Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Тарихтан тағылым» атты иллюстративті кітап көрмесі ашылды.
Жылдың басында дәстүрлі ұйымдастырылатын көрмеге биыл еліміз бойынша және ЮНЕСКО көлемінде мерейтойлары аталып өтетін тарихи тұлғалар мен ақын-жазушылардың, қазақтан шыққан белгілі Мемлекет және қоғам қайраткерлерінің архив шежірелері, құжаттары, фотолары, еңбектері, кітаптары мен құнды туындылары қойылған.

Бұл көрменің мақсаты – өскелең ұрпаққа қазақтан шыққан белгілі тұлғаларды, олардың тағылым жолын, туындыларын таныту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.

Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Ұлттық академиялық кітапханада директоры Күміс Қарсақбайқызы бұл көрменің жыл соңына дейін жалғасатынын және әр тұлғаның туған күніне орай кітапханада түрлі шаралар ұйымдастыру жоспарланып отырғанын айтты.
Көрменің ашылуына зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері, оқырмандар қатысты.

«Бүгін мына кітап көрмесі қазақтың біртуар қаламгерлері мен тұлғаларына арналған екен. Мен осы кісілердің арасында Ыбырай Алтынсарин, Жамбыл Жабаев, Әлихан Бөкейханның көзін көрген жоқпын, одан кейін тұрған Қайым Мұхамедханов, Қасым Аманжолов, Ермек Серкебаев, Мұқағали Мақатаев, Сайын Мұратбеков сынды басқа да аға-апаларымыздың барлығының көзін көрдім. Рахымжан Отарбаевпен жақын дос болдық. Мына көрмеде қаншама қаламгердің өмірлік еңбегі, жазған дүниелері кітап болып алдарыңызда тұр. Өмірде адам болып қалу үшін білім керек, ал білімді болу үшін осы кітаптарды оқу керек», - дейді ақын, манасшы Баянғали Әлімжанов.
Жеке тұлғалардың мерейтойларына арналған көрме қазақ халқының тұңғыш ағартушы-педагогы, қазақ даласында алғаш мектеп ашып, оқу-ағарту ісін жүйелі жолға қойған Ыбырай Алтынсариннен басталған. Биыл Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Сондай-ақ жыр алыбы, айтыс өнері мен ауыз әдебиетінің хас шебері Жамбыл Жабаевтың да 180 жылдығы.

Ал Алаш қозғалысының жетекшісі, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақ елінің саяси дербестігі мен ұлттық автономиясын мақсат еткен тарихи тұлға, публицист әрі ғалым Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығы.
Қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушы, композитор, академик. Қазақ халық музыкасын ғылыми тұрғыда зерттеп, ұлттық музыка өнерін жаңа деңгейге көтерген Ахмет Жұбанов, Қазақ поэзиясындағы нәзік лириканың көрнекті өкілі, балалар әдебиетінің дамуына да елеулі үлес қосқан ақын Мариям Хакимжанова, Композитор, қазақ музыка мәдениетінің ірі өкілі. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік Әнұраны авторларының бірі Латиф Хамидидің биыл 120 жылдығы тойланады.
Қазақ поэзиясындағы өршіл рух пен еркін ойдың символы болған, лирика мен азаматтық поэзияны биік көркемдікке көтерген ақын Қасым Аманжоловтың да 115 жылдығы.
Эпикалық поэмалардың шебері, тарихи тақырыптарды терең жырлаған көрнекті ақын Хамит Ерғалиев пен абайтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі, ғалым, әдебиет зерттеушісі, Абай мұрасын ғылыми тұрғыда жүйелеген тұлға Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдығы.
Қазақ киносының классигі, «Менің атым Қожа» секілді балалар тақырыбындағы фильмдері арқылы ұлттық кинематографияға жаңа бағыт әкелген Абдулла Қарсақбаев пен әлемдік деңгейде танылған опера әншісі, қазақ вокал өнерінің мақтанышы Ермек Серкебаевтың 100 жылдығы.

Сондай-ақ биыл қазақ лирикасының биік шыңы, поэзиясында адам жанының терең философиясын, махаббат пен өмір мәнін жырлаған ақын Мұқағали Мақатаевтың, қазақ поэзиясындағы нәзік лирика мен әйел болмысының ішкі әлемін терең бейнелеген ақын Марфуға Айтхожинаның, ұлт тарихын көркем прозада кең тыныспен суреттеген жазушы Қабдеш Жұмаділовтің, қазақ прозасындағы психологиялық реализмнің шебері, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, қарапайым адам тағдырын шынайы бейнелеген қаламгер Сайын Мұратбековтің, қазақ әдебиетінде ғылыми-қиял жанрының өрістеуіне айрықша үлес қосқан қаламгер Медеу Сәрсекеевтің 90 жылдықтары. Дәл осы тұлғалардың замандасы, әлемдік деңгейде танылған ақын, қоғам қайраткері, мәдени диалогты дамытуға үлес қосқан тұлға Олжас Сүлейменов те биыл 90 жасқа толады.
Өткен жылдың соңында ғана дүниеден өткен ақын, қазақ поэзиясындағы әйел лирикасының көрнекті өкілі, ұлттық поэзияның сыршыл үні болған Күләш Ахметова көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді.
Бүгінде арамызда жүрген белгілі қаламгерлердің де биыл мерейтойы. Солардың ішінде өзіндік стилі бар жазушы, публицист Әлібек Асқаровтың, журналистика мен әдеби сынға зор үлес қосқан көрнекті қаламгер Сауытбек Абдрахмановтың, Алаш тарихын зерттеген көрнекті ғалым, абайтанушы, әдебиеттанушы, жазушы Тұрсын Жұртбайдың, өлеңдерін негізінен орыс тілінде жазған, көркем аударма мен прозада да еңбек еткен қаламгер Орынбай Жанайдаровтың мерейлі 75 жастарын биыл ел болып атап өтеді.

Көрнекті жазушысы, драматург, қазіргі қазақ әдебиетінде әлеуметтік-философиялық тақырыптарды батыл көтерген қаламгер ретінде оқырманның сүйікті жазушысына айналған Рахымжан Отарбаевтың 70 жылдығы. Сонымен қатар олимпиада чемпионы, спорт арқылы ұлттық рухты асқақтатқан қоғам қайраткері Жақсылық Үшкемпіровтің де биыл 75 жылдығы.

Көрмеге осы аталған мерейтой иелерінің өмірі мен шығармашылығы жайында жазылған 500-ден аса кітаптар, естеліктер, фото-суреттер, нақыл сөздер мен дәйексөздер қойылған.


