Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Сұраған Рахметұлы: Жаңа поэзия және біз...

Сұраған Рахметұлы: Жаңа поэзия және біз

04.12.2025

5319

Сұраған Рахметұлы:  Жаңа поэзия және біз - adebiportal.kz

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өтіп жатқан Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасының 2025 жылдағы соңғы дәрісі 3 желтоқсан күні Астана қаласындағы Ozgeepic шығармашылық хабының залында оқылды.

Жобаның бүгінгі дәріскері, танымал ақын, тарих ғылымдарының кандидаты Сұраған Рахметұлы «Жаңа поэзия және біз» атты тақырыбында ақындар мен жазушылар, студенттер мен оқырман қауым өкілдері алдында дәріс оқып, ой бөлісті.

Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы бүгінгі іс-шараны ашып, бүгінгі дәріс туралы қысқаша баяндап өтті:

- Армысыздар, қадірлі қауым! Біздің бірнеше ай бұрын бастаған қаламгер ұстаханасы атты жобамыз бойынша дәрістер шеруін биылғы жылы аяқтағалы отырмыз. Бүгінгі дәріскеріміз қазақтың мықты ақыны, тамаша ғалым Сұраған Рахметұлы! Сонау Монғолияда жатса да бұл кісінің бүкіл шығармаларын біздің буын іздеп жүріп оқыдық.

Енді мінекей ақынымыз елге келді. Сұраған Рахметұлы ағамызды бүгінгі дәріске арнайы шақырған болатынбыз. Яғни биылғы жылдың қорытынды дәрісін Сұраған Рахметұлы оқитын болады. Бүгінгі дәрістің тақырыбы: «Жаңа поэзия және біз». Жаңа поэзия деген өзі бір қызық дүние ғой. Қазір әр түрлі пікірталастар тудырып жүрген нәрсе. Кейде оны біз керек дейміз үзілді-кесілді бас тартатындар да бар. Ондай болмауы керек дейтіндер де бар. Мысалы ертеңгі «Түркістан» газетіне Мо Янның: «Мен қалай жазушы атандым?» дейтін мақаласы жарияланды. «Жалпы мен қалай жазушы болдым? - дейді. Сол Мо Янның бір пікірі бар екен: «Мен жалғыз оқырманым қалса да, осылай жазудан бас тартпаймын», - дейді. Сол секілді жаңа поэзияның арасында әртүрлі әңгімелер көп. Бүгін соның бүге-шігесін ақтаратын жақсы, әдемі дәріс болады ғой деп ойлаймын. Сұраған аға, сөз өзіңізде!

Дәріскер сөз алды:

- Ассалаумағалейкум, бауырлар! Жаңа поэзия деген бір ерекше рухани дүние он сегізінші ғасырдың ортасынан он тоғызыншы ғасырдың бел ортасынан ықшам, жиырмасыншы ғасырда ең жоғарғы деңгейге жеткен ең ғаламат рухани дүние.

«Жаңа» дегенді біз әртүрлі жағдайменен айта береміз. Бірақ ескі дәстүрсіз жаңа дегеніміз – бұл қажет емес дүние болу керек деп ойлаймын. Ескінің жалғасы – жаңа. Біздің поэзия – әлемдік деңгейдегі ең үлкен, ең ірі поэзия. Бұның жыраулары бар. Жыраулардан ары қарайғы жыраулар бар. Ғұн дәуіріне дейінгі ерекше руханияттың ішінде қазақ поэзиясындай тамыры кең тараған бірде бір поэзия жоқ. Әлемдік деңгейде бұл ең үлкен бір құндылық, ең үлкен кеңістікке ие. Сол үшін қазақ әдебиетіндегі жаңалық дегеніміз – біздің бүгінгі өмір сүріп жатқан дәуірімізге, сіздердің араларыңызға келіп отырған ерекшеліктердің бірі. 

Жаңа деп айта беруге кейде қымсынасың, өйткені мен осы сіздердің іштеріңізде отырған бір топ жас азаматтарды көріп отырмын. Бұлар – жаңашылдар. Жаңашылдар дегеніміз: біздің арамызда жүр. Жаңа әдебиетті жасап жүрген азаматтардың алдына келіп отырып, жаңа туралы айтудың өзі қисынсыз. Осылардың барлығы бүгінгі жаңартудың ортасында жүрген жаңашылдар. Жаңашылдар дегеніміз: біз он тоғызыншы ғасырдың орта шенінде өмір сүрген жаңашылдардың жас жағдайларын қарадық. Сонда әрқайсысы қырық неше жасында барлық дүниелерді ақтарып кеткен ғой! Сексен екі жас жасаған, өмірінде жетпіс тоғыз том қалдырған атақты Виктор Гюго сол өмірінің ішінде барлық дүниелерін қырық неше жасында жазып бітірген. 1975 жылы мен тұрған Баян-Өлгийде «Күлегеш» монғол тіліне аударылды. Қазақша «Зауал» деп тамаша аударыпты. Сол «Зауал» менің өлеңімменен тұспа-тұс келді. Өйткені енді мына қызық дүние: сол кезде социалистік реализм, тағы да басқа қиын жағдайлардың ішінде отырған кезде, бізге ең алдыменен қолымызға ұсталған осы бір керемет дүниелер болды. Мен кеше ғана жас кезіміздегі әлемдік деңгейдегі оқыған дүниелерімізді әлеуметтік желіге жарияладым. Қарап отырсақ соның ішінде біз тезек теріп, қой жайып қана жүрмеппіз: әлемдік жауһарларды сол кездерде тамырымыздың ішіне жинап, осы тәуелсіз Қазақстанға алып келуге қазір мүмкіндіктер жасаған сияқтымыз деп ойлаймын. Тарихи жады дегеніміз – ғажап дүние. Тарихи жадыны біз ең әуелі қазақтың тарихынан, қазақтың ұлан ғасыр кешкен іздерінен қарап біліп жүрміз. Бір өкініштісі: отырықшылардың тарихын жазған Арнольд Тойнби бар. Ол қазақ тіліне аударылды ма, аударылмады ма, білмеймін, бұл тарихты оқу үшін біз міндетті түрде жастарға Тойнбиді оқуды кеңес етеміз. 

Өркениет тарихы бар. Өркениет тарихын жазған атақты Освальд Шпенглерді оқымайынша, өркениеттің тарихына, қазақ тарихының өркениетіне баруға мүмкіндік жоқ. Өркениеттің бір ерекше таластары бар. Оны Хантингтон жазды. Міне біз кей жағдайда жастарымыз осыларды өте жақсы тереңдеп оқи алмай жүр ме деген бір күдігім бар.

Ал поэзиядан біз қай уақытта да кем-қор болмаймыз. Бұл бір ғажап дүние. Осылардың барлығын қарап отырған кезде, «бәрін оқи бер», - деп айтамыз ғой. Ең бергісі: «Садақты» жазған, «Атбегіні» жазған, «Отарлауды» жазған Бекен Қайрат біздің арамызда отыр. Осыны да оқуға болады деп ойлаймыз. 

«Жаңа» деп айтып жатырмыз. Бізде жаңа дүние бар ма? Жоқ па? Бар болса қайда? Біз батысты, тек қана батысты тілге тиек етіп, соны құндылық ретінде миымызға тоқып алған жоқпыз ба деген күдігіміз де бар.

Социализм кезінде бізде жалғыз терезе болды. Бір ғана терезе. Ол Мәскеуде болды. Сол Мәскеудегі терезеден біз әлемге қарадық. Әлемге қараған кезде, Мәскеудің өзінде де үлкен қайшылықтар тұрды. Сол кездерде ұлы Булгаков «Ит жүрегін» жазды. Ғажап дүние. Набоков та «Лолитаны», «Арбат балаларын» жазып жатты. Сол кездерде біз нені ойладық? Біз де осындай бір тәуелсіз сана болса, еркін сана болса деген бір ерекшеліктерді армандадық. Бізде тәуелсіз сана болды, бірақ тәуелсіз еркіндік болған жоқ. Атақты Сартрдың сөзі бар. Сартр рухани еркіндікті айтады да, абсолютті еркіндікті айтады. Бір қарағанда әлемдік ғажаптар айтады: Сартрды абсурд ретінде қабылдайды: «Бұл есалаң», - дейді, тағы да басқа дейді, әртүрлі жағдаймен. Бірақ кім не айтатын болса да, Сартрдың рухани еркіндігін біз бүгін игеріп жүрміз. Қызық та бір қарағанда: Сартрды оқыған адамдар өздері жақсы білетін болуы керек: шешесіне ғашық болады. Бізде өгей әкеден шешесін қызғанатын ғажайып дүние бар. Бізде сол бар.

Біз Зигмунд Фрейдті қараймыз да: «Мінеки, бұл бір ғажап адам, бұл аян туралы жазыпты», - дейміз. Бірақ біздің кез келген әжелеріміз бен апаларымыздың, кәрілеріміздің барлығында аянның қадіреті бар, әулие бар. Сондықтан осылардың барлығына қарап отырып, бізге ерекше бір сенім тууы керек деп ойлаймын. Ницше айтқан сенім. Ницшенің айтқан бір ерекшелігі: «Құдай қайтыс болды!» - деген ұғым. «Құдай қайтыс болды», яғни «Құдай өлді», - деп тұрған жоқ: «Құдайға деген сенім өлді, сенім жоқ бізде!» - деп тұр ғой. Сондықтан осы сенімнің барлығы кезінде жүйенің құрбаны болып кетіп жатты. Сол уақыттарда әрине: «Біз қалай өмір сүреміз, не істейміз жаңартуды қалай жасаймыз?» - деп ойланасың. 

Сол уақыттарда біздің қолымызға келген атақты Гогольдің «Жындының жазбалары» («Есалаңның жазбалары»). Әйгілі «Мұрын» шыққаннан кейін әлемде үлкен үдеріс пайда болды. Родин Огюст деген атақты мүсінші мұрын туралы «Пұшық» деген ғажайып мүсінін жасады. Осы жағдайларға қарап екі көзің әлемде, бірақ көз алдыңда жалғыз терезе бар, «Енді қайтеміз?» - деп жүрген уақытта Қазақстанның үлкен ішкі бұлқынысын көрдік. Сол жаңа ғана мен айтқан атақты Гогольдің «Ревизорын» Жүсіпбек Аймауытов 1921 жылы бір мың тоғыз жүз жиырма бірінші жылы тәржімелеп тастаған. Қанша жаста екен, сол кездерде? Қандай керемет болған! Осылардың бәріне қарап, біз бір жаққа қараймыз ғой: алдымызда үлкен Қазақ елі отыр. Қазақ елінің ішінде бұлқынып жатқан үлкен толқындар шықты. Әуелі кезекте шынын айтамыз, біз көбінде мынау жанр дегенге кете береміз. Жанрдың көбі қазір жоғалып кетті. Соның ішінде бізге ерекшелене жеткен үш үлкен поэма болды. Сәбит Мұқановтың «Сұлушашы» болды. Өркениеттің ең ғажайып дүниелерінің суреті соның ішінде тұрды. Атақты «Құлагер» барды. Абай өз алдына. Сондықтан осы поэманы біздің дәстүрлік санамызға осы замандық реализм Қазақстанда өмір сүрген әдебиеттің ең бір керемет дүниесі ретінде бізге апарып берді. Бұны ұстаздар апарды, әуе толқынымен тарады, «Шалқар» апарды. Осылардың барлығы бізге, шетелде жүрген қазақтарға рухани үлкен демі болды. Ал ішкі толқыныстардың ішінде жүрген уақытта бізде: «Әлемге қалай шығамыз?» - деген мәселелер қалай да туындайды. Қалай болғанда да: «Біз енді не істейміз?» - дегенге келеміз. «Қалай аудару керек? Келешекте аударма бола ма, болмай ма? Басқа біреу аударып бере ме? Басқа бір күш бара ма аудармаға?» деген сұрақтар туындайды. Сол кездерде біраз аударылған дүниелерді оқып, сараптау жасап келе жатқан уақытта, яғни қазақтың сөзі тірі және де бар кезінде біздің тамырымызға мәңгілік орнықты. Өлі сөзбен еш уақытта тірі құндылық жасай алмайсың. Бұл – әлемдік деңгейде жүрілген дүние. 

Сол жүйенің ішінде жүріп біз тек қана орыстың көзімен емес, қашқандарды (диссиденттерді) естідік, қарадық. Сол кездерде орыс әлемінде үлкен бір керемет дүниелерді жазып тұрған «Роман-газета» деген атақты басылым болды. Америкаға қарай қашатын атақты ақындардың бір лебі пайда болды. Чеслав Милош бастады. Ол Чехиядан Парижге барды, Парижден өтті. Америкаға барды. Сонда біраз өмір сүрді. Бірақ қалай болды? Американың «көше әуендері» деген жерде жатқан поэзиясы мен әдебиетін көтерді. Барған адамдар мұны өте кішкентай детальмен көтерді. Жат жерде жүріп бір-бірін сағынады, біреуі кір жуады біреуі еден жуады. Айналып-айналып келгенде сағыныш, Төлегеннің ұлы сағынышы кеудесіне ұялаған сол дарындылар бір-біріне хат жазады ғой. Ол хатты ЦРУ немесе бақылау қызметі қарап отырады. Сол уақыттарда бес-алты жыл, немесе бір он жыл өтеді. «Әлемдік деңгейдегі бір дүние тауып жарияласам», - деп жүрген бір газетің бас редакторы бірде ЦРУ-де қызмет істейтін полковникпін кездеседі. Полковник хаттарды береді. Редактор ол хаттарды алған соң, газетке жариялайды. Осыдан соң газеттің тиражы бір жылдың ішінде бес миллионнан асып кеткен. Сол кездерден бастап Американың бұрынғы готикалық сарын деңгейінде қалған дүниелері аспанға шыққан ғой. Кезіп жүрген ақындар осы ерекшеліктерменен ұлы төңкеріс жасады. 

Ол ұлы төңкерістер тек қана батыста жасалған жоқ шығысқа да келді. Қытайдың Таң дәуіріндегі әдебиетін өздеріңіз өте жақсы білесіздер. Таң дәуірінен кейін Қытайда поэзияда дағдарыс болды. 1949 жылы бірнеше тамаша азаматтар Батыстан біраз дүниелер алды, оқыды. Сөйтіп жүрген кезде қытай руханияты ішінде үлкен жарылыс пайда болды. Тұман дәуіріндегі тұмандық әдебиеттің екі өкілі бар. тізімді білу керек біреуі – Бэй Дао, екіншісі – Гу Чен. Гу Чен елден кетті. Қытайды мансұқтады. Финляндияға барды: аспанға шықты. Америкаға барды: аспанға шықты. Қайта айналып Италияға келді, жолы болмады. Ең соңында Филиппинге барды. Филиппинге барып өте тамаша жазып жатқан уақытында қиын жағдайға тап болды: ішті, шекті. Содан болып әйелін балтамен шауып өлтіріп, далада қалды. Қытай біраз уақытқа дейін: «Гу Чен біздікі емес», - деді. Бірақ сол кездің қалған құндылықтары оны көтерді. Қазір қытай әлеміндегі ең ғажайып ақындардың біріне айналып отыр. Осы тақылеттес жаңашылдар әлемді кезіп жүрді. 

Казимир Малевичтің «Қара шаршы» деген атақты суреті бар. Сол сурет әлемдік деңгейде поэзияға да, көркем суретке де, руханиятқа да өте бір ерекше әсер еткен туынды. Бұл дүниенің өңі қалай болады? Қалай түсінеміз мұны деген сияқты.  Бүгінгі бізге келіп отырған ақ, қара бояулардың, мүмкін, сол кездегі бір нұсқасы сол көркем суреттен пайда болған болуы керек деген пайымым бар.

Ақ, қараның мәселесін қарап отырған кезде, біз бүгін «қара өлең» немесе «ақ өлең» деп айтамыз. Бізде ақ өлең жазатындар болса қара өлең жазатындарды, қара өлең жазатындар болса ақ өлең жазатындарды соншама бір ерекше жақтырмайтындай үрдіс пайда болды. Сондай уақыттарда: «Қара өлеңнің ішінде ақ өлең жоқ па не, ақ өлеңнің ішінде қара өлең жоқ па не?» - деп ойланасың. Сөйтіп отырған кезде Бауыржан Қарағыздың «Топырағын» оқимыз. Не бар, соның ішінде? Соның ішінде қара өлең бар, ақ дүние бар, шуақ бар, қапастық бар, қозғалыс, драма және абсурд бар... Осы  жағдайлардан соң біз енді мінеки, өзімізді жаңадан-жаңадан тани бастадық. Кейде математиктер, қоғамтанушылар, физиктер әртүрлі жағдайменен поэзия туралы әңгіме айтатыны бар. «Біз, математиктер – әлемдік деңгейдегі технологияны тапқан, ұлы жаңалықтарды ашқанбыз. Математиктер ерекше болуымыз керек», - дейді. Бірақ та Әбу Насыр әл-Фараби, Галилео Галилей, Николай Коперниктен бастап, барлығы түгелімен ақындар болған. Сондықтан математика, физика, химия, бәрі түгеліменен жүрегіне орнаған ғажайыптар. Сондықтан ақынды қай уақытта да біз мынау руханияттың алдында, құндылықтардың ең жоғарғы шегінде жүретін киелі адамдар деп есептеуімізге толық мүмкіндік бар. 

Мінеки, бір жаңа кештің куәсі болып отырмыз. Алғашқы өлеңдерді, жасырып-жабатыны жоқ, қос тілде оқыдық. Ол өлеңдер мүмкін бізге әсер етпеді. Ол жағын мен жақсы білмеймін. Әйтеуір бір кездерде аударма деген мәселелерге біраз кірісейік деген ой болды. Менің сіздерге көрсетейін деп отырғаным: менде қара мұқабалы екі кітап бар. Оқырмандар, ақындар көрген, мүмкін көрмеген. Біреуі – «Қаламұш әлем» деген кітап. Мұны жазған уақыт та күрделі болды. Күлгін кезде, қоғам банкротизмге кетіп бара жатқан уақытта, нарықтың қысылшаң кезінде жазылды. Ал Қазақстанға келіп, қазақтың азаттық дәуренін, көктеген руханиятын көргеннен кейін «Антиөлшем» жарық көрді. Осы екі кітаптың ішінде менің бағанадан бері баяндап отырғандарымның барлығы толықтай осының ішінде.

Менің басымды қатырған көптеген ойлар осы кітаптардың ішінде жүр. Ең соңында «Жауының вальсі» деген кішкентай кітабымды шығарды. Осының ішінде толық болмаса да, біршама аудармалар бар. Жазған-сызған дүниелеріміз – осы. 

Ал кезінде шулатқандардың ең соңғысы деп айтамыз, Америкада сексен алты жастағы бір кейуана жатыр. Сол кісінің «Бәйшешек» деген өлеңі бар. Сол өлеңді оқып берейін. 

БӘЙШЕШЕК

«Snowdrops»

 

Мен өлдім деп құсамын ба.

Қар астында тыныш жаттым,

жердің суық құшағында

біржолата тыныс таптым.

 

Сосын бірде тірілгенмін,

саңылауында бар жарықтың,

Атымды атап бір үн менің —

қайта оянып қарманыппын.

 

Бұны өмір деп діттеген кім,

өзге еді іздегенім —

Тірілем деп күтпегенмін,

күдерімді үзген едім.

 

Осыншама ауырымның,

Бәрі де өтті, жасыдым мың.

Ызғары бар сәуірімнің,

шуағына жасырындым.

 

Қорқынышым қызғанында,

«Бәрекелді» бері әкел деп.

Жаңа күннің ызғарында,

Қуанышқа тәуекел деп.

 

Дығдырым да есте менің,

Дымқыл құммен араласқан,

Ашылатын дестелерім,

Осыларға  қарамастан.

Қыздардың өлең жазуына қатысты. Қыздардың тағдырын, сол әйелдің бейнесін көруге болады. Қазақ ақындарының ішіндегі тамаша жазып жүрген ақын қыздар бар. Жоққа шығаруға еш уақытта келмейді. Бірақ бір нәрсе айтуға болады. Иә стиль деген дүниелерді біз әлі де іздеп жүрміз. Стиль қайда? Стиль менмін бе, жоқ мен басқамын ба? Стиль маған керек пе жоқ па?» Осы мәселені қарастырып жүрген жағдайымыз бар. Сол жерде көп жағдайда адасып жүрген сияқтымыз. Стиль дегеніміз – соншама бір адам қорқатын дүние емес. Стиль дегеніміз – қарапайым сөзбен айтатын болсақ, ол – ақынның өзі, қолының табы. Одан басқа ештеңе жоқ. Қолының табы әртүрлі өрнек болып көрінуі керек. Егер бұл өрнек бірдей болып кететін болса, онда бір үлкен көрме залының ішіне келгенде біртекті, ұқсас сурет салатын адамдардың жұмысы қойылған немесе шіркеудің ішіне кіріп барған кезде біркелкі хормен өлең айтып отыратын адамдардың қалпына ұқсас болып кетуі мүмкін. Сондықтан стиль жағына біраз төңкерістер енгізу керек деген ойдамыз. Бұл – бір жағынан мемлекеттің шаруасы. Неге мемлекеттің шаруасы деп айтамын? Жапония деген атақты мемлекет бар. Сол Жапония бүгінге дейін бүгінге дейін Басёны айтады. Басёда бар-жоғы он алты хайку бар. Әрқайсысы үш жолдан тұрады. Жапондар соны еңіреп, булығып отырып оқиды. Ал бізде мұндайдың онан зорғы талайы бар. Ең бергісін айтқанда, күймен жазылған поэзия бар. Құрманғазыда он алты күй бар. Арқаның желіне ұқсап он алты жақтан аңырап құйылады. Әр күйдің ішінде зар да бар, заман да бар, сағыныш та бар. Бәрі бар... Күймен жазылған поэзия! Біздің қазақ оқырмандары – күйді де поэзия деп, мынау біздің жазып жүрген өлеңдерімізі де поэзия деп қарайды, солай санайды. Дүниеде мынау аяқ киімді (етікті) қабаттап киген – қазақ қана екен. Сол сияқты күй менен өлеңді сәйкес пайдаланған, соны бүгінге дейін алып жүрген – тек қана қазақтар. Бұл – жалаң сөз емес. Бұл біз үшін ең үлкен жетістік деп ойлаймын. Осындай-осындай дүниелерді баса айтуға болады. 

Сіздер жақсы білесіздер, атақтылар бар бізде. Кей жағдайда «Шабытты» алып жатады. «Шабыттың» ішінде ақ өлең жазыпты деп итермелеп, қағастап тастайтын жағдайлар болады. Кей жағдайда, қазылардың алқасында отырамыз, «А, мынау ақ өлең жазады екен, бұны түсінбейміз», - деп кері ысырып жіберетін жағдайлар болады. «Ақ өлең болсын, қара өлең болсын, сол өлеңнің ішінде не тұр, объективтен алыс па, жоқ бір түйінге байланып қалған ба, қандай дүние бар?» - дегенге біз бүгіндері жақсы мән беріп қарай алмай жүрген жағдайымыз бар.

Мынау Шығыста Тарым деген түрмелі өңір болған. Сол Тарымда қазақтың екі бірдей үлкен ақыны түрмеде болды. Біреуі – Қажығұмар Шабданұлы түрме туралы алты том еңбек жазып шықты. Екіншісі – Омарғазы Айтанұлы «Аң шадырын оқ табар» дегенге дейінгі роман, қалғаны өлеңдерін жазды. Омарғазы Айтанұлының «Табиғат философиясы» деген ғажап өлеңін ең алғаш Қазақстанда қасиетті Мұзафар Әлімбаев ағамыздың мұрындық болуымен жарыққа шықты. Мінеки, шығыста осылай болды. 

Бір жағы Еуропада, бір жағы Азияда тұратын батыста Жұмекен Нәжімеденов жарқырай көрінді. Ақынның «Дыңғызыл» деген ғажап өлең бар. «Дыңғызылға» ой жүгіртіп қарап отырған кезде, ішінен музыка шығады, түйе боздайды, ат тұяғының дүбірі естіледі, күннің батуы шығады. Иә қазақ осындай бір ғажап суретті, осыған ұқсаған бір ерекшеліктерді біздің ұлы ақындарымыз жазып жүр.

Басқадай дүниелерді айтуға болады. Соның ішінде бізде эротикалық поэзия деген бар. Қара өлеңде толып жатыр. Қарап көрулеріңізге болады. Соның ішінде эротикалық поэзияны ең керемет жазған, біздіңше – ұлы Абай, Мұқағали, Зейнолла Тілеужан. АҚШ-тың экс-мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райсқа ғашық болған бірінші «есалаң» ақын – біздің Зейнолла Тілеужан. Кондолиза Райсқа кезінде Муаммар Каддафи ғашық болған. Кондолиза Райсқа арнаған өлеңі ағылшын немесе испан тіліне аударылатын болса, Зейнолла Тілеужановқа, көзі тірі болатын болса, Нобель сыйлығы берілуі әбден мүмкін еді деп ойлаймын. 

Жақсы-жақсы өлеңдер көрініп жүр. Мен өткенде бір топ ақындар туралы «Жасыл түстілер түрені» деген дүние жаздым. Жиырма сегіз ақын қамтылған болу керек. Кей жағдайда: «Неге жасыл түсті деп айттыңыз?» - деп сұрап жатады. Норвегияда үйдің шатырын қызылмен бояйды екен. Бүгінгі экономикасы мен технологиясы әлемдік деңгейде алғашқылардың бірі болып тұрған мемлекет неге солай қызылмен жасайтынын білмеймін. Ал бізде жасылмен бояйды. Біз жерге өте жақынбыз немесе аспанмен түстес болдырғымыз келе ме, қалай екені белгісіз, мүмкін жасыл бояуды жақсы көретін болғандықтан ба, біздің тұрмыстық жағдайымызда осылай қалыптасқан. Сондықтан жасыл түнде түстілердің түреніне байланысты жазған мақаламды «Қазақ әдебиеті» жариялады. «Қазақ әдебиетіне» мың алғыс, мың шүкір!» - деп айтамыз, кей жағдайда. Өйткені бізде рухани кеңістік, рухани еркіндік осы қазақтың әдебиетінде тұр. Өткендегідер қалай өмір сүрген білмеймін, сол уақыттың ішіндегі ғажап дүниелерді біз бүгін ұмытып бара жатырмыз. Атақты Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романын ұмытып кеттік, білмейміз. Оралхан Бөкеевтің ең ғажайып екі дүниесі бар: «Сайтанкөпір», «Қар қызы». Кімнің атақты «Мендері» бар? Мағауиннің «Мен» туындысынан өзге, кез кезінде «Менді» өте көп адамдар жазды. Әлемдік деңгейде жүздеп саналатын болуы керек. Соның ішіндегі «Менді» көтерген – Мұхтар Мағауин. Ал өлеңнің ішіндегі «Мен» – стиль. Сол жағдайменен біз өмір сүріп жатырмыз. 

Айналайындар, мынау бүгінгі «ұстахана» дейміз бе, «ұстанымхана» дейміз бе, қазақ жазушыларының осындай бір тамаша жұмыстарын жасап жатқандарыңызға рақмет айтамыз! Қосымша сауалдар болатын болса, шама-шарқымызша жауап береміз. 

Бауыржан Бабажанұлы:

- Бүгінгі дәрісіміз жақсы өтті ғой деп ойлаймын. Бұл баяғы:

Орынбор, Тұзтөбенің тұзын көрсең,

Жұбайдың таң қаласың, қызын көрсең.

Атыңа түссең қайтып міне алмайсың,

Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең, -

деп баяғы біздің шалдардың айтатынындай, содан кейін қаншама түрлік өзгерістерге келіп жатыр. Әділ пікірлер бар. Кез келген дүниеде жаңаға деген әрдайым қарсылық болады. Ол солай болуға тиісті. Бірақ енді жаңаның бәрі керемет болады», - деп тағы айтуға болмайды. Оның арасында сіңісетін де бар, сіңіспейтін де бар. Мысалы, баяғыда Жүсіп Қыдыров үлкен өзгеріс алып келеді деді. Бірақ оның жаңалықтары біздің әдебиетімізге сіңбеді. Солай ғой? Сол секілді, қазақ әдебиетіндегі жаңалықтар жақсы жаққа бастай бергей деп тілейміз. Сұрақтар болатын болса, Сұраған ағамызға микрофон ұсынуға әзірміз. 

Залдан сұрақ: 

- Сексен алты жастағы кейуананың өлеңін оқып берсеңіз?

- Луиза Элизабет Глюктің «Қиял» деген өлеңін аударған едім. Соны оқып берейін:

ҚИЯЛ

«A Fantasy»

Махаббатты кезінде мен

Тәңірім деп сезінген ем - 

От екенін анық басып,

ойлатындар әзірге кем.

Өртемесе өзіңді еге

Жарық шашпас көзіңдегі өң..

 

Жалғыздықты, кейде мен де,

Жайлы орын: дей берем де - 

Үнсіз, жылы кәрі кескін,

Оған емес зәру ешкім

Ол тұрады бәрін естіп.

 

Өмір міне осы күнгі,

Біреу қақса есігіңді,

шығармайсың еш үніңді.

Саған керек шешіміңнің

Ішіңде бар кешірімнің.

Залдан: «Анауша жаз, мынауша жаз деген сөздер болып жатады. Осыған қалай қарайсыз? Әр адамның өзіндік өрнегі болады дегенге байланысты айтып жатырмын» - деген мағынадағы сұрақ берілді.

- Рахмет! Мен бұл жағдайды көп айтып жүрмін. Кезінде бір монғол ағайындардың ішінде, шеткерірек отырған сәтім еді. Олар өз тілінде, ағылшынша сөйлейді, орысшасы өз алдына. Жапондықтармен етене жақын. Сөйтіп отырған кезде ортада испан тілді біреу: «Сіздердің қазақ әдебиетінде кім-кім деген ақындар бар?» - деп сұрайды ғой. Сол кезде менің ойыма жалғыз Тұманбай ағамның «Көзімді жұмсам да көрем сені» деген сөзі түсті ғой. Соны түсіндіріп айтқанымда, ана жерде отырғандар барлығы менің қасыма келді ғой. «Мұндай «көзімді жұмсам да көрем сені» деген сөз Батыста жоқ», - дейді. Мұны Тұманбайдың көзінің ішіндегі алтын өрнек деп қарауға болады. «Тұманбайды қалай айтуға болады? Модернист деп айтуға бола ма? Метамодернист деп айтуға бола ма? Постмодернист деп айтуға бола ма? Қалай?» - десті. «Көктемді қондырып қанатына, құс қайтып келеді Алматыма», - дейді. Қандай дүние бұл?! Басқа ешкім айта алмаған дүние!» - дедім. Мінеки, тек қана Тұманбайдың бір сөзі осылай біраз көңілімді көтергені бар. Өрнек туралы шынын айтқанда Далалық өрнектерді біздің азаматтар өте ғажап жазып жүр. өйткені Даланың тамыры бар. Бірақ бір нәрседен: түр қуып кетуден аулақ болған дұрыс па деп ойлаймын. 

Бүгінгі біздің поэзияны мақтап жатыр. Ақша беріп жатыр. Осы ақша шынын айтқанда біздің поэзияны гүлдендіре ме, жоқ басқа жаққа жетектеп кете ме, білмеймін. Кеше ғана сары даланың атақты ақыны Несіпбек ағамыздың рухына арналған мүшәйрада бас бәйгеге үш миллион үш жүз мың сом тіккен екен. Бұл – мүшәйраға, поэзияға деген құрмет, қолдау әрине. Бұдан артық артық қолдау да болуы керек. Бірақ айтыскерлермен салыстырғанда жазба ақындардың алып жүргендері – ештеңе емес, тек қана тиындар ғой. Сондықтан әр уақытта қазақ поэзиясын көтеруді Жапония деген елден ұғу керек деп ойлаймын. 

Жапония елі өз жарнамасын жасайды, өзі әлемге шығарады өзі керемет аудармашы табады, сосын әлемдік кеңістікке жібереді. Әлемдік кеңістікте жүрген қаламгері ертең Нобель сыйлығының лауреаты болады. Бүгін осыған бөлінетін ақшаны, кешірім етсін, айтысқа бере беретін болса, айтыстан Нобель сыйлығының ақыны тұрмақ, басқа да шықпайды. Айтыс – айтыс қалпында қалады. Айтыс туралы мен Қытайдан келген бір азаматпен сұхбат жасаған болатынмын. Қарап отырсаңыз: айтыс – айтыс емес болып бара жатыр. Бұдан сақтанудың әр жолын біздің ақындар бүгіннен бастап ойлауы керек. Егер осы айтыспен қалатын болсақ, біз он тоғызыншы ғасырдың соңындағы Американың көше әуендеріне бірақ барамыз.

Залдан ақынның өзі туып-өскен топырақ Монғолиядағы бүгінгі монғол поэзиясының өзіндік ерекшелігі туралы сұрақ берілді.

- Монғол поэзиясы – Құдайдың құдіретінше, 104 жылдық дербестікке ие болған өз мемлекетімен, өз тіліменен бірге алға басты, аяғына тұрды. Кеңестік ықпал қаншалықты болды дегенімізбен, монғол поэзиясы біраз деңгейге жетті. 1990 жылдан кейін бұл елдің поэзиясында біраз хаостар пайда болды. Мұндағы хаос дегенімізді мен жақсы мағынада айтып отырмын. Сол хаостардың ішінде өте жақсы келгендері бар. Бірақ екінші жағынан қарап отырған кезде моңғол поэзиясының әсірешыңғысшылдығы, әсіре дінге кетуі, әсіре ұлтқа таман айтылуы сияқты бір дүниелер қатты әсер етті де. Бірақ солай бола тұра, қалай да монғол поэзиясындағы әр әйгілі ақынның өлеңдерін оқырмандары жатқа оқиды. Ондағы ерекшелік: үлкен жыр мүшәйраларының алыдңғы қатарында ол елдің президенті немесе премьер министрі отырады. Қазақ поэзиясы, қазақ әдебиеті ұлтқа қажет болатын болса, жыр мерекелерінің алғашқы орындардың бірінде міндетті түрде ел басшылары отыруы керек. Онсыз еш уақытта ұлттық құндылықтарды дәріптеу болмайды. Егер тілсіз әдебиетті қалайтын адамдар болатын болса, онда бұл ел – жоққа тән. Ал бірақ бізде тірі тіл бар. Қысқаша қайырғанда, осындай.

Бауыржан Бабажанұлы:

- Сұрақтар болмаса бүгінгі кешімізді қорытындылаймыз. Сұраған аға, сізге көп рақмет! Әдемі дәріс болды. Біз әу баста осы «Қаламгер ұстаханасы» деген жобаны қолға алған кездегі ойымыз – осындай еркін пікірлерді тыңдау болатын. Бізде қазір он екі дәріс оқылды. Он екі дәріс тақырыптық жағынан әртүрлі болды. Барлығы біздің ютуб арнамызда бар. Бұл бір бір жақсы дүние болды ғой деп ойлаймын. Билікке, әдебиетті қолдауға қатысты неше түрлі пікірлер айтылып жатыр. Тоқсаныншы жылдарда «Литературная газетада» мынадай бір жағдай болды. Әдебиетке қарайтын мұрша жоқ кез. Сонда орыстың жазушылары мынандай деп мәселе көтерді: «Мейлі, мемлекет бізге қарамай-ақ қойсын. Біздің кітаптарымызды шығармай-ақ қойсын. Кезі келгенде өзіміз шығарармыз. Былай ауызша жеткізерміз, біз мемлекетсіз өмір сүре аламыз, ал мемлекет бізсіз өмір сүре ала ма екен?» Әрине іргелі елдің жазушылары олай айта алады. Бірақ бізге әдебиетке қалайда мемлекеттің қолдауы болғаны әрине өте керек. Осы ретте Астана қаласы әкімдігі, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп мырза отыр осында, Гауһар ханым отыр, біздің жобамызды қолдап, осындай аудитория ұсынғандарыңыз үшін сіздерге көп рақмет айтамыз! Қалай дегенмен бізге бір-бірімізге байланыс керек. Әр-әр жерде әңгімеміз айтып жүргеннен гөрі осындай аудиторияда еркін пікірлер айтылып жатса, дәрістер оқылып жатса одан алатын дүниеміз көп болады ғой деп ойлаймын. 

Келесі жылы біз осы жобамызды жалғастырғымыз келеді, Сәкен Зиябекұлы. Тек Астананың аясында ғана шектеліп қалмай, мысалы көзі тірісінде Тынымбай Нұрмағанбетовті, анау Ақтөбеде жатқан Мейірхан Ақдәулетовті, Семейдегі Тыныштықбек Әбдікәкімовті, Қарағандыдағы Серік Ақсұңқарұлын шақырып алып дәрістерін, т.б. тыңдасақ тамаша болар еді. Бүгін ғана Мо Янды аударған, Қытайдан келген бір ағамыз бар екен. Сол кісіге де қытай әдебиеті туралы дәріс оқытсақ дұрыс болар еді деп ойлап отырмын. Сондықтан осы жобамыз жалғасын табады деп сенеміз. Келесі жылы «Қаламгер ұстаханасында» жолыққанша аман-сау болайық!
Автор мен бүгінгі дәріске келген ақындар өз өлеңдерін оқыды.
Фотосуреттерді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының баспасөз қызметі ұсынды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan