Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Төрехан Нәси. Құдайдың дауысы – тыныштық...

Төрехан Нәси. Құдайдың дауысы – тыныштық

13.01.2026

5107

Төрехан Нәси. Құдайдың дауысы – тыныштық - adebiportal.kz

Төрехан Нәси – 1999 жылы 21 маусымда Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Ақоба ауылында дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы БҚУ филология факультетінің студенті. Республикалық, облыстық мүшәйралардың жеңімпазы. Өлеңдері түрлі басылымдарға, ұжымдық жинақтарға, әдеби порталдар мен сайттарға жарияланған. «MASA» әдеби агенттігінің жетекшісі.

                   ***

О, менің ғасыр ғұмырым!
Алақанға қонған қардай жоғалуға асыққан.
Құдай серті емес пе:
сені жалғыз қалдырмау,
мені жалғыз қалдырмау?

Сағынышымды тыңдадың Құдайға деген...
үнсіздігімді тыңдадың,
мен сенің тыңдадым «Балапан қазыңды».
Өлеңмен гүлдеген жүрегіме қондырдым,
Көбелекке айналған даусыңды.

Жайық жақта жауап іздеп сан сұрақ,
Ойым, сөзім сансырап, 

ақтарылды-ау жан сыры.
Армандаумен шам жанында тоңған тәнді жылыттық,
Мойныма сол түні сен таққан шарфтың,
иісін сағынып қалыппын.

Шамдар, 

шамдар, біз келеміз сөнбеңдер,
Еншімізде орындалар арман бар.
Балкон, 

жарық кабинет,
Өлең жазам әлемге.
Сен сәбиді отырасың әлдилеп,
Неткен ғанибет!

 

          ***

Таңертең құбылған жол көрем:
Бәрінен естілер әуендер,
Бәрінен оқылар өлеңдер,
Бәрінен баянды бағытты сезінем.

 

Үй жақтың бұралаң жолы көп,
Обалар сөйлейді тілінде «Күлтегін»,

Тоныкөк».
Құлаған тастардың тарихы бұлыңғыр,
Оба мен киіктің мұңы бір.

Төмпешік ішінде шер мен нала жатыр.
Құлпытасы қиратылған обалардай,
Киіктерім мүйізсіз бара жатыр,
Аспан куә,

Жер куә!

Мыңдаған жолдардың қиылыс нүктесі – Шолпаным.
Көк тассыз обалар,
Мүйізсіз киіктер,
Ақ торғын мойынның үзілген моншағы.

Тілім-тілім кеудесіне аспаным,
Жамау қылды жұлдызды.
Қарс айырылған кеудесіне сар(ы) далам,
Мінсіз тікті обаны.
Бәрің көзбен сүйесіңдер,
Сұлулықта бір мін жатыр,
бір мән жатыр бұйығып.

Мен түнде бір ғана жол көрем…
Обаны айналып біреу жүр,

қолында қол шамы,
«Көк тасын іздеген Ер Тарғын» - әжемнің болжамы.
 

                ***

Жолаушылар үміт пен тәуекелді садақа қылады маған,
таба қылады маған жол шаңына жұтылған мұңдарын.
«Топырағыңды ұмытпа!» деп сыбырлады жадым,
Жалт қараған көздері жылады маған.

Көршілерім сабырды садақа қылады маған,
ада қылады далам - тұншығудан кеудемді.
Сопылардың уағызынан іздеген жауап,
Жарнамаланған сенімдеріне шырмалған санам.

Бәдізден іздеп Құдайын жоғалған жылдарым,
Зия жолдарым екен ғой бабамның ізгілік аңсауы.
Жарығын сақтаған екен ғой, 

Құдайын емес,
қан толы тостаған ұстаған қолдары.

Ғұсни үнімен бақсының зікір салады далам,
Алаң да алаң көңілім, сипайын тастардың бетінен.
Жарылқа, Раббым!

жолаушы зәрлі рухтарды,
Жадыма көкті сақтап ед(і) Тәңіршіл бабам.

 

                 ***

Мен Жайықтың бұрынғы арнасын,
Суреттегідей елестете алмаймын,
Жиі де бармаймын,
Мөлдір емес жаны.

Тұнығына үңілгенде түнде айлы,
Ұлы ақынның маңдайына қараймын.
Жайық мұңлы жанарыма үңілді,
Тулаған құлындай толқындарын таба алмай,
Аңызға айналарын түсінді бір күні.

 - Уа, өлең жаратушы, ізгі мақұлық!
Даусымды естиді аңыздан болашақ.
Не істейді келешек, 
сенің жазғаныңды сарқылып.
Мен Тәңірге ораламын сырыммен,
Сен адамның жүрегін суаршы жырыңмен.

 - Уа, өлең жаратушы, ізгі мақұлық!
Жүрегіңе қасірет болмасын қазіргі хәлім,
Тыныштығы кәрінің,
Көркемдігі табиғат заңының,
деп ұғарсың бәрін.

Уа, алматылық таулар!
Құдайдың зия жаратылысын  қош қыл.
Тоғай,

тоғай, 

тоғайдың,
Қарағайынан да биіктік бар деп таңғалсын,
Метро ішіндегі жарық қуалаған,
Ежелгі айдаһарды да аңғарсын.
Шексіз қараңғы туннель,
Дарияның құрғап қалған арнасы деп көнер.

 

Уа, алматылық таулардың тарғылы!
Байлаулы саған ақындардың тағдыры.

Ақындардың тіршілікке жұтылған,
Жаза алмаған өлеңдерін жазады ол.
Уақыттары кептелісте қалқиды,
Оқылмаған кітаптардың азабы ол.

Кімге керек жалған даңқ,
керек емес дүние.
Ұлылыққа ұмтылғаннан дәуірі өткен «Қағанат»!
Ол өлең жазады әлемге,

жан бағуы 
Жырды сүйген әйелдерге аманат!

 

                 ***

Қалқам, бәрін айтқым келеді саған...
Тап-таза, 

мөп-мөлдір жаратылысы,
Тырсылынан естілетін ғалам тынысы.
Іңкәрлігіңді, жаңбырға ұқсайтыныңды
айтқым келеді саған.

Мен - сары даламын.
Төгілсең, 

көктемек шексіз алабым.

Сенің үйің - бұлттар ғой,
Бұлт қашанғы ақ жаңбырын көтерсін.
Егіл, жаным, 

арманымыз гүлдесін!

Менің үйім - қара жер.
Уа, жусан тамырына байланған сырнай үнді өлеңім,
Дауыл болып жаңбырымды ала кел.

Жүректің қызуынан
сағымдай арбалған санам,
Өткенді бүгін қылғысы келеді маған.

Жұмбағын жауған жаңбырдың,
Сыры бар сары даланың ортақ мекенін,
Жаратушының сөзінен іздедім.
Рух - аңсары көкжиек,
Ұмытқан жаратылыс тізбегін.


Қалқам, сен де сұрашы Құдайдан,
Жармасқан жібімді үзбеуін.

 

Қарындастың қасіреті

Көрпеге тығылып жылайды қарындасы,
Түн - оның қасіреті һəм куəгері жасының. 
Көрпенің іші дұға жасайтын орыны, 
тілейтін… келсе деп тыныштық бақыты
түн - дұға уақыты…

 

Түнде...
көрпенің сыртындағы қатыгез əлемнің 
қатыгез сəтіне қамалып жатыр анасы.
Қатыгез əлемнің
қатыгез қолдары буындырып,
тып-тыныш түндерде тербеген аппақ құс жастық
тұншықтырады аяусыз аялап...
Кеше ғана аймалаған қолдар
шашынан сүйрейді,
байғұс ана үнсіз қызына қарайды
жеңген бе үрейді?..


Осының бəрі қарындастың қасіреті 

һəм наласы,
Қатыгез сəттерге төзіп жүр ақынның анасы.
…ол күткен тыныштық орнайды шүбəсіз,
түнде көрпеге тығылып қарындасы жылайды,
дұғасыз…

 

                   ***

Сезініп көрмеген бақытты,
Өзіне беймәлім ең тәтті сәтті
үреймен күтіп…
 
Азаппен өткеріп әр айды,
Төртінші қабат терезесінен
құрсақ көтерген ана:
Ойлардың мекені – жұлдызды аспанға,
арманның тәжі – көгілдір Айға қарайды.
 
Әзәзіл ойларына қарсы терезеден 

ақынның оқыған дұғасы төнді.
Кәрі ағаштар желмен,
Ай бұлтпен бетін сипап,
дұға қайырды.
 
Құрсақ көтерген ана...
Өлімнен басқа да жолдарды көріп,
өзіне де беймәлім күйден арылды.
Құдай - ананың маңдайынан сүйді,
Ай дәнекер.
Кешегі берілген уәделер…
Бекер!
 
Кіндігіне ай сәулесі байланған ана,
Бұрылды, 

жоқ болды…
(Қарғыс - еркекке һәм әлгі түнге емес шығар). 
Мәнін жоғалтқан серттердің сынуы, 

Тәңірдің алдында күнә емес шығар...

 

                     ***

Күнəларына тұншыққан күллі махаббаттың,
көрдің бе Достық даңғылын?
Көліктер гүрілдеп қашады бұл маңнан,
бағдаршамдар қай көзін ашарын білмейді,
жол белгілері де не үшін тұрғанын… 

 

Сағыныштың кейпіндегі орындықтар сырланған, 
кеудесіне түскен көркем есімнен 
сызат алып өңі қашты.
 
келсе дағы көп күттірген гүл көктем, 
төгілсе де жаңбыр болып нұр көктен, 
жандануға құлқы жоқ теректердің 
бұтағына қарға қонып, қарқылдап
оята алмай əлек…


Ғасырлардың том тарихын құшақтап,
жылдардың төгілген қанына жуынған 
кітапхана азалы.
анау үйлер еңселі
сұрша тартып ескірген,
бауырына күнəһарды басқаннан.
 
Күтуді үйрету үшін тұрған аялдамалар да 
төзімнен жұрдай,
шылымын ұсына береді
лəззəтсіз шеге бересің оны…
 
Қорқамын бұл маңда жүруге, 
олар да қорқады бұл маңда өлуге. 
Əзірейіл, күнəһар ортадан құтқар да мені, 
жағасына апар өзеннің. 
Еріп кетейін көшкен мұздар секілді, 
есеп берсем ғой сосын мұздардың тілінде,
Тəңірге...

 

                   *** 

Əлем Тəңірі,
өлең таңбасын жүрегіме басып,
Саған деген сезімімнің таңбасын 
қаламымның жолдарына жасырды.
 
Таңдауларымды жазған жоқ Құдай!..
жазып берді тек ақ өлең,
жасырып берді бəрін де…
 
Мəңгілігімнің шеңберін сызды Тəңірім, 
Жартысы өзім деп сезін.
Шегемін азап күнде мен,
күнде мен азаптан өлемін.
Мінсіз əлемді жарты дүниелер
құрайтынын да білемін.
 
Мендегі жүректе  сезім тəжі бар,
жұлдыздар əсем гүлдеген.
сүюдің, қалқам, құмарлықтан да
кереметтігін сезінгем.
 
Сезініп тұрып, даланың гүлін
үзіп əкелем көктемде,
Үзілмесе екен үмітім…
 
Осы өлең жанарымыздың түйісі,
Қоштасардағы жұмулы көзбен сүйісу.

 

                        ***

Жүрек пен жанарда өзара келісім,
Қайғыларын бөліседі олар.
Жүректер тұншыққан сағыныштан,
Жанарлар сол үшін жылайтын болар.

Сіздің құралай мөлдір көзіңіз,
Жүрекке махаббат сыйлайды еріксіз.
Жүрегіңіз Тәңірмен ғана деп жүр ем,
Сіз бірақ өзгемен бөлісіп келіпсіз.

Өзіммен бірге өлді-ау ойларым, сөздерім,
Кірпігің төгілген жасыңды тереді.
Мен енді көзіңе қарамай өтемін,
арбайды һәм алдайды себебі...

 

                   ***

Қораптар ішінде боялған тастармен қапталған,

Ұйқыда өзгелер - оралған балалық шақтардан.

Бір пенде жылаумен, 

сұрайды Құдайдан кешірім,

Оңаша кеңістік, 

жұбайлар сезімін ақтарған.

 

Көк көше.

Ала таң. 

Тізілген ақ шамдар.

Кірлеген автобус ішінде арпалыс ойлардан қашқандар.

Құдайдың дауысы – тыныштық,

күмәнмен дерттенген адамдар,

Ақ қарды баспаңдар!

 

Жүйкесі тозған ба қоғамның? 

(жаяудың қимылы асығыс),

тыныштық ішіне сыймаған ойлардай автобус іші де қапылыс!

Өз ойын әлдилеп бүлдіршін әлемге қарайды әйнектен,

Тағдырдың иесі секілді жасаушы санаға жарылыс.

 

Сұр үйлер, 

автобус – шеңберде, ғалам да қоршаулы?

Шексіздік мәнді ме, мәңгілік ішінде аңсаулы.

Жүйкенің талшығы секілді қыраулы сымдарға иілген,

қарға ойлар қонады,

Аралық кезеңнен шаршаулы.

 

Автобус тоқтайды, 

айқара ашылар есіктер,

Саналар қалыпқа түседі баладай тыншыған бесікте.

Мөрленген жүректер  әйнекте жазылған сөздердей болса ғой,

Өлгендер шыңғырып жатқандай беймәлім әлемнен,

қап-қара тесіктен...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan