Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Талапбек Тынысбекұлы. «Қабаның қара қарғалары да, ...

Талапбек Тынысбекұлы. «Қабаның қара қарғалары да, Қазақстанға қарай ұшатын…»

26.03.2026

62

Талапбек Тынысбекұлы. «Қабаның қара қарғалары да, Қазақстанға қарай ұшатын…» - adebiportal.kz

                    Қарашоқы

Тамыздың желі бетіме өбетін,

Таң ата анам мосы керетін.

Бишігін әкем беліне алғанда,

Сарымойын саулық мекіренетін.

Қоралы отар сосын өретін.

 

Шатқалда өскен шұғұнығыңнан,

Шаттықтың шексіз сырын ұғынғам.

Суырлы сайдың самалы желпіп,

Сезбедім қырдың суығын ұрған.

 

Жылқылы жұртқа ұнағасын ба,

Арсылдайды арлған түн арасында.

Тұсамысымен тықыршып тұрар,

Тұмарлы торым тұма басында.

 

Тылсымы санмың таудың ұқтыратын,

Ұларлар салған ән құнықтыратын.

Сарқымыз бөккен сабаның даусын,

Сабаудың үні жаңғырықтыратын.

 

Төрт түлік түгіл ғашық аңдар да,

Күреңше күлген жасыл аңғарға.

Қоснауа басын қорыс қылатын,

Бұғы бейбақтар ашылағанда.

 

Әр кезең сайын арлы ауыл қонған,

Асырған шыңы арманыңды айдан.

Жеңгелер алған бармағы балдан,

Сарыатан шөккен сарықарын майдан.

Айраның қайран, қаймағың қайран.

 

Тауын жыр етіп, тасын жыр етіп,

Әз жанын өтер ақын жүдетіп.

Шекілдеуікшіл шауқарғалардан,

Балқарағайдың басын күзетіп.

 

 

                         Алтай мұңы

 

Төрт бөлінген тұранымның тұрағы,

Алтайымда аспан жылап тұрады.

Кең далаңды кернейлетсе көкбөрі,

Ер бабамның естілгендей ұраны.

 

Тәңірімдей тәу ететін текті ием,

Жасыныңдай жарқылдасам көк тілем.

Асан жортқан алып құрлық төсінде,

Алтайымдай аңыз мекен жоқ, білем.

 

Жатсынбассың жұмағыма баласам,

Шамырқансам шуағыңа таратам.

«Ағажайды» шырқағым кеп тұрады,

Қарағайлы қойнауыңа қарасам.

 

Қаным сіңді самырсынды жотаңа,

Тарихыңды тұмшалама тасаңа.

Сырыңды ұқтыр, шыныңды ұқтыр ботаңа,

Сақтан қалған сыбағалы босаға.

 

Селеулі қыр, сенен дүбір естідім,

Жон жараңды жырымменен тепшідім.

Қарақатты, қызылқатты қолаттан,

Қызыл қанның исі аңқиды, бек шыным.

 

Қайыңды өзек, тобылғы сай, ұшқатты,

Қиялымды, жыр әнімді ұштапты.

Тау сұңқардың қанатына мінгізіп,

Тал тұлпардың тізгінін де ұстатты.

 

Көңілімнің айтылғанда бір әні,

Күмбез кеудем күңіреніп тұрады.

Алтай қайғым ортаймасын ойласам,

Ертіс жасым етегімді жуады.

 

Мұнарыңдай мұң арылмай жүрген ем,

Бұлағыңдай сыңғырласын сырлы өлең.

Шынарыңдай жақпар жарып шыңда өнем,

Қыраныңдай құзда туғам, құзда өлем!

 

                        Ескі жұрт

 

Үһілесем үн қосқан ырғайлы шың,

Жыр қайғысын ақынның тыңдаймысың?!

Сағынышым санамда ұлғайды шын,

Ақ бөркіңді алыстан бұлғаймысың? 

 

Жұпар лебі жұбатып аршалы қыр,

Алқабыңда адасып қанша әнім жүр? 

Жете алмадым, шаршадым, аңсадым құр,

Жұрт ойды екен жоныңнан қай сағынғыр?!

 

Тәңірімнен енші алған төсін еміп,

Егілтесің ескі жұрт есіме еніп.

Кербестіге мінетін кекіл өріп,

Кербез күннің кетсемші көшіне еріп.

 

Жақпарыңды жаңғыртып тошалалы,

Қайда қалды қалқаның қосар әні? 

Жылдарымның жетелеп жоталары,

Жаңбырың ғой жанымның босағаны.

 

Төрт түлігі мыңғырып ен жайлаған,

Елді ойлағам, сағынып жерді ойлағам.

Келмес күннің керуені-ай көз байлаған,

Енді ол заман сағымдай белде ойнаған.

 

Күй жылатты көңлімді ән жұбатпай,

Сезілуші ең серіңе мәңгі бақтай.

Ескі жұртқа елеңдеп тұрам ылғи,

Атағашын айналған арғымақтай.

 

                     Аламойнақ

 

Тәңіріме тәуба етіп тұрам күнде,

Қиянатын ғаламның қиям кімге?!

Тірлігімде татитын мың әлдиге,

Әжем айтқан есімде бір әңгіме:

 

– Әй құлыным, дәл сенің бір жасыңда,

Арда Алтайдың Сарықамыр жылғасында.

Сөткесіне сел үдеп құйды асыға,

Көз жасы күзгі аспанның құрғасын ба?!

 

Жанарыңа сыймаған жасыл аймақ,

Ғажабыңа қарт Алтай ғасыр айғақ.

Меңдетіпті даланы жасын ойнап,

Селдетіпті таулардың тасын айдап.

 

Еске аламын сол шақтың әр уағын,

Тағдырыңның тентегім, таны мәнін.

Отын етіп атаңның шаңырағын,

Аспан оғы атылды, налымадым.

 

Иман айтып құшақтай бердім сені,

Тырс-тырс тамып төсіме көздің селі.

Сенің аман қалғаның сөздің соңы,

Ит өліпті іргеде көрдім соны... 

 

Әжем сөзін айтпады ары қарай,

Қинамадым, қарт жаны налымағай.

Ажал оғы мені атқан тегі қалай,

Ала мойнақ итіме дарығаны-ай!

 

Ит болмаса бұл күні мүрдемін бе,

Кім әкелер жөргектен жырды өмірге?!

Ренішім жоқ менің кім де кімге,

Аламойнақ ғұмырын сүргеніме.

 

Сартап болған сыры бар сұлбасында,

Тегін өлмей тентек ой туласын да.

Көмілердей тағдырын тыңдатуға,

Тегі мендей ұл керек бұл ғасырға.

 

              Тобылғы бүрлеп келеді...

 

Тобылғы бүрлеп келеді төлдеуліктегі,

Тербеліп тегі шіркіннің көзді еліткені.

Өкініп тұрған кезімде есіме алған,

Кекілік қуған күндерім кезбелік пе еді?!

 

Төрт түлік болған күйбеңі күн көріс деген,

Өзгеше баққа жұрт едік үйреніспеген.

Жамырап жетер кешкілік көген басына,

Қозы-лақпенен қырқада бірге өрістегем.

 

Бал ғұмыр өткен ақшағыл жаңбыр аптаған,

Өзіңдей құшақ ашады қай жұмақ маған?!

Шоғырлы жұрттың шулатып аламойнағын,

У тақым ұлды ұмытпас тай құлақтаған.

 

Атамның жортқан жонында айтөбел кері,

Тұратын аңсап секілді әр төбе мені.

Жеңгелер барған бастаудан шоқыраңдатып,

Атамның атын сурару мәртебе еді.

 

Атасыз жүрмін алақан айға көтермей,

Ертегі күннен не белгі айғақ етердей.

Құрық түспеген құлындай кекілді шағым,

Тобылғы сайда адасып қалған екен ғой.

 

             Атамекенді аңсау

 

Қазақстаным, жұмақ мекенім,

Күрсінсем көзді бұлақты етемін.

Ақыл кіргелі айтар ұраным – 

Атамекенге бір-ақ кетемін!

 

Жалғанда бағым дара құшатын, 

Тұмары тұтқан сан арыс атын.

Қабаның қара қарғалары да,

Қазақстанға қарай ұшатын.

 

Тұрағым Ертіс басы болатын,

Арнаңнан алаш асын алатын.

Жерұйық мекен жетуге саған,

Жеті Қабам да асыға ағатын.

 

Қымбаты сенсің қалайтынымның,

Тәтті әуенісің талай түнімнің.

Қарашоқының құзына шығып,

Күн салып күнде қарайтұғынмын.

 

Әніме қостым ақмаралыңды,

Аңсадым қанша ақ тамағыңды.

Безсем де кетем, сезсем де кетем,

Туған жеріме жат боларымды.

 

Жеріңнің исін жел жеткізетін,

Сағыныш дерті меңдеткізетін.

Күңіренемін, күйік емемін,

Күн болар ма екен сенде өткізетін?!

 

                       Өткел

 “Арғы жағы Еділдің, бергі жағы”. 

(Халық әні )

 

Арғы жағы Ертістің бергі жағы,

Ертегідей елігім енді бәрі.

Жағалауды кезеді жан құмары,

Сен  кінәлі емессің, мен кіналы.

 

Арғы жағы Ертістің атам қалған,

Аһ ұрғыза бересің аха-ау жалған.

Бергі жағы Ертістің Отан қорған,

Боздатады беймезгіл ботаңды арман.

 

Туған жер мен думан ел Ертіс бөлген,

Тағдырымды айырдым мен күшпенен.

Қарғымайды ботаңның тақымында,

Арғымағы атамның ер түспеген.

 

                  Аңдату

 

Сөйлесем кетем көсіліп,

Керуенін ойдың көшіріп.

Кептелді сөзім көмейге,

Кектенді көзім кереңге,

Көкбөрі шабыт кешігіп.

Қайдасың қолда киелім,

Ағытам ойдың тиегін,

Ақиқат айтам шешіліп.

Отаным ордам өз жерім,

Құт мекен іздеп келмедім,

Қорқыттың күйін кешіріп.. .

 

Көремін бақыт бағымды,

Беремін бойда барымды.

Қазақтың жері байлығым,

Азат бұл елім айбыным,

Асқақтай шырқа әнімді.

Тәңірім жалғыз көктегі,

Нұрыңмен қолдап өп мені,

Таптатпа жатқа арымды.

Кіндікті ұлмын, ерекпін,

Жөргекке сәби бөлеттің,

Сүйдірдің адал жарымды.

 

Тірегім тілім, дінімде,

Тексізге тартып бүлінбе,

Қайнатпа құрғыр қанымды.

Қолыма найза алдырма,

Тұлпарға тоқым салдырма,

Жолыңда қиям жанымды.

Отыңа жанған түспесем,

Ұлтым деп уды ішпесем,

Ит жесін сасық тәнімді.

Қиырда жүрген бауырлар,

Еліңді жалғыз табыңдар,

Шақырам жылап бәріңді.

Отардан жүріп оянғам,

Отауым менің өз ордаң,

Беремін бөліп нанымды.

Тозбасын десең тұлымдың,

Азбасын десең бұрымдың,

Бүгіннен жаса қамыңды!..

 

                          Босқын мұңы

 

Жұмыссыз жүргеніме жылға айналды,

Тынымсыз тіршілігім тынбай қалды.

Басқаға жалтақтауым тіл байлайды,

Баспана жер таппауым былғайды арды.

 

Мекенімді сұрайды ел, тұрағымды,

Күлерімді білмеймін, жыларымды.

Кесірткедей кездірген құба құмды,

Тағдырыма не деймін мына мұңлы?!

 

Шіркін мекен құшағың шуаққа бай,

Бұл күн бөтен санайсың бірақ қалай.

Алтайыма кетіп ем тұрақтамай,

Алматының баспана сұратқаны ай.

 

Біз едік қой осынау елге төре,

Түнедік қой қайтейін жер кепеге.

Бас қаңғыртқан ақындар сенде өте ме?

Бостандықта толмасын кеуде шерге.

 

Әр таңынан Алматы үрей көрем,

Тарпаңынан тірліктің түнерген ем.

Алысқанша күніне мың ойменен,

Атпаса деп түнімен тілей берем.

 

                     Намыс

 

Ей, Алаштың ұлдары,

Әніңнің неге мұң бәрі?!

Өзегін жалын өртеген,

Көңілі қайғы шер-шемен,

Сеземін сырды мұндағы.

Мінбеден сөйлеп міскіндер,

Түрмеде тозды ныспынды ер,

Кірмелер бүгін жырғады.

 

Ұлтымның асын ұрлады,

Құлқынның арсыз құлдары.

Қыранды торға таңдырып,

Бағыңда сайрап сән құрып,

Ұранды құзғын шулады.

Жақының жасап сатқындық, 

Ел деген ерді басқа ұрдық,

Ақылын аға бұлдады.

Дұшпанның соғып сойылын,

Пана қып жаттың қойынын,

Мыстанның сөзін тыңдады.

Нәр алмай ата діңінен,

Ілтипат кетіп ініден,

Інінде жатып сыйлады.

Қызыңнан қытық азайып,

Арынан жастай тоналып,

Жабысын жаттық қумады.

Жосынды жандай көруші ек,

Жол сілтер жеңге жеңілтек,

Бұрымын өріп бумады...

 

Оталып орман нулары,

Құландар тозды қырдағы.

Сұлу үн емес сырғалы,

Тыраулап айтар тырна әні.

Семейдің зарын шертумен,

Шулаған қазақ дертінен,

Палигон бағын улады.

Ертісім елдің көз жасы,

Алаштың мұңы арнасы,

Толқыны қанмен тулады. 

Байқоңыр бағын ұзатып,

Аспанға жерден тұз атып,

Аралдың зары тынбады.

Өксігін дала жыр етіп,

Аққулар аула күзетіп,

Жайындар жаға тырнады.....

 

Ақылмен жеңген ұлықты,

Қыздары болған қылықты,

Ұлдары көкжал тұлғалы.

Тәңірі текті жаратқан,

Алласы сүйіп таңы атқан,

Алаштың сағы сынбады.

Тарихын дала күй етіп,

Тұғырдан сұңқар түлетіп,

Оқылған тастан жырлары.

Босаған бағы жендеттен,

Арқалы елін тербеткен,

Торқалы отан құндағы.

Жөргегім жылы жерұйық,

Төліңді қайта телиік,

Алатау, Алтай шыңдары.

Тулатқан дала тұлпарын,

Хауана қайран ұрпағын,

Қор болу үшін тумады.

 

                   Атаукере

 

Аштан өлген дей ме тәйір көп қазақ,

Өзегімде өртке орайды кекті азап.

Сарарқаның самалынан зар ұққан,

Ағажайда жүрген атам жоқ қарап.

 

Еміс-еміс құлағымда ертегі,

Неге естідім, неткен сұмдық дерт еді?!

Ағажайым Алашымның бөлшегі,

Шемен елдің шежіресін шертеді.

 

Беу, ағайын, басымыздан бәрі өткен,

Өксімейін өткенімді санап мен.

Қаңыраған қорасынан көң жалап,

Төрт түліктің тулағына зар еткен.

 

Тағдырыңды түршігеді тыңдап ұл,

Жаратқанның жазымышы бұл да бір.

Аңы өрмей қалған дей ме тумағыр,

Құсы ұшпай қалған дей ме шулағыр.

 

Жарты әлемде еншім ортақ, ен бірге,

Тұрған кезде есе бердім мен кімге.

Санамызға саңлау салып сөз бүрге,

Азғын қоғам ағайыннан бөлді ірге...

 

Уа, жаратқан, жылатпа енді жебесең,

Ойхой далам, құндағыңа бөле сен.

Қарғыс атсын соңғы атаукеремді,

Ағайынмен бірге бөліп жемесем.

 

                         Тағзым

 

Басқаға бодан пақыр емеспін,

Баспанам болған тыңдашы дала.

Жолдары тарам жатыр елестің,

Болғаны басып сұлбасы ғана.

 

Көрем мен елден керемет үлгі,

Өлеңмен өмір өрнегін өрген.

Кеудемнен мұңы неге кетеді,

Бабамның жауға кезеніп өлген.

 

Қорқам ба сірә қамалым барда,

Ортаңда жүрсем жүрек басылмай.

Болғаны менің жазарым ғана,

Ордалы елдің клеткасындай.

 

Сөздерім сіңсе зердеңе елім,

Өз жөнім мүлде басқаша.

Көнбесін алыс көздеген ерің,

Көрінер шалыс баспаса.

 

Айтамын мүмкін ашынып әлі,

Қайтамын бір күн тірліктен.

Өзіңе елім осының бәрі,

Сөзімнен менің сыр күткен.

 

                      Арылу

 

Жаға жыртып жабылғанға,

Жан ауыртып жағынғанға.

Алабұртып бауырларға,

Қарап үркіп қауымдарға.

 

Дауылдаттым, жауындаттым,

Сан доданың шаңын қақтым.

Сазын айтып ауыл жақтың,

Санамнан сөз сауылдаттым.

 

Ұлтым дедім, у ұрттадым,

Құр құлқынға құнықпадым.

Ұлысымды ұлықтадым,

Туысымды ұмытпадым.

 

Көзін көрдім көп білместің,

Керкілдестім, кескілестім.

Алғыс алдым ағайыннан,

Қарғысын да естіп өстім.

 

Араладым сансыз бақты,

Қара көздер қан тулатты.

Ағаларым аңқылдатты,

Жеңгелерім жарқыл қақты.

 

Қала кездім шарап ұрттап,

Заһар, зәрге сана бұлттап.

Жапырақты жаялықтап,

Сан толыстым, сан арықтап.

 

Сорлыларға сын тақпадым,

Сауырымнан сыйпатпадым.

Бауырымнан бөлінгелі,

Сағыныштан сырқат жаным.

 

Әулеттенмін өскен, өнген,

Бөгелгем жоқ ештемеден.

Арқау алған ескі өлеңнен,

Жырым жанға кестеленген.

 

Қарыған сан құм табанын,

Қырық деген қырқадамын.

Қызықтадым қыр самалын,

Қытықтадым қыз тамағын.

 

Жар құштырды жаратқаным,

Әлди әуен әр ақ таңым.

Төрт періштем – төрт құбылаң,

Түгел болсын қарақтарым! 

 

Жастығымда желік ерткен,

Жақсы іздедім төңіректен.

Енді ешкім сүре алмайды,

Өмірімді менің өткен.

 

Қырқымда сәл ес жинадым,

Жақынымды көп қинадым.

Кешіріңдер, мені адамдар,

Мен өткеннің кештім бәрін! 

 

                    14.10.2022  жыл

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan