Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Серік Томанов. Жұмыр жер сенің жанарыңдамын...

Серік Томанов. Жұмыр жер сенің жанарыңдамын

08.11.2025

4773

Серік Томанов. Жұмыр жер сенің жанарыңдамын - adebiportal.kz

Терме

Өмірдің мәнін кім білген,

Бір күнім ұқсас бір күнмен.

Таң атса күннің батарын,

Білсем де бейғам жүрдім мен.

 

Тағы да міне таң атты

Шапағын тегін таратты.

Манаурап есті жиғанша,

Масайрап мезгіл баратты.

 

Таң атса болды, күн батты,

Ұршығын мезгіл зырлатты.

Құс қанат менің ғұмырым,

Қанатын тағы бір қақты.

 

Тұсаудай тұтам тірлікте,

Тентіреп текке жүрдік пе?!

Жойылып жерден кетер ме,

Жобасы түскен бір нүкте.

 

Не алдым елге не бердім,

Өтеусіз бе еді келер күн.

Қырандай баулап өсірген,

Халқыма енді не дермін.

 

Өлеңге, жырға шөлдеген, 

Не дермін енді елге мен.

Болашаққа енді не дермін,

Өмірге әлі келмеген.

 

Өмірім өтсе селтеңмен,

Не дермін елге ертең мен.

Бір еді дер ме ел ақынның,

Жүрегі жырдан өртенген.

 

Түсінген жанға бұл өмір,

Таң менен кештің арасы-ау!

 

ЖҰМЫР ЖЕР СЕНІҢ ЖАНАРЫҢДАМЫН

Кішкентай жүрек кеудеме сыймай,

Қағылез денем бөлмеге сыймай.

Дауыл бір сезім дамылдатпайды,

Дәуірдің бейне бел баласындай.

 

Табаным тіпті  жерге де тимей,

Биікте денем тербелетіндей.

Аспанды шарлап аласұрсам,

Көкірек көзім шелденетіндей!

 

Жасыл жер-жүрек, жанарға сыймай,

Шарықтап жүр ек ғаламға сыймай.

Құшаққа қалай аламын бәрін,

Құштарлық деген болар ма осындай?

 

Құшаққа қалай аламын бәрін,

Табамын қалай амалын, жаным?!

Төрт мұхит түгел қарап тұр маған,

Жұмыр жер, сенің жанарыңдамын.

Жұмыр жер сенің жанарыңдамын!

 

У

Нәлеті мынау нарықта,

Мен ішпеген у мен заһар қалып па?!

Соның бәрін өзегімнен өткіздім,

Зардаптары тимесін деп халыққа.

 

У сойқылы удың бәрін мен іштім,

Тауқыметпен тағдырым деп тоғыстым,

Қолқамды кеп қапқан удан қайтпадым,

Қолдағанын кім біледі не күштің.

 

Шинелінен шықтым демен Гогольдің,

Құрсағынан тудым таза  елімнің.

Замананың запыранын жұтқаным,

Қалағаным тазалығын тегімнің.

 

Баукеңдер мен Шерхандардың көйлегін,

Киіп алып, кимеледім, сөйледім.

У мен зәрдің исін сезсе зытады,

Тышқан аңдып тұштаңдаған кей бөрің.

 

Таңсық болмас тауқыметке таң қалу,

Қайманаға қиын бірақ аңғару.

Әлі талай ақынға азық болады-ау,

Құнанбайдың баласынан қалған У.

 

МЕНІҢ ДЕРТІМ

Жыр жазудан кейде мен жиренемін,

Жерінем де қиялға берілемін.

Қанағатсыз жүрегім қоңылтақсып,

Таба   алмай-ақ қойдым бір көңіл емін.

 

Бейдауа бір дертім бар нанасыз ба,

Шарқ ұрады жүрегім шарасыздан.

Жанды қинап не керек

Жазған жырым,

Бала сыйлап жатпаса баласызға.

 

Кімге керек жылтыр сөз, жалған ұран,

Жүректен не пайда тамғанынан.

Жырлар жазып не керек

Балдақтыны

Босатып жатпаса егер балдағынан.

 

Сылдырынан сыр бағып  арықтардың,

Жыр тиегін мен талай ағытқанмын.

Кімге керек сол жырлар 

Жанарына

Сәуле сыйлай алмаса зағиптардың.

 

Кімге керек шатпағым тегі менің,

Бұл сұмдықтан қалай мен бөленемін?

Қанағатсыз жүрегім қоңылтақсып,

Таба алмай-ақ келемін көңіл емін.

 

ЖЕРДІҢ ДЕ ЖҮРЕГІ БАР

Жердің де жүрегі бар дүрсілдеген,

Жүрек сырын жұрағат білсін менен.

Жеті түнде дөңбекшіп орынынан ,

Жер – Анамыз бекерге күрсінбеген.

 

Жер-Анамыз тектен-тек сілкінбеген,

Соны ойласам көмейде іркіледі өлең.

Жарақтыдан жотасын босата алмай,

Кеткен шығар кемшілік мүмкін менен.

 

Жер әйтеуір бекерге қозғалмаған,

Бір құдірет бар анық (сөз бар ма оған)

№бомба батқан денесін ауырсынып,

Жарықтық жер құрысын жазған болар,

 

Жатса-дағы сан миллиард таптап табан,

Жер жүрегі тынымсыз атқақтаған.

Сол жүректе шектен тыс жүк артам деп,

Тіршіліктің тынысын тоқтатпа, Адам!

 

ӨМІРДІҢ БӨЛШЕГІ ҒОЙ ЖЫР ДЕГЕНІҢ

Өмірдің бөлшегі ғой жыр дегенің,

Жырмен жаным, жүрегім бірге менің.

Тастап кетсең қайтемін жүрегімді,

Соны біліп тіс жарып үндемедім.

 

Өмірдің бөлшегі ғой жыр дегенің,

Жыр арнауға қашанда үлгеремін.

Жүрекке жақындау жөн жүрекпенен,

Меніменен сен өзің бірге ме едің.

 

Жүрек сыйын арнайын-арна десең,

Жыр дестесін жинайын таңдап әсем.

Өмірімнің бөлшегі – өлеңімді,

Өміріңе серік қыл жалға да сен.

 

Қидым саған өмірдің бір бөлшегін,

Өмір сүйгіш жүректің үлгі-өлшемін.

Жүрекке жетер болса жазған жырым,

Азабыңа айналар түндер сенің.

 

Жүрек сыйын өзіңе арнағасын ,

Сезім кешіп сен мендей толғанасың .

Мен енді саған жаным айналам да,

Жырымды оқып сен енді мен боласың.

 

ШЫН ҚҰДІРЕТ – ТІЛІМДЕ...

Жырларыма таңданба жарық көрген,

Жүрегіме жүгінбе шабыт керген.

Шын құдірет – тілімде, жырымда емес,

Шыңыраудан шындықты алып берген.

 

Шын құдірет – жырда емес, тілімде екен,

Көп айқайың жай ғана күбірге тең.

Сыбырлап – ақ айтылған кейбір сөздер,

Сары аяздай денеңді  дірілдетер.

 

Сорың, бағың бәрі де тілден келер,

Түйткілсіз тіл ұстарту – білгенге өнер.

Халқының ұлы болып жарытпайды,

Ана тілін сүтпенен бірге ембеген.

 

Жырымда емес , тілімде шын тірегім,

Тілім барда мен неден іркілемін.

Сайрап тұрған тап – таза тіл барында,

Айтарымды  айтып сап сілкінемін.

 

ОТЫЗ

Омырау – ошағымнан от үзбеген,

Ойпырмай, осы ма екен отыз деген.

Тап болғандай таңырқап тұрғанымды – ай,

Жан баспаған жердегі жат ізге мен.

 

Ойпырмай,  отыз ба шын мына келген,

Қарғытып шыға келген құба белден.

Жиырма бесім жырақта қалып қойды – ау,

Ойқастапор мен құзға жыға берген.

Ойпырмай, отызға да келгенім бе?

Сарп етіп жылдарымды сенделуге.

«Орда бұзар отызым» осы болса,

Не бетімді айтамын енді еліме.

 

Отыр! Отыз!

Білмеймін не дерімді?!

Сенбесімді білмеймін, сенерімді,

Берген жоқ ем еліме берерімді,

Алған жоқ ем мен әлі керегімді,

Әй, отыз – ай! Білмеймін не дерімді?!

 

ЖАҢБЫР ЖЫРЫ

Құйшы, жаңбыр! Қуансын қуарған бел,

Көзайым болып қалсын суалған көл.

Шақ қалып жүректері жарылуға,

Шаттанып қабыл алсын « шығармаңды» ел.

 

Көңілің бар адамның хош қылатын,

Мұндай жырды жаза алмас ешбір ақын.

Шапалақ соғып жатқан шатырға ұқсап,

Келді кезек маған да төсті ұратын.

 

Өйткені дау туғызбай бағаланған,

Өміршең өлең жазу маған арман.

Қаз – қалпында сені енді көшіріп ап,

Алғыс алам мен дағы бар адамнан.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan