздің өмір - қалыпты

Төбемізде кәрі жұлдыз - алып Күн.

Біреу келіп тас ұстатты қолыма,

Әтіргүлге айырбастап алыппын.

 

Пайғамбардың мінбесем де пырағын,

Әл Миғраждың көрмесем де тұрағын,

Өшпейтұғын дауыл менен жауында,

Менің де бар шырағым.

 

Текке кінә таққаным жоқ патшаға,

Намысты да сатқаным жоқ ақшаға, 

Мыңқ етпедім көк тіреген Атластай

Алған жүгім иығыма батса да.

 

Жолдас қылып Диоскурдай егізді,

Аргонавттай кезбесем де теңізді, 

Ескендірдей алмасам да мың қамал,

Стагириттей болмасам да ең ізгі.

 

Гераклдың қылмасам да ерлігін,

Одиссейдейдің татпасам да шер мұңын,

Алпамыстай түспесем де шайқасқа,

Майдай еріп терлігім.

 

Мен де өзімнің қаруымды сайладым,

Найзам - төзім, ар-ұжданым - қайрағым,

Ахиллестің табанындай жалғанда

Менің де бар,

Менің де бар майданым!

 

ИТАКА

"Троянская война окончена". Иосиф Бродский

Мияттың теңізі аймалар жағасын.

Қайдасың, Итака, пейіштей аралым!

Одиссей! Одиссей! Сен қайда барасың?

  Үйіме барамын!

Үйіме барамын!

 

Толқындар жолдасым, дауылдар жақтасым!

Пасейдон қаһары не тәйір заты ерге?..

...Кім ашып берді екен Трояның қақпасын?

Кім екен жеңісті менсіз-ақ әперген?

 

Таба алмай мекенді теңіздер тоғысқан,

Дерексіз сапарда келемін асығып.

Кім барып келді екен мен барар соғысқа,

Мен тартар садақты асынып?

 

Есте жоқ сол ұрыс көктен оқ саулаған,

Төбекөз дәуменен есте жоқ ерегес.

Калипсо сұлудың жүрегін жаулаған

Мен емес!

 

Қанатты қыздардың ұмытқам әуенін,

Жұмақ жұрт Итака, бармысың алдымда?

Жолдастар қайда екен бір болған әуелі?

Құбыжық Силлаға құрбан қып шалдым ба?

 

Жүрегім жай табар жалғыз жер ғаламда,

Қайдасың, Итака, пейіштей аралым!

Сағынып күтетін жан болса жағаңда,

Теңізді қақ жарып барамын!

 

СТОИК

                                                           "Жан ойдың түсіне боялады". 

                                                                                                       Марк Аврелий

Өтетін жазға, көшетін қазға өкпем жоқ,

Жанарым жасыл, көңілім менің көкпенбек...

Ұрса да боран, сықырлап аяз қысса да,

Жүрек бар менде бүр жарып тұрар көктем боп.

 

Айдыннан ұшқан ақ қанат құсқа жоқ нала

Тұтқиыл дұшпан, бүйірден тиген оққа да,

Қарағайдайын тас жарып өскен Көкшеде

Қасқайып тұрам қарсыдан құйын соқса да.

 

Халқыма нақыл, патшама сөйлер датым жоқ,

Менсіз де боққа қылышын шапқан батыр көп,

Ақиқат айтып, болмаса жым-жырт қалармын,

Ақ қағаз бетін шимайлап өткен ақын боп.

 

Өзімнің жолым, өзімнің шығар биігім...

Тарқатып келем тағдырдың түйген түйінін,

Намысым менің - шырағым жанған қолымда,

Дауысым менің - кеудемде қалған күйігім.

 

Жанасқан жанға бересім де жоқ, аласым,

Өсиет емес өлетін тайға таласу...

Дос болам деген көзіме менің қарасын...

Қас болам деген көзіме менің қарасын!!!

 

Мерген Тоқсанбайға

Дегенде Мерген, Мерген, Мерген, Мерген,

Алматыға Көкшедей жерден келген,

Не іздеп кеткенін де біле алмадық,

Хабарын ап жатармыз көргендерден.

 

Тартты ма Алматының көктеміне,

Жоқ, әлде, мына бізге өкпелі ме?

Айбоздың тоқымындай бұл өмірдің,

Тозығын жамайын деп кеткені ме?

 

Сол жақта тапты ма екен құбыланы,

Таңдары атты ма екен “Шұғылалы”,

Паркінде Мұқаңдардың отыр ма екен,

үстіне ескерткіштің шығып алып.

 

Жүретін жазда барып, қыста барып,

Сағынса Алатауды қыстамалық,

Басында Көктөбенің тұрған шығар,

Қолына ақ “Раушанын” ұстап алып.

 

Алматы болады екен таңда тұман,

Шақырған шығар бәлкім Арбатына,

Ауылда туу керек ақын деген,

Содан соң өлу керек Алматыда!

 

***

Филфагыңды таста, қарғам,

Жүр менімен Алтайға!

Бірер күнге…

Бір аптаға…

Мүмкін тіпті жарты айға…

 

Жарты жылға,

Күзге дейін…

…Жо-жоқ, тіпті мәңгіге…

Қызық емес, біле білсең,

проза, повес, әңгіме…

 

Бұқтырмадан балық аулап, тауда қақпан құрайық,

Қарағайды қиып салған қараша үйде тұрайық.

 

Махаббатпен маздатайық сол қараша үй ошағын,

Қайнатайық шырғанақ пен итбүлдірген тосабын.

 

Арылайық бұл қаланың абыр-сабыр шуынан,

Ұрттап ішіп тұмалардың бұлт татыған суынан.

 

Алты ай қыста жылынайық самырсынның отына,

Мүсірепов керек емес, Мұқановты оқыма!

 

Орманшының жары берген татсаң егер айранын,

Жолда қалар Гете, Шиллер, Пушкин, Бодлер, Байроның.

 

“Абай жолын” алмай-ақ қой, ренжи қоймас Әуезов,

Анау жақта - қардың әні, Қар қызының әуезі…

 

Шангин көлі, Қатын суы, Әбдірахман қайнары…

Керек пе сол етістіктің шақтары мен райлары?

 

Керек пе сол сөз таптары,

Түбір, жалғау, жұрнағың,

Одан гөрі қызығырақ

Оралханның жұмбағы…

 

Керек пе сол роман оқып, сын мақала жазғаның,

Жүр менімен, көрсетейін Қалиханның қаздарын…

 

Не қызық бар жаттағаннан қара сөзін Абайдың?

Барасың ба?!

Бармайсың ба?!

Үшке дейін санаймын…

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan