Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘҢГІМЕ
/
Төкен Әлжантегі. Тамырымен жұлынған өрік ағашы...

Төкен Әлжантегі. Тамырымен жұлынған өрік ағашы

24.12.2025

5053

Төкен Әлжантегі. Тамырымен жұлынған өрік ағашы - adebiportal.kz

Өрік ағашы гүлдейтін уақыт емес еді.

Дәл сол күні Алматыда жапалақтап қар жауып тұрған.

Ақ ұлпа басқан қалада кәдімгідей ызғар бар болатын. Сыртқа шыға қалсаң денеңді тітіркендірер, бойыңды тоңазытар ызғар.

Тап осы шамада Алатау да жайшылықтағы кербездігін былай ысыра томсырайып қалғандай еді. Ол бұлт шалған етегін жинауға асықпаған қалпында ақшулан басын әріге жасыра безірейіп жатқан.

Бірақ, мұны байқаған тірі жанның болмағаны анық. Жаңа жылды қырғын отшашумен қарсы алған жұрт сол даңғойлығынан арыла алмаған қалпында жаңа тірлікке, яғни жаңа жұмыс күніне қамданған тұс-ты.

Солай бола тұра, ұйқысынан ерте оянған Толғанай көзін ашуға асықпады. Ол ішкі түйсігімен қыстың ұзақ түні жарыққа әлі де жол бере қоймағанын сезген. Сезген де қараңғылықтың да өз тәттісі барына илана, сол тәттінің дәмін жоғалтып алмауға тырыса еркелей керіліп қойған.

- М-м...

Мәссаған. Еркебұлан әлі ояна қоймапты. Керілген тұста қыз қолы тиіп кеткенде, соны жаратпағандай ыңырана теріс қарай аунап түсті де мұрыны пысылдаған қалпы ұйқысын әрі қарай жалғастырып әкетті. «Еркек дегендер тоғышарлау келеді. Алатынын алғаннан кейін бір дүниеге ынтызарлығы бәсең тарта, ықыласы басқа тұсқа ауа береді» дегенді бір жерден оқығаны бар-ды. Рас болғаны да.

Еріні шүртие беріп барып жазылды. «Тоғышар болса болсын-ақ, тек аман-есен қасымда жүрсінші», - деді сонсын жігіттің әлгі-әзірдегі көңіліне жақпаған қылығын ақтағандай.

Өмір деген де қызық қой, тіршілікте бар-жоғын білмеген адамыңмен ойда-жоқта кездесіп, онымен әп-сәтте көңіл жарастыратының ғажаптың бір ғажабы енді. Кәдімгі, туғаннан етене жандай бейтанысқа сенетінің, сене жүріп оны жоғалтып алмауға жанұшыратының сенің басқа бір әлемге сұғынатыныңның жоралғысы болса керек. Бұдан былайда енді балаусалықтан аулақтап, бұла тірліктің бұғанасын бекітетінің тірлік атты тінтіністегі жауапкершілікті мойыныңа алатыныңнан, әрине. Мейлі, Толғанай қандай салмақты да көтере алады, оған шама табады. Тек ғұмыр берсін, тек тағдыры ырың-жырыңын маңайлатпасын. Бар тілері сол ғана.

Қыз жамылып жатқан көрпесінің шетін қайыра Еркебұлан жаққа көз қиығын тастап қойды. Қимылында именіс басым. Түн пердесінде жарылқанған көңілі өз ауанын бұзғысы келмегендіктен шығар, әйтеуір бір іркіліс Толғанайдың еркін тұсайтын сияқты. Бұл, бәлкім, төсекке қыз болып жатып, төсектен әйел болып тұратынын енді аз уақытта шапағын жаяр таңнан жасырғысы келген ниетінен де болар. Дегенмен, құдайдан жасырмағанды адамнан қалай жасыра алғандайсың, жүрек тұсы шым-шым ете әлдеқайда тартып, әлденеге деген үмітін үкілеп жатқанына күмән келтірмейтіні аян еді. Бұрын түйсігі ғана сезінген, ал мына түнде тереңіне шым батырып әкеткен сезім иіріміне.

Беті ду ете қалды.

Жалма-жан көрпесін басына қарай тартқанымен ортада кілт аялдап қалды. «Мейлі, - деді сонсын қолын керіге ысыра, - әйел болсам несі әбестік? Әйтеуір бір барарымды бүгін сезінгеніме айыпты емес шығармын»...

Өзін-өзі ақтап алғанына мәз бола езу тартқанын қайтерсің. Ақтап қана қоймай ара қылығын жақтай «енді дүниені тербетер әйелмін. Ал саған керек болса!» деп астамсығанына не жорық. Сөйткенмен, дәл мына қалпында Толғанайға бәрі жарасымды-тын. Айдай әлемнің айхой шағын құшақтай құзар жағалаған көңілі тап осы мезетте аспан айналып жерге түссе қыңқ етпесі ақиқат-ты.

Ақиқаттың бір парасы – Еркебұланмен базарда танысқаны.

Жүк тиеген арбасын итере олай да былай жанталасып жүретін осы бозбаланы саудада тұрған қыз-келіншектер әуелде сырттай сөз етумен шектелсе, кейіннен оған қарап елеңдейтіндер табыла бастаған. Қақ-соқпен ісі жоқ, тек өз шаруасын дөңгелете білетін орта бойлы, қараторы жігіттің көзіне түсіп қалуды көксеген кейбіреулер қылымсудың неше түрін меңгеріп, соны жігітке көрсетіп те үлгерген. Алайда, неге екені белгісіз, Еркебұлан өзімен-өзі жүретін Толғанайға жақындасуға ниет танытты. Ақыры екеуі жарасып үлгерді. Қыз Оңтүстіктің тумасы болса, жігіт Орталықтың ұланы болатын. Екеуі де Алматыға арман арқалап келген жастар еді. Оқудан жолдары болмағаннан кейін уақытша базар жағалап кеткен-ді. Толғанай әлдекімнің саудасына жалданса, Еркебұлан арбакештіктің құлағын ұстаған. Әйтеуір, нәпақасы бар, күнделіктісін айыра алатын жұмыс болғаннан кейін осыны қанағат тұтқан.

Сөйтіп жүргенде...

Құдай қосқан күйеуінің қасында жатқандай тырайуын...

О, қарабет!

О, жүзіқара!

Селк етті.

Қой-ей, жігіт байы болса бұл қатыны болып ошағын ұстауға татыр. Басқа төмен етектілерден несі кем, байын күтіп, баласын бағып отырар бес биенің сабасындай күрпіп. Ол қай қыздың да арманы ғой. Ал, арманнан бас тартқанның арғы-бергі дүниеде оңғанын естіген емес. Ендеше...

Кеуде тұсы шым ете қалған Толғанай бүктетіле теріс қарап жатқан Еркебұланның арқасына бетін жанастырды. Соны сезінгенде жігіт күбір етті:

- Сағат неше болды?

- Әлі ертерек сияқты, жата бер.

- Сен ше? Өзің көз шырымын алмадың ба?

- Мен сенің ұйқыңды күзетіп жаттым.

- Не? Немене?..

- Қазақта «әйел – еркектің шырақшысы» демей ме? Мен енді сенің шырақшыңмын, жаным!

- Сонда менің кім болғаным?

- Сен менің асу бермес биігімсің, алдырмас қамалымсың.

- Тым асырып жіберген жоқсың ба?

- Жоқ. Керісінше одан әрмен көтермелеуге тілімнің жетпей жатқаны.

- Қой-ей, бүйте берсең мен астамсып кетермін.

- Менің әжем «Ер ешқашанда астамсымайды, сондықтан оның асқақтығын айналасына әйелі танытып отыруға тиісті», деп айтудан жалықпайтын. Ендеше, сен бар бол. Мен жарнамашың болудан танбайын. Келістік пе?!

- О, менің құс қанатты періштем сол!

Еркебұлан бері қарай аунай құшағына қысқанда Толғанай жорта бұлқынған болды.

- Сен мені бұлай атама, - деді сонсын бұртия.

- Қалайша?

- «Құс қанатты періштем» деме.

- Неге?

- Өйткені, қанат бітсе менің ұшып кетуім мүмкін ғой.

- Сонда қайда ұшып кеткендейсің?

- Білмеймін. Бәлкім, мына ғұмырда адамзат іздеп таппаған аңсар биігіне шығар.

- Ә, солай ма! Олай болса соңыңнан қалмауға уәде етемін.

- Қайтіп? Сенде қанат жоқ қой, ұша алмайсың ғой...

- Екі аяқ бар емес пе? Сонымен-ақ жетер жеріме жетіп аламын.

- Таудан ассам ше?

- Өрмелеп шығамын.

- Мұхиттан ассам.

- Кешіп өтерім даусыз.

- Сонда... Бәрібір тауып аласың ба?

- Әрине. Енді сенсіз маған өмір жоқ, білдің бе!

- Білдім. Олай болса мен де тек сендікпін!

Құшақтар қайтадан айқасқанда әйнектен бозамықтық төгіле бастаған.

 

***

- Мәссаған, ұйықтап қалыппыз ғой!

Қабырғаға ілінген сағатқа көзі түскен Еркебұланның дауысы ащылау шықты.

- Жұмыстан қалып қоятын болдық-ау, - деді әріде қапаланған сыңайда тағы, - Онсыз да үш-төрт күн тыраңдаудай тыраңдадық, дала бетін көрместен. Ендігіміз ешқандай қалыпқа сыймас. Толғанай, ау Толғанай, тезірек шай қамдап жіберші.

Мынаны естігенде қыз да басын жастықтан жұлып алды.

- Неше бопты?

- Тоғызың топалаңдата жетіп қалыпты.

- Үй-й-й, осы сағат дегенің де. Тоссаң тағатыңа ши жүгірте жеткізбейді де, күтпесең андыздайды келіп.

- Тоқтатар қауқарың болмағасын басынады да.

Жеделдете киініп, асығыстау оразасын ашқан екеу сыртқа шыққанда айналаның әжептәуір айқындалып қалғанын байқады. Көз жетер тұс кәдімгідей түс беріпті. Әне, етектегі үпір-шүпір тұрған үйлердің мұржаларынан түтін көлеңдей бастаған. Ал, әрідегі еңсе көтерген ғимараттар қара тастай қатқан күйі мызғымайды. «Қаланың табиғатын танығың келсе құрылысына қара» дегенде айтушылар осыны меңзесе керек.

Ал, Алатау еңсесін әлі де жаза алмаған қалыбынан танбаған. Өз мұнарына өзі тұншыққандай тым бұйығыңқы. Бұл, бәлкім, бауырынан көшкен бұлттың қойулығынан да болар, әйтеуір пәс.

- Такси тоқтатамыз ба? – деп сұрады Толғанай жүріп келе жатқан бойда сөмкесінен әмиянын шығара.

Еркебұлан күңк етті.

- Басқа қандай амалың бар еді...

Бір қызығы күндегідей емес, маңайда адам қарасы аз сияқты көрінді. Жайшылықта автобус түгілі жеңіл машиналарға кезек бермейтіндер бүгін әлдеқайда қараларын батырып тынғандай. Басқасы басқа, балабақшаға бала сүйрейтіндердің ұшыраспауы таңданарлық-ақ.

- Осы біз демалысты жұмыс күнімен шатастырып алған жоқпыз ба? – деп сұрады Еркебұлан мына көріністен күдік алғандай абдырап.

Толғанай ауыл әйелдеріне тән әдетпен ернін сылп еткізді.

- Қой-ей, күннен шатасатындай әлі де алжымағаныма кепілдік беремін. Тек...

- Тоқтама, айта бер?

- Мүмкін сағатымыз уақытынан қалып қойған шығар. Жұрт әлдеқашан жұмыстарына жетіп алмасын...

- Олай болса таң қалмаймын.

- Қалайша?

- Солайша, біз артынып-тартынып жүргенде сағат түгілі мезгіл ауысып кетті десе иланарым бекер емес.

Толғанай мына сөзден іш тартып қалды.

- Сонда... Біздің оңашалығымыз бақытты шағымыз ба десем артынып-тартынудың қайырылысы екен ғой. Білсем-ші...

Өзінің бірді әзілге жығам деп жүріп екінші жақты өкпелетіп алғанын түсінген Еркебұлан қыпылықтай қалта телефонына үңілген бойда орашолақтығын ақтауға сылтау тапқандай қуана дыбыстады:

- Толғанай, сүйінші! Уақыт сол баяғы уақыттығынан танбапты. Онға жиырма минут бар екен. Жұмыстан қалмаймыз.

- Бопты.

Жол жиегімен жеделдете басып келе жатып артқы жақтан жетер машиналарға жасаған белгі ишараты жүзеге асып, ыңыршағы шыққан «Ауди» тоқтағанда екеуі қуана дыбыс салды:

- Базарға.

- Жібек жолына!

- Әрқайсыңыздан мың-мың теңгеден - екеуіңізден екі мың теңге.

Жүргізушінің айтқан бағасынан Толғанай шошып кетті.

- Күнделікті бес жүз теңгеге жетуші едік қой.

Анау жанның қыңатын түрі көрінбейді.

- Ол кешегі күннің деңгейі. Ал, бүгін менің айтқаныма көнесіздер. Болмаса «ауффидерзейін».

Салғыласпады.

Жетер жерлеріне жеткенде тағы бір келеңсіздіктің үстінен түсті. Базар қақпасы тарс жабық тұр. Күзетшілер ешкімді ішке жібермейді. «Кіремін де шығамын. Өткенде есеп қағазын бутигімде ұмытып кетіппін. Соны алсам болғаны», деп шырылдағанға құлық асар емес.

Әйелдігі жеңіп, әлгі шырылдап жүргеннен жөн сұрағанда ол бұған өзге планетадан келген біреуді көргендей ажырая қарады.

- Әй, сендер түк көрмейтін соқырсыңдар ма? Екі күннен бері қала өрт құшағында емес пе! Төңкеріс! Білдіңдер ме, Қазақстанда төңкеріс болып жатыр!

Түкке түсінбеген екеу иықтарын қушитысты.

- Сонда біз төңкерістен неге тыс қалғанбыз? – деді біршамада Еркебұлан басын шайқай тұрып.

Толғанай күлді.

- Бірнеше күннен бері біздің төңкерісіміз оңаша үйде жалғасқан жоқ па!? Сонсын керең боп қалғанбыз да.

Енді жігітті таңсықтық жеңді.

- Ендеше кеттік қалаға! – деді ол қызбалана.

Толғанай қарсылық танытпады.

- Сен кеттік десең тартамыз да, - деді жігітін қолдай, ештеңені іштей қорытпастан.

Содан тартты дерсің.

Бір қызығы алаң, әкімшілік жаққа ешкімнің жақындағысы келмеді. Әупірімдеп жүріп тоқтатқан таксилері оқиғалар жүріп жатқан тұстан аулақтау тоқтап, ақшасын алған бойда қараларын батыруға жақ. Ақыры солай болды да.

- Енді қайда барғандаймыз? – деп сұрады Толғанай машина тоқтаған бойда жан-жағына алақтай қарап.

- Қайда барғаны несі, барамыз анау жаққа, көреміз төңкерістің қалай болатынын!

Қыз мырс ете түсті.

- Екеуімізден қандай төңкерісшілер шықпақшы? Одан да қызық қызықтайық десеңші.

- Солай десең солай болсын-ақ.

Үй-үйдің аралықтарымен орталыққа қарай жөнеле бергенде әлдене есіне түскендей Еркебұлан кілт тоқтай қалып, қызды құшақтай өзіне тартты:

- Саған бір өлең оқып берейін бе?

- Құлағым сенде.

Жігіт әуелі жөткірінді. Сонсын таудың ұшар басына қарағандай жанарымен биіктікті тіміскілеп өтті де, Толғанайды құшағынан босата сала адымдай жөнелді. Артына қарайлайтын түрі көрінбейді. Қыздың еріп-ермей келе жатқанымен және шаруасы жоқ. Өлеңін бастап кетіпті:

«Дауыл да болмай, жауынға қалмай,

Шығарып салдым үтті де.

Жүрегім менің ауырмағандай,

Ауырмайтындай тіпті де.

Өрік гүлдеп тұр.

 

Бұл Алматыда қыс болмағандай,

Жылы жел бетті өпкесін.

Қапталдаса ұшып құстар да қалмай

Кезеді бірге көк төсін.

Өрік гүлдеп тұр».

Ол кенет қайтадан тоқтай қалып сонадайдан құлаққа жеткен мылтық дауысына елеңдей сәл аялдады да, жүрісін қайтадан жалғастырып әкетті:

«Кешегі нәзік бала шыбығың,

Бір күнде қалай жетілді?

Бұл Алматының қаласы бүгін

Қорқынышты елес секілді.

Өрік гүлдеп тұр.

 

Қап-қара бұлттар қаптаған шыңды,

Көздеймін аршып алам деп.

Алтынбекті  ешкім атпаған сынды,

Өлмеген сынды Заманбек.

Өрік гүлдеп тұр».

Ол тағы да аял жасады.

Көзі шатынап тұр.

Мұрыны қусырыла қалған.

Қан-сөлі қашқан беті сұп-сұр.

- Бітіп қалды ма? – деп сұрады Толғанай сол сәтте шөлі қанбаған баладай тағатсыздана.

Еркебұлан басын шайқады.

- Жоқ, біткен жоқ. Тағы бір шумағы бар.

- Болса оқымаймысың?

- Оқымаймын. Оны оқитын кез алда.

- Сонда қашан?

- Айта алмаймын. Уақыты келеді әлі.

- Бұл кімнің өлеңі өзі?

- Есенғали Раушан ақындікі.

- Ол кісі былтыр пандемиядан қайтыс болмап па еді?

- Өзі өлсе де сөзі өлмеген бақытты ақын. Ана дүниеге де жақсы адамдар керек екен.

- Қап, ә...

- Біле-білсең мына өмір кіл өкініштерден тұратын сияқты. Сенесің бе?

- Сенемін. Өйткені, өлеңнің соңғы шумағын естіртпегеніңнің өзі өкінішке бастап тұрғаны сөзсіз.

Тағы бір көшені айналғанда өңдері түгілі түстеріне кірмеген жағдайға тап болды. Үлкен-үлкен ғимараттарды жалын шалыпты. Будақтаған түтіндер аспанға тепсінеді. Соның ара-арасынан қылаңдаған сұлбаларды байқауға болады. Әрі-бері қиқуласқандар қызыл судай лықсып, дүниені азан-қазан еткен де қойған.

Айналаны азан-қазан еткен тек адамдар ғана ма? Жоқ, тақ-тұқ еткен мылтық, дарылдаған автомат үндері де аспан астын қойыртпақтап жібергенге ұқсайды. Қазір бұл арадан есті дүниені табуың екіталай сияқты. Әне, анау бір қуыстан әлдекім бұларға айқайлап тұр.

- Атып жатыр, қашыңдар!

Атып жатқан кім? 

Неге қашпақ?

Мыналарда ес қалған ба өзі?

Сөйткенше сонадайдан дөңгелекті әскери машина атып шықты. Соңында топырлаған әскер.

- Тығылайық! – деді мұны көргенде Толғанай шыр етіп.

- Неден қорқамыз. Ол Қазақстан әскері ғой!

Жігіт осы сөзді айтып үлгергенше қыздың ауызынан жалын лып етті. Ол шайқалып кеткен.

- Толғанай! Жаным, саған не болды?

Тәлтіректеген қызды бауырына басқанда құлағына еміс-еміс дауыс шалынды.

- Мен... өлетін шығармын...

Еркебұланның жаны шырқырады.

- Өлмейсің! – деді ол ышқына, - Мен жаңағы өлеңді аяқтаймын. Тыңда!

«Сәмбі тал болып иілгендеймін,

Қаптайды кенет түндей мұң.

- Қазақстанды сүйіңдер, – деймін,

- Не үшін? – дейді ел.

Білмеймін.

Өрік гүлдеп тұр».

Естідің бе, жаным – өрік гүлдеп тұр. Ендеше сен де, мен де өлмейміз!

Әлдене жауырынына шып етті. Әлдекім біз сұғып алғандай ма, қалай өзі...

Оған да оқ тиген-ді.

Өрік ағашы осылай гүлдемеген.

Өрік ағашы тамырымен жұлынып қалған-ды.

Дүние бұлқан-талқан болып жатқан...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan