«...Көкірегімнің құлазып арғымағы,
өзегімді өкініш жандырады.
Қара түнек – қара өлім, құшағыңды аш,
Түнегіңе кеп тұрмын қарғығалы…
Бар дегенге бақыт күн алда небір,
Үмітке жүргенім бе алдана құр.
Отансыздай опасыз, былш еткіздім,
Былш еткіздім бетіңе жалған өмір».
Бұл – жасы жиырмаға жетпей өмірден өткен ақын Салтанат Абашованың өлеңі еді.
2002 жылдың жазы. Жаймашуақ күндердің бірінде Жаңатұрмыс ауылы аяқ астынан абыр-сабырға түсті. Жұлдыздары самаладай жарқыраған жаздың жарық түнінде, он екіде бір гүлі ашылмаған Салтанат Абашова есімді қаршадай қыз өмірін ажалға өз қолымен байлап беріп, жарық дүниемен қоштасты.
Ертеңінде қаралы үйдің іші азаға толды. «Құлыным», «ботам», «алтыным» деп аңыраған ананың үні, жалғыз қызынан айырылған әкенің үнсіз күрсінісі, жансыз денені құшақтай жылаған бауырлардың зарлы дауысы жұбату айтуға келген жұрттың да жүрегін шымырлатты. Бұл – бір отбасының ғана емес, бүтін бір ортаның қайғысы еді.
Жасы жиырмаға да толмаған Салтанат – болашағынан үлкен үміт күттірген жас ақын болатын. Алайда оның бойындағы Құдай берген талант тірі кезінде толық танылып үлгермеді. Тіпті, оның ақын екенін ешкім білген де жоқ.
Салтанат 1983 жылы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Әлем тілдері» факультетіне оқуға түсіп, үлкен арманмен білім жолына қадам басқан.

Алайда тағдырдың тосын соққысы жас ғұмырды қыршыннан қиды. Дауылдай соққан бір жыл оның бар өмірбаянын қысқа ғана дерекке айналдырды. Үміт болып бүр жарған жауқазын гүл мезгілсіз солды. Бірақ оның аты мен тағдыры – қоғам жадында қалуы тиіс.
Ата-анасының жүрегіне жұбаныш болып Салтанаттың артында он шақты өлеңі ғана қалды. Біресе жылы сәуленің шуағы жарқырап, енді бірде қайғының дауылы соғатын жырларды оқып шығып, ала-сапыран күйдің арбауына түсетініңіз шындық.
Буда, бұйра түнерген тау сынды, кілт,
Көк аспанын көңілімнің қаусырды бұлт.
Ақабадай алқынып өліп тынған,
Таусылды арман, мендегі таусылды үміт.
Асқар тауы мен алар биігі әлі алда тұрған бойжеткенге соншалықты түңілетіндей не болды? Арманы шөгіп, үміті үзіліп, ақаба судай сарқылатындай қандай күн туды, басына? Мына кең дүниеге неге сия алмады? Өмірден неге ерте кеткісі келді, неге гүлдей нәзік ғұмырын аяусыз балталағаны біз үшін беймәлім. Біз сол құпияның кілтін тапқымыз келгендей, ақын қыздың жұмбақ жырларына қайта-қайта үңілеміз.
Салтанаттың «Алғашқы адым» деп аталатын өлеңіндегі: «Шығатын шырқау шыңым, алда асқарым» немесе «Келеді жеткізсем деп жетелеумен – Балаң ой, балаң арман, балаң үміт» секілді асқақ арманға жетелейтін жолдарды оқығанда, оның келешекке зор сеніммен қараған кездері болғанын аңғарамыз. «Күншығыстан таңым атып келеді», «мен түбі мақтаныштарыңа айналармын» деп, сенімнің сәулесіне мінген күйде жыр жазған шағы да аз болмаған.
Ақындық жүректен осындай жыр шумақтары үзіліп түскен Салтанаттың аяқ астынан жалғаннан жалт бұрылып кетуі мүмкін деп ешкім ойламағаны анық. Тіпті бірге оқыған құрбыларының өзі бүгінде Салтанат жайында жарытып ештеңе айта алмайды. Тек жанарына беймәлім бір мұң ұялап, ешкімге сырын ашпай, саяқ жүргені ғана олардың жадында қалыпты.
Ол жан қайғысын пенде баласына сездірмей, бәрін ішке бүккен күйі өмір сүргендей әсер қалдырады. Қараңызшы, күні кеше ғана әсем қиялдың теңізіне шомылған балауса жырлардың болмысы кенет өзгеріп, мөлдір моншақтай армандары нілдей бұзылғандай. Мұңаю мен аңсау, әділетсіздікке қапалану – ақын жанына тән күй болғанымен, өрімдей қыздың өксікке толы жырлары өзегіңді өртеп, күйкі тамырыңды шымырлатып, тұла бойыңды түршіктіріп жібереді.
«Кеткім келіп тұрады, өктем кеуіп,
Өмір деген өзеннің ар жағына…»
Неліктен ол осындай шешімге келді? Жас жүрегі неден секемденді? Бір өкініштісі, осының барлығы біз үшін әлі де жұмбақ. Осынша жұмбақ пен осыншама құпияның барлығын тірі пендеге тіс жармай, өзімен бірге әкетті ол.
«Қара жерді құшақтап мауқын бассын,
Жаңа ғана қауызын жарған гүлім», –
деп жазып кеткен он тоғыз жастағы қыздың өлер алдындағы мінажатын оқу жүрекке аса ауыр тиеді. Әрине, қауызын енді ғана аша бастаған жас қыздың жалған дүниеден жалығып, соншалықты күңіренгені енді тек Аллаға ғана аян. Салтанат – фәни-дарияның бұтағына байланған баянсыз бүршік секілді еді: ерте бүрлеп, ерте үзілді. Өмірге ызалы, кейіген кейіппен: «Былш еткіздім бетіне жалған өмір», – деп, жалғанның есігін тарс жауып кете барды. Артына жалтақтамай, алдыңғысын ойламай.
Оның тағы бір өлеңінен адал жүректің лүпілі, нәзік сезімнің дірілі, кіршіксіз махаббаттың мұңды елесі аңғарылады. Әлдекімге деген ғашықтық бар, бірақ ол сезім сыртқа шықпаған, сөзге айналмаған. Айта алмаған, сездіре алмаған күйі іште тұншығып қалғандай. Сол себепті де ақын жырларында бір үзіліп барып жалғанған мұң бар, бір үздіксіз аңсау бар.
Замандастары Салтанаттың көзіндегі мұңды жиі еске алады. Ол – жай ғана күйзеліс емес, сағыныштың, күту мен үміттің ізі болса керек. Өйткені оның осы тақырыптағы өлеңдері – тұтасымен сезімнен тұрады. Әрбір жолы көңілдің тұнықтығын, жанның мөлдірлігін айғақтайды.
Ендеше, осы жырлардың кейіпкері кім болды? Ең бастысы – өзіне ғашық болған еліктей қыздың ынтызар көңілін сезді ме? Егер сезсе, неге сол нәзік сезімді ажалдың арқанынан арашалап қала алмады? Өлердей ғашық бола жүріп, өмірден бас тарту – қандай қасірет! Әлде ол өмірдің мәнін балаша, шексіз сеніммен, шектен тыс тазалықпен ұқты ма екен?..
Салтанат жайында толығырақ білгіміз келіп, 2000–2001 жылдары Тараз мемлекеттік университетінде бірге оқыған замандастарымен, дәріс берген ұстаздарымен хабарласқан едік. Алайда олардың ешқайсысы оның ақындығы туралы елең еткізерлік дерек айта алмады. Көпшіліктің жадында ол аса көзге түсе қоймаған, сабырлы студент ретінде ғана сақталыпты.
Тек университетте «Қазақ әдебиеті» пәнінен сабақ берген ұстазы Ақан Бодықова ғана Салтанатты ұмытпаған екен. Ол оны алғаш студент болып келген күнінен бастап есінде сақтапты.
«Ол кезде өлең жазып, белсенді көрінетін студенттер көп болатын. Ал Салтанат өзін бірден ақын ретінде таныта қойған жоқ», – деп еске алды ұстазы.
Салтанат сабағына үнемі тыңғылықты дайындалып, берілген тапсырманы тиянақты орындайтын. Мінезі жайдары, алғыр еді. Артық сөйлемейтін, аңқылдап ақтарылып та кетпейтін, бірақ тым ұяң да емес болатын. Көптің ортасында даралануға ұмтылмайтын, ішкі әлемін іштей сақтай білетін жан еді.
«Өкінішке қарай, біз оның жақсы ақын екенін өмірден өткен соң ғана білдік. Кейде талант тым тыныш жүреді екен. Біз оны кеш аңғардық…», – дейді ұстазы.
Бұл сөз – ұстаздың ғана емес, Салтанатты жақыннан тани алмаған талай адамның жүрегінде қалған ауыр өкініштің үні секілді. Өмірден ерте өткен шәкірттің ақындық болмысы уақыт өте келе ғана жарқырап танылып, оның үнсіз жүрген жылдары енді ғана бағасын тауып отыр.
Қыздың әкесі белгілі ақын Қуандық Шолақ ағамызбен көзінің тірісінде бірнеше мәрте кездескеніміз бар. Студент кезімізде Таразда жүрген бір топ ақын жігіттер ауылда тұратын Қуандық ағамызға арнайы барып сәлем беруші едік. Балаша мәз болтын. «Салтанатым да сендердің замандастарың еді-ау» деуші еді.

«Салтанаттың ақын екенін кеш білдім. Мектепте оқып жүрген кезінде бір өлеңін маған оқытқан болатын. Өте балан өлең екен, аса мән бергенім жоқ. Ақын болу үшін ең әуелі білімнің, еңбектің қажет екенін айттым да қойдым. Сол кезде ол менен мақтау күткен болу керек, бала емес пе. Бірақ, содан кейін өлеңдерін маған көрсеткен емес. Бірде ТарМУ-де оқып жүріп ауылға келген кезінде «Әке, университетте мүшәйра өткелі жатыр, мен де өлеңдерімді жіберіп қатыссам қалай қарайсыз?» деді. Мен, «өлеңдеріңді қарап көрейін, егер мүшәйраға жарайтын болса қатыс» деп едім, ол: «өлеңдерім Таразда қалып кетіпті, келесіде ала келейін» деді. Тағы бірде хабарласқанымда «мүшәйраның уақыты өтіп кетіпті, үлгермей қалдым» деді. Бұл әңгіме осымен ұмытылып кетті. Мен де кейіннен мән беріп сұрағаным жоқ. Сөйтсем ол бізден жасырып өлең жазады екен. Жаз мезгілі еді. Ауыл арасындағы бір тойға кеткенбіз. Қызым үйде жалғыз қалған. Үйге келсек, сыртқы қақпа ашық, далада самауырын қайнап тұр, үй ішін мұнтаздай етіп тазалап қойыпты. Бірақ Салтанат көрінбейді…
Сол түні қызымның дүниеден өткенін біліп шаңқай түсте төбеме аспан құлап кеткендей күй кештім.
Арада бір жұмадай өткен соң анасы киімдерінің қалтасынан Салтанаттың жазып жүрген өлеңдерін тауып алып маған көрсетті. Бар жоғы оншақты ғана өлең екен», – деген еді сол бір қасіретті шақтарды қанша ауыр болса да қайта есіне түсіріп.
Бір өкініштісі, ол өз өлеңдерін белгілі дәрежеде насихаттап та үлгермеді. Тек 2003 жылы «Қазақтың ақын қыздары» атты республикалық мүшайрада жүлделі үшінші орынды иеленген. Онда да өмірден өткен Салтанаттың өлеңдерін мүшәйраға бауыры жіберген екен.
Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде ұзақ жылдар бойы «әдебиет бөлімінің» меңгерушісі болған ақын Баймахамбет Ахмет ағамызға қолына қалам ұстаған біраз жастың алғашқы өлеңдерін алып барғаны анық.
«Мен Салтанатты көргенім жоқ. Тек өлеңдерімен ғана таныспын. Ол дүниеге құдіреттің күшімен ақын болып келген-ді. Бұла талантты болмысымен біте қайнасып біртұтас күйде туа салған жыр-ғұмыр еді ол! Осы бір жыр-ғұмырдың адамдар жүрегіне құйрықты жұлдыздай ғарыштық жылдамдықпен жақындап келе жатқанын, бір-ақ сәтте жалт етіп өте де шығатынын ешкім білмеді…
Көзге, көңілге жарқ етіп шағылсын сәулесі,
«Өзімді-өзім зерделеп ұғынғанша,
Жалған, жалған, жалт бердің бұрылғанша,
Өлмегенім сол менің – жұрт көңілінде
Жан-жүректі жалғыз жол жырым қалса»,- деген сыбыры-күбірі, күрсінісі ғана қалды соңында.
Ол… сол күйі «қара түнге қарсы ұшып кетіп бара жатты». «Шындығы жоқ әділетсіз өмірдің ластығынан» жиренді ме, бес күндік ғұмырға мың күндік, бәлкім ғасырлық дұғай сәлем жолдап «киелі дүние-кең сарайды» жанамалап қана өтті… Көп тұрақтамады. Өйткені ол «сол дүниенің төріне шұғыла шуақ шашсам» деп талпынып еді… Әттең, дүние-ай!»
ЖЫРЫМ ҚАЛСА
Өркендейтін өміршең мұратпенен,
Төске өрлесем, әй, қайдам...бірақ та мен...
Көңілдердің төрінде ұзақ тұрар,
Жақсам деп ем от – өзек шырақты өлең.
Дауа болмай тірліктің құрғыр емі,
Өзегімді өкініш тілгіледі.
Жүрекке жол салсам дер жас қаламым,
Қолдан сусып кете ме, кім біледі?!.
Жарық та бір мен үшін мола да бір,
Назы басым не демес нала көңіл.
Аңдаусызда атылған оқ секілді,
Осыншама келте ме ең, шолақ өмір!
Өзімді-өзім зерделеп, ұғынғанша,
Жалған, жалған, жалт бердің бұрылғанша.
Өлмегенім сол менің – жұрт көңілінде
Жан-жүректі жалғыз жол жырым қалса!
ДАУА ТАППАЙ ЖАНЫМА
Буда, бұйра түнерген тау сынды, кілт,
Көк аспанын көңілімнің қаусырды бұлт.
Ақабадай алқынып өліп тынған,
Таусылды арман, мендегі таусылды үміт.
Таба алмаған таяныш, қорған мығым,
Тайқы маңдай бірі екем армандының.
Қара жерді құшақтап мауқын бассын,
Жаңа ғана қауызын жарған гүлім.
Көкірегіме қабылдап сайтан оғын,
Құрдымға ауып құмықты айтар әнім...
Дауа таппай жаныма дауыл күнгі,
Ескегі жоқ қайықтай шайқаламын.
Тұтамданып үміттің құлаш жібі,
Құлағыма қайғының ұласты үні.
Жирендіріп барады шындығы жоқ,
Әділетсіз өмірдің ластығы...
Неге, неге ақ шуақ болмады екем?!
Бақытсыз ба ем байланған сорға бекем.
Лағы едім еліктің отықпаған,
Қара түнге қарсы ұшып кетіп барам...
Отансыздай опасыз жалған дүние,
Жалған десе шынында жалған екен.
