Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Соян Мысаұлы: Жыр қайнары жүректе шымырласын......

08.04.2019 5565

Соян Мысаұлы: Жыр қайнары жүректе шымырласын...

Соян Мысаұлы: Жыр қайнары жүректе шымырласын... - adebiportal.kz

Соян Мысаұлы 1976 жылы 8 сәуірде Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына қарасты Цэнгэл ауданында дүниеге келген. Сол жерде орта мектепті бітірді. 2007 жылы ҚазМҰУ-дің радио-дикторлық курсын, 2012-2013 жылдары Моңғолия мемлекеттік университетін сырттай бітірген. Қазір аталған ауданның орталық кітапханасының меңгерушісі.

Соянның өлеңдері бұған дейін еш жерде жарық көрмеген, ауылдағы соны соқпақтай тың, табиғаттың өзіндей таза.

Оқырмандарымыздың назарына Соян Мысаұлының әр жылдары жазған өлеңдерінен топтама ұсынып отырмыз, қабыл алыңыздар.

Төрт құлыным

Бақытым, барым, балапандарым,

Бұйрық та берер бала хандарым.

Сендерсіз менің атпайды-ау, сірә,

Ертеңнен күтер ала таңдарым.

Төрт мезгіліммен жылым да толық,

Төрт түлігіммен қырым да толып.

Төрт көзім түгел жүрсе екен менің,

Құлынша шауып, қыранша қонып.

Сендерге берсін бек ғұмыр, Алла,

Сендермен түгел төрт құбылам да.

Төрт таған жырым төгіле берші,

Төбемде менің төрт гүлім барда.

Сендермен гүлдеп, жемістер едім,

Сендермен ғана өрістер едім.

Қорғайтын мені бар жамандықтан,

Кішкентай ғана періштелерім.

Замана құрбандары

Қарағай басын кез еді шортаны шалған,

Ұрпақпыз біздер заманы қудалай салған.

Бағаланбай кеткен бастар ғой біздегі бастар,

Ішіп те кеттік бір кездер шыдамай соған.

Құрбан боп кеткен қоғамның бір шоғыр легі,

Өнер білімнің бәрі де Карольдері еді.

“Компьютер басты жарты адам” бізден кейінгі,

Қолға су құюға, әттең-ай, жарарма еді.

Кезі келген шақта өмірлік нағыз бақ сынар,

-Оқуда мән жоқ- дегенде “абыз, жақсылар”

Деп ойладық па осылай оқудың соңы,

Арман боп қана бұлдырап, сағым боп тынар.

Жандары жайсаң жігіттер нақ сері, мынау,

Қолында барын ұсынған ақкөңілім-ау.

Білдірмей бөрі арығын, бөсіп жүргенде,

Самайға түсті бүгінде ақ шәлі қырау.

Самайды қойшы, тәйір-ай, Аманбекпенен

Сайранның басын көрем де тәуба деп келем.

Құрғаса судан ағарып кеппейме, бірақ,

Біздердің бастың әлі де дымы кеппеген.

Су толы басым салақтап, бағы жанбаған,

Кепкен бастарға қызығып, әрі таңғалам.

Оңып кетті олар өмірде өңін өзгертіп

Біздер болдық қой ақымақ нағыз «оңбаған».

Жасадық тірлік жалданып қара күшпенен,

Бақытты қайтем, бәтір-ау, қолға түспеген.

Алмадық жұрттан, берерім тағы жоқ болды,

Не сыйлады елге Гитлер арақ ішпеген.

Кешіргін жұртым боп жүрсек “адамның езі”,

Осылай қылған біздерді қоғамның өзі.

Ішкіш деп жүр ғой өздері ішкізіп алып

Бәрібір дұрыс біздерге Алланың көзі.

Бозінген және тырналар үні

Қиқулата қайтқан қаздың тізбегі,

Туған жерін қия алмаған тылсым үн.

Күреңіте күрсінгенде күз лебі,

Сезе білер жүрек керек мұң, сырын.

Естімесең зау биктен ешқашан,

Қайтқан кезде тырауларын тырнаның,

Мына өмірде, әй, әттең-ау онда сен,

Түсінбейсің сағыныштың мұң, зарын.

Естіп пе едің шері толған шеменге,

Ботасы өлген Бозінгеннің зар, мұңын,

Естімесең мына өмірде, сен онда,

Ұқпайсың-ау сағынышын зарлының.

Сезіне алсаң тым қатыбас болмас ең,

Жас парлаған мойыл көзден мұң қалың.

Көре тұра байқамасаң, сонда сен,

Қос емшектен ағып сүттің тұрғанын.

Осы екі үнді есту керек әр адам,

Ұғу үшін қиялмаудың не екенін.

Мұң мен шердің жүректегі жарадан,

Сағыныш боп үнмен қалай жетерін.

Дәу күректер

Бір әкеден екі жігіт тел өсті,

Батыр да емес, бағылан да емес-ті.

Артық сөз жоқ. Еңбек етті екеуі,

Олар үшін өкіметі “кеңесті”.

Істер іс жоқ, бағар мал жоқ қолында,

Тентіреді тірлік иттің жолында.

Екі науа күрек сатып алды да,

Ауыл үйдің күлін артты соңында.

Екеуі де ашылмаған кәуегі,

Бітіретін.

Бітпес істің жауы еді.

Атан жілік, атпал мүсін азамат,

Күректері өздеріндей дәу еді.

Өмір өтті, күнге жалғап, бір күнді,

Бәрі кетті, уақыт бәрін жымқырды.

Күректерде дәнекердің ізі мен

Екі шалда әжім қалды мың түрлі.

Қайран күндер, қар опырған, мұз күреп.

Қауқар қайтқан. Көңілінде күз жүдеп.

Күректерге қарап бір сыр шертеді:

-Жоқшылықта асыраған бізді- деп.

P. S.

Тау қопарып, тас жарған білекпенен,

Май асаған, кездер-ай, сүр ет жеген.

Күресерге дәрмен жоқ, әттең, шіркін,

Қыж-қыж қайнап, сыздайды жүрек деген.

Кім екенін тұрғандай міскіні айтып,

Болымсызға бос белін мықшырайтып,

Бал қалағын көтермес баласына

Мыйығынан күледі, мысқыл айтып.

Ұстар қауқар қалған соң кетіңкіреп,

Бал қалақтар болып тұр өтімдірек.

Алыптығы үшін тек істен шығып,

Сүйеулі босағада жетім күрек,

Қарияға қарайды жетімсіреп.

Қарлығашым кеудемде шырылдасын...

Жүректе жұртым деген дүбір басым,

Армысың, ата қоныс тұғырласым?

Арнаңа тамшы болып қосылайын,

Қазақтың бір ұлы боп туылғасын.

Қазақтың бір ұлы боп туылғасын,

Намысым – от, және де жырым – жасын.

Топырағыңа табаным тиген кезде,

Жыр қайнары жүректе шымырласын.

Қайда жүрсін.

Қазақ боп туылғасын,

Қасиетіңді қалайша ұғынбасын.

Қара орманнан бұлбұлдар үнін естіп,

Қарлығашым кеудемде шырылдасын!

Аппақ басты, ақ сеңгір Алатауым,

Естисіңбе, ақжарма, алақай үн?

Қонақтауға тасыңа, қайта келді,

Сенен ұшқан бір кезгі балапаның.

Елдігіңді мойындап жатса ғалам,

Ерлігіңді пайымдап, мақтана алам.

Айбынды елім, аққулы айдын көлім,

Аңсап жетті өзіңе Ақ шағалаң.

Ұмытылып көңілден ұсақ қайғы,

Ұсақтыққа көңілім тұсатпайды.

Ұлар қонақ ұлылар мекен еткен,

Ұлы қала алдымнан құшақ жайды.

О, менің егей елім – Егемендім,

Ерлеріне ұқсап бір ерен елдің.

Шұбырнан тесілген ақ табанға,

Нәлі болып келеді шегеленгім.

Аласарып қалдың ба, Алатауым?

Азар атты-ау, арайлы ала таңым.

Аңсап көрдім сендерді қала, қауым,

Құшағыңа ұлыңды ал ОТАНЫМ!

Қасқыр мінез

/Өмірден ертерек өтіп кеткен ағамның рухына арнаймын./

Бір жаза алмай қарынының құрышын,

Қу тірлікте құлқынының құны үшін,

Түн қатырып төрт құр аттың жүрісін

Жүрген күнің құрысын.

Қарын шіркін қаншама рет аңсады-ақ,

Болар күнді қар үстінде қан тамақ.

Мына өмірге ол тым өшіге қарады,

Екі көзі қанталап.

Тірлігін ол тұңғыш рет жек көре,

Ырылдады, ызалана, кектене.

Қасқыр қылып туса егер текті ана,

Қасқырша өл тек қана!

Үзілді үміт, тіске басар таппады,

Қалшылдады, қарысқан ба жақ кәні?

Ол ит емес қасқырлығын нақтады,

Өзін-өзі қапты әні.

Үкім айтты өзіне өз қылығы

Өз қанына өз құрсағы жылыды,

Көк тәңірге нәлет айтып соңғы рет

Ұзақ, ұзаақ ұлыды.

Көтерді де көкті меңзеп тұмсығын,

Әлдекімге ақтарғандай мұң сырын,

Паш еткендей тағдырының қырсығын,

Әуеледі тылсым үн.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар