Ұлы Жеңіс мерекесі – адамзат үшін тек қуаныш қана емес, сонымен бірге өткен күннің ащы шындығы мен бүгінгі берекелі өмірдің қадірін ұғындыратын тағзым күні.
Қан майданның отты жылдарында қазақстандық жауынгерлер өр рух пен отаншылдықтың шынайы қасиетін танытып, ерен ерлік көрсетті. Ел басына күн туғанда атқа қонған миллионнан астам ер азаматтың басым бөлігіне туған елдің топырағын қайта басу жазбады. Қазақтың батыр ұлдары мен қыздары азулы жаумен арпалыса жүріп, Мәскеу табалдырығынан Берлин төріне дейінгі азапты да даңқты жолды намыспен жүріп өтті. «Кеңес Одағының батыры» деген биік атақпен айшықталып, есімі ерліктің символына айналған қазақ батырының бірі Мәлік Ғабдуллин. Майдангердің жауынгерлік ерлігі, ғылыми мұрасы және қайраткерлігі туралы аз айтылып жүрген жоқ. Филология ғылымдарының докторы профессор, Қазақстанның әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Серік Негимовпен Мәлік Ғабдуллин туралы әңгімелескен едік.
- Серік аға, Мәлік Ғабдуллинді кешегі Алаш арыстарының, нәубетке ұшыраған заңғар тұлғалардың жолын жалғастырушы деп танимыз. Осы тұрғыда ол кімдерден тәлім алды?
- Мәлік Ғабдуллин 1930 жылы орта мектептің оқушысы болып жүргенде Республикалық слетке қатысқан. Сонда «Известия» газетінің бір фототілшісі «Осы пионерден болашақта мәдениет қайраткері шығады», - деп кішкентай ғана суреттеме береді. Одан кейін 1930 жылдары Көкшетау қаласына Сәбит Мұқанов келгенде қаламгермен кездесу үшін мектепке шақырған бала Мәлік болды. Сонда Сәбит Мұқановтың сол кезге дейінгі шығармаларын жатқа айтып қаламгерді сүйсіндіреді. 1931 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне қабылданады. Сол жылдары бұл кісіге Алаш қайраткерлері Молдағали Жолдыбаев кафедра меңгерушісі, кейін Сәкен Сейфуллин, Құдайберген Жұбанов дәріс оқиды. 1935 жылдың 13 қаңтары күні «Лениншіл жас» газетінде Құдайберген Жұбановтың «13 жас күш» мақаласы шығады. Соның ішінде қазақтың әдебиет тарихын зерттейтін болашағы зор Мәлік Ғадоллаұлы, Есмаханбет Ысмайлов, Мырзай Алтынбеков деп үшеуін атайды. 1931 жылы студент болып қабылдана салысымен Қарағанды қаласындағы 18-ші шахтаның кеншілеріне сабақ береді. «Лениншіл жас» радиогазетінің тілшісі болады, аударма жасайды. 1934 жылғы Қазақстан Жазушылар одағының пленумына қатысады. Мандаттар сол кездегі Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров секілді әдебиет қайраткерлерінің барлығымен сұхбаттасады, кездеседі, дипломдық жұмысын Бейімбет Майлиннің шығармашылығына арнайды. Комиссияның мүшесі сол кездегі Халық ағарту комиссиаратында істеген Мәншүктің анасы Әмина Мәметова еді. Ол қазақтың билері жөнінде диссертация жазған адам. Содан бастап Ғабдуллин Алматы қаласындағы бүкіл қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады, студент кезінен жас қайраткер болып қалыптасады. Жаздық каникул уақытында Солтүстік Қазақстанның «Бостандық туы» газетінде жұмыс істеп жүреді екен. Бұл газетті білесіздер, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, шығарған. 1936 жылы Қызыл армия қатарына қабылданады. Ферғана қаласында нөмірі 82-ші атқыштар полкінде қызмет жасайды. Әсіресе әскери пәндерден жүйрік болады. Кеңес Одағының маршалы Павел Рыбалко осы кісінің ұстазы болады. Содан 1937 жылы тамыз айында басталды, осы Сәкен Сейфуллинге, Ілияс Жансүгіровке, Бейімбет Майлинге қара бұлт үйірілген кезде Сәкен Сейфуллинің, халық жауының шәкірті деп әскерден шеттетіп жібереді.
- Мәлік Ғабдуллин – ұлттық фольклортану ғылымы теориясының негізін қалаушылардың бірі. Ғалымның қазақ эпосын, оның ішінде батырлар жырын зерттеудегі өзіндік ерекшелігі неде?
- Қазақтың ауыз әдебиетінің жанрларын батырлық жырлар, арбау өлеңдер, жаңылтпаш, жарапазандар, эпостық жырларды өте жүйрік білген. Себебі соғыс кезінде бүкіл қазақ фольклорының асылдарын пайдалана білген. Батыр Бауыржанның афоризмдерін хатқа түсірген адам. Сондықтан ұлттық фольклортануда сіңірген еңбегі ерекше. Әсіресе 1958 жылы Қазақстанның ЖОО арналған «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» оқулығы күні бүгінге дейін пайдаланылып келеді. Екіншіден, 1959 жылы «Қазақ халық ауыз әдебиетінің хрестоматиясын» шығарды. Ол өте іріктелген, сұрыпталған қазақ халқының ауыз әдебиеті жауһарлары жинақталған хрестоматиясы. Оқулық жазу деген – өнер. Әскерде ол тек қару ғана емес, бүкіл халықтың намысын оятатын толғауларды, мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді майдан даласында шебер пайдаланған адам. Бір мысал, 1943 жылы шілде айының аяғында Мәскеуде кеңес әскерлеріне арналған ауқымды мәслихат өтеді. Генералдар, маршалдар, академиктер қатысқан малқалы жиында екі жарым сағат орыс тілінде қазақ халқының қаһармандық дәстүрлері жайында баяндама жасайды. Оның ішінде кем дегенде жарты сағаттан астамы Бауыржан Момышұлының ерлігі туралы еді. Бұл кісінің 1944 жылы «Вперед на врага» деген газетте «Воспитание джигита» жауынгерлерді қалай тәрбиелеу керек, намысын қалай ояту керек, бұл бір кездегі Александр Македонский, Банапарт Напалеон, жаугершілік замандағы қазақың ұлы қолбасшыларының майдан даласындағы стратегиялық тәсілдерін, патриоттық идеяларын жүйрік пайдаланған адам.
- Соғыс жылдары қазақ қаламгерлері майдан газеттерінде қызмет етті. Солардың ішінде Мәлік Ғабдуллин Мәскеудегі Саяси Бас басқармада қызмет атқарды. Осы беделді, ықпалды мекемеде қызмет етіп жүрген кезде, Мәкең көптеген адамдарға көмек көрсеткендігі, қазақ ұл-қыздарының ерлігін лайықты бағалатуға ықпал жасағаны жайында естеліктер, аңыздар көп айтылады. Осы жайында әңгіме өрбітсек...
- Мен Мәлік Ғабдуллинді 1969 жылы қыркүйегінде алғаш көрдім, Қазақ ұлттық университетінде бізге лекция оқыды. 1971 жылы филфактің мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болды. Әуезов атындағы институтта бір жыл жанында отырып, қызметтес болдым. Сонда байқағаным еш уақытта өзі туралы әңгіме айтпайтын. 1942 жылы 23 ақпан күні Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғанда марапаттау құжатында «Алтайдың ақиығы Төлеген Тоқтаров Мәлік Ғабдуллинің шәкірті» деп жазылған. Төлеген Тоқтаровтың ұстазы, бүкіл майдан жазбаларында майдандағы айтулы ержүрек жауынгерлер туралы айтқан, Бауыржан Момышұлынан бастап, генерал Панфиловтан, Балтабек Жетпісбаев, Рамазан Елебаев секілдің қазақ жауынгерлерінің ерлігін насихаттады. Бір қызықты айтайын, 1970 жылы Невель қаласынан орыс тілі мұғалімі Любовь Иванова деген хат жазыпты Ғабдуллинге. «Мәлік Ғабдуллаевич сіздің соғыс даласындағы ерлігіңізді білеміз. 1943 жылы «Правда» газетінде 25 сәуір күні Борис Полевойдың «Рождение эпоса» деген эссесін білеміз. Мен Мәншүк Мәметова қаза тапқанда медбике болдым, жанынан табылған едім. Сол Мәметованың ерлігін баяндайтын шығарма неге жоқ?» - деп қозғау салған. Мәметова ерлік жасағаннан кейін, Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғаннан кейін, сол атақ кешіктірілген екен. Бұл кісінің майдандағы ерлігі Мәскеудің шенеуніктеріне, әскери қайраткерлеріне белгілі, олардың алдында абройы өте күшті болған. Сонда «Егер де Мәметоваға батырлық атақты кешіктірсеңіздер, менің «Алтын жұлдыз» орденін сол Мәншүкке беріңіздер» деген. Өжет болған. Белгілі жазушы Дихан Әбілев саяси бір қателігі үшін атылып кете жаздаған кезде, әскер генералы Михаил Дребеднёвке тіке шығып аман алып қалған. Осындай істеген жақсылығы да ерлікке пара пар.
- Мәлік Ғабдуллин жазған майдан хаттары мен күнделіктерінің әдеби және тарихи құндылығына ғалым ретінде қандай баға берер едіңіз?
- Майдан даласына бастан аяқ күнделік жазған адам. «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», бүкілодақтық газет-журналдар бәріне күнделікті көргендерін жазып отырған. Сондықтан бұл кісінің жазбалары тарихи деректерге толы. Бұл кісі деректанушы, шешіретанушы, өзі туралы ешқашан жазған емес, тек ерлердің ересен істерін айтумен болған.
- Мәлік Ғабдуллин өз заманының заңғар тұлғаларымен бірге жүрді. Сталиндік режимнің қылышынан қан тамып тұрған кезінде, кейбір тұста Мұхаң, Мұхтар Әуезов шығармашылығы туралы мәжбүрліктен сын айтуға тура келгеніне де тарих куә. Осыған көзқарасыңыз?
- Бізде 1991 жылы тәуелдсіздік алғаннан кейін руханиятымызда, тарихымызда концепция жасалу керек еді. Бұл үлкен дерт, сол кездегі идеология біздің ұлт қаймақтарына түрпідей тиді. Сол идеология туралы қайта жазып, қайта келу, соны айта беру дұрыс емес деп ойлаймын. Екатерина патша қазақ даласындағы бүкіл елді мекендерді қиратуға нұсқау берген. Одан кейін Кенесары көтерілісінен соң, 1854 жылы Орынбор генерал-губернаторы Перовский: «Қазақ даласындағы мазарлар мен кесенелер, балбал тастар қиратылсын», - деген. Сол отаршылдық саясат кесірі кешегі 1950 жылдары тағы қозалғлды. Сәтпаевтың президенттіктен кетуі, Әуезовтің Мәскеуге қашып баруы, Бекмаханов, Бек Сүлейменов, Мұхамеджан Қаратаев, Есмағамбет Ысмайловтардың қудалануы соның дәлелі. Сол кездегі идеология кінәлі. Бізге қайта-қайта 1937, 1950 жылдардағы ылаңға келмеу үшін, бізде концепция болуы керек. Біз әуелі ұлт болып қалыптасуымыз керек, ұлттық идеологияны жасауымыз керек. «Арыстан артына қарап ақырмас» дейді. Сондықтан бұрынғы нәрсені қайта-қайта ежіктеу, қайта қаузау – концепцияның жоқтығының кесірі. Тарих және руханиятымызды зерттеуші ғалымдарымызда да осы концепия болу керек. 1937 жылы бәрі айдалып сотталып кетті, Сәбит Мұқанов Байтұрсынов туралы, Міржақып, Жүсіпбек туралы кітап жазды. Енді олар ақталғанда барлығы Сәбит Мұқновты жамандайды, бірақ деректерді Мұқановтан алады. Бұл сонда қалай? Мұқановқа рахмет айтуымыз керек, ол жазбағанда деректерді қайдан алар едік? Мәлік Ғабдуллин артық кеткенін білген. 1955 жылы «Мұхтар Әуезовке хат» деген жазбасында кешірім сұраған. Маған Ғабдуллиннің өзі айтты, сонда былай дейді: «Хатым газетке шықты. Таңертең Мұхаң хабарласты. «Мәлік, үйге келіп кетші», - дейді. Кешке бардым, сонда Мұқаң: «Сен Мұхтар Әуезовтен кешірім сұраған жоқсың. Сен қазақтан кешіріп сұрадың», - деген екен.» Міне, кемеңгерлік деген осы, Мұқаң астарында кері заман идеологиясы жатқанын терең түсінді, білді. Сондықтан кеңес идеологиясы қайраткерлерімізге бүйідей тигені рас.
- Бүгінде Мәлік Ғабдуллин мұрасы толық зерттеліп бітті ме? Оның әлі де жарық көрмеген немесе зерттеуді қажет ететін қолжазбалары бар ма?
- 1975 жылдан бастап мен Әуезов атындағы институтта жұмыс істедім. 600-дей құжат жинадым, оның барлығын меңгере алғаным жоқ. Ұлттық архивке тапсырдым. Енді кейінгі жазған кітабыма бір тарау қоссам деймін. «Мәлік Ғабдуллин стратег» деген. Соғыстағы ерліктері туралы болмақ. Ғабдуллин стратегиясы – соғыстағы өнері. Қазақ батырлар жырын тыңғылықты зерттеген адам ғой. Бізге айтатын, қазақта 600-дей батыр жырлары бар деп. Қобыланды батырдың 24 нұсқасы бар. Қазақтың батырлар жырында неше түрлі, баяғы Күлтегін, Тоныкөктен, Мөде қағаннан бастап, кешегі Тәуке хандар, Әмір Темірлерге ұласқан, 3 мың жылдан бергі тегіс ғаламат әскери әдіс тәсілдері болған. Соның барлығын Ғабдуллин білген. Сондықтан соғыста бүкіл қазақ фольклорындағы әскери айла-тәсілдерін, жауынгер психологиясын соғысқа толық біліп барды. Тек фольклортанушы емес, сол фольклор жадындағы білімін соғыста пайдаланған батыр. Әскери шешен. Әлі де насихаттау жеткіліксіз, жүйелі түрде қолға алуымыз керек.
- Әңгімеңізге рақмет!
