Айтулы тұлғалардың соңына қалдырған жазба мұраларын мұрағаттап, көздің қарашығындай сақтау – әлемдік мәдениетте көптен бері қалыптасқан үрдіс.
Осы бір игі үрдістен Қазақстан да қалыс қалып отырған жоқ. Еліміздегі архивтердің қоры жыл сайын мың-мыңдаған құнды мұралармен толығып отырады.
Осының куәсіндей Республика күні қарсаңында, яғни 24 қазанда ҚР Ұлттық архивіне қазақтың көрнекті қаламгері Шерхан Мұртазаның жазба мұраларын табыстау рәсімі өтті.

Қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына үлкен үлес қосқан қаламгер, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның бірегей шығармашылық және зерттеу еңбектерінен тұратын құнды құжаттарды Ұлттық архивке «Егемен Қазақстан» газеті ресми түрде табыстады.

Құрамына «Егемен Қазақстан» газеті кіретін «Қазақ газеттері» ЖШС директоры, академик Дихан Қамзабекұлы бүгінгі іс-шараның мән-мағынасы жөнінде таныстырып өтті: «Егемен Қазақстан – қазақ баспасөзінің бойтұмары» деп мақтанамыз. Егеменде еңбек еткен елеулі тұлғалар көп. Бәрі де біздің мақтанышымыз. Соның ішінде «Егеменнің» деңгейін көтерген, бұл газетті тәуелсіздіктің үлкен ақпараттық құралына айналдырған, сонымен бірге журналистік пен жазушылықтың арасын үйлестіріп, жазушы адам бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек ет жүріп, халыққа, еліміздің қалыптасып дамуына игі істер жасай алады дегенді өзінің қалам қарымымен, ісімен көрсетіп өткен, «Шерхан Мұртазаның орны бөлек», - дей отырып, «Егемен Қазақстан» газеті ұжымының ұрпақтар сабақтастығына негіздей отырып, Шерхан Мұртазаның қолжазбаларын туыстарымен ақылдаса келе, Ұлттық архивке тапсырмақ болып шешім қабылданғанын айта келе, келесі жылы Ұлттық баспасөз күні осы арада ашылатынын хабарлады.

Алғаш сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанұлы алып, ертеңгі мереке – Республика күнінің мәні мен маңызына тоқтала келе, өзі де Декларацияны қабылдауға қатысқан куәгер ретінде сол кезеңдегі саяси-экономикалық факторлардың салдарынан туындаған кедергілерді еңсеруде Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбай, Шерхан Мұртаза сияқты депутаттардың рөлі зор болғанын еске алды. «Елге айтатын сөзі, тыңдататын дауысы болды. Ол кезде де кез келген адам жарылқай бермейтін», - деп атап өтті.
Келесі сөз мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәліге берілді: «Егемен» деген сөзі алып келген – Шерағаң. Ол материалды да біз Президент архивінен алдырған едік. 1990 жылы маусым айында талқылауда «азат», «егеменді» деген сөздер талқыланып, Шерағаң осы «егеменді» ұсынғаны туралы стенограмманы тапқан болатынбыз. Мұны Орталық Комитет бюросында қарап бекіткен екен. Егемен деген сөзді тілімізге алып келген Шерағаңның мұрасы Егемендік мерекесі қарсаңында архивке тапсырылып отыруы заңды. Егемендік мерекесі Шерағаңның іс-шарасымен басталып жатқаны бір ғанибет», - деп атап өтіп, барша қауымды Егемендік декларация қабылданған мерейлі мерекемен құттықтады.

Шерағаңмен бірге қызмет еткен, батасын алған рухтас, қаламдас інісі, «Егемен Қазақстан» газетін ұзақ жылдар басқарған, әрі Шерхан Мұртаза мұраларын насихаттауға атсалысып жүрген танымал журналист, қоғам қайраткері, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Сауытбек Абдрахманов сөз алды: «...Шерағаң «Егеменге келгеннен бастап, халықтың көңілінде басқаша бір ауан қалыптасқаны анық», - дей отырып, Шерағаңның қызметтік өмір белестеріне себепкер болған сәттері туралы естеліктерін бөлісті: «Бүгінгі іс-шарға келсек, игілікті шаруа. Біз архивке әлі де болса дәндей қоймаған халықпыз. Көктемде Әбіш Кекілбайдың 22 мың парақтық мұралары тапсырылғаны бір ғанибет болды. Бүгін Шерхан Мұртазаның 6 мыңдай парақтық қолжазба мұралары тапсырылып отыр екен. Бұл үлкен қазына. Басқа елдерде әрбір парағын есептеп, кейін ұлы адамдардың қолы тиген мұра ретінде бәссаудада сатып жатады. Осындай игілікті мұралардың халық меншігіне айналып жатқаны құтты болсын! Ертеңгі Егемендік декларациясы қабылданғанған күн құтты болсын!»

Шерағаңның рухтас, бауырлас інісі, «Егемен Қазақстан» газетін басқарған және Парламент Мәжілісінде иықтаса қызмет істеген ғалым, журналист, қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан сөз алды: «Саясатта болсын, журналистикада болсын, көркем прозада болсын – Шерағаңның орны бөлек. Осы тұлғамен жас кезімнен қатар жүріп, қызмет істегенімді мақтаныш тұтамын», - дей отырып, өзі «Егемен Қазақстанды» басқарып тұрған кезіндегі Шерағаңды газетке қызметке шақырғаны, осы кезеңде кезінде халық асыға күтіп, іздеп жүріп оқыған «Шерханға хат», «Камалға хат» атты замана толғауы іспетті дүниелер жазылғаны және парламент мінберінде Шерағаңның батылдықпен сөйлеген сөздері туралы естеліктерді еске алды. Бір жарым жыл бойы «Егемен Қазақстанда» жарияланып, елді елеңдеткен осы жазбалар кейін «Елім, саған айтам, Елбасы сен де тыңда!» деген атпен жарық көргені белгілі.

Шерағаңмен кезінде парламент қабырғасында бірге қызмет істеген, белгілі қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы өз сөзін: «Ең қиын жерлердің бәріне жібергенде, жазушы, журналист ретіне айтқанынан бөлек, ұлтының сол кезде айтылуға тиіс сөзін президентке де, халыққа да айтқан бірден бір азамат», - деп сөзін түйіндеді.
Шерағаңның ауыл-аймағы атынан Алматыдан арнайы келген туысы, Қазақстанға Еңбегі сіңген сәулетші, көптеген ескерткіштер мен қала, облыстар таңбаларының авторы Салауат Махамбетұлы сөз алды. Шерағаңның адами қасиеттерін естелігінде тілге тиек ете отырып, тұлғаға қатысты жазба дүниелер әлі де бар екенін, оларды да алдағы күндері жинақтап тапсыруға сенім білдірді.

Бұдан кейін Шерхан Мұртазаның қолжазба мұраларын «Егемен Қазақстан» газетінің ҚР Ұлттық архивіне тапсыру рәсімі орындалып, екі тарап басшылары, «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қамзабекұлы мен ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрлановалар тапсыру-қабылдап алу құжатына қол қойды.

Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова: «Ұлттық архив қоры қазақ әдебиетінің алыбы, ұлтының ар-намысын биік ұстаған тұлға Шерағаңның, Шерхан Мұртазаның мұраларымен толығып жатыр. Архив – құжаттарды ғана емес, ұлы тұлғалардың тағдырын сақтайтын киелі орын. ҚР Ұлттық архиві еліміз тәуелсіздік алғаннан бері құнды құжаттарды сақтап келе жатыр. Біздің мақсатымыз – осындай маңызды құжаттарды сақтау ғана емес, оны болашақ ұрпаққа аманаттап жеткізу миссиясы», - деп өз ойын қорытындылады.

Архив қорына өткізілген материалдар арасында Шерхан Мұртазаның әйгілі туындысы «Қызыл жебе» романының түпнұсқа қолжазбалары бар. Романның басты кейіпкері Тұрар Рысқұловтың өмірі, қызмет жолы туралы жүргізген зерттеу жазбалары, сонымен бірге «Бесеудің хаты» атты екі бөлімді драмасының, өзге де бірнеше шығармасының қолжазбалары да архив қорына тапсырылды.

Сонымен қатар жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты бұған дейін еш жерде жарияланбаған сирек фотосуреттер, жеке хаттары, жазба дәптерлері мен өзге де тарихи-мәдени құндылыққа ие құжаттар тапсырылды.

Іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, жазушының туыстары, әдебиеттанушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Мұндай игілікті іс-шаралар алдағы күнде де жалғасын тауып, архив қоры белгілі тұлғалардың жеке қорымен толыға бермек.
