Астанада ҚР Ұлттық архиві мен «Қазақ газеттері» серіктестігі бірлесіп «Шерхан Мұртазаның қаламгерлік қазынасы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелде Шерхан Мұртазаның қазақ баспасөзі мен ұлттық журналистиканың қалыптасуындағы орны, азаматтық ұстанымы, публицист ретіндегі жауапкершілігі кеңінен сөз болды. Жиынға министрлік өкілдері, депутаттар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, қаламгердің көзін көрген ардагер журналистер және архив саласының мамандары қатысты.

Шара аясында Ұлттық архивтің көрме залында жазушының жеке қорына енген қолжазбалар, ресми құжаттар, сирек фотосуреттер мен кітаптарынан көрме ұйымдастырылды.


Сондай-ақ архив қызметкерлерінің тозығы жеткен құжаттарды қалпына келтіру барысын көрсететін бейнематериал ұсынылды.


Жиынның ашылуында ҚР премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Ұлттық баспасөз күніне арналған құттықтау хаты оқылды.

«Шерхан Мұртаза қазақтың болмыс-бітімін көркем сөзбен кескіндеген қайраткер ретінде елдік мүддені бәрінен биік қойды. Журналистиканы ұлтқа қызмет етудің жолы деп білді. Қазақ баспасөзінде қалыптастырған мектебі, редактор ретіндегі талапшылдығы, еңбекқорлығы тұтас бір буынның кәсіби әрі азаматтық тұлға болып қалыптасуына ықпал етті.
Еліміздің Ұлттық архивінде зиялы тұлғаның жеке құжаттарының ғылыми тұрғыда жүйеленіп, ұлт игілігіне айналуы – аса маңызды тарихи оқиға. Бұл ұлттық жадымыздың толыққанды қорғалуына жасалған нақты қадам деп білемін», - делінген құттықтау хатта.
Құттықтау мәтінін министрліктің Құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли жеткізді.

«Әрине, Шерағаның үлкен қоры ауылы Жуалыдағы архивінде. Бұл сол архивтің бір бөлігі деп есептеуге болады. Бірақ Шерағаның біраз өмірі Астанада өткеннен кейін «Астанада Шерағаңа қатысты не бар?» деген сұраққа жауап беретін осы қор болады ғой деп есептейміз. Архивті өз көзімізбен көргенде, Шерағаның бір мұқияттылығы барлық құжатқа өте ықтиятты болғаны аңғарылады», - деді «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов Шерхан Мұртазаның редактор ретіндегі қайсарлығы мен жас журналистерге қоя білген жоғары талабын атап өтіп, қаламгердің редакторлық мектебі арнайы ғылыми зерттеуді қажет ететінін айтты.

«Біз журналист-қаламгерлердің шығармашылығы туралы айтқанда олардың соңында қалған кітаптары, әрі кетсе кітапқа енбей қалған шығармаларын айтумен шектелеміз. Шын мәнінде, редакторлық – өте күрделі жұмыс. Редактордың жазған дүниесі Айсбергтің су бетіне шығып тұрған бөлігі секілді ғана дүние. Ал оның сыртында журналистке идея беруі, ұжымды басқаруы, кадрларды іріктеуі, оларды тәрбиелеуі, әр өңірден арнайы тілші алдыртуы, олардың пәтер мәселесін шешіп орналастыруы, ол үшін талай есікті тоздыруы секілді толып жатқан мәселелерді былай қойғанда, апталық жоспарлаудан, макет сыздырудан бастап, тақырып пен суреттерді ауыстырудың барлығы қатпар-қатпар жұмыс. Сондықтан шерхантанудағы тағы бір арна оның редакторлық қыры туралы болса. Шерхан басқарған газеттердің барлық тігінділерін зерттеп, Шерханға дейін, Шерханның кезінде және Шерханнан кейін қандай болғанын саралап қараса», - деген ой айтты.
Бұл пікірді аға журналист Еркін Қыдыр да қолдады.

Ардагер журналист Жанат Елшібек Шерхан Мұртазаның жетекшілігімен өткен жылдарды еске алып, бас редактордың тәртіпке, жауапкершілікке және ұлттық тіл мәдениетіне ерекше мән бергенін айтты.

«1989 жылы 10 қараша күні Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстан» газетіне редактор болып келді. Кешкі сағат бестің кезінде Өзбекәлі Жәнібеков келіп, Шерхан Мұртазаны ұжымға таныстырды. Сол уақытта «газетті құртты. «Социалистік Қазақстан» газетінің беделі қалмады, азуын алып тастады» деген секілді сөздер өте жиі айтылатын. Өзбекәлі Жәнібеков Шерағаңа қарап: «Сіз «Жалынды», «Жұлдызды», «Лениншіл жасты» көтердіңіз. Тағы бір міндет, осы «Социалистік Қазақстан» газетінің беделін де көтеріп беріңіз» дегендей сөз сөйледі. Сонда Шерағаң қолын жоғары көтеріп тұрып: «Өзаға, мен журналист жасай алмаймын! Талаптарыңызды орындауға тырысамын. Бірақ менің журналистерімді болашақта сіз де қорғаңыз» деді. Өзбекәлі Жәнібеков «әділ сын жазсаңдар қорғаймыз. Жағдайларыңды жасаймыз» деді.

Шерхан аға – шын мәніндегі реформатор еді. Тағайындалғанына бір ай болмастан, газетке өзгерістерді бастап кетті. Соның бірі – ай аттары. Ол кезде бәрі орыс тілінде жазылатын. Бұған дейін қанша айтсақ та өзгерте алмай жүрген ай аттарын Шерхан Мұртаза келісімен «желтоқсан», «ақпан», «наурыз» деп жаза бастадық. Бізге арқа тіреп бірнеше газет ай аттарын қазақшалады. Көп ұзамай газеттің соңындағы редактор деген сөзді Бас редактор деп өзгертті. Артынша «Социалистік Қазақстан» атауын «Егеменді Қазақстан» деп бір-ақ ауыстырды. Бұларды өзгерту үшін ешкімнен рұқсат та, қаулы да сұраған жоқ. Мұнысы үлкен ерлік еді», – деді Жанат Елшібек.

Жиын соңында Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова Шерхан Мұртазаның мұрасы архив қорына толық қабылданғанын, қолжазбалардың бір бөлігі цифрландырылып, қауіпсіз сақтау талаптарына сай орналастырылғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, ұлт руханиятында өшпес із қалдырған заңғар жазушының 6 мың беттен аса қолжазбасы былтыр Республика күні қарсаңында Ұлттық архивке табысталған еді. Нәтижесінде қаламгердің тозығы жеткен бірқатар қолжазбасы, құнды құжаты, сирек кездесетін фотосуреттері мен мыңдаған еңбегі жаңартылып, өңдеуден өткен.


