Күйбең өмір
Тағы бір таң атты,
Жалғасты жалғанның күнделік күйбеңі.
Қағасың қанатты,
Тіршілік қайнаған бейне бір құмырсқа илеуі.
Уақыт көшеді,
Күн аунап көгіңнен, алмасар айменен.
Бақ тұрмас бес елі,
Ол анық жүрмейсің дүбірлі тойменен.
Қолға алып қаламды,
Талпынам жақұт жыр жазсам деп.
Тауымды даламды,
Арғымақ жырымен ассам деп.
Келеді бөліскім,
Ағайын-туыстың қуаныш-қызығын.
Қиюы келмейді әр істің,
Жаңғыртып жалғауға уақыт жібінің үзігін.
Достарды аңсайсың,
Өткенді еске алып, әңгіме тиегін ағытар.
Қиялмен самғайсың,
Бірақ та сәт болмас уақыт жиегі қабысар.
Елітіп ән күйге,
Театр жағалап шөліңді қандырғың келеді.
Жаңғыртып жадыңды сан күйге,
Әңгіме дүкенмен ортаңды жандырғың келеді.
Уақыт алдамшы,
Май шамдай мүжіліп жетерсің жеріңе.
Арманың ол қамшы,
Осқылап жетелер қиялдың төріне.
Өмірде мән болмақ,
Жолыңды жалғаса арттағы ұрпағың.
Шырқайтын ән болмақ,
Басына жеткенше өлшеулі қырқаның.
Дирижёр туралы ой
Сеземін құдірет, сиқырлы таяқтан,
Күмбір күй, жүректі тербетіп оятқан.
Дирижёр оркестр алдында батырдай,
Жаралған бейне бір нажағай, жай-оттан.
Сарыны үйлескен ортамен, сан түрлі аспаптар,
Сазгердің ойымен құбылып асқақтар.
Санамен сезініп тыңдасаң сыйқыры баурайды,
Дирижёр басқарған сан әуен, ортада, қос қаптал.
Көп үнді айырып сезіну, құлақтан өткізу,
Басқарып таяқпен, кезегі келгенін жеткізу,
Бойыңа бітпеген дарының болмаса,
Бермейді көрермен бойына ләззат, от қызу.
Даланың дүбірін алдыңнан көшірген,
Мерейін қазақтың әлемге танытып өсірген.
Мен үшін дирижёр айбынды армия басқарған,
Командир халқының алдында көсілген
Музыка бар жерде қазақтың мерейі өседі,
Күй-керуен тарихпен таласып көшеді.
Дәлелі кешегі Тәттімбет, Сары Тоқа, Сембектер.
Өшпейтін өнермен жол салған көшелі.
Қарағанды сен...
Қарағанды сен,
Қазақтың қайнаған қазанысың.
Қатпарың кен,
Қазып жатса, сарқылмас базарымсың.
Қарағанды сен,
Дәуірлер тізбегінің айғағысың.
Басқамен тең,
Байлықтың Сарыарқамда қаймағысың.
Қарағанды сен,
Қажырлы кеншілер мекенісің.
Қойнауың кең,
Төл тарихымның қоймасы екенің шын.
Қарағанды сен,
Қазақстан магнитка ордасысың.
Еш өлке келмейтін тең,
Бүгінгі болатшылар қорғаныстың.
Қарағанды сен
Хас талант әнші, күйші отанысың.
Жайлаған даланы ен,
Ұрпағың ұлылардан алыпты батаны шын.
Гүлденсін ұлы өлкем,
Байлығы жұғысты боп жалпақ жұртқа.
Бақ бесік жайсын өркен,
Қазынаң қойнауыңда ортақ ұлтқа.
Шуақты Шұбаркөл
Мекені кеншілер,
Шуақты Шұбаркөл.
Кәсіпті еншілер,
Жастарға шығар төр.
Төгіліп тұнық тер,
Байлықты сапырған.
Сағымды тымық бел,
Бейбіт таң атырған.
БелАЗ-дар теңселіп,
Қара алтын тасиды.
Тасқынға дем беріп,
Күндіз түн жосиды.
Алыптар забойда,
Қыртысты көшірген
«Алға!» - деп атойла,
Сақтасын кесірден.
Құлақты тұндырған,
Экскаватор гүрілі.
Сигналдар үн құрған,
Қопарылыс дірілі.
Кеншілер талмаңдар,
Жылулық сыйлаған.
Қатардан қалмаңдар,
Күндер көп қинаған.
Болсыншы қауіпсіз,
Еңбектің алаңы,
Бақытты тауыппыз,
Шиырлап даланы.
Есте ғой, өткенім
Бағытты сілтеген*.
Ескегін ескемін,
Сен болып бір кемем.
*Тау кен жұмысына бағыт бағдар сілтеуші маманды маркшейдер деп атайды
Кен тиеген өлкеде қос қара нар
(Кеншілер күніне арналған)
Арқада бір мекен бар Жәйрем деген,
Отызым сонда өтті жайраңдаған.
Ол бір шақ лаулаған от едік қой,
Омалып қу тірлікке байланбаған.
Қазақтың сар даласы сағым қуған,
Алыптар мекені еді өнер тұнған.
Құмынан байлық күреп ел қатарлы,
Еңбек етіп тер төгіп, белді буғам.
Түйіскен еңбек жолы төрт бұрыштан,
Төзімдері кем емес шын құрыштан.
Адамдарды бауырмал сонда таптық.
Ағайыннан кем емес бір туысқан.
Ұлы Сарысу қапталда ағып жатқан,
Үміт отын талайдың жағып жатқан.
Кешегі Сәкен жортқан сары дала,
Көкейге жырдың селін төгіп жатқан.
Ұлытау мен шалқар төр шектеседі,
Оң қапталы Бетпақпен беттеседі.
Орта өзегі Жаңаарқа жазиралы,
Баба жортқан, жібермей жатқа есені.
Ақбөкені ағылған даласында,
Кенді өлке Арқада дарасың ба?
Қазынаның қазанын ортайтпаған,
Кенші қауым тұрады қаласында.
Кен тиеген өлкеде қос қара нар,
Арқадағы Жәйрем мен ол Қаражал.
Марганец пен қорғасын, темір қоры,
Байлығына жарты әлем тұр пара-пар.
Ен байлығың еншісі келер ұрпақ,
Шыға берсін кеншілер шыңға шырқап.
Өз өнімін өзінде қорытып шығар,
Гүлденетін өлкеге келер бір шақ.
Келер бір шақ қазағым ұйысатын,
Ұлт мүддесі билікпен қиысатын.
Бар байлығын түгендер далам дағы,
Кейінгі ұрпақ, тірнектеп жиысатын.
