Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Толқын  Қабылша. Қайда  барып сақтайын жанның нұры...

Толқын  Қабылша. Қайда  барып сақтайын жанның нұрын?

15.01.2026

5581

Толқын  Қабылша. Қайда  барып сақтайын жанның нұрын? - adebiportal.kz

***

Мен сені шексіз сағынғанымды ұқтым, 

сабылғанымды ұқтым, Жарығым!

Сағыныш дейтін алапат мұңнан, 

тағы да сені таныдым. 

Көзімде оянған таңның сәулесі кеудеме көшті сен болып,

Жалғыз-ақ сөзге сыйып кеткендей,

өн бойымдағы бар ұғым. 

 

Жалғыз-ақ сөзге сыйып кеткендей, 

Нәп-нәзік мендік жан, үміт,

Жалбыз дәмінен,жаңбыр исінен, 

Жұпарың тағы табылып.

Сен болып мені аялап өбті, 

саялап өтті  бір аңсар,

Өкпе мен мұңның, 

өксіген күннің,

Болды да тағы  бәрі ұмыт. 

 

Жабыққан жылдан, 

торыққан күннен,

Аршып ап  барлық күмәннан,

Сағыныш екен мөлтілдеп тұрған,

Шыға алмас ынтық құмардан.

Апырау, қандай ғажайып еді, 

мендегі осы бұла хәл?!

Аста төк мұңды, ақ адал жырды, 

Ақиқатым деп құп алған.

 

Жан менен рухтан естілетіндей 

жалғыз-ақ 

сенің  дыбысың, 

Жарқырап сүрген тағдырдай сұлу,

Сен бе едің менің тынысым?

Ғұмырды мендік еншілеп алған өзің бе , іңкәр, ақ сезім?

Жаратқаныма шүкір айтайын,

Осынау мақпал мұң үшін.

 

Жанның дірілі, 

Жазмыштың үні, 

көктегі күннің шуағы, 

Бәрі де, бәрі сағыныш дейтін 

мекеннің мендік тұрағы. 

Осынша күйді, осынша хәлді 

өртеніп кешкен әр күнім,

Өзіңдей сұлу, өзімдей іңкәр,

Сүйемін сені тағдырым!

 

ҚАНАТ БІТІП ҰШАР ЕМ...

Кейде осылай алабұртып кетемін,

Қажытқанда құса әлем.

Сағыныштың білсем егер мекенін,

Қанат бітіп ұшар ем.

 

Кім өлшеген?

Мендік мұңның салмағын,

Бебеулейді тереңдік.

Кеудемдегі ақиқаттың тармағын,

Келем үнсіз өлең ғып.

 

Кім ұғынсын?!

Менің нәзік жанымның,

Мөлтілдеген бар мұңын.

Базынасы артқан сайын бағымның,

Ақылдымын, арлымын.

 

Кім біледі?

Тағдырымның жолдарын,

Мен сүйініп, мен сүрген.

Кешіп келем ғұмыр-күннің орманын,

Таңдар қалды күрсінген.

 

Кейде осылай алабұртып кетемін,

Қажытқанда құса әлем.

Сағыныш па?

Тапсам оның мекенін,

Құшағыма қысар ем…

 

***

Қарашы,әне!

Өлеңнің періштесі,

Аңғалдығын ғаламның  сеніп кешіп,

Адалдықты сүюден жалықпайды.

Қанатымен қауырсын қалықтайды.

Алданбаған  арманның иесіндей,

Мөлдір таза бір  мұңның киесіндей,

Жараланып жатса да нәзіктігі,

Іздеймейды ол, кінәлі, жазықтыны.

Сатқындықты сезінсе, жылап қалып,

Тағдырының әр сәтін сұраққа алып,

Сол періште күйімен кешірімді,

Өлең болып тербейді бесігіңді.

Өмір болып оятып  сәби күнді,

Өмір болып жұбатып фәни мұңды.

Саф ауасы секілді  ғаламыңның,

Тұнықтығы секілді жанарыңның.

Аңғырттығы күн кешіп  бала шақта,

Үміт сыйлап барады болашаққа.

Көзің салшы, періште жыр құсына...

 

*** 

Жүз жыл уақыт,

Болсаң да көзден жырақ,

Бойымда әлі, сол бір күн сезген қуат.

Өмір сүрдің жүректің түкпірінде,

100 жыл уақыт,

дәл  бұлай  күтті кімдер?!

Құрсақтағы сәбидей ең кінәсіз,

Кеудемдегі сенімдей ең шүбәсіз,

Өмір сүрдің, жазықсыз өлеңімде,

Саған сенген риясыз әлемімде.

Мен ұнатқан аяулы таң шығында,

Жанарымнан сырғыған тамшы мұңда.

Мезеттерде алғаусыз ғашық болған,

Сәттерімде бақыттан тасып, толған.

Үміт артқан кезім боп  елжіреген,

Қарашықта сезім боп мөлдіреген.

100 жыл уақыт- өлмеген ғасырымдай,

100  жыл  бойы аңсаған  асылымдай.

Сыр сандықта жасырған алтынымдай,

Жанардағы сөнбеген жарқылымдай.

Өмір сүрдің мәңгілік арман болып,

Мені алдаған ең сұлу талғам болып,

Мен өзіңе серт берген сағыныштай,

Қалай жүргем, сонша жыл алып ұшпай?

100 жыл уақыт ,

Аз емес тағдырыма,

Жасынына, жүректің жаңбырына.

Сен мәңгілік екенсің, Құдайым-ау,

Мен тағы да тәнтімін жарлығыңа!

 

***

Болсаң  да қанша ақ жауын,

Мүмкін екен ғой,

Тамшы боп  гүлге  тамбауың ,

Нөсер боп  бір сәт  жаумауың,

Ағыл да тегіл сезіммен құшып бөктерді,

Төгіп бір тасып алмауың.

 

Мүмкін екен  ғой...,

Алапат сезім өртіңмен,

Аспанға  айтқан сертіңмен,

Алаулап  тұрып, жанбауың,

Мүмкін екен ғой,

Жүректің нұрын жасыру,

Тағдырдың жасап таңдауын.

 

Мүмкін екен ғой,

Тәрк етіп сұлу  сезімді, 

Тәрк етіп, мұңды, өзіңді.

Жаныңның  жарық  шұғыласына малынып, 

Жаратқаныңа жалынып.

Сағынышыңмен  сенделген,

Сөндіріп отты кеудеңнен,

Нәркес жанарың  ып-ыстық жасқа шыланып,

Жабырқап, сосын қуанып,

Нәзіктігіңмен ең  тұнық.

Ғұмыр сарының  шертіліп.

Ағылып асқақ күйіңмен, 

Ғазиз басыңмен иілген,

Өмір дегенің, 

Көндігу екен, 

сендіру екен өзіңді,

Сәттерге осы сүйінген. 

 

***

Бір күндері,

Біз жәй ғана малтатасқа айналып,

Жәй тастардай уақыт мүжіп, шайналып.

 

Көзден ұшып, 

бал-бұл күндер шалқыған,

Арқыраған қуат кеміп нарқыңнан.

 

Географтың картасындай қолдағы,

Жер бетінің секілденіп соңғы әні.

 

Біз жәй ғана өткен болып қаламыз,

Біздер жайлы айтыла ма бар аңыз?

 

Солтүстіктің ендігіндей жырақтап,

Варварлардың мұздағында тұрақтап.

 

Біз бір күні жәй елестей мұнартып,

Өткен күнге,

кеткен күнге мұң артып.

 

Күмілжумен күрсінгенде даламыз,

Біз жәй ғана сағыныш боп қаламыз.

 

Сағымға ұқсап із жатады артыңда,

Өлгендердің болар ма құн даңқында?!

 

Ұрпағымыз бір ұлағат іздесе,

Үркердейін бір үмітті үзбесе.

 

Кім біледі, 

артар мүмкін бағамыз?

Ал, әзірше, 

өткен күннің бәрі аңыз.

 

***

Ештеңе жоқ, 

ішімде тек бұрқасын, 

Жан бұрқасын, тән бұрқасын, бұрқасын.

Жылы жаққа ұшпай қалған құспын мен,

Мекендейтін жаз бен қыстың ортасын. 

Жүректе тек Тәңір қалды, тілекте, 

Жалғыздықтан дейсің бе, сен қорқасың?

 

Күн қабағын керсін мейлі, түн қасын, 

Елеместен, жанның шерін, көз жасын,

Тәрк еткенмін сағыныштың күйін мен, 

Шанағына құйып тастап  қорғасын. 

Шертілмеген қобыз сарын ішімде, 

Жалғыздықтан дейсің бе, сен қорқасың?

 

Соқсын дауыл, 

Соқсын боран, жел  мейлі,

Деуші едім мен, 

«Мендік жалын сөнбейді» 

-Сол сертіңнен қалай ғана тандың? деп,

Жалғыздығым күні-түні тергейді.

Селт  етпеймін, бұрқасыным ішімде, 

Уіліне уіл  қосқым келмейді.

 

Сағыныш па?

Тәрк етілген аңсар ма?

Сол аңсарға, болушы еді жан сауға.

Астаң-кестең арманымдай айыпты,

Жүрек енді бата алмай жүр аңсауға.

Жан мен тәнім дат айтатын жалқы күн,

Болар ма екен, 

бақыт дәмін тамсауға?...

 

***

Жанның  таза ар  ма  екен шұғыласы? 

Жанның  таза жыр ма  екен  құбыласы?

Айтшы, көңіл, неліктен  суынасың? 

Қайда  барсаң, қалтқысыз  жылынасың? 

 

Жалғыздықпен мың жылдық  ішімдегі, 

Жанның  нұрын сақтадым, түсін мені!

Түсінбеді  көп адам, бәлкім, қоғам, 

Тәңір  сүйген сол сезім үшін мені.

 

Астаң-кестең  жаныммен, жүрегіммен,

Тазалықты  Тәңірдей тіледім мен.

Адалдықты  аңсадым алып-ұшып,

Сәттерімді  сақтадым, сүйе  білген.

 

Көктемімнің болса да, сызы басым.

Сарқымадым жанымның  шұғыласын.

Алқаракөк аспанға қолым созсам, 

Айтшы көңіл, неліктен, суынасың?

 

Қайда  барып сақтайын жанның нұрын?

Кім біледі қандайлық тағдыр жүгім?

Хабаршысы секілді  мезгілдердің,

Қарашада ызғарлы  жаңбыр бүгін.

 

Жанның  таза ар  ма  екен шұғыласы? 

Жанның  таза жыр ма  екен  құбыласы?

Айтшы, көңіл, неліктен  суынасың? 

Қайда  барсам, қалтқысыз жылынасың?!

 

***

Жаратқанның қалауы  ма, 

Тілегі  ме  Тәңірдің? 

Сені  көрдім тағы  бүгін,

Сосын, тағы сағындым. 

Өң   мен түстің арасында  біз  кешетін аңсар ма?

Аңсар құшқан  әр  мезетке, неге  ендеше  жан сауға?

 

Өн бойымда өмір сүрген  бұл  нәзіктік, сертің бе?

Айықпадым  алауыңнан, айықпадым   өртіңнен. 

Суына  алмас  сәттерімнің еншісіндей  өткен күн,

Болса дағы  әлі  есімде, біздер  жат боп кеткен күн, 

Ұмытпасын  дейсің  бе екен,  көздеріңді өбкен күн, 

Тағы  да ендің  түсіме сен, жұпарындай  көктемнің. 

 

Жұпарымдай  жанға  сіңген, 

Арға сіңген, аяулы,

Мезгіл өтіп барады әне, аспанымнан ай ауды.

Қараша тұр  тереземде, қараша  тұр бөлмемде,

Екеуміздей  қол алысқан  енді қайтып  көрмеуге.

Енді  қайтып  сағынбауға, енді  ешқашан сүймеуге, 

Серт  беріскен  біздің арман, алапат  бір  күйге енген. 

 

Ұмыттым деу, 

Ұмытам  деу,  мұның  бәрі сандырақ. 

Суындым деп  айтқан сайын, 

жан  менен  тән қалтырап, 

Кірпігіме  жас  тұнады,  жас тұрады дірілдеп, 

Жан тоңады жапырақтай, сабағына ілінген.

 

Сенсіз  менің  сарқылардай жан  қуатым, жан  нұрым,

Сен сүретін әр  мезетке, тәуелді  ме тағдырым.

Міне,  тағы  сені ойладым, 

қарашығың өмір  ме? 

Көзім жұмсам,  өзің  болып, ай  тұрады көгімде. 

Бақыт  деген сенсің  бе әлде, 

тәрк етейін  барлығын, 

Жанарымнан   төгілген  күн, жанның сұлу  жаңбыры.

 

***

Жалғыздық.

Сен сезесің түн қыспағын,

Сезесің, жанымды кеп мұң құшқанын.

Тағдырыма тәнтісің таңғажайып, 

Түнмен бірге тәрк еткен шын құштарын. 

 

Жалғыздық.

Сен танисың кескінімді, 

Жалқыға болмайтынын ешкім үлгі. 

Жарығыммен жылытып, мен әуремін, 

Жан-тәнімде булыққан кешкі мұңды

 

Жалғыздық.

Сен ұғасың әттеңімді, 

Жылымыққа қол созған сәттерімді.

Оқисың, 

Жанарымда жалт-жұлт ойнап, 

Жүрегімде  өрт құшқан дәптерімді. 

 

Астаң-кестең ішімді, 

сағынышты, 

Сергелдеңді, мендегі сабылысты. 

Кешіретін сен ғана күліп тұрып, 

Жалғыз сенен туатын жарылысты. 

 

Жалғыздық.

Содан, бәлкім, сұңғыласың,

Сұлусың, 

мейлі көзің шын жыласын. 

Дәл өзімдей ыстықсың,

жалыныңмен, 

Мен сені жақсы көрем, Түн куәсі!

 

***

Селт етпейтіндер  жүрексіз  келер,

Жүрексіз келер  бәрінен,

Қорқатын болсаң, шын  қорқу  керек,

Жүрексіздердің кәрінен.

Кеудесіндегі жұмыр  етінде,

Сезім болмаған жандардың,

Тозақтың оты жылтыңдап  қарар, 

Жанары,жүзі, әрінен.

 

Сыртқы кескіні адам секілді,

Ішінде бірақ, жануар.

Таң  менен кештің, жүрексіз  кешкен,

Тірліктің қандай  мәні  бар?

Гүлдерді  жұлып, гүлзарды  жұлып,

Жау болып  нәзік  мейірге.

Жүрексіз кешкен ғұмырдың  кейпі,

Ұқсайды  бекер  сейілге.

 

Тікенектері…

онсыз да мынау,

Көп болған мінсіз заманың,

Сүйе  алмайтындар мен  сенбейтіндерден,

Құрылған құнсыз қоғамың,

Арман да  жырақ, аңсар да алыс,

Жүрексіз жанға бәрібір.

Жаныңмен өртеп сүймейтін болсаң,

Өтінем, менен әрі жүр!

 

Көз  жасымменен қайта маздатып,

Сенімнің  өшпес шырағын.

Жүрексіздерді  көзіммен  жасқап,

Қасқайып қарап  тұрамын.

 

***

"Өз қолыммен сезім гүлін өлтірдім…”

                     **

Мен өзіме жылауға ерік бермедім, 

Мықты болғым келді мүмкін тағдырдан. 

Жан мұңымды жалғыздықпен  емдедім, 

Көздің жасын айырғым кеп жаңбырдан. 

 

Сезім гүлін  өз қолыммен өлтірдім, 

Сенсіз мұңның ішкім келді шарабын. 

Жан-тәнімнің  өшіргендей  өртін мың,

Мақпал түнге маңғаздана қарадым.

 

Сосын, сосын…сағыныштан жеріндім, 

Сол сезім ғой, құрбан қылған  жолыңда. 

Мұңмен жалғыз егескендей көріндім, 

Серт еткендей, сенсіз бақты болуға. 

 

Өн бойымнан сені солай тәрк еттім, 

Жан гүлімнің үздім нәзік сабағын, 

Сені мүлде ойламауға ант еттім, 

Қарсы алдым да, қатігез күн қабағын. 

 

Ант еттім мен, 

Анау зеңгір аспанға,

Аңсарыма куә жалғыз қалам құт. 

Өзің жайлы жазылмаған дастандай, 

Соңғы гүлде

Жылап тұрды адалдық. 

 

Адалдықты қиын екен өлтіру, 

Қия алмадым оның нәркес жанарын. 

Соңғы раушан қолымда тұр, ол тірі, 

Сенсіз гүлдің  қайтсем  ұғам бағамын?…

 

***

Кейде өзіңе жат болуға бекінем, 

Жат дегенім, 

қай аумақ?

Қорған  іздеп сендік салқын өтінен, 

Қашатындай  жан аулақ.

 

Кейде сенің жанарыңнан от қарып,

Айтатындай әлдене. 

Өлең  кеудем өртенуге шақ қалып,

Алаулайды  жан неге? 

 

Тал бойымда  теңіз  тасып жатса  да, 

Жарды құшып толқын тән. 

Сертім аян секілденіп тасқа да, 

Өз-өзімнен бұлқынам.

 

Бір үнсіздік үздігетін  секілді, 

Сенің көзің, сосын мен.

Жатқа  айналу- ғұмыр  кешпеу секілді, 

Қайда қашам өзімнен?

 

***

Сен бе, 

Мен бе? 

Жарығың ба, сөнбеген? 

Көзімізде  оқылмаған  соңғы өлең. 

Жасырынбақ  ойнап  тұрмыз, 

Екеуміз...

Ағыл-тегіл, астаң- кестең кеудемен. 

Екі  ерінде  дірілдейді бір  үміт,

Жансебілдей, жазмышына  көнбеген. 

 

Жансебіл ме?

Жазмышқа шын көнбеген,

Жан менен тән. 

Сағыныш қой  шөлдеген. 

Әлдене деп  үкім  айтпақ боламыз,

Тағдыр  жайлы... 

бізді  тосқан  көлденең. 

Уақыт  дейміз,

Бізді мұңнан  емдеген.

Адалдықты қайтсек екен, өлмеген? 

 

Сені ешкімге, 

мені ешкімге бермеген,

Адалдықты, 

Қайтсек  екен, өлмеген?

Жазылмаған  ғұмыр-дастан  секілді,

Жырларымыз  жасырынған  кеудемен.,

Бір мысқалын  қия алмайтын  өзгеге, 

Біздер, сірә,  секілдіміз.

Соңғы  өлең.

 

Ендеше, әлі  екеумізде  ғасыр бар,

Ғаламатын ешкім  сүріп  көрмеген.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan