***
Баянын тапты дейсің фәнидің кім?
Сен аман бол, күнәсіз сәби-жырым.
Қызыл тілін саудаға салған жұрттың,
Қызыл сөзі арқамды қариды мың.
Сүрінсем де, аяғым тұсалып тым,
Сынағынан тағдырдың күш алыппын.
Өлең келіп қонғанда кеудемдегі,
Ғайып болар шерленген құсалық-мұң!
Сол жағымда шым етті бір кесек ет,
Соған батпан жүк артым күнде еселеп.
Өлең болып соқпасаң тіршілікте,
Жүрек болып әлеммен тілдесер ме ек?!
***
Уақыт – арғымақтай шапқан дара,
Жігіт болды бесікте жатқан бала.
Жалаңдап қызыл оты іңір келді,
Япыр-ай, таң еді ғой атқан жаңа.
Тағдырыңның әр күні парақталар,
Жастығың қолын бұлғап қарап қалар.
Желігі басылады сері күннің,
Азаяды сырыңды жан ақтарар.
Тоймайды тіршілікке көз құмарың,
Өлеңге айналдырдым сөз құнарын.
Уақытпен жарысып жүрген кезде,
Сезбейміз-ау, бізді алға оздырарын.
***
Ай астында жорық құрған,
Түзден Қызыр жолықтырған.
Ашыққанға азық берген,
Адасқанға жол ұқтырған.
Кеудесінде дала сыры,
Қанағаты - қара суы.
Бір-біріне қарауыл жұрт,
Бір-бірінің жанашыры.
Күмбірлетсе домбыраны,
Көктен құсты қондырады.
Бір сөзінен жылу тарап,
Бір сөзімен тоңдырады.
Қазақ деген Хақтың нұры,
Ер түрік, ғұн, сақтың үні.
Ақ мақтадай жұмсақтығы,
Сексеуілдей қаттылығы.
***
О дүние, бұ дүниенің шетіменен,
Боздап кетіп барады жетім өлең.
Іздейсің аспан мен жер ортасынан
Шындығыңды туа сап шетінеген.
Тасыр заман тезімен иіп күшті,
Қанатымның жартысын қиып түсті.
Уақыт жүрегімнің жарасына,
У қылып құя салды күйікті ішкі.
Түн жұтып үмітімді ай құлақты,
Жаныма жаһандағы қайғы батты.
Құлақ орны тас біткен бұл қоғамда,
Айтасың қай арманды, қай мұратты...
Шыңырауға лақтырсам күдікті үстем,
Әзәзіл ой жұтынып ұлыпты іштен.
Сұр көлеңке аңдиды қақшу үшін,
Күн сәулесін аспаннан күліп түскен.
Жанарыңнан көктем көрдім
Мойыл қара, мөлдіреген көз көрдім,
Сол жанардан көктем көрдім, өзгердім.
Өрт сезімнің шарпылдым да отына,
Жүрегіңді жылатпауға сөз бердім!
Жадыраған жаз деп ұқтық біз бәрін,
Жаз соңында сезбеген ек күз барын,
Махаббаттың бірге шырқап ізгі әнін,
Қарашаның елемедік ызғарын.
Қолын бұлғап, жастық күндер, тұр алыс,
Кешігемін кейде айта алмай бір алғыс.
Көрдік бірге тағдырдың сан сынағын,
Жанымызға сала алмады қырау қыс.
Қызғалдақтар көзін ашып таранған,
Көктеміне асығады әр адам.
Әлі күнге нұрын төгіп келеді,
Сенің көзің көктем-қыз боп қараған.
***
Ұйқысыз түндерім,
Үмітсіз күндерім
Бәрі өтті басымнан,
Солмадым, бүрледім.
Құладым, сүріндім,
Бір өліп, тірілдім.
Кісінеп жаттым мен,
Үніне дүбірдің.
Сілкіндім, түледім,
Айға азу біледім.
Аламанға асықтым,
Баптап жыр күреңін.
***
Үйірімді шибөрілер жәукемдеп,
Талағанда қарап тұрдым жәутеңдеп.
Көк бөрі едім, қыңсыладым ит болып,
Маңдайым сор, таңдайымда дәм кермек.
Жан жаралы, жүрегім шер, сау денем,
Қарындастан, жерден шығар дау деген.
Толағай боп кетсем дедім бір мезет,
Көтеріп ап алып өтер тауменен.
Қайран бабам, көрсе жауың бүріскен,
Сол айбатың, сол қаҺарың тұр үстем.
Сары аюдың өтін жарып найзамен,
Айдаһардың басын кескен қылышпен.
Тор құрсаған атажұртқа құштарын,
Өз бағына оралар ма құстарым?!
Рухым қайта оянады Ғұн болып,
Тығылатын қорған салып дұшпаным.
***
Асу-асу, айшылықты жол жүріп,
Тарбағатай саған жеттім болдырып.
Қайтайыншы құр аттай боп сілкініп,
Көңіліме үміт құсын қондырып.
Жасып келсем, жіберерсің қайрап бір,
Тасып келсем, шыңдарыңды айбат қыл.
Сен құндақтап, өсірген соң тербетіп,
Бір құдірет кіндігімнен байлап тұр.
Тарбағатай – аңсаулары жанымның,
Саған келем жамалғанда қалың мұң.
Лаулатайын анам жаққан ошақтың,
Бізді ешқашан жауратпаған жалынын.
Мен өзіңнен жаратқан бір бөлшек пе ем?!
Биіктігін тау шыңымен өлшеткен.
Әкем жүрген аунайыншы ізге мен,
Адалдықпен түзу жолды көрсеткен.
***
... Сыбырлап айтып еді,
Қызыл жел іліп әкетті,
Қызыл тілі сумаңдап,
Қызыл іңір тұрды аңдап.
Қызыл иттен тұра қашты,
Қызыл құмырсқа тырбаңдап.
Қызыл сөз-қызыл шоқ,
Өрт тигендей лаулап барады.
Қызыл түлкі қырдан аунап қарады.
Есі бар еді,
Есі болса,
Сол сөзді айтып несі бар еді...
