Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Серік Тұрғынбекұлы. Бүгінгінің ақыны...

Серік Тұрғынбекұлы. Бүгінгінің ақыны

24.02.2026

895

Серік Тұрғынбекұлы. Бүгінгінің ақыны - adebiportal.kz

Қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлының ел тағдыры мен ұлт мұраты жолындағы алаң көңілінен туған жырлары.

 

Ғасыр – Ғұмыр

Он жетіде –

Ояндым!

Он тоғызда –

Қызыл қанға боялдым.

Жиырмада –

Жігіт болып... Отау тіктім.

Жиырма төртте –

Байлардың төбесіне қамшы үйіріп,

Басын көрге тықтым.

Отыз екіде –

Жұтта қалдым.

Отыз бесте –

Жұртта қалдым.

Отыз жетіде –

Атылдым.

(..Босқа шатылдым).

Қырық бірде –

Отан қорғадым.

Қырық бесте –

Жеңіс жырын толғадым.

Елу бесте –

Тыңға келдім,

(Азын-аулақ мұңға да ердім) .

Алпыста –

Астықтан тау тұрғыздым.

Жетпісте –

Желпініп думан құрғыздым.

Сексенде –

Сеніммен алға басып,

Дүниені қайта құрдым.

Ақиқатты айта білдім!

Ал тоқсанда ...

Талай ғасыр зарықтырып,

Қаншама жыл тарықтырып,

Қолым жетті – Тәуелсізбін!

Егемен боп айтам әнді,

Жырла қазақ, қайта мәңгі,

Еркіндік пен азаттыққа –

Тоқсан толғау айтам әлі...!

 

Бүгінгінің ақыны

Сұрағы көп өмірдің:

– Неден?!

– Неден?!...

Кіріптар боп қаржыға, кеденге де.

Ақиқатты айта алмай,

Ақын отыр –

Ішкенге де мәз болып, жегенге де.

Біле тұрып сайлаудың заңсыздығын,

Біле тұрып мал-жанның қамсыздығын.

Біле тұрып...

Бәрін де біле тұрып,

Үндемеуің – ол сенің арсыздығың.

Жолаушыдай жаңылған сапарынан,

Арба сынып...

Кез болды-ау ат арыған.

Махамбеттер!...

Дүние-ай, Махамбеттер –

Қаймықпаған ханның да қаһарынан.

Титықтатқан тағы – жұт, тағы – қайғы

Тұлпар емес, жыр жаздым жабы жайлы.

Бұқар жырау сөзінің билігімен,

Былқ еткізбей ұстаған Абылайды.

Айтар болсам шын сөзді төтесінен,

Аруларды айырып некесінен.

Кеше ауып жүргендер жалаңаяқ,

Бүгін бізге қарайды шекесінен.

Қондыра алмай қолына тоты құсты,

Жалындайды жүректің оты күшті.

Кімнің жемқор екенін біле тұрып,

Біле тұрып,

Айта алмау... өкінішті!

Бұрын хан боп көрмеген кие қонып,

Жатса жөн ғой –

Жұмысы жүйеленіп...

Тас төбеден түскендей байлығына

Үлгере алмай ... жатыр ол ие болып!

Халі қиын – кірген соң халыққа уайым,

Әрі-сәрі айта алмай анық жайын.

Сол байлықтан бір шөкім шымшып алып,

Жем тастайды Ақынға... балықтайын.

Алпауытпен жүре алмай иықтасып,

Ақын байғұс жейді оны тиіп-қашып.

Ақиқатқа ақысы кеткеннен соң,

Ақырында өледі... күйік басып...

Ащы шындық жүректі тілімдеген,

Сөзің – жетім – құлаққа ілінбеген.

Балықтайын...

Шыжғырған табаға сап,

Шырылдайды зар қағып... бүгінгі өлең.

Ұмыт болып өз тілің – ізгі Анамыз,

Байдың асын байғұс боп қызғанамыз.

Бүгіп іште бұқтырған ой-арманын,

Бүгінгінің ақыны – біз боламыз!

 

Бұл емес еді...

Абылай аңсаған

Азаттық –

Бұл емес еді...

Болып бір кеттік,

Қу құлқын,

Құр өңеш елі.

Өз халқын

Өгей,

Жүрегін жарадар еткен,

Жағдайды мынау –

Жауыма тілемес едім.

Қайда барсаң да,

Жемқорлық –

Пұл беретінің.

Қайда барсаң да,

Кем-тарлық –

Бір көретінің.

Тәуелсіз елді телміртпей

Қара бақырға,

Білемін,

Нағыз Азаттық –

Бір келетінін!

Келеді –

Нағыз Азаттық –

Арыздандырмай.

Алпауыттарға

Қаратып,

Қарыздандырмай.

Ұғатын ұлтын

Ұрпағым –

Келеді бір күн,

Ынсапсыздарды

Ысырып –

Парыздан жұрдай.

Алдымда әлі –

Уақытты ұтатын күнім.

Жұлдызды – маңдай,

Айды – арқа

Тұтатын күнім.

Тағдырға

Тәнті күй кешіп,

Көсіліп жатып,

Таза су ішіп,

Таза ауа жұтатын күнім.

Абылай еді –

Сақтаған тұлпарларымды.

Абылай еді –

Баптаған сұңқарларымды...

Бұл күнде тіпті,

Беймәлім,

Бәлекет шықты –

Тұғырдан қуып,

Тұқыртып – құртар дарынды.

Ұландар қайда,

Шындықты шырақ қылатын.

Қырандар қайда,

Шыңдарды тұрақ қылатын.

Әрекет шықты,

Әріден тамырын тартып,

Бәлекет шықты –

Түрмеге бір-ақ тығатын.

Арыстан сынды мерт болмай

Атылып

Айға,

Аптықпа, жаным, әр істің

Ақырын ойла...

Ақ туын ұстап,

Ақырып теңдік сұрайтын

Абылай сынды –

Баһадүр –

Батырым қайда?!

Бостандық бердік,

Босатып қақпаннан босқа,

Араша сұрап,

Арланбай ақталған досқа.

Бар атақ сонда

Оранып үлде мен бүлде,

Марапат мүлде қалмады –

Мақтаннан басқа.

Құйғытып ұшқан

Қырғидың қиды қанатын.

Өсек бір дұшпан,

Ұйтқытқан үйдің арасын.

Қаймығып, қыңбай

Адамнан ары бір таза,

Күн бар ма, шіркін,

Адалдан сыйлық алатын.

Қайратым қайда,

Кеудемде қалшы, қуатым.

Кездессе қырсық жолыңда

Шаншып уатып,

Алқалы топта

Абайдай әділдік айтып,

Махамбеттердей –

Хандарға қарсы тұратын!

 

Бақыт туралы

Өткен күннен жинаймын күнде дерек,

Ой да керек ол үшін,

Тіл де керек.

Халқым менің

Бақытсыз болса егер,

Бақытты боп жүргенім,

Кімге керек!

Қасқыр да емес бұл заман

Түлкі де емес.

Адалдықты,

Ақтықты кім тілемес.

Халқым менің –

Бақытты, болса егер

Бақытсыз боп қалуым –

Мүмкін емес!

 

Жылқы көрсем –жылағым кеп тұрады

Оны ойласам –

Отыра алман үйде мен.

Оны ойласам –

Алай-дүлей күйге енем.

Атқа мінсе,

Атасын да ұмытып,

Біздің қазақ

Басын жанға имеген.

Атқа мінсем –

Шабыт мені билеген.

Одан артық бола қоймас сый деген.

Мұқым дүние,

Мынау жалпақ жалғанда,

Жер бар ма екен –

Ат тұяғы тимеген.

Қазақ емес,

Ат қадірін білмесе.

Құмары сол –

Қымыз ішсе бір кесе...

Мұнша жерді

Меншігіне алар ма,

Аталарым –

Ат үстінде жүрмесе!

Өлшеп-пішсе,

Өзендерін, тауларын,

Ат шаптырым деп айтады –

Аумағын.

Арпалыста

Ат үстінде жүрмесе –

Бөгенбай да бүрмес еді жауларын.

Қабанбай да қырмас еді жауларын.

Ат үстінде тұрып найза ырғаса,

Айыз қанбас –

Шоқпарменен ұрмаса.

Ескерткіші тұғырына сай келмес,

Абылайхан –

Ат үстінде тұрмаса.

Атты айтқанда

Қатты шығып елге үні,

Таңдай қағып,

Әнге айналып шер-мұңы.

Құлагері құламаса

Сорлы Ақан,

Сонша зарлап жыламасы белгілі.

Сүйенері – бір Тәңірі – Хақ қана,

Аты барлар табынбайды таққа да.

Атақ-даңқын

Батырлардың баяғы,

Аспандатқан

Астындағы ат қана!

Мынау дала гүл жамылып,

Қар басқан.

Тағдыры бар ат үстінде арбасқан.

Баяғыдан біздің қазақ баласы

Туа сала ат жалына жармасқан.

Жылқы – тұлпар,

Аяласақ, аясақ...

Бұдан артық болсын қандай саясат.

Біздің қазақ

«Жылқы» десе үйінен

Жүгіреді –

Ішкен асын қоя сап...

Құстай ұшқан

Құнан ба әлде, тай, дөнен,

Құбақанды – ажыратар қай керең?!

Биік тұрар

Батырдан да, ханнан да,

Аты озып келген кісі бәйгеден.

Жылқы деген

Жыл он екі ай – қазына

Алаңдаймын,

Аздығына – азына.

Аяқтағы қымызына қызығып,

Табақтағы – тіл үйірген қазыға...

Соның парқын білмей жүрген біз надан,

Жүгіруге жарамаймыз бір қадам.

Ат жарыста

Атып тұрып орнынан

Қазақ бар ма,

Қаны тулап, қызбаған.

Жалған дүние,

Бар байлықты тәрік қып.

Жақсыны да,

Жаманды да қарық қып.

Ондай кезде кіріп шықпас ойына

Ұмыт болып,

Жылқы деген –

Жарықтық!

Таусылмайды бұл өмірдің сұрағы,

Ал, ол болса,

Адамнан да қырағы...

Содан ба екен,

Әлі күнге алаң боп,

Жылқы көрсем –

Жылағым кеп тұрады!!!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan