Қайтар алдында, ұмытпасам бес-алты күндей бұрын-ау деймін, ол кісіге телефон шалғанмын. Арғы жақтағы дауыс шаршаңқы әрі құмығыңқы естілді.
– Ассалаумағалейкүм, Дәуке!
– Аманбысың, Төкен.
– Ден-саулығыңыз қалай?
– Соның болатын емес. Қазір де қан құсып тұрған сиқым осы.
– «Ауырдың – аунап тұрдың» деген емес пе, бәрі артта қалып, ертең-ақ шауып кетерсіз...
Деуін дегеніммен жасандылықтың қиуын қиыстыруға ыңғай танытқанымды сезіп іш тарта қалғанымда Дәукең сәл бөгеліп барып тіл қатты:
– Көңілің ғой, Төкен, рахмет! Әй, бірақ... енді бола қоймас...
Ішім қылп етті. Адам өзі мойындаған жағдайда кетеуі кеткеннің қайта қалпына келуі екіталай екені мұқымға аян жағдаят. Олай болса...
Тұрған орнымда қатып қалыппын.
Осыдан көп ұзамай Дәукеңнің бақиға озғаны туралы суық хабар Жезқазғанға жетті. Бара алмадым, барып өз қолыммен топырақ сала алмадым. Сырқаттанып жүргенмін. Жолды көтере алмайтыным белгілі-тін.
Иә, адам – туады, туған – өледі. Бұл – заңдылық. Сөйткенмен, осы заңдылықтың қалыпқа сыймайтын жақтары бар екенін мойындауға мәжбүрміз. Соның бір парасы – көптің тілеуімен көгергеннің керім тірлікке сыйыспайтыны несі екен?! Мұны біреулер: «Құдайға да жақсы адам керек», – деп жуып-шайып жатады. Жарайды, келісейік, Жаратқанға жақсымыз керек-ақ болсын, сонда Жаратқанның өзі мақұл көрген жер басып жүргендерге ондайлар артықтық етер ме? Әлде, кебіс сүйреткендердің арасына керімдер кіріксе, дүние тым нұрланып, оны көргендер құбыласын ұмытар деген қауіп күшті ме?.. Өмір дегенің – бас-аяғын біліп болғысыз бір тылсым да, тағдыр дегенің – ұшпа жел өтінде қалбалақтаған қауырсын-ау. Ұшарын айырғанмен, қайда қонарын білер ме ол?..
Күпірліктен аулақ жүрейік, дариға дәурен үстінде жақсы адамның жоғалуы орны толмас өкініш екені айтпаса да түсінікті. Сөйте тұра, ендігі жерде бәрін мойындағаның абзал. Мойындайсың да. Өйткені, сен пәни-жалғанның бүгін келер, ертең кетер қонағы ғанасың. Ал қонаққа бұйырғаны – шартқа жүгіну, маңдайға жазғанды қабылдай білу мансұғы.
Жиырмасыншы ғасырдың соңғы шарпылысында Дәукеңнен – ақын Дәуітәлі Стамбековтен осылай көз жазып қалған едік. Дәуітәліден ғана ма, қазақтың маңдайына біткен бір топ талантты ақындарынан сол кездің әрі-берісінде айырылғанымызды ешкім жоққа шығара алмас. Атап айтар болсам Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашовтар араға көп уақыт салмай, қырық пен елудің айналасында, бірінен кейін бірі мәңгілік мекендеріне аттанып кете барған. Өкінішті-ақ, әрине. Әйткенмен, ажалға ара тұрар шамамыз болмағаны біздің пенде ғана екендігімізді дәлелдеп тұрған-ды.
Естелік барысында Дәукеңді жеке-дара сөз етпей, әңгімеге неге қазақтың біртуарларын қосып отырмын? Оның өз сыры бар.
Сексенінші жылдардың орта шені. Алматыға жол түскен. Күндердің күнінде, «Ленинская смена» газетінің қызметкері Бақтыбай Жұмаділдин деген жігітпен бірге Жазушылар одағына бара қалғанбыз. Ылғи ығай мен сығай отырған бөлмеге тап болыппыз. Жарасқан да осында, Кеңшілік те осында, Дәукең болса, бір столдың жанында айналасына шекесінен қарайды.
Амандық-саулықтан кейін Кеңшілік ағамыз Бақтыбайға бағыттай:
– Комсомолдарың құйқалы-ақ шығар, ал бізде стресс, - деп қалсын, оны бұрыннан танитынын аңғарта, әрі Жұмаділдиннің орталық комсомол комитетінің органы болып саналатын республикалық газетте жұмыс істейтінін меңзей.
Ағасы ортаға сөз тастаса, ініге жауап кезегі бұйырады емес пе, Бақтыбай бөгелмеді:
– Сіресіп отырған стресіңізді ініңізге жазу бұйырса біз деген сол бұйырғанды ықтиярландыруға разымыз ғой, – деді күліп.
– Әп, бәрекелді! Жағдайды білетіндермен тәжікелесудің өзі ағаттық...
– Ініге ілтипәтіңізге әрі сеніміңізге рахмет!
«Мынау қайтеді-ей?..» дегендей Бақтыбайға одырая қарағанымен, бұдан әріде Кеңшілік қайталап жақ ашпады, қаздай тізіліп төменгі қабаттағы «Қаламгер» кафесіне қарай жорта жөнелдік.
Бұл жердің өз заңы бар екен. Біреуді біреу жатсынбайды. Қаласа көрші қатарға жайғасқандар столдарын тік көтеріп әкеліп дәл қасыңа дік еткізе қоныстана салады. Ондайға қабақ шыту әсте жоқ. Бәрі қалыпты жағдайдай әлгінде етек алған әңгіме желісі әрі қарай шұбатылуын жалғастырады.
Осылай-осылай қауымдасып, қас қарайғанша біршама елге айналдық. Көз байланғанда да жұбымыз жазылмады, Киров көшесінің бойындағы КазГУ-дің сол кездегі ғимаратының алдына орналасқан кафеде біраз тоқ бастық. Сөйтіп, сірескен «стрестен» аман-есен құтылып кеттік.
Кеңкеңнің орынсыз кергігендердің кердең қылығына шыдамайтынын, Жарасқанның иі жұмсақтау жатқанымен тілі мірдің оғындай шалт әрі өткір екендігін, Дәукеңнің жігітке тән бірбеткейлігін сонда байқағанмын. Сөйтіп, танысу мен табысу басы осылай басталып кетіп еді.
Айтпақшыдайын, осы кездесу барысында біраз мәселелер де өз шешімін тапқан. Дәукеңнің Мәскеуге жолдар біраз өлеңдерін уақытында МГУ-де оқыған, орыстың тіліне жетік Бақтыбай Жұмаділдин орысшаға аударып беруге уәде берген. Кейіннен сол тәржіманы жоғарғы жақтың жылы қабылдағанынан құлағдармыз.
Бұл отырысты еске алуымның негізі – қазіргі таңда қазақ әдебиетінде топтық мүдде деген бір пәлекет белең алып кеткендей. Таланттымысың, болмаса одан жұрдаймысың қарамайды, әйтеуір жерлес немесе руластық шеңберге сыйыссаң, мақтауың келіскен, жақтауың жарасқан болып шыға келесің. Дәл осының туған әдебиетке кесапаты тиетінін ондайлар білмейді емес жақсы біледі, әйткенмен қоғамдық талаптан аспағандардың бүгінде ұрты майлы. Ал, бұрынғы өтіп кеткендер ше? Олар әділдіктің ала жібін аттаудан аулақ тұрған. Кеңшілік, Жарасқан, Дәуітәлілердің шығармашылық тірлік үстінде ауызбірлікте жүруі осының дәлелі. Әлбетте, жеке тыныста қай-қайсының да пенделіктері болса болған шығар, алайда қасиетті әдебиет айдынында олар кие мен күйені ешқашан шатастырған емес. Әлі күнге биік тұруларының мәні осында.
«Өмір дейсің, мен де оны жырлай білем,
Артық сөйлеп, ол бізді тыңдайды кем.
Сорым қалың десе дос, келіспеймін,
Өлшенбейді бір өмір бір қайғымен.
Мезгілімнен ертерек сөнсем де мен,
Жалынша бір алаулап көрсем деп ем.
Бақыттысың дейді жұрт, келіспеймін,
Бір бақытпен бір өмір өлшенбеген»,
– дейді Дәуітәлі бір өлеңінде. Тап-таза шындық! Иә, өмір дегенің бір қайғы, бір бақытпен ешқашанда өлшенбеген. Тіршілік үстінде алмасып жатар осынау құбылыстардың дәмін тата жүріп өскендер ғана өз биігін таба алған.
Мына өлеңнің және бір үстемдігі – ақынның қай кезде де төзімділік пен шыдам шырағданын сөндірмегенін байқатады. Ақындықпен қатар азаматтық көзқарас шынайылығы, шығармашылық адалдыққа жақтығы, бір сөзбен түйіндесек діл мен тіннің қақ-соқтан адалығы осы өлең жолдарынан айқын көрінетініне мен сенемін.
Дәуітәлімен Алматыда ғана емес, Жаңаарқа ауданында, Жезқазған қалаларында дәмдес болып, біраз араласқанда мен оның достыққа адал, сыйластыққа бекем жан екеніне көзімді әбден жеткіздім. Өзім дегенге өгіз қара күші бардың нағыз өзі еді. Мұндайда әділдікті қорғау үшін жүрек күшін ғана емес, білек күшін де жұмсаудан тайынбайтын. Жасында бокс деген өнерге жақын жүргенінен шығар, Дәукең шамырқанғанда былайғы біраз жігіттердің тайсақтап қалатынына куәгермін. Мұның өзі Дәуітәлінің мінезді ақын болғанын көрсетсе керек.
Алматыға ат ізін салсақ Дәукеңнің шаңырағына соқпай кетпейтінбіз. Сонда Фарида жеңгеміздің ықыласы мен пейіліне ризашылығымыз басым-ды. Қабақ шытқанын бір көрмедік-ау, көрмедік. Қандай жағдайда да жылы жымиысын сақтай, дастарханын қамдап, ақыманын демдеп, қонақжайлылығынан жаңылмай жүретін. Дәукеңнің тіршілікте қамсыз болғаны, бәлкім, Фарида жеңгеміздің осындай қамқорлығы мен аялы көңілінің шапағатынан шығар. Әйтеуір, ақын ағамыздың артқа қарап алаңдағанын байқаған емеспін.
«Түлкі жылдар арамыздан сан қашар,
Қыс пен көктем,
Жаз бенен күз алмасар.
Топыраққа түскен ізді топырақ,
Қарға түскен ізімізді қар басар»,
– дейді Дәукең және бір өлеңінде. Топыраққа түскенді топырақ, қарға түскенді қар басатыны рас-ақ шығар, сөйткенмен, сол іздердің қара жерде табы қалатыны анық қой. Ендеше, өлең – өмірдегі ақын есімі ұрпақ жадында жаңғыра беретіні сөзсіз.
Төкен ӘЛЖАНТЕГІ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.