Батыстық сана
Қоңыр түн ішінде тыныштықты өртеген бір жарық,
Күн күркіріндей сол үннің талықсып жеткенін біз үнсіз тыңдадық.
Жарық еді ол...
Сәулесін нұрымен өшіре алмайтын күн ғарып.
Екватор ізімен ғана жарқырайтын оңаша.
Қандай бір түнектің қайсы бір нүктесі онымен таласар…
Аңызы шындыққа айналған өркениеттің жолайрығында
Сол сәулеге ілесіпті ақ кемпір, қара шал.
Жаһанды жаулаған зар, нала, мүң-күйік,
Сол жарықпен кететін еркіндігі бұғаулы түнге иіп.
Батыстық сана ол
Кездейсоқ жаралған әлемдей тұңғиық.
Адалдық, тазалық кілкіген жанардан
Құлаған тамшының сағымына симайтын құр шекпен.
Жәнеде,
Өмір деп пәлсапа бастаған адамға,
Тағы сол қара шал, ақ кемпір мырс еткен.
Мың жыл толғатып тыныстайтын қызыл дем,
Қауышады солардың ақ, қара жүзінде.
Менің отыз жасымдағы түстерімнің көлеңкесі жатыр,
Аяғымның алдыңғы тұсындағы батыстық сананың ізінде.
Мен сендерді сағынбай қалған күндерден қорқам…
Болмыс
Күн қызыл күреңселерді
суылдаған қыран қанаты
Көлеңкесімен жапырып өткенде,
Намысы тоналған аруын ойлап
құсадан өлген ақынның
Төбесінен жұлдыз ағып өткенде,
Мен біреуді есіме аламын …
Есіме аламын да, мынау жерді, күнді де келеді соның төсіне қадағым.
Ол, ол – Ұмайдың жолдасы, Елтімен бөлелес,
Ажыналарда оған тең емес.
Сол салған сүрлеумен алыстан мұнарлап,
Көрінер шұбырған көне көш.
Мен оны көріп қалам ба деп қорқамын,
Күндерден түн іздеп, түндерден күн іздеп жортамын.
Тазалық, махаббат болмысы өмірде,
Себепші ол – Тәңір!
Таң – оның қялындағы жел үрлемеген көмескі із.
Іңір – оның күлкісіндей түнге сіңген елес қыз.
Тәңір – мына әлемді сенің жүрегіңмен танушы.
Ал, біз – ештеңе емеспіз...
Жаһандық үрдіске ілескен, төрт құбыласы тең, халқы билігінен жоғары тұратын, 2050-жылы әлемдегі дамыған 30 мықты елдің қатарына кіретін ҚАЗАҚСТАН жайлы өлең
– Мен сені сүйемін отаным..!
Аңыз болса екен…
Мен сахараның дауысына шөлдеймін.
Кенезем кепкелі дәуір өтседе
Кеңірдегімде көлдей мүң.
Кешегі қып-қызыл қынаның нілі ғана қалған,
Ешкім оған қызықпасада, бермеймын...
Шопанның дауысы шоқыдан жаңғырып,
"Қайран дүние-әй" деген өзіндей әлжуаз сол үнді,
Таяғымен бірге сүйреткен жалғыз үлт.
Мен оны өңімнен өшіргем
Тек түстерімде ғана барамын қаңғырып.
Құланның дүбірі ғана естілетін маң дала,
Құдайдай қарайтын сол жемтір мекенге.
Өзгесін көрмейтін паңдана.
Мен оны сағынам, жерікпін
Бірақ, қазыр айтсаң шамданам.
Мен сол бір өткенді көксегем,
Торғайдың "көкек" деп шақырғанындай.
Кектенем, сондағы барақат өмірге.
Едірей астындағы көшпенді жұпыны ел,
Мен оны сағынып, жек көрем.
Мен сахараның дауысын аңсаймын,
Көз ұшындағы соңғы бір тамшыдай.
Қайтып келмесін білсемде,
Аңсаймын…
Сосын, аңсаудан да шаршаймын...
Ем
Мен –
Ықылымдағы Мәді мен Ғайса келген күн,
Томпақ әлемнің қауызын жарып мен болдым.
Күнаһарлардың дуасыменен уланған,
Жарамның аузын тек өзім ғана емдермін.
Соңғы сәтінде әлдиін айтқан кем жалған,
Себепшісі де мен болғам.
Жазылмаған тағдырды сүріп маңдайға,
Құдайымды іздеу немді алған…
Әлқұлым шақтағы өкініші мол өлеңім,
Өлімгеде еркіндік керек, өлемін…
"Буынды шөптің үстінде,
Бұлтты көктің астында,"
Ұлылардың ұлысы,
Ақымақтардың ақыры
- Мен едім.
Мен-жүрекке біткен бір тал мең.
Кезі келгенде тілдесем ұлы
Бүрханмен.
Мейірімсіз жүректердің тамырын,
Уға шылап құртар ма ем…
Мен –
Алты қырдың астындағы қайтқан қаздың
қанатының қағысын,
Жеті белдің өріндегі қу шеңгелдің
жел тербеген дауысын.
Өз үніме қосамын да, жасап ішем
Әбілхаят дәрісін!
Оның ойындағы сол
Талғар. Алматы. Жер. Әлем…
Құс жолының жүзін ешқашан Күн ұялтпаған.
Галактикалар…
Одан ары ешкім білмейді, миллиярд ғалам…
Дінге сенем бе?! әлде, ғылымға? ессіз адамға…
Шектеулерге көп ұшыраймын шексіз санамда.
Сосын,
Тазалық іздеймін жадымнан ғұмыры түстей,
Мейірімгеде қанбаймын құнығып ішпей.
Мөп-мөлдір моншақ төгетін арай күмістен,
Жаңбырлардың айтар сырын да аяймын іштен.
Жалғыздық деген уыздай мәрмәр ұғымға,
Соқыр көзіммен қараймын шам жарығында.
Естілмей мендік елдерге сезім күлкісі,
Жерге неге төгіле береді көзімнің құсы?!
Тереземнің айнасына түн ұялаған,
Тамшымен сурет салады дүрия далам.
Ол да жаңбырлар, тағдырлар уақытпен құрдас,
Алакеуімде таңда атар бақытпен мұңдас.
Өткінші жаңбыр өткенмен сетінеп мұрты,
Сейілмей кетер басынан жетімек бұлты.
Көрнекісурет: Василий Кандинский, Композиция VIII
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.