ХХ ғасырдың басында қазақ қыздарының теңдігі үшін күрескен қайраткер тұлға Нәзипа Құлжанованың ағартушылық феминизмі туралы мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегі адамзат тарихында әлеуметтік құрылымдар түбегейлі қайта қаралып, бұрындары табиғи әрі өзгермейтін құбылыс ретінде қабылданып келген көптеген қатынастардың мәні жаңаша пайымдала бастаған кезең-тін. Солардың қатарында әйелдің қоғамдағы орны, оның құқықтық мәртебесі, білім алу мүмкіндігі мен әлеуметтік белсенділігі, бас бостандығы т.б. туралы мәселе ерекше маңызды мәселелер талқыға түсті. Батыс елдерінде бұл үдеріс феминистік қозғалыстардың қалыптасуымен, әйелдердің сайлау құқығы, еңбек ету еркіндігі, білім алуға тең қолжетімділік үшін күресімен сипатталса, Ресей империясы (Советтер одағының алғашқы онжылдық кезеңі) мен оның бодандығындағы ұлттық аймақтарда, соның ішінде қазақ қоғамында бұл мәселе ұлттық жаңғыру, ағартушылық және әлеуметтік реформалармен сабақтас өрбіген болатын.
«Феминизм – тек әйелдің еркекпен тең құқыққа жетуін көздейтін тар шеңбердегі қозғалыс емес, ол – қоғамдағы билік, білім, мәдениет, еңбек және отбасы құрылымдарының гендерлік негізде қалай ұйымдастырылғанын зерттейтін кең ауқымды әлеуметтік-мәдени құбылыс» (Оксфорд әлеуметтік ғылымдар сөздігі. Жалпы ред.басқарған: Крейг Калхун. – Алматы: Ұлттық аударма бюросы ҚҚ, 2019. – 480 б.). Гендерлік саясат осы теориялық ұстанымдардың практикалық деңгейде жүзеге асу тетіктерін айқындайды. ХХ ғасырдың басында бұл ұғымдар қазіргі ғылыми терминология түрінде қолданылмағанымен, олардың мазмұнына сәйкес келетін құбылыстар қазақ даласында да көрініс тапты. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының ағартушылық бағыты, қыздарды оқыту мәселесінің көтерілуі, неке мен отбасы қатынастарына қатысты жаңа көзқарастардың қалыптаса бастауы – соның айғағы.
Дәстүрлі қазақ қоғамында әйелдің орны күрделі әрі көпқырлы мәселе болды. Бір жағынан, ол отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің иесі, шаруашылықтың негізгі тіректерінің бірі ретінде жоғары бағаланды. Екінші жағынан, оның қоғамдық-саяси өмірге араласуына, білім алуына, тұрмыс құруда жеке таңдау жасауына шектеулер қойылды. Әмеңгерлік, қалыңмал, ерте некеге тұру сияқты т.с.с. әлеуметтік институттар әйел тағдырын көбіне оның еркінен тыс шешіп отырды. Сондықтан ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары көтерген әйел мәселесі – тек жекелеген әлеуметтік топтың ғана емес, тұтас ұлттық дамудың көрсеткіші ретінде қарастырылды.
Бүгіннің талабымен өткенге көз жүгіртсек, 1915-1930 жылдардағы кезеңде қазақ баспасөзінде әйел теңдігі, қыз балаларды оқыту, ана мен бала тәрбиесі, отбасы мәдениеті туралы мақалалардың жиі жариялануы – гендерлік сананың ояна бастағанын көрсетеді. Бұл үдерісте Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Досжанова, Гүлсім Асфендиярова, Мариям Сейдалина т.б. сияқты қайраткер қыздар айрықша қызмет қызмет атқарды. Олар әйелдің білім алуын жеке бастың бақыты үшін ғана емес, ұлттың мәдени деңгейін көтерудің басты шарты ретінде түсіндірді. Мұндай көзқарас сол кезеңдегі түрік, татар, әзербайжан, мысыр қоғамдарындағы жәдидшілдік және ұлттық модернизация қозғалыстарымен мазмұндас еді.
1915-1930 жылдардағы публицистикалық және көркем әдеби мұраларда әйелдің мұңы мен арманы, білімге ұмтылысы, еркіндікке деген талпынысы арқылы тұтас қоғамның жаңару идеясы көрініс тапқан. Осындай тарихи-әлеуметтік жағдайда жазылған Нәзипа Құлжанованың еңбектері қазақ әйелін жаңа мәдени кеңістікке бастайтын теориялық әрі практикалық бағдарлама миссиясын атқарды. Мысалы, Нәзипа Құлжанованың 1923 жылы жарияланған «Қазақ әйелдеріне» атты мақаласы («Теңдік» газеті, 1923 жыл, 20 январь) – қазақ қоғамындағы әйел теңдігі мәселесін алғаш рет жүйелі түрде көтерген, оны ұлттық өркениеттік даму идеясымен байланыстыра қарастырған бағдарламалық мақала.
Анығында, бұл еңбек сол кезеңдегі саяси ұран немесе жалаң үгіт емес еді, керісінше, қазақ әйелінің әлеуметтік жағдайын терең түсінген, оны өзгерту жолдарын нақты көрсеткен, себебі мен салдарын айқындаған ағартушылық концепцияға құрылған мақала-тын. Автор әйел теңдігін тек құқық алу немесе еркекпен теңесу мәселесі ретінде емес, халықтың мәдениетке жетуінің, ұлттың алға жылжуының басты шарттарының бірі ретінде қарастырады. Сондықтан да ол ең әуелі әйел санасын ояту керек деп есептеген. Тұрмыстық сананы оятудың жалғыз жолы – оқу мен өнер екенін мақалаларында жиі ескертіп отырған.
Аталмыш мақаладағы негізгі идея – адамның табиғи ақыл-зейіні өздігінен қоғамға пайда әкелмейді, оны іске қосатын «күш – білім» деген тұжырым ұстанады. «Қазақ даласының қойнауындағы өңделмей жатқан кен байлығы қандай пайдасыз болса, оқусыз, қараңғылықта жатқан ақыл да сондай күйде қалады» деген теңеу арқылы Құлжанова қазақ әйелінің ішкі әлеуетіне назар аударады. Бұл – әйелді әлсіз, қабілетсіз жаратылыс ретінде ғана емес, тек мүмкіндігі ашылмай отырған әлеуметтік күш ретінде таныту еді. Осы тұрғыдан алғанда, оның ойлары сол кезеңдегі еуропалық ағартушылық феминизммен үндеседі.
Нәзипа Құлжанова әйел теңдігін тек жеке адамның тағдыры емес, қоғамдық мәселе ретінде көтереді. Ол қазақ әйелінің үнсіздігін, мұңын, қорлықта өтіп жатқан өмірін поэтикалық суреттер арқылы бейнелей отырып, сол жеке қайғыны қоғамдық деңгейге шығарады. Түн ішінде көз жасын төгіп, шерін әнмен шығаратын, бірақ айтарын тыңдайтын орта таппай отырған әйел бейнесі – тұтас бір халықтың мәдени тоқырауының символы. Сондықтан да ол баспасөзді әйелдің үні шығатын мінбер ретінде қарастырады. Республикалық түрлі газет-журналдан «Әйел бөлімі» ашылуын тарихи мүмкіндік ретінде бағалап, оны әйелдерді ұйымдастыратын, заңды түсіндіретін, тәжірибе үйрететін, пікір алмасатын рухани орталық деңгейінде түсіндіреді. Бұл – қазақ қоғамындағы гендерлік коммуникация кеңістігін қалыптастыруға жасалған алғашқы қадамдардың бірі.
Н.Құлжанованың көзқарасында әйел азаттығы ұлттық модернизациямен тікелей байланысты. Ол мәдениетті халықтардың жетістігін әйелдердің білім алуымен байланыстыра отырып, қазақ қоғамын да осы жолға шақырады. Яғни әйел теңдігі – батысқа еліктеу емес, ұлттың тірі қалуының, өркениетті елдер қатарына қосылуының шарты. Бұл ой түрік қоғамындағы Халиде Эдип Адывардың, мысырлық Худа Шаарауидің немесе еуропадағы Мэри Уолстонкрафттың еңбектеріндегі әйелді қоғамды жаңартушы күш ретінде танумен өзектес келеді. Алайда, Нәзипа Құлжанова концепциясының ерекшелігі – ол әйел теңдігі хақындағы идеяларын қазақтың көшпелі тұрмысы мен дәстүрлі психологиясына бейімдеп ұсынуы. Ол қарсылық немесе төңкерістік бағыттағы саяси жолды емес, мәдени-ағартушылық бағыттағы табиғи эволюциялық жолды таңдады.
Нәзипа Құлжанова әйелді тек құқық субъектісі ретінде ғана емес, мәдениеттің, тәрбиенің, ұлт болашағының иесі ретінде қарастырады. Ана болу, бала тәрбиесі, шаруаны түзеу сияқты мәселелерді көтеруі – әйелдің қоғамдағы рөлін кеңейту. Бұл – әйелді үйден шығару емес, үйдің өзін мәдениет ошағына айналдыру идеясы. Осы арқылы ол қазақ қоғамындағы дәстүр мен жаңашылдықтың арасынан үйлесімді жол табуға тырысты.
Осы мақаланың үндеу сипатында аяқталуы да кездейсоқ емес. «Сілкініңдер! Ұмтылыңдар!» деген сөздер – сол дәуірдегі қазақ әйеліне ғана емес, тұтас ұлтқа бағытталған рухани серпіліс шақыруы. Өйткені автор өткен дәуірді «қарғалған заман» деп бағалай отырып, жаңа кезеңнің мүмкіндігін жіберіп алмауға үндейді. Бұл – тарихи жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Жалпы Нәзипа Құлжанованың бұл мақаласы қазақ әйелінің қоғамдық санасын оятқан, әйел теңдігі мәселесін ұлттық мәдениет пен өркениеттік даму деңгейінде көтерген алғашқы ғылыми-ағартушылық еңбектердің төлбасы болып саналады. Ол қазақ әйелін әлеуметтік объектіден тарихи субъект дәрежесіне көтеруді көздеді.
Нәзипа Құлжанованың «Жалпы әйел мейрамы» деген мақаласы бар («Қызыл Қазақстан» журналы 1923, №15). Бұл мақала да қатардағы жай ғана ағартушылық материал емес. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси бағдарын айқындаған тұтас манифест сияқты салмақты дүние. Мұнда әйел мәселесі отбасы шеңберіндегі тұрмыстық тақырып ретінде емес, ұлттың тағдырымен, мемлекеттің қуатымен, қоғамдық құрылымның жаңаруымен тікелей байланыста қарастырылады.
Автордың негізгі тезисі – «ұлттың күші әйелдің деңгейіне тәуелді» деген ой. Бұл – сол кезең үшін ғана емес, жалпы модернизациялық идеялар аясындағы ең радикалды тұжырымдардың бірі еді. Қайраткер Құлжанова әйел теңдігін құқықтық ұран ретінде емес, өркениеттік қажеттілік ретінде ұсынады. Оның пайымдауынша, қоғамның мәдениеті мен тәртібі, еңбек өнімділігі мен рухани сапасы ананың тұлғасына байланысты. Сондықтан әйелді оқыту – тек жеке адамның емес, ұлттық дамудың стратегиялық шарты. Бұл жерде «оқу», «өнер», «кәсіп» ұғымдары бір-бірімен сабақтасып, жаңа әлеуметтік тип – қоғамдық өмірге толық араласатын, экономикалық тұрғыдан дербес, рухани жағынан тең әйел бейнесін қалыптастыруға бағытталады.
Мақаланың саяси манифестік сипаты ең алдымен оның тілінен байқалады. Мұнда үгіт, ұран, мобилизация риторикасы басым. «Бар қуат-күшімізді оқу жолына салу», «8 Наурызды өз мейрамымыз деп тану», «шын бостандыққа жетуге сену» деген жолдар – тұлғалық даму әрекетіне шақыру мотиві. Бұл жеке адамның санасын өзгертуге ғана емес, тұтас әлеуметтік топты тарихи қозғалысқа енгізуге бағытталған сөз. Яғни мәтін – әйелдерді саяси субъект деңгейіне көтеру әрекеті.
Автор Совет мектебін мысалға ала отырып, қыз бен ұлды тең оқыту және қатар тәрбиелеу идеясын қолдайды. Бұл жерде Құлжанованың көзқарасы советтік гендерлік саясатпен белгілі бір дәрежеде тоғысады, бірақ оның түпкі мақсаты – ұлттық қоғамды жаңғырту еді. Ол әйел теңдігін қазақ елінің шаруашылық өміріне, ұлттың болашағына қызмет ететін күш ретінде түсіндіреді. «Қазақ ел шаруасында мағыналы болу» деген тіркес – әйелдің қоғамдық-экономикалық функциясын мойындату талабы. Сонымен қатар аналық миссияны ерекше атап өтуі – мәтіннің ұлттық сипаттағы модернизациялық жобамен байланысын көрсетеді. Құлжанова үшін ана болу – мәдени-саяси институт. Жаңа ұрпақты тәрбиелейтін ана жаңа қоғамның негізін қалайды. Демек, әйелдің білімі – ұлттың интеллектуалдық капиталы. Сондықтан әйелі оқыған мемлекеттің дамуы қарқынды болады деген ойды берік ұстануы заңдылық.
8 Наурызды «өз мейрамымыз» деп тануға шақыруы да символдық тұрғыдан маңызды. Бұл – қазақ әйелін әлемдік әйелдер қозғалысының бөлігі ретінде көру әрекеті. Яғни ұлттық шеңберден шығып, жаһандық әлеуметтік өзгерістермен үндесу. Мұнда «қазақ әйелі де тарихи процестің сыртында қалмауы керек» деген идея жатыр. Осы тұрғыдан алғанда мақаланың саяси бағдарламалық үш деңгейі бар екенін байқаймыз. Мәселен, әйелдің адамдық қадірін, тұлғалық теңдігін мойындату туралы пікірі антропологиялық деңгей болса, әлеуметтік-экономикалық деңгей – әйелді еңбек пен кәсіпке тарту арқылы қоғамның өндірістік құрылымын жаңарту. Ал ұлттық-өркениеттік деңгейін білімді ана арқылы жаңа ұлт қалыптастыру турасындағы ойлары айқындайды.
Ғалым, педагог Құлжанова әйел теңдігін қоғамды тұтастай жаңарту арқылы шешуді ұсынады. Бұл – қазақ ағартушылығының дәстүрлі «ұлтты ояту» идеясымен тікелей байланысты. Оның идеялары феминистік декларация ғана емес, ұлттық модернизацияның бағдарламасы ретінде үлкен ой тастайды.
Қорыта айтқанда, Нәзипа Құлжанованың әйел теңдігі туралы еңбектері – қазақ әйелін тарихи сахнаға шақырған, оны отбасындағы объект емес, субъект ретінде таныған саяси құжат. Мұнда әйел теңдігі – құқық мәселесі ғана емес, ұлттың болашағын анықтайтын стратегиялық фактор ретінде қарастырылады. Нәзипа Құлжанованың бұл еңбегін қазақ қоғамындағы гендерлік сананың қалыптасуындағы алғашқы саяси-идеялық манифестердің бірі деп бағалауға толық негіз бар.
Қазақ тарихында әйел теңдігін, бас бостандығын азат етіп, оның сайлауда дауыс беру құқығын беруге жол ашып, қазақ қыздарына жеке газет-журнал ұйымдастырып, оқу-ағарту курстары мен арнайы мектептерін ашу ісінің жұмысын Нәзипа бастап, оның ізін Сара Есова, Нағима Арықова, Нұржамал Сәнәлиева, Алма Оразбаева т.б. шәкірттері мен сіңлілері жалғастырды. Тегінде, Нәзипа Құлжанованың қызметі әлемдік әйел қозғалысының идеяларымен мазмұндас болғанымен, мазмұны жағынан ұлттық сипатта, қазақ қоғамының нақты жағдайына бейімделген. Сондықтан Нәзипа Құлжанова – қазақ даласындағы гендерлік модернизацияның теориялық негізін қалаған, әйелдің білім алуын ұлттың рухани тәуелсіздігімен байланыстырған ірі ағартушы тұлға.
