Аспан шайдай ашық, мөп-мөлдір, көгілжім, көкшіл. Тал-дарақтар басы баяу тербеледі. Шығыстың желі.
Ауа-райы бұзылардай еш белгі жоқ. Тәңіртау шыңдарында жатқан аппақ қар жаңа шыққан күннің шұғылысына шағылысып, айрықша жарқырайды.
Қара айғыр ерттеулі. Дәу қара қазанда иттерге арналған ботқа пісіріліп жатыр. Тауықтар құрқылдап өскелең көктің арасынан нәпақасын тауып жайылып жүр. Аулақтағы таудың беткейінде орманшының жеке малы жайылып жүр.
Кәріпхан – құлжаның асығындай, абадан кісі. Құдай оған жар дегенде жалғыз бала берді. Әп-әдемі келіншегі бар. Сол тұңғыштан кейін тумай қалды.
Бұл жерде Құдайды қарғап керегі жоқ. Бәрі де адамның азғыр тілінен болды.
Дәрігер әйел азғырды. Өзі де бір бедірейген бедеу, жылан қысыр қатын еді. Әсемайды шырмауықтай шырмап алды.
– Қан қысымың күшті. Енді бала тусаң, өлесің, – деді. – У тебя же гипертония! Понимаешь?!
Сөйтіп құрсақтағы бес айлық қошқардай ұлды алдырып тастады. Қасап-дәрігер қасиетті құрсақтың быт-шытын шығарып кескіледі-ау. Жап-жас келіншектің шырылдап жылағанына да қарамады ғой, жауыз.
Қырық тілік құрсақ бала көтере ме?
Кәріпхан айғырға мінерде Әсемай тізгінді ұстап, күйеуінің қолтығынан демеп жіберді. Содан соң жеті жасар Ержанды көтеріп алып, әкесінің артына мінгестірді де, мойнынан қапсыра құшақтап, бетінен құшырлана сүйіп-сүйіп алып:
– Ал, жолың болсын, ботам, сабағыңды жақсылап оқы, – деді. Күйеуінің етегінен ұстап:
– Шай, қант ала келуді ұмытпассың, – деп тоқымды алақанымен қаққылап-қаққылап қойды.
Содан қаба жал Қара айғыр жарқабақ жолға түсті. Қалың шөптің арасында жайылып жүрген түйетауықтар қоштасқандай құрқылдасып қалды.
Орманшы Кәріпхан тау басына шудалана қалған бір шөкім бұлтқа қарап-қарап қойды.
Ержан биыл мектепке барған. Кәріпханның қарындасының үйінде жатып оқиды. Содан қысқы каникулға шығып, таудағы үйіне келіп, бір аптадай әке-шешесінің қасында болып еді ғой. Тәңіртаудың Жасылсай шатқалында екі-ақ үй бар. Біреуі орманшы Кәріпханның үйі. Екіншісі – су қарауылы Әбеннің үйі. Демалысқа келген Ержан осы екі үйдің еркетайы ғой. Енді, міне, қысқы каникул тез өте шығып, ылдидағы мектебіне кетіп бара жатыр. Кәріпхан әлгі шың басында шоқиған бір шүйке жүндей бұлттың лезде тау төбесін сәлделеп орап алғанын көрді. Қалың қара бұлт терістіктен де қаптап жатыр екен. Әлгінде ғана шайдай ашық күннің лезде бұзылғаны несі екен? Осы бір солтүстіктен шыққан бұлтта қатер бар. Әлдеқайда алыстан, Мұзды мұхит тарапынан шаршап, шалдығып келе жатады да, Тәңіртаудан аса алмай:
– Е, осында аялдай салайық, – деп аспан керуенін тау бөктеріне шөгере салатын әдеті болушы еді. Бұл жолы да сол дағдысына салып, қап-қара бұлт аппақ ақ періштеге айналып, жапалақтап жауа бастады.
Аспандағы ботасыз қара інген емшегі тырсылдап ісініп, шыдай алмай исініп, аппақ сүтін суылдата төгіп-төгіп жібергендей, жердің бетін деп-демде қалың қар басып қалды. Нөпір нөсерден жаман, бүкіл аспан төңкеріліп құлағандай аяусыз алапат еді. Көкпарда доданы қақ жарып қарқындайтын Қара айғыр көзіне жасын қамшы тигендей бір орында шыр айналып тұрып қалды. Таста туып, тауда өскен Кәріпханның өзі көзін аша алмай, қос қолымен жанарын сипалап, кенет түнекке айналып жарық дүниені бір көргісі келгендей жанталасты. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген жеткіншек басы айналып,аттан құла жаздап, әкесінің жалпақ белдігінен тас қылып ұстап алыпты. Келер бір сәтте, қара айғыр бұрынғыдай айналшықтай алмай, бір орнынан қозғала алмай, қалшиды да қалды. Кәріпхан дәл осындай қақайып қатып қалған жылқыны баяғыда музейден көріп еді. Ол енді қолдан қатырып қойған экспонат болатын.
Ал мынау лезде белуарына дейін қарға батып, қарға адым жер аттай алмай, қайта-қайта пысқырынып, қарға көмілген басын үздіксіз сілкілеп, тұла бойы сіресіп бара жатты.
Кәріпхан жандалбасада аттың бауырына баланы тықпақ болып, қалың қардың үстіне төңкеріліп құлап, Ержанды да ала түсті. Әлі нығыздала қоймаған қарды қос қолымен ары-бері кеулеп, Қара айғырдың бауырына алдымен баланы тықпалады. Ержанның үстіндегі жеңіл пальто еді. Енді өзі сеңсең тонын шешіп, баланы соған орады.
Шолақ тонды қалай шешті, сол-ақ екен, үстінен біреу сұп-суық суды құйып жібергендей, тұла-бойы түршігіп шыға келді. Үстіндегі жұқа бешпет қамзай бола қоймады. Баланы орап қойған тонды қайта алып кигісі келді. Қас пен көздің арасында-ақ қара тонды қалың қар басып, аппақ болып қалған екен. Егер тонды қайтып алса, ересек адам, өзі мынандай болғанда, бала қандай болады? Соны ойлап, қос қолын ары-бері сермеп, қимылдаған болды. Жауып тұрған қар емес, тұтас аспан ақтарыла құлағандай, ақ тасқынға белуарға дейін көмілген Кәріпхан сәлден соң қолын да қимылдатудан қалды. Енді ақ ұлпаға көміліп қалған бала тұншығып жүрмесін деп, қара тонның үстіндегі қарды арши бастады. Қара айғыр ышқына шыңғырғандай болды да, үні өшіп қалды. Айғырдың қарға көмілген денесін саусағымен түртіп көрмекші еді, қолы қап-қатты мұзға тигендей болды.
Кәріпхан орманшы кітапты көп оқушы еді. Джек Лондон деген кісінің жазғандарын іздеп жүріп оқитын. Сонда Клондайк деген жерден алтын іздеушілер алпыс градус, одан да жоғары аязда қомыттарына оранып жүре берді. Араларында сондай сұмдық суыққа шыдай алмай үсіп өлгендері де кездеседі.
Енді, міне, Кәріпхан да сол Клондайкта қалғандай хал кешті. Айырмашылығы сол: Клондайкта әйтеуір қыбырлар жүре бересің. Ал мына Тәңіртаудың бауырына кенет келіп орнай салған Клондайкта қимылдап жүрмек тұрмақ, орныңнан қозғала алмайсың. Мұндағы Клондайк ақ қардан кебін кигізіп, қол-аяқты тастай қылып таңып тастады.
– Кигізіп қояды деуші еді, мына құрсау сол «жуасыту көйлегінен» де асып түскен сияқты.
Енді бір уақытта Кәріпханның мұзға айналған денесі алаулап қыза бастады. Сөніңкіреп бара жатқан санасында: мынандай қызудан қар еріп кететін шығар деп үміттенді. Бірақ мұз құрсау еріген жоқ. Денесі қайтадан тоңа бастады. Бұл жолы қол-аяғы, бүкіл тәні мұзға айналып бара жатты. Сол бір кезде тон оранған бала қар астынан дыбыс бергендей болды. Бірақ оны Кәріпхан естімеген сияқты еді. Сөніп бара жатқан санасына бір ызың жеткендей болғанымен, оның не дыбыс екенін ажырата алған жоқ. Терең теңіздің ішінде балық болып жүзіп жүргендей бір заман. Жан-жағынан су періштелері қоршап алып, қосылып ән салып, мұны әлдеқайда жетектеп бара жатқан әсерде. Кәріпхан әлгі хор қыздарының шырын әніне елітіп, соларға ілесе берейін десе, енді бірде құлағына әйелі Әсемайдың дауысы шалынғандай болады:
– Қайт, қайт, қайда кетіп барасың? – дейді Әсемай. – Жалғызыңды қайда тастап барасың? Жалғыз ұлың Ержан қайда қалды?
Бұл зарлы дауысты Кәріпхан шала-пұла естігендей болады, бірақ жауап қатар дәрмені жоқ. Сөйлеуді, сөзді ұмытып қалған сияқты. Әйелінің «Әсемай» атын есіне түсіре алмай әлек болды.
– Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар, – дейді Әсемай. – Қайта ғой үйге, мен саған тағы бір ұл тауып берейін, Ержан жалғыз болмасын, – дейді Әсемай. – Әулие-әмбиені аралап, арыз айтайын, емшілерге, тәуіптерге қаралайын, бір Құдайға жалынып-жалбарынайын, ұлы әруақтарға, Ұмай анаға, Домалақ анаға арнап құран оқыттырып, ас бергізейін, – деп жылайды Әсемай.
– Обалың ана қасыр жыландай ысылдаған без-бедеу бас дәрігер қатынға, сол сені сорлатқан – дегісі келеді Кәріпханның, бірақ үні шықпайды, аузына сөз түспейді. Сөздерін Кәріпхан ұмытып қалған.
Енді бір сәтте үсті-басының бәріне інжу-маржан тағынған су перілерінің қыздары мұны тағы да қаумалап алып, теңіз түбіне шақырады. Інжу-маржанның жарқылына көзі қарыққан Кәріпхан әлі де болса Әсемайды ұмыта алмай: «Шіркін, мына інжу-маржанның тым болмаса бір уысын Әсемайға алып барып берсем, қандай қуанар еді», – деп қояды Кәріпхан.
Кенет хор қыздары дегенінің бәрі бүргедей-бүргедей, майда-майда айдаһарға айналып, балақтан кіріп, басына қарай өрмелей бастады. Сонда Кәріпханның бір сөніп, бір жанған санасына: «Жабылып кетсе құмырсқалар да арыстанның өзін өлтіреді», – деген бабалар сөзі естілгендей болды. Бір сөніп, бір жанған санасында жалғыз ұлы Ержанды көрді: – Не болды екен? – деп сипалап білейін деп еді – қолдары жоқ! Қолдары қимылдамайды. Қолдарынан жан әлдеқашан кеткен екен. Тек бір өшіп, бір жанған санада ғана болар-болмас сәуле бар. Ал балақтан кірген бүрге бит сияқты титімдей айдаһарлар басқа шығып, төбені тесіп, миды сормақшы. Миды сорып тауысқанда сана да біржолата сөнбекші. Одан арғысы тек бір Құдайға аян. Қара айғыр болса тұла бойы қарға көміліп тырп ете алмай тұрған қалпы қақайып қатты да қалды. Ал енді тонға оранған баланың халі нешік? Бір Алла біледі. Әке байғұс сол тонды балаға жаппай, өзі киіп отырғанда өлмейтін бе еді, кім білген... Әй, бірақ адамнан гөрі шыдамдырақ жылқы баласын арам қатырған мына Тажалдан кім аман қалар дейсің...
Тәңіртаудың Жасылсайы ақ қар топанынан аман қалған жоқ, әрине. Үйде жалғыз қалған Әсемай мынандай сойқан ақ тажалдан зәресі ұшты. Әуелі иттер ұлыды. Жай ұлу емес, адамның сай-сүйегін сырқырататын аянышты зілмауыр зар. Алапат апатты алдымен түрлі мақұлықтар, әсіресе ит пен мысық сезеді деуші еді Кәріпхан мен Ержан Қара айғырға мінгесіп кете салысымен-ақ, Бөрібасар мен Майлыаяқ азандата ұлып қоя берген. Әсемай оларға:
– Тәйт! Өз басыңа көрінгір! Бәле шақырма! – деп ұрсып тастап еді. Артынша-ақ ақ қар аспаннан сауылдап төгілді де, әлгі иттер үйшіктеріне кіріп кетіп, үндемей, үрмей қалды.
«А, Құдай, өзің сақтай гөр!», – деп Әсемайдың жүрегі суылдай бастаған.
Әсемай мынандай сұрапылдан сескеніп, көрші су қарауыл «Сүлеймен патшаның» үйіне барып отырмақшы еді. Жұрттың бәрі Сәрсенбекті Жасылсай суының қарауылы болғандықтан, «Су патшасы Сүлеймен» атап кеткен. Ылдидағы елдің күн көрісі көбінесе осы Жасылсай суына тәуелді болатын. Таудан тасып ағып жатқан асау өзенге қарауыл не керек? Мән-жайды білмеген жұрт осылай ойлап қалуы да мүмкін. Етектегі қалың ел суға зәру. Бәрі егіншілікпен айналысуда. Суға бола ағайынды адамдар арасында да араз-құраз, кейде тіпті қырғын төбелес те болып жатады. Әне, сол су қарауылы Сәрсенбектің үйіне бармақшы болып сыртқа шыққан Әсемай лезде өзінен-өзі шыр көбелек айналды да қалды. Аспаннан тонналап жауған топан қар алды-артын көрсетпей адастырғанда, Әсемай өзі жаңа ғана жауып шыққан өз есігін үйдің дуалын сипалап жүріп әрең тапты.
– Ой, тоба, мынау, сірә, ақырзаман шығар, – деп Әсемай сыртқы есікті әрең жапты. Әсемаймен ілесе кірген қар табалдырықты демде бітеп тастап еді.
Үйге кіре салысымен Әсемай байланыс радиосына-рацияға жармасты. Оның тілін жете білмесе де, Кәріпханнан көргені бар, құлақтарын ары-бері бұрап көріп еді, радиобайланыс қыр-қыр етті де қойды. Әйтеуір қырылдаса да дыбыс шыққанынан үміттеніп, әйел байғұс әлгінің тілшіктерін кезек-кезек басып жанталасты. Мынандай ақырзаман алапатында осы қырылдауықтан басқа қарманатын ештеңе қалмап еді-ау. Күннің қай мезгіл екені де белгісіз, бірақ үйдің іші түнек тартты. Әсемай сипалап жүріп, қол фонарьді тауып алып, көксау болғыр қырылдаққа тағы жармасты. Әлдеқашан уақыт өткенде барып рация ұзақ ысқырып алып, ар жақтан «әлө-әлө» деген дыбыс шығарды. Әсемай да: «алла-алла, – деп, – Бұл Жасылсай, Жасылсай!» – деп ажал апанының аузында тұрғандай жан даусы шықты. Ажал апаны адамдарды радиосымен қоса жұтып жібергендей «қыр-қыр» деп барып, дыбыс мүлде өшті. Бірақ үміт қана бәрінен соң өледі. Әсемайдың рацияға жармасқаны – суға кеткеннің тал қармағындай әйтеуір бір әрекет. Әрең дегенде барып әлгі қырылдаққа қайта жан кіргендей болды.
Әсемай жан сауғалап:
– Алло! Алло! Күмісбұлақ! Күмісбұлақ! – деп шырылдады. Ар жақтан тоқмейілсіген жуан дауыс:
– Тыңдап тұрған Күмісбұлақ, – деді.
– Ойбай, айналайын! Мен Жасылсайдағы орманшының әйелі Әсемаймын ғой. Естіп тұрсыз ба? Естіп тұрсаңыз мына алапат боран басталардан сәл бұрын орманшы Кәріпхан баласын алып, атпенен ауылға кетіп еді, барды ма екен? Білмейсіз бе?
Рация тағы қырылдап, шырылдап кетті. Түк естілмейді. Әсемай «Алло! Алло!» мен басы айналып, талықсып құлағанша айқайлай берді. Күндіз екені белгісіз, түн екені белгісіз, алаңғасыр алдамшы кез. Бір белгілісі қар әлі жауып тұр. Дәлірек айтқанда сауылдап құйылып тұр. Жерге түскен қардың қалыңдығынан тікесінен тік тұрып, тырп етпеген, ажалға алаңсыз мойын ұсынған Қара айғырдың өзі көміліп, көрінбей қалды. Бірақ ол тұрған жердің қары Тәңіртаудың Манасындай өркештеніп, айнала төңірегінен алабөтен анығырақ көрінеді. Әсемай ұйқы дұшпан көзі ілініп кеткен, шошып оянды. Сәл-пәл құс ұйқының өзінде ол түс көріп үлгеріпті. Түсінде Кәріпхан биік тақта отырған екен дейді. Кескін-келбеті – бәрі Кәріпхан. Бірақ қияқ мұрты, кірпігі, шашы – бәрі аппақ, құлағына дейін мұз қатып қалыпты.
– Ойбу, Кәріпхан-ау, саған не болған, шашың тіпті қасыңа дейін ағарып кетіпті ғой – дейді Әсемай таң қалып, – Айтпақшы, Ержан қайда? Көрінбейді ғой...
Ояна кетіп, әлгі түсінен шошығандай состиып, есін жия алмай аңырып, аң-таң қалып:
– Шыннан түсім бе, әлде өңім бе? – деп жан-жағына қарады. Рация көзіне түскенде барып, лезде есі кіргендей еді. Дереу кнопкаларды басты. Радио қыр-қыр етті. Мына күндіз-түні тынбай жауған қардан рацияға тұмау тигендей қырылдайды. Кейде қырыл-сырылдың арасынан шырайлы шаттық әуенінің сарыны талып естіледі. Ол әуен мына ақырғы аласапыран заманда да мамыражай бейбіт жатқан ел бар екенін еске салғандай, әлде қиялдағы елестей болып естіледі. Әсемай қырыл-сырыл дарылдақ дауыстардың арасынан естілген әлгі әуеннен әлденгендей: – «Апыр-ай, мына тажалдан аман ел бар екен-ау!» деп іші сәл-пәл жылып қалғандай болды.
Кенет рацияның қырылдап-сырылдағаны сап тыйылып, кәдімгідей салихалы дауыс:
Жалғыз ұлы бардың,
Шығар-шықпас жаны бар.
Екі ұлы бардың өкпе-бауыр,
Жалы бар.
Үш ұлы бардың Самархан
Мен Бұхарада малы бар.
Төрт ұлы бардың
Аспанға салған жолы бар, – деп сарнап ала жөнелді.
Радионың үнін ап-анық естіген Әсемай: «Апырай, бұл адам емес, әруақ шығар. Нені меңзеп тұр, құдай-ау!» – деп есі шықты. Айнала топан су қаптағандай ақырзаман. Қараптан қарап тұрып, радионың қақсап қоя бергені ненің нышаны? Әсемай Құдайдың құлағына жетсін деп қос көзінен жас парлап, зарығу мен жоқтаудың арасындағы сарнауық дауысқа салды:
– А, құдай, не жаздым мен саған? Ешкімнің ала жібін аттаған жоқ едім-ау. Не жаздым? Бұл қай елес? Ненің белгісі? Мен жалғыздан басқа бала таппай қалайын деген ниетім жоқ еді ғой. Енді бала тапсаң өлесің деп, құрсағымдағы бес айлық баланы алдырып тастаған әлгі бір сұқсырдай сұр қатын емес пе еді? Маған енді бала тусаң өлесің деді. Қу жан тәтті екен, қайдан білейін мұндай қарғыс атарын! Сол жан бітіп қалған баланы құрсағымнан кескілеп алып тастап еді. Обалы жібермейді екен ғой. Сорлатты енді мені! Кәріпхан-ау, қайдасың? Адал жарың едім ғой, не кінәм бар менің? Әлгі жалғыз қайда қалды?
Бұған жауап ретінде радио:
– Таңғы елес, таңғы елес,
Бұл өмірде ештеңе де мәңгі емес, – деп зарлады.
Кенет радио:
– Қайырлы таң, қадірлі қауым! Сөйлеп тұрған Алматы, – деп өлі дүниеге жан бітіргендей сайрап ала жөнелді. – Солтүстік Мұзды Мұхиттан келген суық ауа мен Оңтүстіктегі жылы ауа қауышып, нәтижесінде бұрын-соңғы болып көрмеген қалың қар жауды, – деп хабарлады қою қоңыр дауыс.
–Мысалы, Күншуақ облысында жауған қардың қалыңдығы екі метрге жетті. Көлік біткен тоқтап қалды. Тек әскери гарнизондар орналасқан жерлерде ғана бронетехника шамалы жол салған болды.
Радиоқабылдағышқа құлағын жабыстыра тыңдап отырған Әсемайдың жан-дүниесінде бір үміт пен бір күдік суық ауа мен жылы ауаның арпалысып, қалың қар жаудырғанындай қат-қат қалың қайғыға батырды. Күні бойы, түні бойы қырылдап қалған рацияның құлағын бұрап еді:
– Әлө, әлө! Орталық тыңдап тұр, – деген дауыс ап-анық естілді. Әсемай оқыста не айтарын білмей:
– Мен ғой, мен ғой, – дей берді.
– Менің кім? Айтсаңшы аты-жөніңді, – деді гүжілдеген дауыс.
– Мен, ойбай, Жасылсай қорығындағы орманшы Кәріпханның жұбайымын. Кәріпхан баласы екеуі кеше орталыққа кеткен... – деп сөзін аяқтай алмай жылап жіберді. – Сіздер біле ме... деп.
– Барлық жерде байланыс үзілді ғой, шырағым, жылама, бір хабары боп қалар, үмітсіз сайтан деген. Мен рациямен жан-жаққа сұрау салайын, ақырын күт, айналайын. Үмітсіз сайтан деген, жақсы хабар болсын, лайым. Уайымдай берме, үмітсіз сайтан...
Түгел қар аралас судан ағып жерге түскендей еді. Сөйтсе, өз орнында екен, жарықтық. Бейкүнә періштенің көзіндей жәудіреп, көкпеңбек болып тұр. Есесіне, жердің беті аппақ. Аппақ әлемге ноқаттай да мең қалмағандай. Жердің өзін тау-тасымен, орман тоғайымен, өзенімен, көлімен, таз-тақыр шөлімен қоса ақ қар көміп қалыпты. Сондықтан да Алла тағала, Жасаған Ием, Жаратқан Құдірет Жер әлеміне енді толғатып жатқандай әсер қалдырады. Сөйтсе, ол алғашқы көрініс екен. Кенет өлі тыныштықты дүр сілкіндіріп, дүрілдетіп, гүрілдетіп, аулақтан тікұшақтың сұлбасы көрінді. Тау бөктеріне сұғына кіруден сескеніп, төскейді бойлап, ары-бері ойқастай берді. Бұл дыбысты тырп ете алмай қатып қалған Қара айғырдың бауырында тонға оранып жатқан Ержан бала анық есітті. Шынтақтарымен нығыздалған қарды түртініктеді. Әкесінің қара тонының арқасында үсіктен аман қалған бетін бірдеңе қарып түскендей болды. Сипалап қарап еді, үзеңгі темір сияқты көрінді. Үзеңгі екенін саусақтары сезбей, алақаны ғана байқағандай болды. Балаға ақыл-ес емес, түйсік басшы болып, шынтақтарымен қарды кеулеп, үзеңгіден айырылмай, ер-тоқымға жармасты. Тырмысып жатып ер-тоқымға ілігіп, ілгері қарай тағы да бір-екі ұмтылғанда, басы қардан қылтия шыға бергенде, аспан әлемі жарқ ете қалды. Тынысы кеңейіп сала берді. Енді-енді есі кіріп, санасы сауыққандай болғанда, әлгі аспаннан тырылдаған дыбыс естілгендей еді. Көптен бері тау бөктерінен бір қарайған белгі іздеп, аспанды шиырлап жүрген тікұшақ аппақ теңізден жалғыз ноқат қарайып көрінгенін байқап қалып, сол нүктеге қарай беттеді. Тіршілік деген шіркін жанталас. Бала байғұс аспанға қарай қолын ербеңдетті. Оқыстан айқай салып еді, өз даусын өзі естімеді. Ана құрсағынан жаңа шыққан нәресте де жарық дүниеге айқайлап келеді. Бірақ оны өзі түсініп, сезіп жатпайды ғой. Мынау да сондай. Бірақ тікұшақтағылар тісқаққан қақсалдар емес пе, баланың төбесінен төніп тұрып, есігінен салбыратып арқан саты тастады. Қонар еді, қона алмады. Өйткені қалың қарға батып қалады. Арқан сатыға баланың саусағы тигенімен бүгілуге илікпеді. Саусақтардан жан кетіп қалған екен. Тірі жанға өлмеуді өмір өзі үйрететін шығар, бала енді арқан сатыға екі шынтағымен асылды да, лезде бір шынтағымен шығара салып, тікұшақтағыларға төменде, өзі тұрған ер-тоқымды нұсқады.
Ол енді: «Мына қардың астында әкем қалып бара жатыр! Оны да ала кетіңдер!» – деген шарасы еді. Бірақ тікұшақтағылар саңырау ма, әлде ымды түсінбей ме. Әйтеуір құлақ тұндырған гүріл-сарылдың арасынан: – Ұста! Ұста! – деген бұйрықтарын ұққандай болды да, екінші шынтағын да арқан-сатыға арта берді.
Тікұшақ ішіндегілер оны қақшып алып, арқан-сатыны жинап, есікті тарс жауып алып, аспанға көтеріле берді.
Арқада Мәди деген ардагер азамат өткен екен. Сарыағаштың курортында сол Мәди туралы Кәріпханға Нұрхан деген қарт кісі әңгіме айтып еді.
Нұрхан қарт өзі де сол Мәди туған Арқадан келген бұл курортқа. Қасында ұдайы қолынан жетектеп жүретін төрт-бес жастағы немересі Дәурен бар. Әңгіме Мәдидің жалғыздық туралы өлеңінен өрбіп кетіп еді-ау.
Санаторийдің таңғы шайын ішіп болғаннан кейін Нұрхан қарт Дәуренді жетектеп, бұйра таудың көлеңкесіндегі скамейкаға барып отырады. Өзімен дастархандас болған Кәріпханды қасына шақырып алады. Көп жасаған, көпті көрген қартың әр алуан әңгіменің сандығын ашып жіберіп, сампылдап сөйлеп, небір хикаяларға көшеді.
– Мынау менің үзілмеген үмітім, – дейді немересін басынан сипап отырып. – Біздің әулеттің жалғыз жалғасы. Ал бұл болмаса, біздің күніміз не болады? А? Не болады? Әулеттің нәзік жібі үзіледі ғой! Сондықтан мына менің кәрі жаным осының қас-қабағында.
– Мына мен, – дейді Нұрхан қарт, – бір әке, бір шешеден туған алтаудан қалған жалғызбын. Төртеуін отыз екінші жылғы ашаршылық жалмады. Біреуін гермен соғыс өлтірді. Алтаудан қалған жалғыз менен жалғыз ұл, үш қыз өрбіді. Сөйткен жалғыз ұлдан, міне, мына Дәурен батыр, – деп алып Нұрхан қартың жалғыз немересін бауырына басып, қысып-қысып, сүйіп-сүйіп алды.
– Е-е-е, хош деңіз, сөйтіп немереден бұл жалғыз. Келіні түскір бұдан кейін бала көтермей қойды.
– Дәурентайға інішек керек, Дәурентайға қарындас керек, деп ыңылдап, осы Дәуренді алдыма алып отырып, өлең айтқан боламын. Есі болса, келінім емеурінен түсінер деген далбасам ғой. Кеңсе қызметкері. Кесірлі. Ой-арманыңды емеурініңнен түсінетін келін қайда-а-а... баланы өзім бағып-қағамын. Құйрығына дейін өзім сүртіп, өзім шомылдырамын. Келінім:
– Ата, ата, – деген болады.
– Жолама деймін... Өзім-ақ, – деймін. Сөйтіп, жүргенде осы балам қатты ауырсын.
– А, Құдай, мұны да көп көрдің бе? – деп зарладым. Апармаған, көрсетпеген дәрігер, бақсы-балгер қалмады. Сөйтіп жүргенде алыс ағайын Сәрсеке дегеннің мешел шешесі Қамқа жарықтық:
– Әй, қайным-ау, неғып жүдеп кеткенсің, жалғыз немереңнің уайымы ғой. Алла жар болсын, қасқырдың сүйегін қайнатып, соның суына шомылдыр. Құдай сәтін салса, бала жүгіріп, ойнап кетеді, – деді жарықтық.
Қыстың күні ғой, қасқырды қайдан таптым. Сонай сілештінің бойында Моңғолдан көшіп келген аңшы бар деп естігем. Соған барайын.
– Осылай да осылай, қасқыр соғып алған екенсің, туысқан, соның сүйегін бер.
– Ойбу, ол қашан, қардың астында қалды ғой, – дейді әлгі. – Терісін сыпырып, өзін тастап кетіп ем...
– Көрсет маған қасқыр сойған жеріңді. Өзім аршып аламын, – деймін баяғы.
– Ойбу, отағасы-ай, ойлы-қырлы тау ғой, оның үстіне жерді қар басып қалды, дәл қай жер екенін қайдан білейін, – деп қипақтайды әлгі неме.
– Әй, түсінесің бе өзің? Жалғыз бала ғой, Жалғыз! Ол үшін мен Ереймен тауын түгел қопар десең де қопарамын. Өзіңде неше бала бар?
– Е, отағасы, бұйырғаны бар ғой, менікі емес, Құдайдікі – сегіз бала бар. Алды жиырма бесте. Кенжесі бесте.
– Әб-бәрекелді, азаматым! – дедім әрі таң қалып, әрі сүйсініп. Бірақ ішімнен: «Бәлем, қатының біздің келіндей ешкі тұяқ безер болса, көрер едім әуселеңді» – деп қоямын.
– Сонымен не керек, әлгі моңғолдан келген бауырым, Құдай тілеуіңді бергір, шанаға ат жегіп, оған кетпен, күрек тиеп, мені шоқитып қасына отырғызып алып, Ереймен тау, қайдасың деп қалың қармен сырғанап ала жөнелдік.
«Жерді қар басып қалды. Қасқырдың сүйегі қайда қалғанын білмеймін ғой», – дегені бекер екен, дәл үстінен, таудың жадағай шатқалынан тез тапты. Қарды күреп-күреп, киіз үйдің орнындай аршыған соң, аппақ қаңқа көрінді. Құзғын құстар сүйекті тазалап тастаған екен.
Қуанып кеттім. Қайтар жолда Сұлтанханның тазысы түлкі ұстап алсын. Сұлтекең:
«Мынау немереңе тымақ болсын» – деп қырмызыдай қызыл түлкіні менің алдыма тастай салды, – деп тоқтады Нұрхан қарт. «Шалым сәл-пәл бөсіңкіреп кеткен жоқ па?» – деймін ғой баяғы.
– Сонымен не керек, әлгі көк бөрінің сүйегінің сорпасына шомылдырғаным сол екен, сізге өтірік, маған шын, балам, сен көр, мен көр, құлан таза суығып, ойнақтап шыға келді, – деп әңгімесін аяқтап, Нұрхан қарт немересін бауырына басып, төбе шашынан құшырлана иіскеп-иіскеп алды.
* * *
Нұрхан қарттың осы әңгімесі екі жарым метр қар астынан айдаһардай ажалмен арпалысып, жанталасып жатқанда есіне түскеніне таң қалды. Менің жалғызым не болды екен? – деген сұрақ көкейінде кетті. Санасы әбден сөніп бара жатқанда да осы сұрақ көмескіленіп көкейінен шықпады.
* * *
Тікұшақ қайта айналып келіп, адамдар арқан-сатымен, мұз болып қатып қалған аттың үстімен қарды кеулеп, Кәріпханның серейген бөренедей денесін арқан-сатымен тікұшаққа тиеп жатқанда, тікұшақтың командирі Нұр-Ақанның есіне бұдан бес жүз жыл бұрын Әз Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген қараүзген шипагер Өтейбойдақ бабамыздың таудың мәңгі мұздағында ер-тоқымымен бірге қатып қалған тұлпар туралы жазғаны есіне түсті. Егер мына қар екі күннен кейін жым-жылас еріп кетпей, мың жыл жатса, мың жылдан кейін мына Кәріпханды қайтадан тірілтіп алуға болар еді-ау деп ойлады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.